Тіл мәртебесі сөз болды

Ұлттық кітапханада Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, республикалық «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымы мен халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ұлттық мүддені қорғау мемлекеттік тілден басталады» атты дөңгелек үстел өтті. 

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәрте­бесі мен қолданылу аясын арттыру, ҚР «Тіл туралы» Заң тармақтарына өзгеріс мен толықтырулар енгізу мақ­сатын көздеген жиынды жазушы, «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы ашып, басқосудың мән-маңызына тоқталды. Ол елімізде заң да, мемлекеттік бағдар­ламалар да қабылданып жатқаны­мен, мемлекеттік тілдің қолдану аясының көңіл көншітпейтінін, қазақ тілі әлі еңсесін тіктей алмай, ресми тілдің көлең­кесінде қалып отырғанын айтып, қазақ тілінің мүшкіл жайын тілге тиек етті. Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөзіне тоқталып, еліміздегі өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді әлі де болса еркін меңгере алмай отырғанына қынжылыс білдірді.
«Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мырзағұл Әбдіқұлов өз елімізде тұрып, ана тілін, ұлттық құндылықтарын білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны жанына бататынын, бұл жиынның көптің мүддесі үшін ұйым­дастырылып жатқанына тоқталып, қалалық Тіл бас­қармасы өкілдері, тіл жанашырлары жиналғандықтан талқыланатын мәселенің өзектілігі ауқымын кеңейтетініне сенімді екенін жеткізді.
«Ұлттық мүддені қорғау мемлекеттік тілден басталады» атты дөңгелек үстелдің негізгі баяндамасын қоғам қайраткері ­Хасен Қожахмет жасады. Оның айтуынша, кезінде Қазақстанда мемлекеттік тіл де, ұлтаралық тіл де – қазақ тілі болуы тиіс екені айтылғанымен, ол іске аспаған. Қазір де қоғамдағы мемлекеттік тілдің іс жүзінде толық жүзеге аспай отырғанын, орыс мектебінде он жыл оқып, бірауыз қазақша сөйлей алмайтын балалар шығатынын, осыдан бес жыл бұрын қазақша хабарланатын аялдаманың қазір орыс тіліне қарай бағыт алып бара жатқанын және т.б. өзекті мәселелерді көтеріп, тіл жанашырларына өзінің бірнеше ұсынысын жеткізді. Оның ішінде тілге байланысты жабылып қалған қоғамдық ұйымдар қайта ашылуы тиіс; Ресейден келетін газет-журнал, кітап және т.б. баспа өнімдеріне шектеу қою және т.б. ұсыныстар бар.
Жиын барысында филология ғылы­мының докторы Дандай Ысқақ, ақындар Дәулетбек Байтұрсынұлы, Аманғазы Кәріпжанәулеті, Болат Шарахымбай және т.б. тіл жанашырлары сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында қатысушылар Үндеу қабылдады. Онда мыналар айтылады: мемлекеттік тілді ұлтаралық тіл дәре­жесіне көтеретін «Мемлекеттік тіл ­туралы» Заң қажет; Ата Заңымызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл екендігі жеке-дара жазылып, «орыс тілі ресми тіл» деген сөзді алып тастау қажет; мемлекеттік тілді білмегендерді азаматтыққа қабылдамау жөнінде Заңда нақты жазылуы тиіс; мектептерде шет тілі 5-сыныптан бастап оқытылуы керек; жер, көше атаулары тек мемлекеттік тілде жазылсын; латын әліпбиі тек қазақ мектептерінде, жоғары оқу орындарында ғана емес, мемлекетіміздің барлық салаларында енгізілетін болсын; Тіл полициясы құрылып, елімізде мемлекеттік тілдің орнығуын қадағалауы тиіс деген секілді, т.б. бірнеше талап қойылған.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.