МАРИЯ ҺӘМ МҰСТАФА

Кезінде Ресейдің тарих пәнінен революциялық көңіл күйдегі дворян­дардың 1825 жылдың желтоқсан айындағы Санкт-Петербургтегі көтерілісі туралы оқығанымыз, әсіресе Сібірге айдалған ерлерінің соңынан бірсыпырасының әйелдері іздеп барғаны, бар қиыншылықты бірге көргені әлі жадымыздан­ кете қойған жоқ. Мұндай тағдыр кешегі 30-жылдардағы зобалаңда Қазақстанда да болды. Тіпті жазаға тартылғандардың әйелдері үшін арнайы «Алжир» сияқты лагерьлер ашылғаны белгілі. Мемлекеттің саяси жүйесін басқарушы өзінің халық өкілі екенін ұмытса, мансапсүйгіштікке салынып, тек өзі мен маңайының қамын ғана ойласа, қарапайым адам баласы ойлай бермейтін тағдырлар қайталанып тұрады екен ғой.
Мұны мен бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Горинаны арнайы еске алып айтып отырмын. Кеңес үкіметі Қоқан автономиясын қиратып, тұтқындалудан қашып жүріп, қайта жолығып, табысқан Мұстафа Шоқайдың талап етуімен мұсылмандықты қабылдап, 1918 жылы 18 сәуір күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы некелерін қиып, сол күннен бастап өзіне Шоқай атын қосып алған Мария Яковлевна кім еді? Өмірбаяндық мәліметтеріміз тым жұпыны. Жақында қолымызға түскен орыс тілінде жазылған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылы 23 желтоқсанда Вильнюсте­ дүниеге келген. Әке-шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса опера­ театрының әншісі болған» деп жазылған. Сосын білетініміз: төрт жасынан он алтыға дейін Одессада тұрып, 1912 жылы Мәскеу опералық труппасында болған. Ал тағдыр қосқан Мұстафасымен бірге болған, одан кейінгі ширек ғасырдан астам өмірін өзі жазып кеткен еді.

Мария Шоқай алғаш рет болашақ ­жарымен 1916 жылы 10 тамызда­ Ташкентте генерал Сахиб-Гирей Еникеевтің үйінде Петербургтен келген қонақтармен бірге болғанда танысқан. Ол кезде Мұстафа Әлихан Бөкейханның ұсынысымен Мемлекеттік Дума мен Үкіметтің тыңдауына Дума жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.М.Тевкелев жетекшілік еткен фракция мүшесі Ш.Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Ф.Керенскийлер бар делегацияның аудармашысы, хатшы­сы және маман зерттеушісі еді. Делегация 1916 жылғы патша үкіметінің тылдағы жұмысқа 19-43 жастағыларды алу туралы жарлығына қарсы жергілікті халықтың көтерілісін қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материалдар жинау мақсатымен келген болатын. Комиссияның Түркістандағы тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелері қызу араласады, мұның құрамында Мария Горинаның күйеуі де бар еді, ал өзі Ташкенттегі опера­ театрының әншісі-тұғын. Мұстафа Шоқай жоғарыдағы құрамда бірнеше рет бұлардың да үйінде болады. Тіпті жас қонаққа арнап бірнеше ән де шырқалған көрінеді. Мария Горина «астаналық сәнмен киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жанның қасында жүру аса қызықты көрінетін» деп те жазған-ды.
1918 жылдың сәуірінде Ташкентке­ келген Шоқайдың үлкен ұлы Сыздық інісінің үстел үстіндегі Мария Горинаның суретін көріп: «Әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі құптағаннан соң мақұлдағандай бас изеп, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» деген еді. Мария Шоқай Мұстафаның басына түскен талай тағдырлы тірлікте қасында болды. Ері күлсе қуанды, уайым­даса қайғырды. Жары қайтқаннан кейін де бұл сенімді толық ақтады.
1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқай жұмбақ өліммен дүниеден озғаннан кейін алдымен жары 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында қырқын өткізіп, оған оның елу шақты жақын достарын жинады. Онда Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзербайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты марқұмның достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен қызметі туралы жылы лебіздер білдіреді. Әсіресе, Украина­ Ұлттық үкіметінің Сыртқы істер министрі болған Александр Яковлевич Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқай Орта Азияның, барлық Түркістанның нағыз көсемі болатын, егер тірі болса, Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді дейді.
