БАБАҒА ТАҒЗЫМ – ӨНЕГЕЛІ ІС

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары айбарлы бабаларды тануға, қазақтануды үрдіске айналдырып, өшпес мұрамызды қайта жаңғыртуға бастама болды. Бүгінде сол бағытта атқарылып жатқан істер ауқымды. Айталық, облысы­мызда бабалар жолын жаңғыртып, даналығын дәріптеу мақсатында айлық шара өтуде. Осыған орай «Jetisy media» алаңында «Бабалардың ерлігі – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында журналистермен басқосу жиыны өтті.

Аталмыш жиында алғашқы болып сөз алған Облыстық дін істері басқар­масының басшысы Рахмет­ Есдәулетов айлық шараның бағдарламасымен ­таныстырып өтті. Ол өз сөзінде:
– Байтақ елге есімі аңыз болған бабалардың басқан ізіне зейінмен зер салып, олардың асыл жазбаларын, ғажайып мұраларын ұрпаққа ­насихаттау – баршаға ортақ ұлағатты іс. Бүгінде облыста, Жетісу жерінде өмір сүрген дауылпаз тұлғаларды ­насихаттап, оларға тағзым ету шарасы шымылдығын түргелі отыр. Мәселен, бұл шара Кербұлақ, Қапшағай, Балқаш өңіріне экспедициялық ­сапардан бастау алмақ. Онда жатқан бабаларға тағзым етіп, Сарыөзек кентінде ғылыми-практикалық конференция өтеді. Ал екінші бағыт бойынша қасиетті Қаратал ауданына ат басын бұрып, онда жатқан ардақты бабаларға ­зиярат етіп, олардың ұлы мұралары әспеттеледі, – дей келе, айлық шараның бағдарламасын жан-жақты таныстырып өтті.
Биыл қазақтың ірі тұлғасы, шешендік өнердің өрен жүйрігі Балпық бидің туғанына – 325 жыл. Осыған орай облыс көлемінде игілікті шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жөнінде журналистер ­сауалына ­жауап берген облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев «Байтақ елдің Балпығы» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өтетінін, «Бата­гөйлер байқауы» сынды рухани-әдеби кештер мен шаралар ұйымдас­тырылатынын тілге тиек етті. Сонымен­ қатар ол бабалардың даналығы тұрғысында ғажайып сыр тарқатты.
– Бабалар өз заманында заңғар биікке қол созып, руханияттың шыңынан орын сайлағандар. Бізге баба болса, олар кешегі күні өздеріңдей өрімдей жас еді. Жас болса да, еліне бас боларлық қасиетке ие еді. Біз болашаққа бағдар жасамас бұрын, тарихымызға мықтап зер салып алуымыз керек. Сонда ғана өміршең өнердің өр перзенттерін танып, олардың ғибратты ғұмырын темірқазық тұтып, алға нық қадам басамыз, – деген Наурыз Қылышбаев жетісулық жайсаң тұлғалар байтақ елдің мақтанышы екендігін атап өтіп, ай көлемінде орын алар рухани шараларға жекелей тоқталды.
Биыл ұлт мақтанышы Балпық би бабамызбен қоса, жырдың өрен жүйрігі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай өңірімізде бірқатар шара қолға алынбақ.

А.СҰЛТАНҒАЗЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.