ТЕКТІЛІК ТҰНҒАН ТЕБЕГЕНОВ

Ұстаз туралы әңгіме қозғау бір ғанибет.
Ұстаз деген балаға білім беруші ғана емес, менің түсінігімде, шәкірттің тал бойына асыл қасиеттер дарытушы, жүрегіне асқан махаббатпен шырақ жағушы ерекше тұлға. Жоғары оқу орнынан мұғалімдік мамандық алып, мектепке барғандардың барлығы ұстаз дәрежесіне көтеріле алмайды. Ұстаз деген ұлы ат ілеуде біреудің маңдайына жазылмақ.

Орта мектеп пен жоғары оқу орнында көптеген мұғалімдердің алдын көрдік, олардың қадір-қасиетіне сай әрқайсысының өз орны бар. Ұстаздар қауымын бөліп-жара алмайсың, дегенмен, санамызға мәңгілік ұялап, сүйіспеншілігімізге бөленгендері қадау-қадау. Оқушылық кезеңнің, әсіресе студенттік шақтың жарқын беттерін оларсыз елестету әсте мүмкін емес. Қызылорда педагогикалық институтында білім берген, бізді үнемі алға жетелеуден бір сәт жалықпаған асыл ұстазымыз Темірхан Сақаұлы Тебегенов ағай туралы осыны іркілмей айта алар едім.
Құдіретті поэзия айдынына желкен керіп, енді ғана басталған сапарымыздың сәтті ­болуын тілеген ұстазым туралы бұрынғы жазған мақаламда айтылғанды қайталамай, бір ғана жайды тілге тиек етпекпін.
Темірхан ағай институтты бітірген соң, бірталай жыл ауыл, қала мектептерінде оқытушы болып, балалар тәрбиесінің ыстық-суығын бірдей көреді. Институт оқытушылығына есейген шағында қолы жетеді. Бұл ғылым жолын мұрат тұтқан талапкерге едәуір бөгесін. Сондықтан ба, институт ректоры Абай Айтмұхамедовтың есігін тоздырып жүріп, оқу бітіргелі тұрған біздің оқытушы боп институтта қалуымызға мұрындық болып еді. Бұл біз сияқты ауылдан келген, қалада тұрақтап қалу-қалмауымыз неғайбыл студенттер үшін өте зор қолдау болатын. Сөйтіп, ағай бір топта оқыған Қалдыгүл (Қалбике) Есенова, Базаркүл Раманқұлова және мен үшеуміздің алдымызға мол мүмкіндік ашып тастаған-тұғын.
Институтты бітіре салып, жоғары оқу орнына оқытушылық қызметте қалу, біз оқыған Қызылорда институтының тарихында бұрын-соңды болмаған екен. ҚазМУ-да болыпты. Атақты ғалым Зейнолла Қабдоловты Мұхтар Әуезовтің өзі қолқалап оқытушы етіп алып қалған көрінеді.
Сонымен, Темірхан ағай бізге Әуезов бола білді, ендігі сын біздің Қабдолов дәстүріндегі ғалым болу-болмауымызда еді. Қалдыгүл (Қалбике) мен Базаркүл «Қазақ тілі» кафедрасына, мен «Қазақ әдебиеті» кафедрасына бекітіліп, Темірхан ағайдың арқасында бір күнде институт оқытушысы болып шыға келдік. «Әдебиет теориясынан» практикалық сабақ жүргізе бастадым. Маған теорияның тапсырылуы да кездейсоқ емес, себебі ағайдың жетекшілігімен теория мәселелері бойынша дипломдық жұмыс жазып, оны өте жақсы деген бағамен қорғап шыққанмын. Кеше ғана оқу бітірген үшеуміз ғылым мұхитының шалқарына қарай солайша сапар шегіп бара жаттық. Көкірегімізде, әрине, қобалжу бар.
