КІШКЕНТАЙ КІСІЛЕР (Әңгіме)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Адам-ау, ақыл-есі бүтін бе өзінің, алдымен үй-ішімен ақылдасып алмас па?! Әкемнің мінезі шатақтау еді десе, әне, шешесінің көзі тірі ғой, аяғы-аяғына жұқпай ауыл-аймақты түгел шарлап, шапқылап жүр. Соған-ақ құлаққағыс жасасын. Есқуат маған неге ескертпеді деп қыңырайса не дейсің! Ондай жаңалықты, жаңалық болғанда да жүрегіңді суырып алатындай жағдаятты ішке бүгіп, үнсіз жүретін шыдамдылық Ырысбикеге қор болып қайдан кезіксін. Ол сол сәтінде шала бүлініп, қапелімде төбесіне аспан құлап кеткендей алас ұрар. Есқуаттан басқа арқа сүйейтін кімі бар. Тыңдаса да, тыңдамаса да жер тепкілеп бар ашуын содан алар.

Солай енді, солай… Кенжесі Мейрам­күл­­­ талшыбықтай бұралып, хор қызындай сыланып-сипанып бойжетті, әнекей! Оқыды-тоқыды. Облыс орталығындағы әжептәуір мекеменің ортаң қолдай қызметкері. Тұрмыс құрамын, уақыт келді десе, кімнің таласы бар. «Жолың болсын, шырағым, бақытты болдан» басқа Есқуаттар не тауып айта алады. Одан асқан тілек бола ма, сірә да! Сосынғы шаруа ел-жұртты таңғалдырмаса да, қолдағы азын-аулақ дүниені жарқыратып, құда-жекжатты күтіп алып, шығарып салу. Мәселе осында. Есқуат төңіректегі жібі түзу, оңды-солын ажырата білгеннен бұрын сөздің мән-мағынасын түсінетін, дұрысы – біреулерге айтқанын орындата алатын әтібірлі азаматтың бірі. Сыйлы. Ауыл арасындағы кәкір-шүкір кикілжіңге араласпайды, бой-сойын таза ұстайды. Міне, сөйткен кісі сүт кенжесін жол-жоралғысымен үйінен ырғап-жырғап шығарып сала алмаса – ұят, ұяттың көкесі сонда болар!
«Келер айдың басында құдаларыңды күтіп алыңдар!» деп хабар салады қызы бар болғыр! Бәрекелді! Шай-суы, сойыс малы, арақ-шарабы табылар ғой. Есқуат о жағынан қиналмайды. Артынып-тартынып жүз қаралы құда келсе де, бәрін-баршасын дымын шығармай күтіп алуға жағдайы жетеді. Қолды байлайтыны – былайғы жұртқа бас ауыртатындай күрделі мәселе болмаса да, өздері үшін әлі күнге дейін түйіні тарқатылмай тұрған бір гәп бар. Ол – мына түкке тұрмайтын электр жарығының әуресі. Кейде күлесің, кейде жүйкең тозып, жынданып та кете жаздайсың. Биліктегілер құдай салмасын, ұрттарын толтырып ісіп-кеуіп уәде бергенде сұрамаңыз, «мен осы қайда жүрмін» деп қарадай-қарап таңғаласың. «Сендер немене, тоқалдан туып па едіңдер, тездетіп өркениет көшіне ілесіңдер, интернет пайдаланыңдар, балаларыңды ағылшынша оқытыңдар!..» Өй-дөйт, «коммунизм» қол созым жерден қол бұлғап тұрғандай. Басқасы-басқа, ал дүниежүзіне аты мәшһүр Байқоңыр космодромының тура іргесіне қоныстанған Есқуаттардың ауылында жарық жоқ. Бары бар ғой, бірақ пәлен деуге бетіңнен басасың. Космодром, одан әріректе Қорқыт кесенесі. Жер шарының түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан туристердің санына шашыңның түгі жетпес. Нағыз әлемге ашылатын алтын қақпа. Кеудеңмен көк тіреп, артың жыртылғанша айқайлағың-ақ келеді. Пенде ғой, жол-жөнекей бейтаныстар кезіккенде, әсіресе, жүрдек пойыздың жұмсақ вагонында шайқатылып кетіп бара жатқан тұста бәлкім, Есқуат та талай мәрте бөскен болар. Бөс, бөсе түс!
