ҰЛАҒАТТЫ ҒҰМЫР

Әкеміз Сәрсебек Темірәліұлы Жамбыл ауданы Беріктас ауылының тумасы еді. Төрт ағайынды болды. Шелек, Талғар аудандарындағы аудандық сотта судья болып істеп, кейін денсаулығына байланысты Карл Маркс ауылына кешіп келдік.

Сол жерде 1949 жылы алдындағы үш қыздан кейін өмірге біздің бауырымыз Қырықбай келді. Әкеміздің қырықтың үстіне шығып жатқан кезі еді. Ырымдап, нәрестеге Қырықбай деген есім берді. Бауырымызды аяғын жерге тигізбей көтеріп, бақтық.
Қырықбайдың білімі жоғары. Қазақ политехникалық институтын тамамдаған. Еңбек жолы Алматы­ қаласындағы автомобиль жөндеу ­зауытында 1967 жылы басталып, осы зауыттың қабырғасында өткен он жыл көлемінде жүргізуші, бас диспетчер, инженер-технолог болып еңбек етті. Одан кейінгі еңбек жолы №2588 автоотрядтың бастығы, «Транссельхозтехника» кәсіпорнында автомашиналар колоннасының бастығы лауазымында жалғасты.
1980 жылдары Қапшағай қаласына қоныс аударған соң, Қапшағай жолаушылар тасымалдау паркінің пайдалану бөлімі бастығының орынбасары, аға инженер, бас инженер, осы парктің басшысы қызметтерінде болды.
Шеңгелді ауылының әкімдік округінде еңбек еткен жылдары бір төбе. Кейінгі жылдары «Қапшағай Көркейту», «Қапшағай су құбыры» кәсіпорын­да­рында басшылық жұмыстарда еңбек етті.
Қапшағай қаласының Құрметті азаматы. Облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Жаны таза, қарапайым азаматтың жүріп өткен ғұмыр жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық.
Ата-тектік қасиет деген дүние бар. Әкемнен қалған адалдық, әдептілік, қара­пайымдылық қасиеттері бауыры­мыз­дың бойына айнымай дарыпты. Әке алдындағы перзенттік борышты жете сезінді ме, бүкіл ғұмырында әке атын биік ұстауға, оның атына кір келтірмеуге тырысты. Үлкен-кішіге қамқор, дос-жаранға адал бола білді. Өз бауырларына, қарындастарына деген ағалық мейірімі белек еді. Інісі Бауыржанның отбасына Қапшағайдан үй салып, бала-шағасымен кешіріп апарды. Балаларын жұмысқа орналастырды.
Інім жібектей мінезімен, жайдары кеңілімен үлкенге іні, кішіге аға, ағайынға бауыр бола білді. Осы асыл қасиеттерінің арқасында өз ортасында үлкен беделге ие болды. Тойларда, туған күндерде, мейрамдарда Шәмшінің әндерін жақсы орындайтын. Қазір сол күндерді сағынып жүрміз.
Отбасымыздың бәйтерегі, сүттей ұйып отырған берекелі шаңыра­ғы­мыз­дың отағасы, елі құрметтеген аза­маты, ардақты әке, аяулы жар, қамқор інімді сұм ажал ортамыздан жұлып, Жер-ана өз қойнына алды. Балаларының бәрін де азаматтық жасқа жеткізіп, бір бастарын екеу етіп, енді солардың қызығын қызықтайтын шақта кетті. Әттең-ай дейсің! Өкінішсіз өлімнің жоқтығы тағы бір рет дәлелденгендей болды. Сол өкініш өзегімізді өртейді. Өмірден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Енді маған ондай бауырды кім тауып береді, қайдан табамын?!
Осы жасқа жеткенде бауырым Қырықбайдан айырылып қалам деп ойладым ба?! Рас, өлмейтін адам болмайды. Ажал жетсе, артымда бауырым бар, арулап қояр деген пендешілік үміттің жетегінде жүретінмін. Сөйткен бауырымнан маған бір уыс топырақ бұйырмай, артында аңырап мен қалғандаймын. Зиратының басына телміртіп қойғанын Алла Тағаланың құдіреті демеске шараң жоқ.
Бүгін ойым он тарауға, санам сан тарауға кетіп, қолға алған дүнием қолымнан шығып, қанатым қырқыл­ғандай күйде жүрмін. Арбаның соңғы дөңгелегіндей, соңыма ерген тұяғым мені «әлі де болса өмір сүре берсін» деді ме екен, арбаның алдыңғы дөңгелегіне айналып, ата-бабалары кеткен ұлы көшке менен бұрын барып қосылды. Оның жоқтығын қатты сезініп жүрмін. Әкеміз бен шешеміздің берген тәрбиесіне беріктігі болар, менің бетіме тіке қарап, қарсы сөз айтпаған күйінде кетті, құлыным. Аз сөйлеп, көп нәрсені іштей ойлайтын.
Бір үйде бір бала болса да, он бала болса да, әр баланың орны бөлек екен. Қырықбайдың орны, расында, бәріміз үшін бөлек еді. Өзімізге үлкен медет болатын. Әкемізден қалған бір үйдің, бір шаңырақтың, бір әулеттің бәйтерегі еді. Амал не, ащы запырандай өзекті өртеген ащы шындық жанымызды жеп бара жатқан секілді.
Айтып-айтпай не керек, Алланың жазғанына көніп, артында бауырлары, жары, балалары мен немерелері қалды. Көзден кетсе де, көңілден еш уақытта кетпейтіні мен үшін ақиқат болып қалмақ. Жүрегім соғуын тоқтатқанша құлынымның жарқын бейнесі көз алдымда тұрары анық. Оған деген бауыр­малдық ықылас-ниетімді, сүйіспен­ші­лігімді ана дүниеге өзіммен бірге ала кетермін.
Бауырым тірі болғанда биыл 70-ке толар еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын! Нұрың пейіште шалқысын, жаным!

Асылайым СӘРСЕБЕКҚЫЗЫ,
әпкесі

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.