ҰМЫТЫЛМАС КЕЗДЕСУ

Жезқазған қаласының іргетасының қалануына себеп – жерасты кен байлығы екенін білеміз. Ал қасиетті өлкеміздің жерасты кен байлығының адамзат тарихында белгілі болуы ежелден… Десек те, өзінің 65 жылдық тарихы бар шежірелі мысты қаланың бой көтеруіне негіз болған – Қаныш Сәтбаев пен көптеген зиялы ірі тұлғалы аталарымыз екенін бүгінгі жас ұрпақтың бірі білсе де, бірі білмеуі мүмкін.
1978 жылы шілде айының аптап ыстық күндерінің бірінде ғылым жолынан үміттеніп, Алматыға келгеннен кейін, «Түрксиб» санаториясына орналастым. Қасымдағы бөлмелес көршім – жасы 65-67-лер шамасындағы сұңғақ бойлы, өзін тік ұстайтын, киім киісі мен бой-басына ыждағаттылықпен қарайтын зерделі ақсақал өзін Сақан Құсайынов, сол кездегі «Талдықорған» қонақүйінің директорымын, бұрынғы партия, кеңес органдарының басшы қызметкері әрі дербес зейнеткерімін» деп таныстырды. Іс жүзінде санаторий маған тұрақ үшін ғана қажет еді, ертелетіп кетіп, А.С.Пушкин атындағы кітапхананың диссертация залдарынан күні бойы кітап кеміріп, кештетіп ораламын.

Осылайша, бір сенбіде кештете санаторияға оралғанымда есік алдында «Волга» автокөлігі тұр екен. Ішке кірсем Сақан ақсақалдан басқа мен білмейтін толық денелі екі үлкен кісі отыр. Үстел үсті дәстүрлі той дастарқанынан кем емес, түрлі тағамдарға толы еді. Сыпайылық сақтап үстелге отырғым келмесе де ақсақал еріксіз мені дастарқанға отырғызды. Қонақтар көптеп отырғанға ұқсайды, бұрынғы әңгімелерін жалғастыра түсті.
…Ортада отырған орта бойлы, толық кісіні «қай жерде, қашан көрдім» деп ­ойлап қоямын. Сөйлеп отырған негізінен екі ақсақал. Мені «Жезқазғанда институт оқытушысы, осында аспирант, аты – Өміртай» деп таныстырды Сақан ақсақал. Жасым кіші болған соң, ол кісілерден жөн сұрауды ретсіз деп ойлап, сыпайылық сақтадым.
Асқа тойып, көңілім жайланған сәтте бөлме бұрышындағы кішірек үстелдегі жаюлы карта мен преферанс ойынының қағаздағы сызықтары мен шимай жазулар көзіме шалынды. Сәл үнсіздіктен соң, «мынаны енді төрт адамға арнап ермек етелік» дейді толық денелі ақсақал. «Мен біліңкіремейтін едім» деп сыпайылық сақтадым. «Кел отыр, інішек, тез үйреніп кетесің» деген қонақ ақсақалдың сөзін қимай карта ойынына араластым.
Ойын бітсе де, таң атса да қонақ­тардың­ кетуге асығар түрі жоқ. Сақан ақсақал қонақтарға «бірер кесе шай ішіп тарқаңыздар» дейді. Сол сәтте зор денелі бұжырлау бетті қонақ ақсақал: «Інім, сен Ұлытаудансың ба? Найман боларсың?» деді. Мен жайлап қана: «иә» дедім. «Сен бізді танып отырсың ба?» дегенде не дерімді білмедім. Үндемедім. Сәл үнсіздіктен кейін: «Мына Байекеңді күнде көресің ғой, танып отырған шығарсың, ал мен де найманмын, саған аға боламын, Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған жездесімін. Менің жұбайым Димаштың апасы, екеуінің әкесі бір де, шешелері бөлек» деп сәл тоқтаған-ды. Сонда ғана еміс-еміс есіме түсе бастады. Байеке деп отырған жүзі таныс кісі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов екен ғой. «Суретін күнде көріп жүрсем де бетпе-бет отырғанда тура тани алмадым-ау» деп, ішімнен өзімді-өзім кінәладым.
