Қазақтың қадірі артсын деп…

Адам баласы  шыққан тегіне, түпкі тамырына тарта туары­ сөзсіз. «Ұлы жол үйіңнің табалдырығынан басталады» демекші, тектің тамыры ең алдымен тал бесіктен, талмай баққан әке-шешеден. Жүрегі  «Тәуелсіз елім, қазағым, абыройлы Ана тілім!» деп соққан тіл жанашыры, жаны қазақ, жүрегі қазақ Асылы Әлиқызы Османның сондай құнарлы ортада тәлім алғаны анық. 

Асылы апаның өмірбаянымен жақсы таныспын. Ол 1941 жылдың 13 тамызында Грузия КСР-нің Ахалкалак ауданына қарасты Хавет селосында дүниеге келген. 1944 жылы, яғни үш жасар Асылы апайдың отбасы, сол жылдың қараша айында қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанға, сол кездегі Шымкент облысы Түлкібас ауданының Жаңаталап ұжымшарына жер аударылады. Даласы дарқан, халқы жайсаң қазақ елі Асылы апайдың отбасын жатсынбай, бауырына басып, қанатының астына алып, қара нанды бөлісіп жейді. А.Осман 1950-57 жылдары сол жердегі жеті жылдық мектепті бітіреді. Одан соң, Түркістан педагогикалық училищесінде білімін жетілдіреді. Сөйтіп, өзі оқыған Жаңаталап мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. 1963-67 жылдары Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалім мамандығы бойынша оқу орнын үздік бітіріп шығады. 1969-73 жылдар Қазақ КСР ҒА Тіл білімі институтының аспирантурасын ойдағыдай тамамдайды.
1993-96 жылдары ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту бөлімінің бастығы, 1996 жылдың шілдесінен Ұлт саясаты жөніндегі комитеттің мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жөніндегі Бас басқармасының бастығы болып қызметтер атқарады. Осындай қызметін жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді. Асылы апай әртүрлі өзекті тақырыптарға арналған 400-ден аса ғылыми мақалалардың, сонымен қатар «Қазағым барда мен бармын», «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» атты кітаптардың авторы.
Алғаш 1998 жылдан бастап Қазақстан телеарнасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты хабарды тізгіндейді. Қазіргі таңда мерзімді баспасөз беттерінде жүйелі түрде мемлекеттік тіл саясатына байланысты жазған мақалалары жарияланып тұрады. Асылы Әлиқызы филология ғылымының кандидаты, профессор және қоғам қайраткері. Мемлекет тарапынан берілген «Достық», «Парасат» ордендерінің және марапаттардың иегері. Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Құрметті азаматы.
«Үлкенге қарап кіші бой түзер» демекші, Асылы апайымыздай елін-жерін бар жан-тәнімен сүйетін нағыз патриоттар көп болса қазақ тілінің ғұмыры мәңгі боларына сенімім мол.

Айбол АБАШОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.