Айтты не, айтпады не, осы күнгі тірліктеріне қарны ашады, жүрегі алқынып аузына тығылады. Орталықтан шалғай қоныстанғандары үшін бұлар кінәлі ме? Ауданның гүлденуіне, өркендеуіне шама-шарқынша бұл ауыл да үлес қосқан. Әлі де қатардан қалғандары шамалы. Бір шоғыр жастар бөлімшенің атынан барып, портты қалаға қатынап, әртүрлі жұмыстар істейді. Бәріне бірдей бизнесмен болу қайда?! Бірі құрылысшы, бірі дәнекерлеуші, бірі қызыл құмнан малшыларға құдық қазып береді. Көмек, және шетінен тепсе темір үзетін мықты жігіттер. Есқуаттың басында бұл деректер тасқа басылғандай, сартта-сұрт сайрап тұр. Тек тыңдайтын құлақ болса деңіз. Міне қызық, ауданды электр қуатымен жабдықтайтын мекемедегілер: «сендерге осы да жетпей ме» дегендей, жарығы құрығыр бір-екі сағат жанып тұрады да қас-қарая, ас-суыңды апыл-ғұпыл ішіп бола бергенде жау тигендей жалп етіп, өшеді де қалады. Содан келесі күнге дейін төңірегің тас қараңғы. Телевизор мылқау. Айтысты да, терме хабарын да көре алмайсың.
Хош, оның жөні келер ғой. Осындайда тұрмыс құрамын деп жұлқынып отырған ана Мейрамкүлге не тауып айтады. Оған бәрібір, қиналатын Есқуат. Құдасы ауыл арасынан шыққан біреулер болса сөз бар ма, болған жайды түсінер еді ғой; құдалықтың ырым-жырымын күн барында жасап, кернейлетіп-сырнайлатып, жалғыз көшені бастарына көтеріп, кеш бата үйлеріне тарасар еді ғой. Ырысбикенің ауыз ләміне қарағанда, келетіндер облысты тіреп тұрған дөкейлер. Кезі келгенде бірнеше жеңіл мәшинемен бері шықпақшы. Әйелінде де ес жоқ, бар дүние соған тіреліп тұрғандай, қонақтарды шекарадан күтіп алуымыз керек шығар деп безек­ қағады. Жолың болғыр-ау, о не тәйірі, сол да жұмыс па?! Керек екен, Есқуат оларды Қараөзектің бергі құламасынан қарсы алар.
Ал мына жағдайды көзге елестетудің өзі ерсі… Құдалықтың шырқау шыңына шығып, құда мен құдағи төс түйістіріп, жас жұбайлар қос аққудай тізіліп, енді ортаға шыға бергенде жарық жалп ете қалса… Әне, масқара! Ойға-қырға шапқылаған есіл еңбегің еш. Елеріп, аққайнардың көбігін көбірек сілтегендердің нелері ­кетер, етінен ет кесіп алғандай жон арқасы дымданып, ішпей-жемей қара терге түсетін Есқуат-тағы баяғы. Ертең осы кемшілік алдан шықпас үшін Есқуат не істеуі ­керек? Төбеден жай түсіргендей алақ-жұлақ етіп, Мейрамкүл бізді ­бекерге қинамасын. Үйлену деген графиктен жаңылмай, космодромға дәл сағатында, минутында жетіп келетін жүк тиеген ­товарный емес шығар. Бір апта кейін шегерсе өмір өзгеріп түспес. Оның бер жағында Есқуаттар да қол қусырып қарап отыра ма. Біраз түйткілдің тігісін жатқызар. Ең бастысы, электр қуатын бір жөнге келтіргені абзал.