Ақсақал сөзін жалғай түсті: «Менің атым – Камал, фамилиям – Қадыржанов. Түсті металлургия саласында­ отыз бес жылдан артық қызмет атқардым. Арасында министр болған кездерім де бар. Болат деген ұлым, Димаштың жиені, АЗТМ заводының директоры. Өткен жылдары КОКП-ның 25 съезіне делегат болып сайланды. Енді осы баламның тілеуін тілеймін. Өзім құрметті ­демалыстамын, мына Сахаң, Байекең бәріміз жасымыздан дос, қызметтес, замандастармыз» деп бір тыныстады да, шайды ұрттай отырып, әңгімесін жалғастырды. «Сенің Ұлытау, Жезқазғаныңда 5-6 рет болғанмын. Жезқазғанға алғашқы баруым 1936 жылдан бұрынырақ па екен, ұмытыңқырап та қалыппын. Қасымда басқа ұлт өкілдері бар еді. Бәріміз Халық шаруашылығы комиссариатының тікелей тапсырмасымен Үлкен Жезқазғанның болашағы үшін мол су қоймасын қалай салу керек­ деген мәселе бойынша Қ.Сәтбаев ұсынған жобаның үйлес келуі немесе келмейтіні туралы қорытынды ұсыныс жасау үшін арнаулы іссапармен Қарағандылатып, Жезқазғаннан тар табанды теміржол пойызы­мен Қарсақбайға келдік. Ертеңіне Қарсақбайдың күн шығысына қарай шаңдақ жолмен полуторка автокөлігімен шамамен 60-70 шақырымдай жүріп, бір төбеге шығып тоқтадық. Мезгіл күз айларының қарсаңы. Төбе басынан біраз жер көрінеді. Біздер тоқтаған төбеге Қарсақбай ауданы әкімшілігі­нің басшылары және төбе маңындағы күркелерден он-он бес жұмыскерлер жиылды. Полуторка автокөлігінің ­кузовын мінбер ретінде пайдаланып, Қаныш Имантайұлы өзінің су қорын жасау ­туралы қалың папкалардағы том-том жобасын тезис түрінде (күн батып бара жатыр), бес-он минуттай уақытта қысқаша төмендегіше баяндады:
– Мынау жатқан Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің құйылысы. Біздер тұрған төбе мен екінші төбенің арасы ­шамамен бір шақырымдай, – деп іргелес төбені қолымен нұсқады. – Осы екі төбенің арасын бөгеп жалғастыру қажет, яғни өте мықты бөгет (дамба, плотина) соғу керек. Сонда аталған өзен арналары арқылы жылына миллиардтаған текше метр су қоры жиналады (нақты цифр­лармен айтып еді, ұмытып қалыппын). Болашақта салынуы тиіс бөгеттің ұзындығын, биіктігін, қалыңдығын және оған қанша қаржы жұмсалатынын, қанша мерзімде бітіруге болатынын Қ.Сәтбаев жатқа айтып шықты.
Қ.Сәтбаевтың айтқан ұсыныстары мен дәлелдемелері барлығымызға түсінікті, нақтылы көрінді. Күннің кештете бастауына қарамастан полуторка кабинасының ішінде отырып, комиссия мүшелері жобаны мақұлдау туралы хаттамаға кезектесіп қол қойдық. Түнделетіп Қарсақбайға келіп, ертеңіне Мәскеуге, Ауыр өнеркәсіп комиссариатының атына «Қ.И.Сәтбаев ұсынған жобаны мақұлдадық, бекі­туіңізді сұраймыз» деген жеделхат жібердік. Біз пойызбен аптаға жуық жүріп, Алматыға келгенде алдымызда «Қ.И.Сәтбаев ұсынған жоба бекітілсін, тиісті қаржы бөлінсін» деген Халық комиссариатының жеделхаты жатты. Біз жұмысты осылай атқарып едік, ал қазір қайсыбір жобалар жылдар бойына бекімей, өзінің маңызын жояды. Сендердің Жезқазғандағы су қоймасы біздің сол жолғы мақұлданған ұсынысымызбен салынды. Енді, інім, біз кеше таңертең сағат 11-де келіп едік, енді қайтайық, менен көмек іздесең, мына Сақан тауып береді, – деп, орнынан тұрды… Өң мен түстей, сенер-сенбесімді білмей «Сау болыңыз» ­дегеннен басқа сөз таппай орнымда тұрып қалдым… «Апырым-ай, мына кісілер неткен қарапайым еді, осының бәрін айтатындай мен кіммін, бұл кісілермен салыстырғанда?» деген ой шырмауынан ұзақ уақыт шыға алмадым. Қазіргі астына «Джип» мінген кейбір шенеунік інілерімнің амандасуға ерінетінін қайтерсіз. Егер де халқына, еліне алдыңғы зиялы аталарындай еңбектері сіңген болса, сол мырзаларға өссін дер едік.