Осыдан кейін Мария Шоқай әлі де атқарылуға тиісті жұмыстар ауқымын топшылайды. Алдымен Мұстафадан қалған мол тарихи мұраларды келесі ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алып, оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып мұрағатқа өткізеді. Бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен алып жүретін жалғыз пианиносын сатып, ерінің бейітіне бейнесімен ескерткіш орнатады. Осыларды бітіргеннен кейін, асықпай күрделі іске кіріседі. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, «Менің Мұстафам» атты естелік жазып, 75 жасында, 1963 жылы соңғы нүктесін қояды. Автор «Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп, аса қарапайымдылық танытқанымен, бұл Мұстафа Шоқай туралы тұңғыш әрі нақты мәліметтерге толы естелік кітап еді.
«Дүниеден қайтқан адамды еске алғанда оның өткен өмірі, істеген әрекеттері көз алдыңа елестеп, жанды­ бейнеге айналатыны сондай» деп ­басталатын екі бөлімді еңбек 1958 және 1963 жылдары орыс тіліндегі қолжазба күйінде Мұстафа Шоқайдың шәкірт­тері, профессор Әбдуақап Оқтайға және оның жұбайы Саида Оқтайға жіберіледі. Бұл түрік тілінде 1972 жылы Мұстафаның дүниеден өткеніне 30 жыл қарсаңында Ыстанбұлда «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166 бет.) деген атпен Т.Шағатайдың аудар­масымен жарық көреді. 1997 жылы Ыстамбұлда «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер» деген атпен қазақ тілінде жарық көрген кітаптың бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде Мария Шоқайдың «Мұстафа Шоқай туралы естеліктері» орын алған еді. Бұған бүкіл түрік жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасан Оралтай қамқор болған. Естелік шағатай тілі жазуынан қазіргі қазақ тіліне ­Айтан Нүсіпханның аудармасы бойынша алғаш 1999 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығармаларының екі томдық жинағына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. Оны екінші рет 2000 жылы Ыстамбұлда «Тұран» мәдениет қоры жеке кітап етіп бастырды.
Естелік Мұстафа Шоқайдың ата тегі, оның мектепке баруы туралы­ мәліметтерден басталып, Таш­кент­тің ерлер гимназиясындағы және Санкт-Петербург Императорлық университетіндегі оқуы, терең білім алуы, Ташкентте басталған қоғамдық саяси белсенділіктің Ресей орталығында жалғаса түскені толымды баяндалған. Мұстафаға «Сен ақ патшаға жақын тұрасың, оған біздің тілектерімізді жеткіз. Мына мәселе былай болуы ­керек еді, былайша уәде берілген еді, бірақ олай болмады» деген мазмұндағы өтініш хаттар жиі келген көрінеді. Осындай арыз хаттармен Ақмешітке де талай келген сияқты. Бұл кезеңнің ол үшін тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркітектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігі жөніндегі бұрынғы түсініктің тереңдей түскені еді. Осы таным Мемлекеттік Думаның Мұсылман Фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін ерекше маңызды, айрықша мәнге ие болады. Сондықтан да ол Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың ортақ отарлық езгіден құтылуын армандау­ы жайдан-жай емес еді. Сонымен, Петербургтегі кезең Мұстафаның нағыз саяси университеті болды. Ол саясаткер, саяси күрескер ретінде қалыптасты.
Барлығы 64 күн өмір сүрген Қоқан автономиясын кеңес үкіметі қырғынға ұшыратқаны белгілі. Содан Мұстафа Шоқай Ферғана тауларына бас сауғалап, талай тағдырды бастан кешіріп, Ташкентке жетіп, жасырынып жүріп, өзіне қиын-қыстау кезеңде сүйеніш болатын адам іздеді. Таңдау 1916 жылдан танитын, бірақ кейінгі кезде кездесе қоймаған Мария Яковлевна Горинаға түседі. Мұндай қадамға баруға бұрын табиғатын таныған жанның кейінгі отбасылық жағдайы, он жыл отасқан, өзінен жиырма жас үлкен заңгер күйеуімен ажырасып, енді Мәскеуге кетудің қамымен жүргені себеп болған сияқты.
