Бір әулеттен жеті боздақ

Павлодар қаласында «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің кезекті оты­рысы өтіп, онда Ертіс ауданының Құрметті азаматы, «Облыс алдында сіңір­ген еңбегі үшін» белгісінің иегері Елемес Қасенов «Қызылжар» ауылының тума­лары, бір әулеттен майданға аттанып, елге оралмаған ағайынды жеті боз­дақ – Дүйсенбиновтердің есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде мәселе қозғады. 

Айта кетейік, Дүйсенбі Жантасов пен отанасы Әнапияның шаңырағы Ұлы Отан соғысы жылдарында ауыр қайғыға душар болды. Олардың алты ұлы – Мағзұм, Нұрмағамбет, Ахмет, Жақып, Шайкен және Махмет майданға аттанды. Төртеуі – 1942 жылы, екеуі 1943 жылы қаза тапты. Ағайынды жауын­герлер соғысқа кіргеннен кейін көп ұзамай опат болған, ал қандай жағдайда ажал құшқаны туралы ешбір дерек жоқ.
Ертістік журналист, тарихшы,­ өлкетанушы Виль Васильевич Тыщен­коның «Земля иртышская – родина батыров и хлеборобов» атты кітабында және Елемес Қасеновтің «Туған елім Қызылжар» атты кітабында жазылған деректерге қарағанда, бұл ағайынды боздақтардың арғы бабалары тарихта аты мәлім батырлар болған екен. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы даңқты кейіпкерлерінің бірі, жоңғарлар мен қалмақтардың шапқыншылығы кезінде асқан ерлік көрсеткен Жеке батыр мен оның баласы Қожаберген батырдың ұрпақтары екен. 1995 жылы шыққан «Боздақтар» кітабының Павлодар облысы бойынша екінші томында былай деп жазылған:
«Дүйсенбинов Ахмет, қатардағы жауынгер, қазақ, 1911 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге 28. 11. 1939 ж. Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 26. 02. 1943 ж. ұрыс даласында қаза болған, Ленинград обл., Луга ауд., Подолжино деревнясында жерленген.
Дүйсенбинов Жақып, қатардағы жауынгер, қазақ, 1918 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 1943 ж. наурызында хабарсыз кеткен.
Дүйсенбинов Мағзұм, қатардағы жауынгер, қазақ, 1902 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге 20. 06. 1942 ж. Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 28. 08. 1942 ж. ұрыс даласында қаза болған, Тверь обл., Ржев ауданы Табаково ауылында жерленген.
Дүйсенбинов Махмет, қатардағы жауынгер, қазақ, 1917 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 18. 08. 1942 ж. ұрыс даласында қаза болған, Смоленск обл., Сафоново ауданы, Малая Ивановская ауылында бауырластар зиратына жерленген.
Дүйсенбинов Нұрмағамбет, қатар­дағы жауынгер, қазақ, 1907 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге 16.03.1942 ж. Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 1942 ж. қарашада хабарсыз кеткен.
Дүйсенбинов Шайкен, қатардағы жауынгер, қазақ, 1921 ж. Қызылжар ауылында туған, әскерге 19. 05. 1942 ж. Ертіс АӘК арқылы шақырылған, 28. 11. 1942 ж. Волгоград обл., Дерганово деревнясында хабарсыз кеткен».
– Ертіс ауданындағы Қызылжар ауылының тұрғындары фашистік басқыншылардан өз Отанын қорғап қалу жолында жанын қиған аяулы жерлестерінің аруағы алдындағы азаматтық борыштарын қолдарынан келгенше орындады. Олар осыдан ондаған жыл бұрын әр боздақтың құрметіне бір-бір теректен отырғызған еді. Қазірде ол бойлай өскен мәуелі ағашқа айналды. Сонымен бірге ауылдағы бір көшені «Ағайынды Дүйсенбиновтер» атымен атайды. Ал ауыл ортасындағы естелік тақтада осы жерден Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмағандар тізімі ішінде олардың да есімдері жазылған, – дейді Е.Қасенов. Айтуынша, қара шаңырақтың отағасы Дүйсенбі ата 1943 жылы соңғы ұлынан қаралы хабар алғаннан кейін, ауыр қайғыға жаралы жүрегі шыдамай, өмірден озады. Әнапия апа соғыстан кейін бірнеше жыл өмір сүреді. Өмірден өтер-өткенше ұлдарының біреуі болса да келіп қалар деп үміттенеді, бірақ үміті ақталмапты.
Елемес Қасенов 2018 республикалық газет бетінде «Бір әулеттен майданға аттанған жеті боздақ» мақаласын ­жариялап, Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» басылымында журналист Әлия Тұрсынованың «Семь сыновей забрала война» атты мақаласының басылуына, сондай-ақ Павлодар­ қаласындағы Жеңіс алаңындағы аллеяға ағайынды боздақтардың есімі жазылған естелік тақтаны орнатуға себепші болды. Жеті боздақ ­туралы арнайы киносюжет түсіруді ұйымдастырып, оны әлеуметтік желіге шығарды. Ал бұл күндері «Ағайынды Дүйсенбиновтер» мемориал­ды ескерткіш-композициясын орнату ­жолында қажымай еңбектенуде.
Жиын соңында бірлестік мүшелері бір әулеттен жеті адамның соғыста қаза болуы облыста ғана емес, бүкіл республикамызда кездесе бермейтін жағдай екенін, олай болса Павлодар­ қаласындағы көшелердің бірін «Ағайынды Дүйсенбиновтер» деп атау жөнінде облыс әкімінің атына хат жүзінде ұсыныс білдірді. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп халқымыз айтқандай, бұл елдің азаттығы үшін өмірін қиған талай боздақтың аруағы алдындағы кейінгі ұрпақтың жасаған тағзым-құрметі болар еді және ол жеткіншек ұрпақтың Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға игі ықпал етер еді.

Серік САТЫБАЛДИН
«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық
бірлестігі төрағасының орынбасары

Павлодар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.