Өкініштісі – ұлағатты, зиялы әкелеріміздің ұсынысымен, қолдауымен салынған Кеңгір су қоймасы бөгетін көрмеппін. Естеліктен кейін бір-екі рет талпыныс жасағанымда күзет жібермеді… Мен сияқты көрмегендер де көп шығар. Өң мен түстей кездесудегі Қадыржан ақсақалдың айтқандары – өзім кейінірек танысқан «Қазақмыс» корпорациясы көрме кешеніндегі Ф.Пастухов­тың естеліктерінің ­41-44­ беттеріндегі және Қ.Сәтбаев пен А.Агеенконың 1934 жылғы 6 маусым күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Есть вода» мақаласының деректерімен үйлесімді деп есептеймін. Қ.Сәтбаев пен А.Агеенконың естеліктері бойынша, Жезқазған ауданының гидрогеологиялық жұмыстары алғашқы бесжылдық бойына – 1933 жылдардан бастап жүргізілген. Атқарылуы тиісті жұмыстардың қорытындылары Бүкілодақтық су құрылысын «НКПТ» жобалау бөліміне тіркеліп, Жезқазғаннан 25 шақырым қашықтықтағы Қаракеңгір өзеніне бөгет салу жоспарланғанда, жылына 29,5 млн текше метр сумен барлық өндіріс орындары мен халқы қамтамасыз етілетіні жазылған. Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабындағы «Жарқырап көлдің айдыны, орнайды қала әйгілі» әңгімесінде: «Кеңгір су қоймасы мен жаңа Жезқазған қаласының орынын белгілеу мәселесі мамандар ­сарабына әлденеше рет түскен. Соның бірі 1934 жылдың 13 қарашасы күні өткен су қорлары секциясының мәжілісі еді» деп жазылған… 1936 жылдың жазында дайын болып, жергілікті мамандар назарына ұсынылған жоба бойынша, Кеңгір бойын­да тұрғызылмақ тас бөгеттің ұзындығы – 633 метр, биіктігі – 26 метр, одан ұзын тұрқы отыз жеті жарым, көлденеңі бір шақырымдай жасанды көл түзілмекші».
М.Сәрсекенің кітабын оқи отырып,­ Қадыржан ақсақалдың айтуы Кеңгір су қоймасын салу туралы мамандар арасындағы ұзақ жылдардағы ғылыми пікірталас нәтижесін шешу үшін құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы болар деп есептеп, Жезқазған қаласының 65 жылдығына орай кейінгі ұрпақты осы естелікпен таныстыруды өзіме борыш санадым. Себебі Кеңгір су қоймасы Жезқазған және Сәтбаев қалаларының жүз мыңнан астам халқының бірден-бір тіршілік-тыныс көзі емес пе? Сондықтан су қоймасының жан-жағын экологиялық таза ұстауға күш салу әрбір үлкен-кішінің борышы екенін түсіну қажет. Екіншіден, жасөспірімдердің өз қаласының тарихы туралы білуі – олардың патриоттық сезімін оятады, танымдық-ғылыми көзқарасының толығуына әсер етеді…
Кеңгір туралы естігенде, мыс зауыты саяжайына бара жатқанда бөгетке еріксіз қараймын. Атақты өнерпаз Ілия Жақановтың «Кеңгірдің қоңыр кештері» сазды әнін тыңдағанда осы бір өң мен түстей кездесу кешінің оқиғасы еріксіз ойыма оралады.

Өміртай ЖӘЛЕЛОВ,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан педагогика академиясының корреспондент-мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.