ӘУЕНІН АСПАНТАУДАН ӘРІ АСЫРҒАН…

Белгілі ақын, әнші-композитор Садықожа Мошанұлының 100 жылдығын атап өту туралы­ Үкімет қаулысы шығып, Алматы облысы Кетпен таудың етегінде мерейтойы тойланды. Алдымен «Әуенін Аспантаудан әрі асырған…» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, филология ғылымының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев, өнертану ғылымының кандидаты Әлия Сабырова, филология ғылымының кандидаты Тоқтар Әлібек баяндама жасап, соңынан конференцияға қатысушылар арасында жарыссөз өтті. 

Келесі күні той Садықожа Мошанұ­лы­ның ескерткішінің ашылуымен басталды. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп жатқан, осынау айтулы шараның, ­аудан халқы үшін маңызы зор, мағынасы терең» деген аудан әкімі Ш.Нурахунов көпшілікке Алматы облысының әкімі А.Баталовтың құттықтау хатын оқып берді.
29 жасында өмірден озған Садықожа үйленіп те үлгермеген. Артында ұрпақ қалмаса да, мол мұра қалдырған әнші-композитордың бейнесі ел аузында айтылып жүрген сурет бойынша бейнеленген. Аспанмен таласқан, еңсесі биік мүсінді ақынның туысы, белгілі суретші-мүсінші Бақтияр Қайранбаев жасаса, демеушілік еткен – кәсіпкер Едіге Қожахмет.
Қазақтың дәстүрлі музыкасында өзіндік орны бар Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі Садықожа Мошанұлы 1917 жылы Кетпен­ тауының баурайында дүниеге келген. 1930 жылғы қолдан жасалған ашаршылық кезінде туыстарымен бірге Қытайға бас сауғалап кеткен екен. Ал 1960 жылдары Қытайдағы ағайындардың алғашқы легі ­тарихи Отанына орала бастағанда Садықожа шығармалары да халқымен қайта қауышты. Сөйтіп, 1968 жылы Құныпия Алпысбайұлы алғаш рет «Сарыбидай» әнін үйренеді.
«1968 жылы «Сарыбидайды» үйреніп, ел жақсы қабылдаған соң, басқа да әндерін іздей бастадым. Одан кейін тағы алты әнін үйрендім. Кейін 90-жылдардың басында Жәнібек Кәрменов қазақ әндерінің антологиясын құрастырып, оған Садықожаның жеті әні енді. Негізі Садықожа Мошанұлы айтыс­кер ақын болған, біз орындап жүрген әндердің барлығы сол айтыс өлеңдерінен үзінді. Ақынның өлеңдері әлі де іздестіріле береді. Оны зерттеу, стильдік ерекшеліктерін, басқа да қасиеттерін қарастыра береміз» деді филология ғылымының докторы Қ.Алпысбайұлы.
Садықожа Мошанұлының 100 жылдығы аясында мерекелік кеш те ұйымдастырылды. Бұған дейін жарияланған аудандық әншілер байқауының марапаттау рәсімі, қазақ күресінен жарыс өтіп, көпшілікті бір сер­пілтіп тастады. Сонымен қатар қаз-қатар тігілген киіз үйлерде барша жұртқа ас беріліп, Садықожа рухына Құран бағыш­талды. Алыстан ат терлетіп келген той қонақтары 6 шақырымдық тай жарысы мен 25 шақырымдық ат жарысын тамашалап, Қырғызстан, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының жүйріктерінің шабысына куә болды.
Мерекелік концерт барысында Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Рамазан­ Стамғазиев біз бұған дейін халық әні деп таныған «Бекзатым-ай» әнін орындады. Дәл осы күннен бастап бұл әннің авторы Садықожа Мошанұлы екені дәлелденіп, жарияланды. Жиналған жұртқа бұл да бір тосын сый болып, ел қуана қабылдады. Дәл осы тойда «бұдан былай Садықожаның сегіз әні бар» деп қуанысқан біз мұның сырын әншінің өзінен сұрадық.


