Үш бәйтерек шығармалары – суретші көзімен

ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында ақын, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай әдеби кеш және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Болат Жүнісбекұлы ашты. Жиынның модераторы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілі Асқар Тұрғанбаев болды.

Кітаптың жөн-жобасымен ­таныс­­­т­ы­р­­­ған А.Тұрғанбаев: «Бұл басылым қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі, репрессия құрбандары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойларына орай, Қазақстан суретшілерінің олардың шығармашылығы туралы салған көркемсурет туындыларынан құралған. Бұл дәстүр бұрындары бар еді. Қандай да бір жазушының кітабы жарық көргенде ол шығарма кейіпкерлері кәсіби суретші қылқаламында кейіптелетін. Сол дәстүрді жандандырып, үш арыстың шығарма кейіпкерлерінің көркемсуретін осы альбомға жинақтадық. Альбомда тек суреттер ғана емес, авторлардың шығармаларынан үзінділер де берілген» деп атап өтті.
Айта кету керек, «Үш арыс» кітабының идея авторы, «ТҮРКСОЙ» Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов кітаптың алғысөзінде: «Өткен жылы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына орай, «Айтматовты оқығанда» атты жаңа жоба бастадық. Бұл жобаның ерекшелігі – әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану. Биыл бұл жобаны қазақ әдебиетінің «Үш арысы», «Үш бәйтерегі» аталған, үшеуі де бір жылда жарық дүниеге келіп, бір жылда сталиндік репрессия құрбаны болған Сәкен ­Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің әдеби мұраларына арнауды жөн көрдік. Шығармашылықтарының шыңында тұрып, көркемдік әлеуетін аша алмай, жазықсыз жазаланған бұл тұлғалардың тағдыры ұлттық әдебиет үшін орны толмас өкініш екені анық. Кезінде жаңа қазақ әдебиетінің негізін салған үш алыптың биыл туғанына 125 жыл толып, бұл мерейтойды республика көлемінде жоғарғы деңгейде атап өтуде. Тәуелсіздік кезеңінен кейінгі кеңестік мұраны қайта саралау дәуірінен өтіп, кез келген шығармашылыққа объективті баға бере бастаған бүгінгі уақытта өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің аталған ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын оқи отырып, дүниеге әкелген көркемсурет туындылары «Үш арыстың» мерейтойы­на­ Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы тарапынан тартылған сый деп қабыл алыңыздар» деген екен.


Жиын барысында жоба директоры Берік Барысбеков кітапты шығарған шығармашылық ұжымға, қажет суреттерді салған суретшілер тобына, демеушілерге алғысын айтып, кітаптың бояуы мен реңкін сақтау үшін Германияның сапалы полиграфиясында тасқа басылғанын, кітапты шығару жұмысындағы жаңалықтарымен бөлісті. «Үш арыс» кітап-альбомының лентасын Қазақстанның Еңбек Ері ­Олжас Сүлейменов, мәдениеттанушы-ғалым, ­дипломат Мұрат Әуезов, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров кесті.
Саят Ілиясұлы кеңес өкіметі қуғындап, «Халық жауы» атағын таңғанымен, қарапайым халық Ілияс Жансүгіров есімін әрдайым ардақтағанын тілге тиек етті: «Әкемнің туғанына 125 жыл толды. Иә, Ілиястың ұлы болу маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Сонымен қатар Ілиястың ұлы атану мен үшін үлкен мәртебе де болды. Осы жасыма дейін қаншама адамды кездестірдім, барлығы да маған тектінің тұяғы деп үлкен құрметпен қарады. Оның барлығы да әкеме деген халықтың махаббаты деп білемін. Тіпті әкеме «халық жауы» жаласы жабылып тұрған шақта да, қарапайым халық Ілияс Жансүгіровті құрметтей берді. Сіздерге бірер ғана оқиғаны әңгімелеп берейін. Ұзынағаштың жанында Еңбекшіарал деген колхоз болды. Соғыс уақытында, 1942-43 жылдары сол жаққа жазда барып жүрдік. Арғы жағындағы ауылда Жамбыл Жабаев тұрады деп естиміз. Баламыз, әкімдіктің ауласына барып ойнаймыз. Бірде көпшілік «Жәкең келеді, Жәкең келеді» деп шуласып кетті. Қарасақ, екі жігіт қолтығынан сүйемелдеп әкеле ­жатыр екен. Біздің тұсымызға жақындай бергенде үлкен кісіні демеп келе жатқан жігіттердің біреуі тоқтай қалып: «Жәке, мына бала Ілиястың ұлы, аты – Саят» деді. Сонда Жәкең: «Қарғым, Саят, аман жүр. Сенің әкең ешқандай да халық жауы емес, ұмытпа» деді. Бұл сөз менің жадымда жатталып қалды. Кейінірек Мәскеуге оқуға түстім. Ол кезде Мәскеуге билет алу қиын. Оқуға жете алмай қиналып тұр едім, «Несіне қиналасың, Ілиястың ұлы емессің бе, жөніңді айт» деді. Билет сататын жердің басшылығы сөзге келмес­тен билет тауып берді. Бұл оқиғаларды не үшін айтып отырмын? Әкем өкіметтің теперішін көргенімен, қай кезде де халықтың сүйіспеншілігінен айырылған жоқ. Сол үшін біздің жалпақ жұртқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ».
Олжас Сүлейменов арыстардың өнегелі өміріне, соңына қалдырып кеткен шығармашылық мұрасына тоқталды.