Ұйқы шала. Ұзақ сапарға шығатындай бүгін де тауық шақырғаннан төсегінен тұрып кетті. Ырысбикенің «қайда бара­сыңына» тіл қатқан жоқ. Әлгі хабардан кейін ақыл-естен айырылған. Есқуаттың бұрындары дәл мұншалық ұмытшақтығы жоқ-ты. Ал не істейсің, кеше кешкілік ауланың арғы бұрышындағы қамыс сарайдың есігін құлыптауды естен шығарып алған. Аңқиып ашық жатыр. Жон арқасы шым ете қалды. Ондайда алдымен жаманшылықтың сарт етіп ойға оралатын әдеті ғой. Қазір ұрыны алыс­тан іздеп әуре болмайсың. Заманның ниеті бұзылып, қос өкпені қыса түскенін осыдан-ақ біле беріңіз. Адамдар біртүрлі… баяғы арқа-жарқа кеңпейіл көзқарастың жұқанасы қалмаған. Нағашы-жиендігін арқаланып, әзіл-қалжың айтатындар ­сирек. Кейінгілердің сәлем-сауқатын сатып аласың. Құлағына қойдың құмалағындай бірнәрсені қыстырып алады­ да, жын соққандай өзімен-өзі сөйлесіп, өзімен-өзі ыржалақтап күліп, жаныңнан ыздиып өте шығады. Олар үшін осы өңірге бір адамдай еңбек сіңірген, бөлімше басқарған, бригадир болған, өнегелі отбасы деген дәрежелі атағы бар Есқуат та бір; аузына жүз грам тисе жамбасынан сыз өткенін елемей, арық-атыздың басында көзі кіртиіп, сұлап жататын маскүнем де бір. Ал, кәне, не демексің?! Құндылық, қайдағы құндылық, ағайын арасындағы сыйластыққа сызат түскен соң, өзгесіне не жорық?! Есқуат әлден ақырзаманды іргеге сүйреп әкелуден аулақ. Дегенмен, көзің көріп тұрған тірлікті мойындамасқа шараң қайсы. Аяушылық атымен жойылған. Әйтпесе, осы ауылдағы қалт-құлт етіп, күндерін әрең көріп отырған Аманбай қарияның бұзаулы сиырын айдың-күннің аманында біреулер қорасынан жетектеп әкете ме?!
Қамыс сарайға қорқасоқтап бас сұқты. Тойдың жасау-жабдығы түгелімен осында. Үш аяқты «Урал» мотоциклімен арақ-шарапты да жәшіктеп тасыған. Тәтті-мәттісі екібастан. Жоқ, суық қолдан аман екен әзірге. Ауыр күрсініп, артынша рақаттана дем алды. Иығын қиқаң еткізіп, миығынан күлді. Сөйтсе, кілті түскір шибарқыт кәстөмінің қалтасында жүр салақтап. Азын-аулақ малдың ақырына айырмен көтеріп шөп салды. Біразы ертең сойылады. Мейрамкүлден аяйтын не бар. Бәрі дұрыс, анау-мынау кем-құтықты жол-жөнекей жөндеп алар. Есқуаттың бар шаруасына «Урал» мотоциклі ­жарап тұр. Көлік, көлік болғанда қандай! Өкпеге бір тебесің де, дырылдатып ауданға шапқылайсың. Отын-суың да осының мойнында. Бүгін де ауданға бармақшы боп, алдын-ала жоспарлаған. Ерте тұрған себебі сол. Іздеген адамыңды кеңсеге кірер жерде ұстамасаң, одан арғысы бекершілік. Кеңседегілердікі бітпейтін де қоймайтын қаптаған жиналыс. Ертеден қара кешке дейін түгесілмейді. Олардың қашан жұмыс істейтіндері және белгісіз.
Есқуаттыкі бір бұйымтай ғой баяғы. Маңдай терін сығып еңбек еткені бар, ел арасындағы беделі бар, құда келген күні электр жарығы түн ортасына дейін жарқырап тұрса… Соған қиналатын не бар, түге! Пұлын төлеуден де қашпайды. «Уралдың» о жер, бұ жерін шұқылап, сарайдан бері шығарды. Күн жылы. Қара күздің соңы жауын-шашынсыз шуақты болатын түрі бар. Ауланың бергі бұрышындағы тал-теректің сарғыш жапырақтары өкпек желмен әнтек тербеледі. Ала қарғаның қай бұтаққа қонып отырғанын анық аңғара алмады. Қарқ-қарқ. Жерден бармақ ­басындай тас алып, ұшырып жіберейінші деп оқталды да, кейін іркілді. Құстың тілін түсінетін шама қайда. Есқуатқа ақ жол тілеп тұрса, мұныкі көрер-көзге қиянат.