– Садықожа Мошанұлының әндерінің айтылу ерекшелігінде қатып қалған форма жоқ. Бірақ негізгі Жетісу өлкесіндегі, ­сонымен бірге арғы жақтағы Алтай-Тарбағатай өлкелік әншілік дәстүрлік ағымы, иірімі, қайырымдары, ішкі динамикасы өте бөлектеніп тұрады. Басқа авторларға қарай бет бұрып кетпейді. Өлеңнің бір адамның қолынан шыққаны, Жетісу өлкесінің қанға сіңген бағытымен шыққан әндердің бірі екені көрініп тұрады. Мен Қытай өңіріндегі жазушы-зерттеушілермен кездесіп, олардың еңбектерін алып қайтқан­мын. Төте жазумен жазылған мақалалардың барлығын қазіргі өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлына тапсырғанмын. Сондағы материалдарда жазылған, Садықожаның аты шыға бастаған кезде Бекзат деген қызбен көңілі жарасады. Өкінішке қарай, қазақтың салтымен Бекзат­ сұлуды бесікте атастырып қойған екен. ­Содан қыздың ұзату тойына қатысқан ақын Садықожа таң атқанға дейін Бекзатпен айтысқан. Кейін жұрт ұзатылар қыздың таңға дейін айтысқаны жөн емес деп, айтысты тоқтатады. Сондағы Садықожаның қоштасу сөзі ғой. «Жолыққанша, аман бол, амал қанша» дейді, – деп түсіндірді әнші Рамазан­ Стамғазиев. Одан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі «Бекзатым-ай» әнінің Садықожаның әні екенін былай талдап көрсетті:
«Садықожаның поэзиялық құрылым­дарын қараңыз. Мысалы, «Сарыбидайда» «Біздің ауыл Кетпеннің етегінде, Ерте шықсам аулыңа жетемін бе? Сарыбидай, сағындым, қалқам, даусыңды-ай» – бұл кіші қайырма. «Ақ тамақтан емінте бір иіскетсең, Айналақтап аулыңнан кетемін бе? Сарыбидай, сағындым, қалқам, даусыңды-ай» – кіші қайырма. Одан кейін негізгі қайырым: «Есіктің алды тал-қайың, Басыңда тұрмас жаз дәйім». Енді «Бекзатым-ай» әнін қарайық, «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Ен жайлау құлазиды ел кеткен соң. Жолыққанша, аман бол, амал қанша» – кіші қайырма. «Бірге өскен кішкентайдан құрбым едің, Ойнаймын енді кіммен, сен кеткен соң. Жолыққанша, аман бол, амал қанша» – кіші қайырма. Сосын негізгі қайырым: «Кекілін кескен кер атым-ай, Титтейден өскен бекзатым-ай» дейді. Міне, иірім-қайырым, дыбыс иірімдері, ішкі динамикасы, айту мәнері бәрі тұр. Яғни поэзиялық жағынан қарайсыз ба, музыкалық ішкі құрылыстарын қарайсыз ба, қалай болғанда да, бір қолдан шыққан. Ол кімнің қолы? Ол – Садықожаның қолы» деп түсіндірді әнші.
Осы орайда зерттеуші Сағатбек Медеу­бекұлы­ ғалым Құныпия Алпысбаев болма­ғанда Садықожа әндері елге жетпес еді дейді. Сондай-ақ «Сарыбидай» әнін алғаш нотаға түсірген Базаралы Төкеев екенін де ерекше атап өтті.
Садықожа Мошанұлының «Ахау, айым», «Ей, ахау», «Ақ қаз едің», «Ахау, қалаулы-ай», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел» сияқты әндері бар. Осылайша, ақынның 100 жылдық мерейтойында сегізінші әні белгілі болып, қуаныш еселене түсті. Міне, артында әнін сүйер ұлты барда ұлы тұлғаны ұлықтау жалғаса бермек.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Жазира Амантайқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.