Мария Яковлевна бірде көктемнің шығуына байланысты кешкілік бұрынғы үйіне жаздық киім алу үшін келгенде ­алдынан қасында қорғаушысы бар, осы үйде біраздан бері өзін күтіп жүрген Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Үлкен ғимараттың бір бөлігінде бұрыннан ­таныс үй иесімен келісіп уақытша тұрып жатқан ол сөз арасында паналайтын жаңа жер іздеп жүргенін, бұл үйде көп тұра алмайтынын айтып, көмек сұрайды. Алдымен Мұстафа Шоқайға әскери киім тауып беріп, шаһардың оңашалау ауданынан күйеуі майданға кеткен, өзі жақсы танитын әйелдің үйіне уақытша орналастырады. Марияның өзі онда жиі барып, азық-түліктер жеткізіп тұрады. Осылай 1918 жылдың сәуірінде екі арыс мәңгілік табысады. Енді Мұстафаның өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен кету керек болады. Қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсат жоқ. Мұстафаның басына 1000 рубль бәйге жарияланған. Іздестіру ­шаралары жүріп жатқан кез. Оны таныған кез келген ресми органның адамы «пролетариат диктатурасын таратушы» деп атып тастауы мүмкін. Мария Яковлевна ­жарын қаладан алып шығу туралы ойларын ешкімге айтпай,­ оны оңайлықпен адам танымайтын етіп ауыр жаралыға ұқсатып, бет-аузын таңып, жолға дайын болған соң, станцияға келіп, пойызға отырады. Бұлар жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқанын көріп қатты абыржиды.­ Мұстафаның аузы мен мұрнын ауа жұту үшін ғана ашық қалдырып, басын жақсылап таңып тастайды. 1 мамыр. Ыстық күн мен қорқыныштан Мұстафа зорға ­шыдайды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Сондықтан бет-жүзін ашып тексерсе, оны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келер купеге өтіп кетеді. Осылайша бұлар тексеруден ойда-жоқта құтылады, пойыз да қозғалады.
Мұстафа және Мария Шоқай мінген пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтайды. Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабық. Содан түрлі көлікпен, алдымен Орынборға, сонан соң Самара арқылы Уфаға, одан Екатеринбургке жетеді. Ал Челябинскіде болғанда ондағы қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Мұстафа Шоқай мен 1918 жылы 19 қарашада Екатеринбургте таратылған Құрылтай мәжілісінен кейін қосылған украиндықтардан осы жиынға сайланған Вадим Чайкин екеуі бөлек, Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады.­ Ал Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанында Челябинскіден шығып, бірде қиындыққа тап келіп, енді бірде жанашыр жандарға кезігіп, 1919 жылы 20 сәуірде Бакуге жетеді. Содан бірнеше күннен кейін Тбилисиге бағыт алып, пойыз станцияға тоқтағанда қолында шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп алады. Осылай қайта табысқаннан кейін де бұлт ыдырап, күн жарқырай қойған жоқ. Қызыл армия мұнда келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, бұлар Батумиге­ кетеді. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстанбұлға барады. 1921 жылдан Францияға, Париж қаласына жеткен соң да жат жердің жаңа қиыншылығына жолықты. Екі бөлмелі, асханалы, ­жасауы бар пәтерге орналасқанымен, көп ұзамай Мұстафамен екеуінің табысы күн көрістеріне жетпей, ақшалары таусылып, тұрмыстары қиындайды. Қалталарында небәрі 15 франк, ­содан мойындарына алжапқыштарын іліп, жұртқа дәм дайындап, күнелтудің қамына кіріседі. Мария Шоқай мынадай хабарландыру даярлайды: «Мадам Шоқай үш тағамнан тұратын түскі тамақ береді. Бағасы 5 франк. Тамақ берілетін уақыт 12-ден 3-ке дейін. Тамаққа келгісі келген адамдардың жазылып қоюын өтінемін». Сағат 3-те тамақ жеуге алғашқы тұтынушы келеді. Мария Шоқай оған бүгін тамақтың таусылғанын айтып, ертеңге алдын ала ақшасын төлеп жазылуын өтінеді. Ол таңғалады. Осы кезде Мұстафа келіп, онымен түрікше сөйлесе бастайды. Танысқаннан кейін бұрын Ресейде Иранның елшісі болған ол 10 франк беріп кетеді. Шетелде тағдыр осылай басталды. 20 жылдан астам Мұстафа Шоқай елім деп, түркі жұртым деп өмір сүрсе, солардың болашағы үшін бар ақыл-парасатын, қажыр-қайратын салып күрессе, Мария Яковлевна жан жарым деп өмір сүрді, бәрінен бұрын соның жағдайын ойлады.