Шыны керек, менің өмірлік мақсатым жоғары оқу орнында оқытушы болып, әдебиетті зерттеу емес еді. Сол әдебиеттің өзін жасаушы – жазушы болу-тұғын. «Осыдан институтты бітірсем, еш қызмет іздемей, шығармамды жазып, тыныш жүрермін» деп ойлайтынмын. Сөйткен адам, бір күні қарасам, жанымда Қалдыгүл бар, Базаркүл бар, ғылым атты алып мұхиттың төріне қарай аттанып бара жатырмыз. Бағыт басқа жақ сияқтанғаны. Содан жалма-жан, әзірге жағалаудан алыстамай тұрғанда қам жасап қалайын деп ойласам керек, тіпті ойланып та үлгерместен ағай қолтығымыздан демеп мінгізіп жіберген алып кемеден қарғып түсіп қалайын. Менің ғылымдағы сапарым осылай тамамдалды. Ендігі өмірім журналис­тикамен байланысты болды. Ал Қалдыгүл мен Базаркүл екеуі болса, шеті де шегі де көрінбейтін, түбі де тұңғиық, төсі әрқашан тыншымай тулап жататын, аспанмен астасып кеткен тылсымы мол ғылым мұхитының төріне қарай қорықпай, қаймықпай, тіпті қобалжымастан тарта берді. Кейін естідім, Базаркүл де жеме-жемге келгенде мен сияқты алған беттен тайқып шығыпты. Енді кемеде Қалдыгүл жалғыз өзі ғана қалыпты. Ақыры ол табандылық танытып ғылым докторы болды, профессор атанды. Темірхан ағайдың үмітін ақтады. Ғалым болмады демесеңіз, мен де әдебиет әлемінен кеткен жоқпын.
Ғылыммен айналысу деген де бір ғанибет тірлік, бірақ одақ тарап, экономика­ құлдыраған тоқсаныншы жылдардың ­басында ғылыммен айналысу қиындығы да, машақаты да мол іс еді. Ғылым саласында жүргендердің содан бері көсегесі көгерер түрі көрінбейді. Біздің елімізде ғылымның қай саласына да мемлекет тарапынан жағдай жасалуы тиіс, онсыз Тәуелсіз ел болуымыз қиын. Мемлекеттік тіліміздің шын мәнін­дегі мемлекеттік тіл болуы да ғылымның өркендеуімен тікелей байланысты.
Бір әңгімесінде ағайдың «оқушы кезімде ауылда жантақ шауып, жыңғыл буып, ауыр еңбекпен өстім» дегені бар еді. Жантақты біз де шаптық, жыңғылды біз де будық, алайда біз оны ойнап жүріп істеппіз, ағай болса соған еріксіз мәжбүр болыпты. Әрине, соғыстан соңғы елуінші-алпысыншы жылдар мен сексенінші жылдар салыстыруға келмейтін кезең. Осы қиын кезең оны шыңдап қана қоймапты, арман асуларына қарай ұмтылдырыпты. Алайда қолтығынан демеп жіберер жанашыры болмаған сияқты. Мұратқа қажыр-қайратсыз, тынбай еңбектенусіз жету мүмкін емесін ерте түйсінген Темірхан ағай, үнемі өзін-өзі қамшылаудан, үнемі алға қарай ұмтылудан әлі күнге танбай келеді. Сөйтіп, ғылым қоржынына қыруар олжа салып, осы күнге абыроймен жетті.
Темірхан ағайдың сондағы бар ойы, көкірегінде талпыныс оты жылт-жылт еткен,­ бірақ демеушісі, ақылшысы жоқ біз сияқты шәкірттерін алға жетелеп, ғылым соқпағына ертерек түсіріп жіберу екен ғой. Кезінде сүйеніші болмаған өз тағдырын ­талапты шәкірттері қайталамасын, мүмкіндігі шектеулі өзі сияқты алтын уақытын өлтіріп алмасын деген қамқорлығы екен ғой. Сол ағалық қамқорлығын түсіне қоймаған ақымақтығыма кәдімгідей өкпелеген кезі де бар. Бірақ «жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше» деген емес пе, кейін газет-журналға шыққан алғашқы туындыларымды оқыған соң, сүйсіне пікір айтып, бір жадырағанын қалай ұмытайын.
