«МЕКЕНЖАЙЫМ – ВОРОНЕЖ…» немесе Алаш арыстары тұрған үй

Өткен тарихымызға көз салсақ, тағдырдың талай қысталаң шақтарында тапқанынан жоғалтқаны көп халқымыздың сан қилы қиындықтарды бастан өткергенін білеміз. Халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындау­дан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының нағыз азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген және қоғамның бүгінгі рухани жаңғыруы кезеңінде де жеке тұлғалардың құбылысы ерекше орын алады. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі Халел Досмұхамедов. Келесі жылы есімін иеленіп отырған университеттің ашылғанына 70 жыл толады. Осыған орай университет ректораты тарапынан Халел музейін жасақтау қолға алынды. Университет ректоры Абзал Талтеновтың қолдауымен Х.Досмұхамедов туралы деректер жинақтау мақсатында тарих ғылымының докторы, профессор Сайполла Сапанов екеуміз археографиялық іссапарға шықтық. Белгілі тұлғаның 1932-1938 жылдары Воронеж қаласына жер аударылып, қызмет атқарғаны белгілі.
Көңілде бір үміт, бір күдік. Себебі бұл қалаға бізден бұрын зерттеушілер арнайы ат ізін салмағаны белгілі.

Алған бағытымыз Атырау – Астрахань­ – Мәскеу – Воронеж. Негізгі нысанамыз – Воронеж қаласы. Қаланың іргетасы 1585 жылы қаланған. Қала Мәскеуден 534 шақырым жерде. Воронеж қаласы 1928-1934 жылдар аралығында Ресейдің орталық облысының ең ірі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы болды. Бұл облысқа сол тұстағы Воронеж,­ Тамбов, Орел, Курск губерниялары енді.
Осы қалада сонау 1930 жылдардағы зұлмат кезеңде халқымыздың Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев, Ә.Ақбаев, Ә.Омаров, С.Қыдырбаев, К.Тоқтабаев, Ж.Күдерин, М.Мурзин сияқты перзенттері айдауда болды. Барлығы кейінгі зұлмат жылдардың құрбанына айналды. С.Қыдырбаев 17 қазан 1938 жылы Воронеж УНКВД үштігінің үкімімен атылған (Книга Памяти жертв политических репрессий Воронежской области. Воронеж: АО ­«Воронежская областная типография». – 2017. -392 с.), Ә.Ақбаев та Воронежде атылған. Басы байлауда, өздері айдауда болған қайраткерлердің ізі қалған қаланың бүгінгі тұрғындарының саны миллионнан асып жығылады. Қазіргі уақытта қала Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі болып саналады. Қаланы жанай ағып жатқан Дон өзенінің сол тармағы Воронеж өзені қаланы оң және сол жағалауға бөліп жатыр.
Халекеңнің соңғы өмір жолдары­ бұл қаламен тығыз байланысты. Х.Досмұхамедов тынымсыз жұмыстан, тұрмысының төмендігі, тосын ауа райының денсаулығына жақпауынан өкпе ауруына шалдығуына орай қалған кесімді жаза мерзімінен босатуды не уақыт межесін қысқарту туралы КСРО ОГПУ коллегиясына 28 наурыз 1934 жылы жазған арызында қаладағы тұрақты мекен-жайын «Воронеж қаласы, Ветеринарный көшесі, 13-үй» деп көрсетеді. Ол қаладағы Дәрігерлер білімін жетілдіру институтында Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтаудың ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. ­Балалары Сәуле, Қарашаш, Төле қаладағы №1 А.С.Пушкин атындағы орта мектепте оқыды.