1939 жылдың 1 мамыр күні Муссолини­ Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары ­Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті. Мұстафа үйде отырып жазумен айналысып, 5 лампалы радиоқабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдайды. Радио ескі болғандықтан кейде хабарлар дұрыс естілмей, Мұстафа қатты ашуланып, каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыс­тырып әбігерге түседі. Кейбір кездері өзімен-өзі болғанды қалап, тұйықталып та қалатын. Әсіресе, соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтатын. Бірақ Мария Яковлевна ештеңе сұрап мазаламайтын, кейін оның бәрінің себебін Мұстафаның өзі айтып беретін.
Сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік пана іздеушілер (эмигранттар) үшін, демократиялық тұрғыдан алып қарағанда, қолайлы болған көрінеді. Бірақ Германия соғысты бастаған соң, эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Мұстафа Шоқайға да кетуге мүмкіндік болды, Америкаға визасы да бар еді. Алайда Мұстафа мұндағы идеялас жолдастарын тастап, мұхит асып, тым жырақ кетуді қаламады. Ол «паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ойлады.
Көп ұзамай, 1940 жылы 13 мамыр күні немістер Парижге келеді. Германия Францияны басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады, одан босатқаннан соң екі күн Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей, оларға радио арқылы ештеңе айтпайтынын түсіндіреді. Берлинге кетерінде ол хабарласып тұруы үшін, үйлерінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюм сарайының адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де хаттар салып тұратынын, соғыс кезінде осылай еткен дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп «сүйдім дегенді білдіріп» қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын қинала еске алған болатын.
Екі жарым ай лагерьлерді аралап, қайтатын болып, пойызға отырғанда Мұстафа Шоқайдың басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түсіп, бір апта жатқан соң, 27 желтоқсанда сүзек деген диагнозбен соңғы сапарға аттанады. Осы кезге дейін ауыр қайғыны ең бірінші Мария Шоқай тартты. ­Жиырма сегіз жыл жалғыздықтың талай тағдырын басынан өткізіп, 1969 жылы бұл пәни дүниеден бақилыққа «Мұстафам!» деп аттанады.
Мұстафатану ғылымының бастауы­ болып саналатын еңбегінде Мария Шоқай алғаш рет аты әлемге танылған тұлғаның рухани дүниесіне, табиғи ­жаратылысына терең зер салды. Естелікте өте жұмсақ мінезді және нәзік жанды, үлкен жүректі, терең сезімді қарапайым адамның сонау Еуропаның ортасында жүріп елін сағынған сәттері де шебер берілген. 1922 жылы екеуі Париждегі Трокадеродағы этнография музейінде болғанда Мұстафа сондағы домбыраны қызметкерден сұрап алып, құлақ күйін келтіріп, әсем қазақ күйін орындайды да аспапты орнына қояды. Жүзі жабырқау тартып, жанары жасқа толады. Мария Шоқай «Мен алғашқы және соңғы рет Мұстафаның көз ­жасын сол кезде көріп едім» деп жазды.­ Болмаса­ «Үлкен ағамның (Сыздық Ә.Б.) жесір әйелі әлі тірі. Ол қалай өмір сүріп жатыр екен? Мені ең қатты ойландыратын мәселе де осы. Оларға бұл жерден көмек те бере алмаймын. Мені кішілердің (інілердің) тағдыры ойландырады, бәлкім оларға көмектесетін ешкім болмағандықтан азып-тозып кеткен шығар» деген жолдарды толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұлайша уайымдау, ойлау Мұстафа Шоқайдың адами болмысын, кісілік қалпын айқын танытады.