– Қайда? – Ырысбике асығып-апты­ғып жұқа көйлекшең сыртқа шыға ­салыпты.
– Айға! – Есқуат тағы қыңырайды. Соңғы кездері әйелімен неге тіл табыса алмай жүргендігін және түсінбеді. Кәкір-шүкірге бола ұрысады да қалады. Ырысбике де осыныкі дұрыс-ау деп қоя салмайды. Біраз жерге дейін текетіреседі. «Мейрамкүлді күлге аунап туғам жоқ, сен әкесі болсаң, мен шешесімін» дегенді алыс­тан аңғартады. Құда күтуге қатысатын, яки бұларға қолғабыс тигізетін ағайын-туманың тізімі ең кемі он мәрте қайта жазылып, қайта өшірілген шығар. Біріне ұнағаны, біріне ұнамайды. «Қызымыздың ұзату тойы өткенше айырылысып кетпесек». Есқуаттың бұл күдігіне де Ырысбикенің тақ-тұқ жауабы дайын: «мейлі, тоқал алып, бөлек шығамын десең де жолың ашық». Одан әрі әңгіме жалғаспайды. «Шын айтып тұрмысың?» дегендей Есқуат әйелінің жүзіне ұрлана көз тігеді.
– Шай дайын, ертеңгі оразаңды ашып кетсеңші ең болмаса. – Ырысбике жайлап келіп, күйеуінің өңірін қаусырмалады. Мынадай қамқорсыған қоңыр дауысты Есқуат дүниені түгел шарласа да кезіктіре алмас. Болар-болмас сынатындай сыңай байқатты. Ырысбикені де аяғаны жөн бір есептен. Қайбір жетісіп жүрген дейсің. Абырой ортақ екеуіне. Кейде өрекпіп артықтау кететіндігін несіне жасырады. Отағасы айтты, бітті, соныкі жөн деп бетті бір сипамайды. Бүйректен сирақ шығаруға шебер. Оу, оған бір шаңырақты билеп-төстеп қалған Есқуат көне қоя ма?! Әзірге тоқал алу ойында жоқ-ты, бірақ күш-қуаты бойында.
– Асығыспын! – Мотоциклдің кілтін бұрап қалғаны сол, дар ете түсті жарағыр. Әншейінде екі-үш мәрте тепкілегенде от алмай, біраз әуреге салушы еді. Май жүретін тетіктерді тазалағанша, Ырысбикенің ботқасы да дайын болар деп, ішек-қарны шұрқыраған. Қалада бұған дастарқан жайып отырған кім бар.
– Не шаруа? – Ырысбике ашулы кісіше ершікке дік етіп, шаншыла қонжиған Есқуатты шалғайдан тартқылады: – Бекерге әуре боласың! – Қара жұмыс қажытқан әрі әйел адамына сирек бітетін күректей алақанымен күйеуінің қақпақтай жауырынын сипалады. От алған мотоциклдің алдыңғы доңғалағын бұтының арасына қыстырып, Есқуаттың күреңіткен жүзіне тіктеліп қарады.
– Жолды бөгеме! – деді Есқуат. Жекіріп айтты. Бір жағына қыңырайса, одан жуық маңда жөнге түсуі қиын-ды. Газды одан әрі үстемеледі. Ауланың іші көк түтін.
– Елге күлкі болма!
– Күлкі болатындай не істеппін?!
– Бекерге шаршайсың, ол шаруа әзірге шешілмейді.
– Сен оны қайдан білесің?
– Білем.
– Білгішін.
– Оның кілті ауданда емес, осында. Бір кісінің тілін тапсаң, қалғаны ойдағыдай шешіледі.
– Ой, әулием, көріпкелдігіңе береке берсін! – Жел тимесін деп киетін көзәй­негін тұмсығына қыстырған Есқуат әйелін сол қолымен былайырақ нұқыды да, артқы доңғалақтан ұшқан қою шаңдақты бұрқ еткізіп, ауладан атып шықты.