Барған күні Воронеж облыстық мемлекеттік архиві директоры Ирина Георгиевна Шайкинаның қабыл­дауында болып, таныстықтан соң, іссапарымыздың мақсаты мен маңызы жөнінде кеңінен әңгімелеп бердік. Ол бізді ерекше ықыласпен тыңдап, қуғын-сүргін құрбаны Х.Досмұхамедов туралы құжаттар архив қорында табылып жатса, бар мәліметтермен таныстыруға және де көшірмесін жасауға ықпал ететіндігін ашып айтқаны бізді ерекше қуантты. Архив қызметкерлерін шақырып алып, біздерге барынша жан-жақты көмек көрсетулерін тапсырды. Қандай да бір көмек қажеттілігі болып жатса өзімен тікелей хабарласуымызды назарымызға салды. Басшы болса осындай болсын.
Архив оқу залы ізденушілерге лық толы. Құжаттарға сұраныс беріп болған соң, Халел бабамыз тұрған үйдің мекенжайын Воронеж облыстық мемле­кеттік архив қорында жұмыс ­жасап отырғандардың ішінен жасы үлкен ағамыздан сұрастырып қарадық. Бірақ ол кісі ондай көшені естімегендігін, өзінің мамандығы құрылысшы, бірақ үйінде қала көшелерінің картасы барлығын, алып келіп, біздерді таныстыруға уәдесін берді. Бұл біз үшін үлкен демеу болды. Ең өкініштісі, 1942 жылы облыстық архив қорындағы құжаттардың 3/2-сі неміс-фашистерінің бомбылауының нәтижесінде жойылып кеткен. Біздің үлкен олжамыз архив қорынан ­Халелге қатысты №1714 «Досмухамедов ­Халиль» атты істі тапқанымыз болды. «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, бұл істе Жаһанша Досмұхамедовтың есеп карточкасы тігілген екен. Тегі бірдей болған соң іске қоса тіккен деген пікірдеміз. Бұл құжаттың құндылығы сол, ­саналы ғұмырында ажырап көрмеген, тағдыр­лас Жаһаншаның қаладағы ­мекен­жайы «Скорняжный переулок, 3» деп көрсетілген. Халекең 1935 жылдың 3 қазан күнгі Воронеж қаласы ­Варейкисов ауданы әлеуметтік кеңесіне жазған арызында да мекенжайын Ветеринарный көшесі, 13-үй деп атап көрсеткен (РФ, Воронеж облыстық мемлекеттік архиві, 1714 қор, 2 тізім, 318 іс, 1 п.).
Келесі кезекте Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві ­(бұ­рынғы партия архиві) мекемесінің қызметкерлері біздің келген шаруа­мызды мұқият тыңдап алып, олар да барлық қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын білдіріп, көңілімізді бір марқайтып тастады. Келесі күні архив қызметкерлерінен кезінде Х.Досмұхамедов тұрған көше туралы­ сұрастыра бастаған тұста, олар аталған көшенің архив мекемесінен алыс еместігін, бірақ ол көшенің атауы­ басқаша аталатындығын айтты. Бұны естіген біз архивте байыз тауып отыра алмадық, аталған көшедегі Халел бабамыз тұрған үйді тауып, көруге асықтық. Шынтуайтына келгенде,­ ­Халел тұрған үйді көреміз деген үміттің болмағандығы да рас. Себебі соғыс кезінде қаланың 93 пайызы қираған болатын. Архивтен шыға салып көшені іздеп, ғалым жерлесіміз тұрған ­мекенжайды оңай таптық. Қызыл кірпіштен салынған екі қабатты ескі ғимарат екендігі бірден көзге шалынды. Ғимарат жақсы сақталған екен. Ғимарат қабырғасына «ул. Кости Стрелюка 11/13» деп жазылған тақтайша ілінген. Ауласына кіріп, ішке ендік. Ғимарат ішінде күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар бізге назар аудармастан өздерінің жұмыстарын істеуде. Бірінші, екінші қабатты аралап шықтық. Бөлмелерде орналасқан кеңседегі азамат бұл ғимараттың өте ескі екендігін, кеңестік кезеңде әскери сауда орталығы орналасқандығы