Мұстафа Шоқайдың өз Отаны мен халқын жанындай жақсы көрумен бірге оның осал тұстарын ойлауы, келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын жан ретіндегі болмысы да өте сәтті шыққан. Ол әрдайым былай деуші еді: «Біздің Түркістан үшін ең қорқыныштысы – халықтың бірлігінің болмауы. Өзіміздің әлсіз екенімізді мен білемін. Мен халықтың тыныштығын және бірлігін қалаймын». Бұған оның Мұстафа Кемалға таң қалып, оны биік санауы, Түркістан үшін осындай реформашы болса деп тілеуі де, Түркістанда Швейцария тәрізді мемлекеттік жүйенің болғанын қалауы мен армандауы, елдердің ­федерация ішіндегі бауырластығына сүйенген ­саяси сенімі дәлел бола алады. Мұстафа: «Біз қазір оқымасақ, ешқашан тәуелсіз бола алмаймыз, ол жолды бізге сырттан біреу әкеліп бермейді, біз өзіміз бірте-бірте мемлекет органдарын қолға алып, өзімізді-өзіміз басқаруға тиіспіз» дейді. Өмірінің соңғы сәттерінде, 40 жылдарда,­ соғыс кезінде ол үнемі Түркістанның большевиктерден құтылуын армандаған: «Алла елімнің тәуелсіздікке қол жеткізгенін көруді нәсіп етсе, мен тек саяси үгіт ісімен айналысар едім. ­Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы­ және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім. Адамдар бір-бірімен араласуы керек. Халық өзара білім алмасып, бірін-бірі терең танып және түсініп, жарасымды қатынас дәрежесіне көтерілсе, сонда ғана халықтар федерациясын құруға жол ашылмақ». Бұл сөздер, бірінші, Мұстафа Шоқайдың Отаны мен халқының болашағын, тәуелсіз ел болуын армандайтынын­ танытса, екіншіден, оның терең білімді, өзі азаттығы үшін күрескен Түркістанның тарихын да жақсы білетінін көрсетеді. Мұндай мақсатқа жету үшін ол мемлекеттік масштабтағы қызмет қажет, соғыстан бас тарту, оны болдырмау керек, жер бетінде барлық адамға орын жетеді дейтін көрінеді.
Естелікте Мұстафа Шоқайдың саясаткерлік қасиетіне де шынайы сипаттама берілген. Автордың жазуын­ша, Мұстафа көпшілікті басқару үшін саясат адамының тез шешімге келе алатын, қатал мінезді болуы керек деп санаған. Ешқашан өз мінезін түзеуден және оқудан жалықпаған. Сондай-ақ саясатта да намысқой әрі жанға жақын болуы арқасында адамдардың жүрегіне жол табатын, сондай-ақ қызуқанды болған. Өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына­ тиюден аулақ бола отырып, өзінің көзқарас көкжиегі кең болғандықтан ойын еркін жеткізеді екен. Сондай-ақ тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны, бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолындағы күрескердің: «…Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынастарда болуымызды талап етеді. Жаман халық жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет болмайды, адамгершілігі мол адамдар болады» деуі кемел ойлардың жарқын көріністері болатын.
Мұстафа Шоқай түрлі саяси көзқарастағы адамдарды және олармен пікір таластырғанды ұнатқан. Мұндай жағдайда өте сабырлылық танытып, қарсыласының пікіріне құрмет көрсетіп отырған. Сонымен қатар Мария Шоқай жарының ең үлкен кемшілігі – оның сенгіштігі, тез иланғыштығының кесірі­нен үлкен қиындықтарға ұшырағанын жазады. Мұстафа Шоқайдың адамдардың адамгершілікке жатпайтын әрекеттеріне ренжіп қалатындығы, алайда қателіктерді кешіре салатындығы, тез ұмытатыны, кейін есіне де алмайтыны ерекше қасиеттер ретінде атап көрсетіледі.