***

Өткен жолы да өстіп құйындатып барғанымен, еш нәтижеге қол іліктіре алмады. Аудан халқын электр қуатымен жабдықтайтын акционерлік қоғам төрағасы Есқуаттың өтінішін көзі бақырайып тыңдағанымен артын сөзбұйдаға ­салып, сиырқұйымшақтандырып жіберді. Екі аралыққа екі мәрте қатынаған адам сөзге шешен. Айтар ойын әбден пісіріп, иінін қандырған. Есқуат кең кабинетте отырып, жалқы сәт мүдірсе не дейсің. Автоматтың оғындай сартылдаттай келіп! «Алдыңызға бірінші келуім, шырақ. Түкке тұрмайтын-ақ шаруа, тіпті кездеспегенде болар ма ек. Сіздің де қызыңыз бойжетер. Құда-жекжат қашан сіңіскенше – сыншы. Және танымайтын жұрт. Сондықтан құда келген күні біздің ауылдың жарығын өшірмеңіз! Мен де бөтен емеспін. Осы өңірдің отымен кіріп, күлімен шыққан көкең, міне, алдыңда…»
«Жарықты сөндірудің де жөн-жосығы бар шығар. Светке қарыз болсаңыздар, мен оны қалтамнан төлейім бе?! Тұрғындарды өстіп тәртіпке салмасақ, бізді адам құрлы санамайды». Әкімдікте жиналысым бар еді деп, қозы қарнын үстөлдің қырына тіреп, әзер көтерілген төраға кетуге ыңғайланды. «Мына кісіге дұрыстап жауап беріңдер» деп хатшысына мұқият табыстады. Есқуат ішінен май шығатында бір-бір компью­терді құшақтап, экранға үңілген бір топ қыз-келіншектің ортасында қалай бұры­ларын білмей, біразға дейін состиып тұрды.
– Бері, бері жақындаңыз, – деді шашын сарғыш түске бояған ақсары келіншек. Әлде тұрмысқа шықпаған қыз.
– Мен – Көнебөген бөлімшесінің байырғы тұрғыны Есқуат Әзбергенов! – Саптағы солдаттай аты-жөнін сарт еткізді.
– Отырыңыз. – Компьютердің экраны бірнеше мәрте өшіп-жанды. Өңшең сұлу бикештерді іріктеп осында жинаған ба, бірінен-бірі өтеді. Үстіндегі қолпылдаған киімінен қысылды ма, әлде шаң басқан бұзаубас бәтеңкесі көзге сүйелдей көрінді ме, әйтеуір Есқуаттың бойын біртүрлі жайсыздық биледі.
– Сіз қарыз емессіз, – деді әлгі шырағым экраннан көз айырмаған күйі.
– Бәсе! – Үстінен ауыр жүк түскендей Есқуаттың дауысы қаттырақ шықты, – біз пенсия қолға тиген күні қарыздан түгел құтыламыз. Біздің ауыл соған үйренген.
– Қарыздан құтылмағандар да бар әлі…
– Олар кімдер, маған тізімін беріңізші, бүгін барып әкелерін көздеріне көрсетейін! Менің қызым тұрмысқа шыққалы жатқанда… – Есқуат мәселенің түйінін тапқандай, орнынан ұшып түрегелді.
– Келесі келгенде тізім қолыңызда болады. Көрдіңіз ғой, айдың соңы. Есеп-қисап, мұрнымыздан шаншылып жатырмыз.
Есқуат шынылы есіктің тұтқасына қол апара бергенде, әлдекімдердің күңкілін құлағы шалып қалды: – Свет неге керек бұларға. Қайта… осындай мүмкіндікті пайдаланып, қазақтың санын көбейтпей ме. Баяғыда светсіз де өмір сүрді ғой бұ халық. – Біреулер күлді, бәлкім біреулер бастарын шайқады. О жағы Есқуатқа қажетсіз еді.
Мотоциклдің жылдамдығын бә­сеңдетіп, жол үстінде рөлді дереу кері бұрды. «Ырысбикенің әлгісі не сандырақ! «Оның кілт осы ауылдағы бір кісінің қолында». Ол кім, бүкіл ауылға жарық бергізбейтін ол қайдан шыққан құдай?! – Мотоцикл тұмсығымен дарбазаны қирата жаздап, ауланың сыртына келіп әзер тоқтады.

