ТРАКТОРШЫДАН АКТЕРЛІККЕ ДЕЙІН…

Жуырда Халық артисі Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, Алматы қаласындағы А.Чехов атындағы қалалық кітапханада «Тақиялы періштемен» кездесу өтті. Кинода бейнеленген ана – Ә.Өмірзақованың ұлының рөлін сомдаған Тайлақ – Әлімғазы Райымбеков қарапайым тракторшыдан қалай кино актеріне айналғанын әңгімелеп берді.

ӨМІР БАСТАУЫ

Әлімғазы Райымбеков 1936 жылы Алматы облысы, Көксу ауданы, Еңбек­шіқазақ ауылында дүниеге келген. Туғаннан бүгінгі күнге дейін осы ауылда тіршілік кешіп келеді. Актер трактор жүргізушісі болып жүрген кезінде ауыл басшыларының өтінішімен бір үйді көшіруге барыпты. Одан келесі ауылға бару керек болғанда, «маған бастық тек осы үйден қайтасың деген» деп көнбейді. Жанындағылар сол ауылда көркем қыз бар екенін айтады. Бойдақ жігіт емес пе, бұған елең етіп, сөйтіп сапарды әрмен қарай жалғастырады. Қызы бар үйге түскен Әлімғазы ­Райымбеков сиырын сауып, нанын пісіріп, самаурынын қайнатып, сол үйдің шаруасын ұршықтай үйіріп отырған бойжеткен қызға көңілі ауады. Осылайша, «Тайлақ» киноға дейін Гүлжауар есімді арумен бас құрап, балалы-шағалы болып үлгерген. «Өмірлік жарым Гүлжауар тауықтан ­бастап ірі қара малға дейін ұстады. Менің де, балаларымның да бабын ­жасады. Бес ұл, бес қызды өмірге әкеліп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. 60 жыл бірге өмір сүріп келе жатырмыз» деді актер.
Әлімғазы әскерден жаңа келген жалындаған жас жігіт еді. Ол ­совхозда К-700 айдап, ауыл арасында жүргізуші болып қызмет атқарады. Талдықорған облысы тарап, Алматы облысына­ қосылып жатқан шақта «Қайрат» қауымдастығы аймақтағы балаларды жинап, қазақ күресіне дайындайды. Балаларды жеті сайын жарыстырып, жеңілгендерін ауылдарына қайтарып отырады. Осылайша, 1965 жылы бірнеше жарыстан өткен Әбілғазы қазіргі Түркістан облысы (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы) Темірлан ауылында жарысқа қатысып, 16 команда қатысқан жастардың ішінен суырылып алға шығып, Қажымұқан атындағы жүлдені жеңіп алады.
Бұл кезде белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Қажымұқан рөлінде ойнайтын артисті іздеп жүреді. Сонда сыртта қасында екі-үш жігіт бар, даусы қатты-қатты шығып жатады. Іштен Сәбит Сатыбалдин деген темірландық жігіт шығып, «Әу, Әзеке, не боп қалды, даланы басыңа көтердің ғой?» деп күледі. Әзірбайжан Мәмбетов те қарап тұрмай: «Жер-жердің бәрін араладық. Қажымұқанды таба алмадық дейді мыналар» деп күледі. «Өй, оны іздеп қайтесің, жақында Әлімғазы Райымбеков деген жігіт қазақ күресінің чемпионы болып, Қажымұқан атындағы жүлдені алып кеткен. Ленин совхозында тұрады, соны көр» деп жөн сілтепті Сәбит ­Сатыбалдин.