М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан­ ­Матыжанов Ілияс шығармашылығы туралы­ кеңінен толғады. «Биыл үш бәйтеректің 125 жылдығы. Қазақы ортада, қазақтың арасында үшеуін бір-бірінен бөле-жармай қараған. Үш арысымызды бір-бірінен бөлмесек, неліктен мерейтойларды ­облыстарда, өңірлерде жеке-жеке атап өтіп жатырмыз? Бүгінгі күні тұсауы кесілген мына кітап сол көңілге түскен кірбіңді жуып-шайып кеткендей. Рухани астанамыз Алматыда, барлығымыздың ­алтын ұямыз болған Ұлттық кітап­ханамызда таныстырылып жатқаны да көңіліме ерекше ұнап тұр. Кітаптың форматы ерекше. Үш бәйтеректің басын қоса отырып, олардың әдебиетте, өнерде қалыптасқан бейнесін берген, әлемдік баспа мәдениетінің жоғарғы деңгейінде шығарылған кітап дер едім.
Сәкен де, Ілияс та, Бейімбет те – қазақтың жазу мәдениетінде үлкен орны бар қаламгерлер. Ілияс Жансүгіров халық шығармашылығын жинаумен айналысқан адам. Әбубәкір Диваевтің «Сырдария», «Жетісу» деген екі экспедициясы болды. Жетісу экспедициясының құрамында Ілияс пен Мұхтар ел аралады. Мұхтар соның негізінде «Қараш-Қараш оқиғасын», «Қилы заманды» жазды. Ал Ілияс «Жетісу суреттері» деген өлеңдер циклін дүниеге әкелді. Жетісуда өсетін өсімдіктердің барлығының атауын өлеңге түсіріп кеткен – Ілияс. Жетісудың халық шығармашылығын, халық әндерін жинаған – Ілияс. Сүйінбайдың, Албан Асанның шығармашылығын жинап, алғаш баспаға бастырған – Ілияс. «Ел өмірінен» деген фольклорлық жинақты бастырған да – Ілияс. Балалар әдебиетінің негізін салған да – Ілияс. Ол Абаймен, Мағжанмен рухтас­ ақын. Абаймен рухтас­ болуының себебі – «Абайдың осы өлеңін оқығаннан кейін өлеңнің қалай жазылатынын түсіндім» дейді. 1933 жылы Абайдың шығармалары басылған кезде­ ­­редактор ­болып, алғысөзін жазады. Сондағы алғысөзі әлі күге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Мағжанмен рухтас болатынының себебі – екеуінің қаламынан өрілген шығармалардың серті – біреу. Ақан серіні бірінші жазған – Мағжан. Мағжан ұсталып кеткен соң, Ақан сері тақырыбы көп айтылмай жүргенде Ілияс былай деп жазады:
Қырдағы қара сойыл бақандаған,
Қалада қара жүрек қаһарланған.
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.
Ілиястың Құлагер поэмасы – Ақанға қойған ескерткіш іспетті. Мағжан Қор­қытты жазды. Ілияс:
Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы – деп жырлайды.
Міне, Ілияс – Абаймен де, Мағжанмен де рухтас ақын дейтініміз сондықтан. Ілиястың «Мәйек» деген шығармасы бар. Арыстарымыз­дың жастарға беретін рухани мәйегі таусыл­масын» деп түйіндеді сөзін К.Матыжанов.
Мұрат Әуезов арыстардың шығар­ма­шылығын әлі де зерттей түсу қажет­тілігі жөнінде ой толғады. «Жұлдыздай жарқыраған тұлғаларды жоқ қып жіберген жүйенің зардабын әлі де тартып келеміз. Ақталғанымен, арыстарымыздың шығармашылығын әлі де зерттей түсу маңызды. Фатима анам Ілияс Жансүгіровтің ашаршылықты суреттеген «Аққала» деген поэмасы барын айтып отыратын» дей келе, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті прозада Мұхтар, поэзияда Ілиястың жазғанын тілге тиек етті.
«Үш арыс» кітап-альбомына демеушілік еткен Сәкен Сейфуллиннің туыстары да өз лебізде­рін білдірді. Шара аясында Ұлттық кітапха­наның қорынан Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығарма­шылығына арналған «Халық өмірінің қаһарман жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, түркітілдес халықтардың диаспора­ларының өкілдері, кітапхана оқыр­мандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Со­нымен қатар дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай әннен шашу шашты.

Қарагөз Серікқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.