Автор Мұстафа Шоқайдың бойын­да­ саяси менмендік атымен­ жоқ, саяси­ интригаларды жаны сүймейтін, ал жағымпаздық ол үшін өзін-өзі қорлаумен бірдей еді дейді. Сондай­-ақ саясат адамы­ ретінде ол шенқұмарлықтан аулақ болған, бірақ өзі қаламаса да алдыңғы қатарда болуға оны тағдыр мәжбүр ­еткен. Мұстафа Шоқайдың адамды жақсы танитыны, психологияға жетік болғаны, оның өз мінезін түзеуден және оқудан ешқашан жалықпағаны да байып­ты жазылған.
Естеліктің тағы бір тағылымды жағы – фашистер лагеріндегі адам төзгісіз жағдайды басты кейіпкердің көзбен көруі, жүрегімен сезінуі. Мария­ Шоқайға жазған бір хатында Мұстафа: «Менен көмек сұрап, үміт күткен осы бақытсыз бейшараларға ешқандай жәрдем жасай алмағаным үшін жан азабын шегудемін. Мен оларға көмектесетінімді айтып сөз бердім, алайда бұл әншейін оларды жұбату ғана. Қолымнан ештеңе келмейтінін біле тұра жалған сөйлеп жүрмін. …Кеше 35 адамды ату жазасынан құтқардым, бірақ қаншаға дейін екені белгісіз. Оларды бір шұңқырға тізіп қойды, қазір қазан айы, ал олар болса жаздық киімдерімен жартылай жалаңаш, суықтан қорғану үшін, топырақтан пана жасау үшін қолдарымен жер қазуда. Оларға итке тастаған сияқты нан тастайды, су атымен­ жоқ». Осыларды көргеннен кейін Мұстафаның өлгенім артық деуі кімнің болса да, жүрегін сыздатады, кешегі соғыста қайтқан әке-аталарының тағдырын ойлап жүдетеді. Ал Мария Шоқайдың «Әл-дәрменім азайған, көзім де дұрыс көрмейтін боп барады. Жаңадан көзілдірік алуым керек. Дәрігерге барғым келмейді. Барудың қажеті бола қояр ма екен? Қанша өмірім қалды дейсің?» деп аяқталатын естелігі ешкімді де бейжай қалдыра қоймас.
Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» атты естелік кітабы мұстафа­тану ғылымына қосылған баға жетпес тұңғыш туынды дегіміз келеді. Екіншіден, соңғы жарты ғасырдан астам уақыт Мұстафа Шоқай туралы қалам тартқан кез келген тарихшы не саясаткер, ғалым зерттеуші алғашқы қадамын осыдан бастайды. Мұнсыз ұлы тұлға өмірін толыққанды білу мүмкін емес. Еуразия мемлекеттеріндегі ондаған ірі саяси тұлғалармен тығыз байланыс, олардың аты-жөні, білімі мен біліктілігі, ұлты, әлеуметтік көзқарасы, іс-әрекеттері сол кездегі саяси өмірдің қыр-сыры туралы жазылған нақты ­деректер дүниетанымды кеңейте түседі. Мария күйеуінің өміріндегі түрлі кезеңдер мен жағдайларға байланыс­ты бүкпесіз, шынайы сыр шертеді. Естелікті оқып отырғанда мына тылсым өмірдің түпсіз тіршілігі сені де терең ойдың тұңғиығына қайта-қайта жетелеп отырады.
Адамзат өмірінде сирек кездесетін қайсар да ұлы тұлғаға шынайы берілген Мария Шоқай өз қабілеті мен мүмкіндігі жеткенше, арының алдында жауап бере отырып, марқұм күйеуінің жетістіктері мен кемшін тұстарын ешбір қоспасыз айтып, адами болмысын қарапайым тілмен, бірақ ыстық жүрекпен шебер суреттеп шыққан. Бүгінгі ұрпақ бұл естелікті оқи және зерделей отырып, Мұстафа Шоқай өмірі, саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына байланысты мәлім де беймәлім тарихи деректерді айқындап, толықтыра түсері, рухани ерекше ләззат алары сөзсіз.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.