туралы ғана білетіндігін жеткізді. Бұл ғимарат ­туралы нақты білгілеріңіз келсе Воронеж облыстық мәдени мұра нысандарын қорғау басқармасына барғандарыңыз жөн деді. Салып ұрып, аталған мекемені жұмыс уақыты аяқталғанша іздеп жүріп тауып алдық. Облыстық мәдени мұра нысандарын қорғау басқарамасының кеңесшісі ­Наталья Сергеевна Оболенская­ бізді жылышыраймен қарсы алды. Бірден келген мақсатымызды айтып, көше мен ғимарат жөнінде не білетіндігін сұрастырдық. Ол қалада ондай атаумен аталған көшенің болмағандығын айтып, көңілімізді су сепкендей ­басты. Дегенмен, біз де архив құжаттары негізінде айтып отырмыз ­деген уәж айттық, одан көмек күткен жас баладай жаутаңдағанымызды ­жасырып неғылайық. Наталья ханым қала көшелері туралы «Историко-культурное наследие города Воронежа» атты қалың кітапты қолына алып, қарастыра бастады. Біз де кітапқа ұмсынып, кітаптың әр парағын көзбен жеп қоярдай-ақ ұмтыламыз. Міне, кітаптың 81-бетінде «… По церкви, стояшей у перекрестка с улицей Володарского, называлась Пятницкой, после революции по располагавшемуся в здании епархиального училища ветеринарному – Ветеринарной, в послевоенное время получила имя воронежского комсомольца-разведчика Кости Стрелюка, погибшего в Карпатах» деп жазылған. Сонымен бірге біз көрген ғимараттың суреті де қоса берілген. Қуанышымызда шек жоқ. Кеңесші де өз кезегінде бұл ғимараттың мәдени мұраны қорғаудың мемлекеттік реестріне енгізілгендігін жеткізді.
Патшалық Ресей кезеңінде аталған көшеде Пятницкой шіркеуі орналас­қандықтан көше осы атауға ие болса, 1917 жылғы революциядан кейін бұл көшедегі Епархия реальді училищесі ғимараты ветеринарлық институтқа берілуіне байланысты көшенің атауы­ Ветеринарной көшесі аталған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары көшенің атауы сол қалада туып-өскен, соғыста қаза тапқан, Халелдің балалары оқыған бұрынғы №1 (қазіргі №11 А.С.Пушкин атындағы) мектептің түлегі, соғыс жылдары барлаушы, комсомол ­Костя Стрелюктің есімімен аталды.­ Бір ерекшелігі, ғимарат орналсқан көше трассасы 1774 жылғы қала жоспары бойынша салынған. Сонымен, Воронеж­ қаласында айдауда­ жүрген кезінде Халекең тұрған үй бүгінгі күндері Костя Стрелюк атындағы көшеде орналасқан. Үйдің қысқаша тарихына шолу жасасақ. Бұл үй 1868 жылы құрылған Воронеж әйелдері қайырымдылық бөлімшесінің кедейлер комитеті бас­тамасымен 1883 жылы тігін шеберханасы ретінде ­салынды. Құрылыстың қаржылық шығынын А.Н.Клочков пен Н.А.Клочковтар және көпес әйел А.В.Андронова (ақын А.В.Кольцовтың қарындасы), ақсүйек әйел А.И.Шеле көтерген. Ғимарат архитектор А.М.Барановтың жобасы негізінде салынған. Шеберхананың ашылуы 1884 жылдың наурызында жүзеге асты. Бұл шеберхананың ерекшелігі, 12 мен 17 жас аралығындағы кедей қыздардың бас­панасы болды. Қыздар осы үйде тұрып, сауаттылыққа, үй шарауашылығына қажетті барлық кәсіпті үйренді. Деректер бойынша 1886 жылы 44 тәрбиеленуші болған. Аталған ғимараттың тағы бір ерекшелігі, декор сәндік элементтері арқылы салынған екі фасадтан тұрады, сол кездегі ­Воронеж қаласы үшін ­сирек кездесетін батысеуропалық сәулет өнері негізінде салынған. Ғимараттың қабырғалары өте қалың. Қазіргі кезде бірінші және екінші қабаттарда әртүрлі мекемелердің кеңсе-офистері мен тігін шеберханасы орналасқан.