***

– Тез оралдың ғой, – деді Ырысбике­ тауық қора жақтан етегіне төрт-бес жұмыртқаны салып алған күйі түк сезбегендей, сәл езу тартып. Есқуаттың өңі өрт сөндіргендей. «Неге жетісіп күледі мына сұмырай?! Осы тұрғанда көкжелкеден қонжитсам, ара түсетін кім бар? Әлде мені мазақ қылғысы келе ме?!» – Қоңыр көзәйнегін дәліздегі темір кереуеттің үстіне тастай салып, жанынан өтіп бара жатқан әйелінің жуан білегінен ұстай алды.
– Менен жасырған не құпияң бар, кәні, жаныңның барында айт!
– Өзің ғой…
– Не «өзің ғой».
– Дүниені тіреп тұрғандай кісімен сөйлеспейсің, жүдә! – Күйеуінің қарулы қолынан әрең босанды.
– Алдымен әйелді тыңдау керек, әйел білмейтін құпия жер астында. Бар пәлені шығарып жүрген сенің досың.
– Кім?!
– Кім болушы еді. Сәңкібай.
– Сәңкібай! – Есқуаттың дауысы одан бетер жарықшақтанып, ышқынып естілді. – Ол ақсақ не бүлдіріп жүр сонда?
– Қайдан білейін, өзінен сұра. – Ырысбике маңдайдан жылжып бара жатқан ақ қиық орамалын түзеп, екінші қолымен күйеуінің алау-далау өңірін қаусырмалауға шамасы жетпеді: – Екеуің әлденеге шатысып, елге мазақ болмаңдар! Сендердікі кеуде керген көкірек әншейін. Әйтпесе, екеуің де кішкентай адамсыңдар. Ал бүгінде кішкентай кісілерді ешкім тыңдамайды.
– Не?!
– Не естісең сол! – Ырысбике де орайы келген сөзді ішке іркіп қалғысы келмеді. Және алым-берімсіз Есқуаттың жанында неғып тұрмын дегендей, шалт бұрылды да етегіндегі жұмыртқаларды күйеуінің көзәйнегі жатқан кереует үстіне жайлап жайғыштады.
– Ол ақсақтың сау аяғын сындырайын! – деп Есқуат дайын тұрған ертеңгі астан да ауыз тиместен, қызуы басылмаған «Уралды» өкпеге бір тепті де, ершіктің үстіне қақырайып қайта қонды. Сәнкібайдың үйі ауыл сыртындағы дөңнің үстінде. Өткен жылы қаладағы балалары ­жабылып, қызыл кірпіштен келістіріп үй салып берген. Көшіріп әкетуге әкесі көнбеді. «Сүйегім осында қалады» депті табандап. Дұрыс оныкі. Есқуатпен құрдас. Құрдастығынан бұрын ауылдағы жібі түзу адамның бірі сол. Болса да ауылда жарық жоқ. Ертелетіп шай-суларын ішіп алған соң, тас төбеге қарап бекер жата ма. Бұл ауылға қараңғылықтың өзі кештеу түседі. Заман түсініксіз дейді, түсініксіз болса «шалдар» шетінен қалталарына ұялы телефон салып жүре ме?! Бірімен-бірі лезде хабарласып, ескі клубтың жанына лезде жинала қалады. Ой, шіркін-ай, содан ойдан-қырдан туындаған әңгіме тиегі ағытылып берсін кеп! Тақырып сан алуан. Әрі құлаққа да сондай жағымды. Рас-өтірігіне көңіл аударатын шама қайда, түп-түгелімен жүрекке жылы тиеді. Жұлдыз туа бірнәрсені қиратып тастағандай, «көріскенше» деп талтаңдап үйлеріне ­тарасушы еді ғой. Соңғы кездері сол жиындардан шетқақпай қалған жалғыз Есқуат қана, сіңбіруге шама жоқ.
«Уралдың» қайқаң етіп, белеске көтеріл­гендігін өріске мал қосқан ауылдас­тардың бәрі көрді. «Тегін жүріс болғай» десті біразы. Нысана – Сәңкібайдың үйі. Сәңкібай ақсақ аяғын сылтауратып, ауыл арасы болмаса алысқа шыға бермейді. Ақсақтығы соғыстан тапқан кесел емес. Жастау кезінде нағыз басбұзардың өзі болған. Бір төбелестің үстінде одан мықтылар тап келеді де, пойыздың тамбурынан лақтырып жібереді. Күн суыта бастаса жуан саннан кесілген аяқ сыздап ауырады. Гипсті анда-санда киеді.
