ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Өтеген ауылында әйгілі батыр Өтеген Өтеғұлұлының туғанына 320 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Шара алдымен аудан орталығындағы Өтеген батыр ескерткішінің ашылуымен басталды. Ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін, барша жұрт іргедегі «Өтеген батыр» атындағы аудандық мәдениет үйіне бет алды. Оның кіре­берісінде батырдың Абылай ханнан әкелген әйгілі шұбар тегенесі қойылған. 

«Өтеген Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу өзенінің бойында, Изенді деген жерде­ дүниеге келген. Жастайынан Іле матайлық Тауасар бидің баласы ­Қа­зыбекпен бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбұл, Ромға барып тоғыз жыл оқып оралады. Өтеген Төле биден бата алып, Абылай ханның оң тізесін басқан батырларының бірі. Қазақ жерін жоңғар басқыншы­ларынан азат ету жолында Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Қалмақтың ­Ботхишар, Сабан Тайшық сынды белгілі батырларын жекпе-жекте­ жер жастандырып, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының бірі болды» деп жазушы Марал Ысқақбай салтанатты шарада батырдың өміріне тоқталды.
Қазақстанның еңбек сіңірген ­дә­рігері, белгіл меценат Мүсілім ­Дайыр­беков,­ Алматы облысынан қонақ­тарды бастап келген Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев, Іле ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы, Тараз қаласы әкі­мінің орынбасары ­Кенжебек Олжабай және басқалары сөз алып, батырлық пен елдікті әспет­теудің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру­дегі маңыздылығын атап көрсетті. «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпақтары» кіта­бының тұсаукесері өтті. Сахна төрінде қордайлық жезтаңдай әнші ­Қар­лы­ғаш­­ Қожағазина, Алматы облысы Іле ауданының әжелер ансамблі батыр рухына арналған әндерін тарту етті.
Бұдан басқа, ауыл мешіті маңын­дағы алаңқайда орнатылған ашық сахна мен күрес кілемінде палуандарымыз өзара күш сынасты. Бас жүлдеге су жаңа автокөлік тігілген түйе палуан күресіне еліміздің әр шалғайынан атан жілік, бура санды 28 палуан бақ сынады.
Отыз үш шақырымдық аламан бәйгеде Алматы облысы Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың атақты жүйрігі «Үшқоңыр» алдына ат салмай келіп, иесіне «Тойота Хайлюкс» көлігін мінгізді. Екінші келген «Ақмоншақ» атты сәйгүліктің иесі «Нива» автокө­лігін олжалады. Сондай-ақ топ бәйге мен құнан жарыста аты озып келгендер де темір тұлпарлы болды.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.