Ғасырлардан жеткен ұлы дала емі

Әр халықтың, әр ұлттың ата-бабадан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан емдеу әдіс-тәсілдерді бар. Соңғы уақытта заманауи медицинамен қатар, дәстүрлі медицинаға да көңіл бөліне бастады. Елімізде алғаш рет дәстүрлі медицина мамандарының басын қосқан «Ұлы дала емі» атты республикалық конференция өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен конференция жұмысына Польша, Ресей, Түркия және т.б. алыс-жақын шетелден, дәлірек айтқанда, жиырмадан астам мемлекеттен екі жүзге тарта медицина саласының мамандары қатысты.

Дәстүрлі медицина саласында еңбек етіп жүрген мамандардың басын біріктіріп, бағыт-бағдар беріп, ұлттық дәстүрлі медицина әдістерін жаңғыртуды, сол арқылы рухани құндылықтардың әлеуетін көрсетуді, халықтың өмір сүру жасын ұзартып, сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтің жұмыстарын арттыруды мақсат еткен конференция сегіз секцияға бөлініп, ауқымды да тың тақырыптар көтерілді.
Астанадан арнайы келіп, жиын­ның негізгі бөлігінде сөз алған «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы»­ басқармасының төрағасы Тимур Құлахметов конференцияның маңызына тоқталып, дәстүрлі медицинаның қоғамдағы рөлін атап өтті. «Қазір елімізде заманауи медицина жақсы дамып жатыр. Мәселен, Астанада «Ұлттық медициналық холдинг» ашылғанын жақсы білесіздер. Онда Ұлттық кардиология орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы жән т.б. бар. Ұлттық нейрохирургия орталығы біздің білікті мамандардың арқасында әлемдегі ең үздік он мемлекеттің қатарына енді. Дүниежүзінде әлі жасалмаған ­оталарды да жасап жатыр. Бұл Үкіметтің ақ халатты абзал жандарға көрсетіп отырған қолдауының нәтижесі.
Ал дәстүрлі медицинаға келсек, қазір халықтың көбі ата-бабамыздан келе жатқан ем түріне бет бұрды. Ол бізге таңсық емес. Сан ғасырдан бері келе жатқан тірлік. Сүлікпен емдеу, инемен емдеу, әртүрлі шөппен емдеу, араның балы, тіпті араның шаққанының өзі пайдалы. Шығыс, корей, қытай, вьетнам медицинасы дейміз, қалай болғанда да халықтың дәстүрлі емі мен заманауи медицина бір-бірінен алшақ кетпейді. Қайсысын алсаңыз да, халықтың денсаулығын көтеруге өз үлесін қосады. Елбасының да, Президенттің де алға қойып отырған мақсаты – халқымыз аман, дені сау болып, ұзақ өмір сүруі ғой. Құрамына заманауи емханалар мен дәстүрлі медицина мекемелері енетін Ұлттық денсаулық сақтау палатасының да міндеті, Елбасы тапсырмасын орындау, біз қолымыздан келгенінше осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерге жиналғандардың барлығы медициналық жоғары білім алған, кәсіби дәрігерлік білімі бар, білікті мамандар. Сондықтан бұл жиынның маңызы өте жоғары» деді ол.
Ұлттың басты байлығы – халықтың денсаулығы. Халық денсаулығын сақтау – мемлекет саясатының бас­ты басымдығының бірі. Денсаулық – адамның басты құндылығы десек, елімізде бұл тұрғыда көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, ҚР «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты индикаторларының бірі – халықтың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюын қамтамасыз ету екені белгілі. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халық санының 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткенін атап өткен еді.
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылар Ұлттық одағы мен Еуропалық омарташылар одағы, Апиславия қоғамдық ұйымдары федерациясының вице-президенті Ғабит Нұрәділ Жапонияда мектеп қабырғасында әр оқушыға 20 грамнан бал берілетінін, осы өніммен қоректенудің арқасында адам ағзаларының клеткалары жас күйінде қалып, оның өмір сүру қабілеті, өмір сүру ұзақтығы артатынын мысал ретінде келтіріп, елімізде осы кәсіпті дамыту қажет екеніне назар аударды.
Ғабит Нұрәділұлының айтуынша, ара экологияны да тазартады екен. «Егер ара болмаса гүлдің, өсімдіктің тозаң­дануы болмайды. Мәселен, Америкада­ ауылшаруашылық мәселесін шешу үшін амалсыздан Австралиядан, Канададан ара сатып алып жатыр. Қарақұмық, күнбағыс және т.б. ексеңіз ол жерге ара барып тозаңдандырмайтын болса, одан ешқандай өнім шықпайды. Егер ара болса оның өнімі 40-50 пайызға дейін көбейеді» деп сөзін түйіндеді омарташы.
«Дәстүрлі медицина – Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ажырамас бір бөлшегі. Нақтырақ айтқанда, екеуінің арасындағы алтын көпір деуге болады. Әр ұлттың өзіне тән медицинасы бар. Елімізде Астана университетінде, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде дәстүрлі медицина кафедрасы бар. Сондықтан дәстүрлі медицинаны дамытып, халықтың денсаулығына баса назар аударуына жұмыс істеуіміз керек. Мәселен, спортшыларымыз үлкен спорттан кеткеннен кейін кезінде алған психикалық, сүйек, буынның сырқауы секілді әртүрлі жарақаттары мазалайтыны жасырын емес. Олардың жай-күйін, хал-жағдайын бақылауда ұстауда дәстүрлі медицинаның көмегі зор. Мұны негізгі батыс медицинасына баламалы медицина деп те айтуға толық негіз бар» деді сарапшы.­
Жиын барысында ҚР ҰҒА академигі, Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен медици­налық техниканы сараптау жөніндегі Ұлттық орталығының бас клиникалық фармакологы Р.Күзденбаева, Алматы қаласы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Н.Балғымбаев, халықаралық «Жас-Ай» ­медицина орта­лығының бас директоры Ж.Зекейұлы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің дәстүрлі медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Н.Қоңыртаева, «Қазақ елі» халықтық палатасы басқармасының төрағасы Б.Нұғыман және т.б. сөз сөйлеп, дәстүрлі медици­наның озық үлгілері жөнінде әңгімеледі.
«Комплементарлық және дәстүрлі халық медицинасы мамандарының қоғамы» республикалық бірлестігі, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті мен халықаралық «Жас-ай» медицина орталы­ғының ұйымдастыруымен өткен жиында он жеті бағытта ауқымды баяндама ­жасалып, «Дені сау ұрпақ – ұлт байлығы» екеніне зор мән беру қажеттігі сөз болды.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.