Қызылордада ағай ғылым кандидаты-тұғын. Сол кездері студенттерге дәріс оқумен шектелмей, тәрбие жұмысымен де көп айналысты. Қашан көрсең, қайнаған тіршіліктің ішінен көретінбіз. Осы ересен еңбегінің арқасында, егер Қызылордада жүре берсе, ­институт проректоры, тіпті ректорлыққа да қол жеткізер еді, бірақ ағай қызметті емес, ғылымды таңдады. Ғылымның ащы бейнетіне, сол ащы бейнеттің тәтті ләззатына асық болды. Сірә, оны Алматыға сүйрелеген себеп те осы болар. Расында, көп ұзамай, ғылым докторлығын абыроймен қорғады, профессор, академик болды. Бұл атақтардың барлығы ағайға тектен-тек келмегенін іштей жақсы түсінемін. Әдебиетке деген құштарлық, осы жолда тынбай іздену мен талмай еңбек ету ағайды ғылым белесіне шығарып, абырой биігіне көтерді.
Осы арада ағайдың монографиялары мен оқулықтарын, әдебиеттің сан түрлі тақырыбын қозғаған мақалаларын санамалап жатудан аулақпын. Алайда ақ параққа әріптерді шиырып салып, тоқтаусыз, Тайбурылдың шабысындай үдетіп жазатынына, әрі сол баяғы отыз жасындағы қолтаңбасынан еш айнымайтынына тәнті боламын, таңғаламын. Тоқтамай жазатыны көңілдегі ойдың әбден пісіп, қорытылып тұрғаны, ал қолтаңбадан айнымайтыны өмірде де бірқалыпты, сабырлы, шыдамды, төзімді, алған бетінен айнымас қасиеті. Әріпті шиырып салуы – мінезінің шалттығы. Тұтастай алғанда, ағайдың қолжазбасынан бұрқырап өзінің эмоциясы сезіліп тұрады. Әдеби журналда біраз жыл жұмыс істей жүріп, қаламгерлердің қилы-қилы қолжазбаларын көп ақтарып, көп оқып, өздерінің мінездерін тани келе түйген ойым еді бұл.
Темірхан ағайдың ғылым жолындағы еңбектері айрықша бөліп айтуға тұрарлық, ал ол туралы бір айта бастасақ тау суындай таусылмас телегей-теңіз тақырыпқа тап ­боламыз.
Ағайдың соңын ала мен де Алматыға көшіп келдім. «Ана тілі» газетіне жұмысқа тұрдым. Журналистиканың ыстық-суығына малынып жүрген кезімде ұстазыммен қайта қауыштым. Ол менің газетке жазған мақалаларымды оқып тұратынын айтып, ғылым жолына қайта түсуім керегін ескертіп жүрді. «Сен ойыңдағыны, оқығаныңды қорытып жаза аласың» деп сенім білдіретін. Ағайға осы сенімі үшін де қарыздармын. Шәкірт үшін ұстаз сенімі – кез келген атақтан қымбат.
Сонымен, Темірхан ағай менің Әуезовім бола білген ұстаз, амал не, мен оның үмітін ақтап, Қабдолов бола қоймадым. «Сенің шығармаларыңды талдап, ғылыми айналымға түсірсем деген ойым бар» дегені бар еді. Енді осы күнге дейін жазған-сызғанымды місе тұтпай, кесек шығармалар тудырып, сол сенімнен шыға алсам, ағайдың әу бастағы үмітін ақтағаным.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
республикалық «Таң-Шолпан»
журналының бас редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.