Жылдам жүрістен Есқуаттың көзі жасаурады. «Сен нағыз ит екенсің, Сәңкібай! Менің бір қолды екі ете алмай, сүрнігіп жүргенімді көрдің ғой. Ең ақыры: «Қызыңды ұзатқалы жатыр екенсің, оң болсын!» да деген жоқсың! Айтпасаң айтпа! Бірақ кесіріңді тигізбе, құдайдың жарығын бергізбей жүрген де сен көрінесің! Білем, қағаз жазғанда кісі жаңылдырасың. Ол белсенділігіңді біз шаруаны бір жайлы қылған соң жалғастырарсың! Ал әйтпесе, сау аяғыңды сындырамын!»
Сәңкібай шойнаңдап келіп, Есқуатты есік алдынан күтіп алды. Құрдасы­ның қатулы қабағынан талай сырды аңғарғандай. Амандық-саулық сұраспақ түгілі, ұсынған қолын қысуды да артық санады. Мұндайда кісі бір-бірін шайға шақыра ма, шайға шақырғанымен артының қайырымы бола ма?! Естияр кісілер түсінбестік салдарынан бірімен-бірі керілдесіп жатса, үйге кіріп-шығып жүрген келіндерден өлім-ау!.. Сондықтан Сәңкібай құрдасын қақпайлап, жабық қораның арғы түкпіріне қарай сүйреледі. Көктей жиналған жусанның иісі ­танау қытықтайды. Қамыс қораның іші мұнтаздай. Сәңкібай ақсаңдап жүргенімен қолға алған ісін үнемі тиянақты аяқтайды. Мәттәқан. Кез келгенге ашылып-шашылмайтындығы және бар. Сәңкібай бұрынғыша тізесіне қағып-қағып жіберіп, насыбай шақшасын ұсынған-ды. Есқуат ол ілтипатқа тіпті назар аудармады.
– Не бүлдіріп жүрсің?!
– Мен бе, не бүлдіруші ем, ең болмаса сендер секілді он екі мүшем де сау емес! – Сәңкібай шолтақ аяғын жанындағы ағаш діңгекке тіреді. Сөйтті де бір шұқым ащы насыбайды астыңғы ерінге тастап жіберіп, алақанға алақанын үйкеледі.
– Сөйте тұра жан-жағыңды жайпап барасың ғой. Он екі мүшең сау болғанда кім білсін.
– Жә, негізгі шаруаңа көшсеңші, осы күні адамға уақыт қат, – Сәңкібай құрдасымен тап осы жолы тіл табыса алмасын аңғарды да, Есқуаттан құтылғанша асықты.
– Сен былай жөнге кел, арызыңды қайтып ал. Менің жағдайымды білесің.
– Қарызға ақша сұрасаң берейін, бірақ мені бекерге қинама. Шындықты жазғаным рас. Ішінде бір түйір өтірігі болса, мені сотқа берсін.
– Сот сендей ақсақты қайтушы еді! – Есқуат қызбалықпен сәл артықтау кеткендігін артынан байқады. Намысқа тимеу керек еді асылы. Осы сөз өзіне бағышталса қайтер еді. Асылып өлуден тайынбас. Сондай зілді ішінен ғана қабылдап, сыртына иненің жасуындай қарсылық байқатпаған Сәңкібайдың қайсарлығына, шыдамдылығына риза болды. Күдеге сүйеулі айырды ала жүгірсе не істемек? Ақсақтығын бетіне басып, ұпай түгендемек болған ұшқалақ мінезін жерден алып, жерге салды. Көктей жиналған жусанның бір бұтағын суырып алып, тісіне басқан күйі үнсіз отырған құрдасын сұмдық жақсы көріп кетті.
