«АНА ТІЛІНЕ» ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕЙІК!

«Ана тілі» басылымын қолыма алсам алыстап кеткен сол бір уақыт кино таспасындай көз алдыма келеді.
Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы (президенті Әбдуәли Қайдар) өмірге келген соң, жер-жерде облыстық, аудандық, ауылдық ұйымдары құрыла бастады. Біздің Алматы облысы Ұйғыр ауданында да тікелей Құдайберген Жылқыбайұлының бастамасымен аудандық «Қазақ тілі» қоғамы елім, жерім деген азаматтардың қолдауымен құрылды.

Мен қоғамның жауапты хатшы­лығына сайландым. Ұйымның штатында есепші екеуміз ғана. Содан болар, ат­қарылатын айлық, тоқсандық, жылдық жоспарды жасау, тілге, дінге қатысты мәдени іс-шаралар өткізу, жергілікті ұйымдарға бағыт-бағдар беру, байырғы ата-бабалар есімін, жер-су аттарын қайтаруға ұсыныс, қатынас жазу дейсіз бе, барлығы менің мойнымда болды. Бір толассыз қарбалас басталды да кетті. Уақытпен санаспай тілім, ұлтым, жерім деп, алашапқын боламыз да жүреміз. Жетпіс жыл бойы сіресіп қалған кеңестік қағида еркін еркіндікке жібергісі келмейді. Ол аз болғандай, қатып қалған жүйеден ажырағысы келмеген жергілікті биліктің құқайы да аз болған жоқ. Айтыс-тартыс…Тілім, дәстүрім, жер атауы деп жүрген бір тобымыздың «ұлтшылдар» аталып жүрген кезіміз сол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын…
Сонымен, 1990 жылы республика­лық қоғам құрылтайында газет ашу мәселесі қозғалды. Ат қоюда әркім әр жаққа тартты. Артынан бәрі бір мәмілеге келіп, «Ана тілі» атауына тоқталды. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының органы «Ана тілі» газетін бұқараға насихаттау, жаздыру мәселесі алдымызға қойылды. Сонда мен ауданымыздағы бар қазақ отбасының үйіне кіріп, «Ана тілі» газетін таратып, насихаттаған күндерім болған. Оның сыртында ұлтшыл азаматтар мен мемлекеттік тілге шынайы қолдау білдірген өзге ұлт өкілдерінің ­жазылуына себепкер болдым. Осы газетті тарату мен ­насихаттауда жергілікті ұйым басшылары шырындық Серік Оразалиев,­ Жақсылық Ысқақов, тасқарасулық Кәдірбек Оңайбаев, тиірмендік Бақыт Бұлғиев, дардамдылық Қызыр Сатымқұлов, кішідихандық Д­ыбыр Атыбаев,­ үлкендиқандық ­Ботан Шормақов, қалжаттық Рақымғали Жетпісовтердің еңбектерін ерекше атауға болады. Өзім де түрлі кедергі жасағандарға наразылық білдіріп, «Үй ішінен үй тіккендер», «Тілге қарсылық – мемлекетке қарсылық!», «Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер»­ ­деген секілді көптеген сын мақалалармен қатар, тіл, салт-дәстүр, ұлт өнері, байырғы жер-су, елді мекен атаулары туралы қоғамдық тілші ретінде талай мақалалар да жаздым.­

Газет таралымының да мың-мыңдап еселене түскенін сол кездегі оқырман жақсы біледі.
Иә, газет содан бері де сан асуларды артқа тастады. Талай өзгерістер болды. Басылымның жүз мыңдаған данамен тарағанын көзіміз көрді. Бүгін де «Ана тілі» ұлттық БАҚ кеңістігінде ең алдыңғы қатарда келеді. Маған «Кешегі өтпелі қиын кезеңде де рухани байлығымыздан қол үзбеген едік қой. Бүгінгі ел еңсесін тіктеп жақсарған заманда неге Ұлт газетіне жазылуға қауқарлы емеспіз?» деген ой келеді. Бүгінгі таңдағы газеттің бағыт-бағдары көңіл қуантарлық. Қай мақаласын оқысаң да, оқырман қызығушылығын арттырып келеді. Бұл газеттен көкейде жүрген барлық дүниелерді оқуға болады. Басқасын айтпағанда, бір ғана «Ашылмаған арал­дар»,­ «Әкесі жақсы қандай-ды», «Ашиды­ жаның…» айдарларының өзі не тұрады! «Ана тілінің» ­сұх­­батын»­ апта сайын асыға күте­мін. Оқырмандарға арналған «Желтоқсан – 175» беті де ана тіліміздің жоқ-жітігін түгендеу үшін ашылғаны даусыз. Соңғы кездері арнайы спорт беті беріле ­бастады. Ал әдеби шығармалардың жөні өз алдына. Айтпақшы, мен оқыған газеттерімді («Ана тілінен» басқасын да) жинап қоямын да, өзім білетін газет жанкүйерлеріне жіберем. Ол одан әрі мал баққан оқырманға жеткізіліп, солар оқиды. Жазылуға мүмкіндік болмаса неге осындай тәсілді қолданбасқа. Қазіргі «Ана тілінің» іші тұнып тұрған ұлттық қазына! Даналарымыздың «Тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» дегенін ұмытпайық. Тіл – асыл қазынамыз. Сондықтан тіл мәселесін, өзге де өзекті тақырыптарды жан-жақты қозғап жүрген «Ана тіліне» қолдау көрсетейік. Оған көп болып жазылайық!

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ,
журналист

Алматы облысы
Іле ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.