Халел тұрған үйде Алаш арыстары мейрам күндерін сылтау ғып талай бас қосқан. Дастарқан басында өткен-кеткенді еске алып, атамекенге деген сағыныш сезімдерін бөліскені, шемен болып қатқан шерлерін тарқатқаны да ақиқат. Қарашаш Халелқызы өз естелігінде: «Әкеммен Воронежде Жаһанша Досмұхамедұлы, Әбдіхамит және Жақып Ақбайұлдары, Әшім Омарұлы, Сейідәзім Қыдырбайұлы, Кәрім Тоқтабайұлы, Мұхамеджан ­Тынышпаев, Жұмақан Күдерұлы, Мұхтар Мурзиндер бірге болды» деп жазды. Осы қалада оқыған болашақ тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов пен кейін партия қайраткеріне дейін өскен Жақыпбек Жанғозиндер де ол үйге жиі келіп тұрған.

М.Тынышпаев ұлы Ескендірмен. Воронеж, 1932 ж.
М.Тынышпаев ұлы Ескендірмен. Воронеж, 1932 ж.

Халелдің балалары оқыған жоғарыда аталған мектеп үйден 300 метрдей жерде орналасқан. Мектеп ғимараты 1912-1913 жылдары бой көтерген. Бұл ғимаратты да суретке түсіріп алдық. Ғимарат Воронеж­ қаласының тарихи-мәдени мұрасы тізіміне енгізілген. Бір қызығы, Халекең тұрған мекенжайдың қасында 1933 жылы салынған ОГПУ-дың ғимараты орналасқан.
Ал Жаһанша Досмұхамедов тұрған көше, ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында көбінесе тері өңдейтін кәсіппен айналысқан қолөнершілер тұрғандықтан, «Скорняжный» аталған. 1970-80 жылдары жаңадан драма театр салынуына орай көшенің жоғары жағындағы тұрғын үйлер бұзылған. Ал 1990 жылдары жаңа заман лебіне байланысты коттедждер салына бастаған. Қазіргі уақытта аталған көшенің төменгі жағындағы ескі үйлер ғана сақталып қалған. Осы көшедегі ­­Ж. Досмұхамедов айдауда болған жылдары тұрған үй соғыс кезінде қираған, ал 1946 жылы И.Е.Солонников (1904 ж.т.) деген азамат қайта салып, осы мекенжайға тұрақтаған.
Воронеж облыстық қоғамдық-саяси тарих архиві деректері бойынша жоғарыда есімдері аталған Алаш қайраткерлерінің кейбірі қаладағы Карл Маркс көшесіндегі №94 үйде тұрған. Бұл қала тұрғындарына «гармошка» атауымен етене таныс үй болып шықты. Ғимарат 1929 жылы конструктивизм нақышында салынған. Соғыс жылдарында ғимарат қирап бүлінгенімен, кейін ішінара ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы архитектураның классикалық үлгісі негізінде өзгерістер енгізіліп, қайта салынған.
М.Тынышпаевтың баласы Дәулет естелігінде жер аударылған әкелерінің артынан барған анасы екеуін ағасы Ескендір күтіп алып, қаладағы Пятницкой көшесі бойындағы үйге орналастырғандығы туралы жазады (Мухамеджан Тынышпаев. Воспоминания, документы, фотографии: — Алматы: «Томирис»-21», 2017, -с.32).
Алдағы уақытта Атырау облысы әкімдігі тарапынан Воронеж қаласының әкімшілігімен келісе отырып, бүкіл Алаш жұртының мақтанышы болған Х.Досмұхамедов тұрған ғимаратқа «Бұл үйде 1932-1938 жылдары қазақ халқының біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым, профессор Халел Досмұхамедов тұрған» деген ескерткіш тақта орнатса құба-құп болар еді.

Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.