КИНО ӘЛЕМІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Ол кісіден мекенжайын алған Әзірбайжан Мәмбетов Ленин совхозына жеделхат жолдайды. Бұл кезде Әлімғазы Райымбеков жарыстан ауылына енді жеткен екен.
«Таң атпай шабарман келіп тұр. Ол кезде бастығымыз Жылқыайдар Егімбаев еді. Мұндай жағдайда таң атпай не бір нәрсе бүлінгенде, не шұғыл шаруа болғанда шақыртатын. Алаңдап қалдым. Сөйтсем шабарман «маған сізді тез жеткіз деді, мен алып баруым керек» дейді. Қош, бара көрермін деп көлікке міндім. Есіктен кіре салысымен бастығымыз «Әй, Әлімғазы, не бүлдіріп жүрсің?» дейді. «Ештеңе бүлдірген жоқпын, жарыс­тан келгенім жаңа ғой» деймін мен. «Ештеңе бүлдірмесең, мына қағаз сені іздеп жүр ғой» деді. Қарасам жеделхат екен, орыс тілінде жазылыпты. «Ән қанатында» фильмінде Қажымұқанның рөлін сомдауға сынаққа шақырамыз» деп жазылыпты. «Бұл менікі ғой, мен барамын» дедім бірден. Егімбаев та езу тартып күлді де, «барсаң, бар» деді. Сөйтіп, Алматы қайдасың деп ару қалаға аттандым» деп есіне алды Әлімғазы атай. Бұл белгілі актердың кинодағы ең алғашқы қадамы еді.
«Қазақфильмге» келіп, маңдайша­сында «Ән қанатында» фильмінің кино тобы деп жазылып тұрған кабинеттің есігін қақтым. «Кіріңіз» деген келіншек­тің даусы шықты. Кіріп барсам, келіншек басымнан аяғыма дейін қарайды. Ішімнен жерден алтын тапқандай неге сонша таңданады деп ойлап қоямын. Сөйтіп тұрғанда «Азик, Азик» деп айғайлады, артыма қарасам Азик (Әзірбайжан Мәмбетов – ред.) тұр. Ол да біреуге дауыстап «Қажымұқан келді» деп хабар беріп жатыр. Сосын қолыма сценарий беріп, «осыны жаттап кел» деді. Қонақүйге барып түгелімен жаттадым» деп тракторшыдан актерге айнала бастаған сәтін айтып берді.
Жаттаған күні Әлімғазы Райымбеков­ шығармашылық топтың ішіне топ ете түседі. Жаттағанын түгел оқып береді. Райымбековты Ыдырыс Қарсақбаев киіндіріп, кезінде «Алдар көсе» фильмінде Шәкен Аймановты гримдеген гример Алексей Игорович бетін әрлейді.
Келесі күні сағат 10-да үшінші павилонға шақырады. Мұнда алғаш рет Әнуар Молдабековпен, Торғын Тасыбековамен танысады.
Кейбір актерларды кейін қай­тарады. Ал киноға түсіп көрмеген актер Әлімғазы фильмнің бекітілген нұсқасын күтіп Алматыда қалыпты. Актердің өзі оны былай еске алды:
«Азекең келіп «Сіз алыстан келген екенсіз, ары-бері жүресіз бе? Біз мынаны лабораторияға өткіземіз, содан кейін Камал Смаиловтың кабинетінде кеңес болады. Кеңесте сіздің бекітілу-бекітілмеуіңіз белгілі болады. Сол жауапты естіп бір-ақ қайтарсыз» деді. Содан екінші тамыз күні Камал Смаиловтың кабинетіне өнер адамдары, тарихшылар, сыншылар жиналды. Мен де үндемей келіп қосылдым. Үшінші дубльден кейін шы­ғып, хатшының жанында отырдым. Іштегілер біресе айғайлайды, біресе күледі, у да шу болып жатыр. Осылай у-шу екі сағатқа созылды. Содан кейін Әзекең шығып, «Сізді құттықтауға рұқсат етіңіз. Сізді Қажымұқанның рөліне бекітті» деді. Қатты қуандым. Жауапты естіп, ауылға қайттым. 13 қыркүйек күні Күйік деген жерде «Ән қанатында» фильмінің түсірілімі ­басталды» деп еске алды актер.
Дәл осы фильм түсіріліп біткен кезде, 1966 жылы Абдолла Қарсақбаев Әлімғазы Райымбековты «Қилы кезең» фильміне, оны біте бергенде Байтенов геологтар ­туралы фильміне Байсейіт­тің баласын ойнауға шақырады. ­Алдымен Жаркент қаласында, сосын­ Ақшиде түсірілімде болған актер киноға түскеніне гонорар берсе, ауылына­ қайтуды жоспарлайды. Сөйтіп жүр­генде Ақшидегі соңғы түсірілім күні Шәкен Аймановқа кезігеді. Әлімғазы Райымбековтың жарқырайтын жұлдызды сәті әлі алда екенін актердің өзі де сезбеген еді.
«Шәкен Айманов шақырған соң, қасына келдім. Кабинетіне кіргізіп алып, «Тақиялы періште» фильмінің сценарийін жазып, нүктесін қойып келіп отырмын. Бұл музыкалық комедия, басты рөлде сен ойнайсың» деді. Мен сасқалақтап, «Әу, Шәке, мен актер емеспін ғой. Мен негізі тракторшымын. Ертең ұятқа қаласыз ғой» дедім. Сонда Шәкен аға «Менің айтқанымды естідің бе?» деді. «Естідім». «Естісең, ертең сағат 10-нан қалмай маған кел» деді. Осылайша, қобалжи қадам басқан бұл кино 51 жыл экраннан түспеді. Менің экрандағы бейнем енді ұмыт бола бастағанда Құсман Шалабаев деген азамат «Тақиялы періштенің» жалғасын түсіріп, елдің алғысын алды» деп естеліктерімен бөлісті актер.
Құспан Шалабаев «Тақиясыз періште» фильмін 2013 жылы түсіруді жоспарлаған. Басты кейіпкерге де дәл осы жылы хабарласыпты. Кейін белгілі жағдайларға байланысты бірнеше жыл жұмыс басталмай, кино тек 2015 жылы түсірілген.
Барша көрерменнің жүрегін жаулаған «Тақиялы періште» – ­Әлім­ғазы­ Райымбеков бүгінде Мәде­ниет қайраткері, Көксу ауданының құрметті азаматы. Биыл жасы 83-ке келді. «Тақиялы періште» фильмінде ана­сының рөлін сомдаған Әмина Өмірзақова актердан 17 жас қана үлкен еді. Енді, міне, сексеннің сеңгіріне шыққанда «кинодағы анасының» 100 жылдығына орай түрлі шаралардың қонағы болып, естеліктерімен бөлісіп жүр.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.