– Жағдайды түсінемін, – деді бір кезде Сәңкібай. Үсті-басын қаққыштап орнынан баяу көтерілді де, арқасымен жинаулы шөпке сүйенді. – Сен бірақ ыссылай ұрынып, онда не жазылғанын сұрамадың. Аудан көлеміндегі адам төзгісіз былық-шылықты көзінен тізіп, дәлелдегенім үшін де жазықтымын ба?! Қолында ­болар-болмас билігі барлардың көздерін ақшел қаптаған. Түк көрмейді, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын белден басып жүре бергілері келеді. Біраз шалықтады ғой, тоқтам, тыю бола ма ол көрінде өкіргірлерге! Жоқ, кісіні күйдіреді ше, аяқ бассаң – алаяқтық. Пара бермесең мектепке еден жуушы боп та орналаса алмайсың. Дәрігерлік анықтама сұрасаң, әлдекімнің аузын майлауға тиістісің. Бір қорап кәмпит болса да… Көнебөген бөлімшесіне апаратын жолды асфальттағанбыз деп ақпар береді жоғары жаққа. Атасының басы! Сірә, бұ жол екеуміз о дүниеге аттанған соң жөнделер… Өзің білесің, Аманбай ақсақалдың жаңа бұзаулаған жалғыз ­сиыры көзбе-көз қолды болды. Ұрының ізін суытпай ұстаймыз деп уәде берген. Ұстады ма?.. Кейін естісем, малына ие болмады деп өлмелі қарияны кінәламақшы…
Есқуаттың көз алды бұлдырады, ­тынысы тарылды. Басы айналды… Арақ ішіп рөлге отырғаны былай тұрсын, кісі қағып кеткен бастықтың баласы түк болмағандай, шалқақтап жүре береді. Тіс дәрігері соқырішекке операция жасайды… Музыкалық білімі бар жас маман өрт сөндіру мекемесінің меңгерушісі… Балабақшаның кезегінде тұрғандардың ұл-қыздарына мектепке барғанша орын бұйырмайды… Бұл қалай? Өмір өстіп өте бере ме?! Оу, бұларың не масқара, жан-жақтарыңа қарасаңдаршы дейтін пенде тағы жоқ. Тым-тырыс… Ішіме сыймаған соң жарылып өлейін бе, жаздым. Әлі де жазамын. Мен-ақ кінәлі болайын, сендер-ақ ақылды азамат атана беріңдер! Сәңкібай – оқу оқымаған, сауатсыз, кішкентай кісі. Қолынан не келеді, айтады да қояды… Қоймаймын! Бір нәтиже шығарамын түбінде… Айырбасының түрін қара, мені сатып алмақшы!.. Сәңкібай Жолаев арызын қайтып алсын, сосын бөлімшенің бар үйіне жарық беріледі…
Есқуат құрдасын аяғына дейін асықпай тыңдады. Мен осымен біттім дегендей, Сәңкібай бір кезде салмағын сау аяғы жағына аударып, күдеге көктей жиналған жусанның бір уысын суырып алып, армансыз иіскеді. Есқуат үн-түнсіз келіп, құрдасын құшағына қысты. Түкпірдегі қорадан тысқа шыққанша асықты. Сәңкібайдың шай ішейік дегенін естімеді. «Уралды» құйындатып келді де, кедір-бұдырға қарамастан биік төбенің ұшар басына көтерілді. Қалта телефоны осы тұстан дұрыс ұстайтын-ды.
– Бастығың қайда, мені үлкен бастығыңа қосшы, қалқам! – деп өтінді сан рет табалдырығын тоздырған мекеменің қабылдау бөлмесіне телефон шалып.
– Бастық жиналыста…
– Бопты. Жиналысын жалғастыра берсін. Оған мынаны айт, мені таниды. Қабылдауында болғам. Көнебөген бөлімшесінен Есқуат Әзбергенов арнайы хабарласты де. Жарығын басына жақсын! Электр қуатынсыз-ақ күнімізді көрерміз!..
Бар дауысымен тамағын ­кенеп, айқайлағысы келді. «Үлкен кісі, кішкентай кісі деген болмайды, адамның бәрі бірдей. Жоқ, болады десеңдер, түбі сендер кішкентай кісілерден көресіңдер көресіні! Қағазға түскен шындықты аяқсыз қалдырмаймыз! Ал құдалықтың бір жөні болар…». Жеңілденгісі келгендей шибарқыт кәстөмін шешіп алды да, мотоциклдің жүк салғышына атып ұрды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.