АҚТОҒАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ГЕНЕРАЛЫ

Сәбет Мәлғаждарұлының туған жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Орта мектепті Балқаш қаласында бітірді. Аттестаты – кілең «бес» болатын. Қазақстандағы кез келген институтқа қиналмай түсетініне ұстаздары толық сенімді еді.
Сұңғақ бойлы, толқын шашты, тепсе темір үзетін, жалындап тұрған жас Сәбеттің ойы – энергетик болу. Ол уақытта қазіргідей қаптаған жоғары оқу орны жоқ. Саусақпен санарлықтай институт бар. Техникалық мамандықтар бойынша сапалы білім беретін институттың бірі – Қарағандыда. Соған құжаттарын тапсырды. Емтихандарынан да қиналған жоқ. Бәрінен жақсы өтті. Бірақ орын аз, үміткерлер көп. Оның үстіне сол жылы өндірісте жұмыс істеп ысылған, еңбек өтілі бар талапкер жастардың да қатары көп болды. «Соған қарағанда конкурс қатты болады» деп болжам жасап қойғандар да бар.

«Қалай болар екен? Мектепті үздік бітір­ге­німді қайтейін, оқуға түсе алмай қалсам, ұстаз­дарымның сенімін ақтай алмағаным емес пе?». Емтихандарды жақсы тапсырса да сол сәтте жас Сәбеттің осындай ойға берілгені рас. Сол бір күндер Сәбет Мәлғаждарұлының әсте есінен шыққан емес. Күн бүгінгідей көз алдында.
– Адам өмірінде естен шық­пайтындай ерекше сәттер болады ғой. Мен үшін мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына емтихан тапсырған күндер жадымда жатталып қалды. Конкурстың қатты болатынын мен де естідім. Бірақ, неге екенін қайдам, әлде емтихандарды жақсы тапсырғандықтан шығар, әйтеуір, институтқа түсетініме өз басым кәміл сенімді болдым. Сөйтіп жүргенде, қазір Жаңасібір деп жүр ғой, «Новосибирдің электротехникалық байланыс институтына бір орын бар, осындағы емтиханның қорытындысы бойынша оқуға қабылдануға мүмкіндік бар, барасың ба?» деген хабар келді. Әке-шеше, ағайын-туыстан алыс болса да тәуекелге бел буып, Новосибирден бір-ақ шықтық ғой, – деп еске алады Сәбет Мәлғаждарұлы.
Жаңасібірдегі электротех­ни­калық байланыс институтында да оқу-білімге құштар Сәбет ата-анасы мен ұстаздарын жерге қаратқан жоқ. Оқу орнын қызыл дипломмен үздік бітірді. Бұл оқу орны негізінен мемлекеттік қауіпсіздік саласына мамандар даярлайтын. Оның үстіне жолдамамен жұмысқа жібереді. Электр байланысы жүйесінің инженері, кіші лейтенант Сәбет Мәлғаждарұлы Жақыпбеков оқу орнының жолдамасымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің
Үкіметтік байланыс бөлімшесіне аға электромеханик болып жұмысқа орналасты. Бұл – 1959 жыл болатын.
– Ол уақытта біздің саланың жұмысы көп жария етілмейтін. Құпия. Өзіңе тиесілі жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқаруға тиістісің. Болды. Артық-ауыс ақпарат айтылмайды. Осындай орында табан аудармастан қырық жыл жұмыс істеу кез келген адамның пешенесіне жазбаған шығар, маған бұйырды. Қатардағы аға электромеханиктен Үкіметтік байланыс басқармасының бастығы дәрежесіне дейін ақ-адал еңбегіммен жеткенімді мақтаныш етемін, – дейді Сәбет Мәлғаждарұлы.
Қызметті кіші лейтенат болып бастаған ол генерал-майор шеніне дейін жетті. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс саласындағы алғашқы қазақ генералы. Үкіметтік байланыс органына басшы болған да бірінші қазақ. Жасырып қайтеміз, келмеске кеткен кешегі кеңестік кезеңде ­талабы таудай, білімі терең қазақ жігіттерінің мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде жауапты қызметтерге тағайындалуы өте сирек еді. Бәрін Мәскеу шешетін. Кадрларды іріктеу кезінде қандастарымыздың шеттетілгені қазір жасырын емес. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана осы саладағы білікті де білімді кәсіби мамандарға жол ашылды.
Сәбет Мәлғаждарұлының еңбек жолына қарасаңыз, қызмет баспалдағы сатылап өскенін бағамдау қиын емес. Электромеханик, онан соң инженер, аға инженер, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы. Қазір мұны бір-екі ауыз сөзбен айта салу оңай, әрине. Ал осы еңбек жолында қаншама тер төгілді, қаншама ұйқысыз түндер өтті. Білімді маман өзінің біліктілігі мен жоғары жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілет-қарымын айқын көрсете білді. Оны әріптестері де бағалай білді. Ақ-адал еңбегінің арқасында жауапты жұмыстар сеніп тапсырылды. Сәбет Мәлғаждарұлы сол сенімнің биігінен көрінді. Құрметтке, марапатқа бөленді. «КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері», «Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекеттік байланыс федералдық агенттігінің құрметті қызметкері», «Құрметті байланысшы», «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері» және «ТМД елдерінің Үкіметтік байланыс мәселелері бойынша Ұйымдастыру кеңесінің құрметті мүшесі», «Құрмет Белгісі» орденінің иегері. Мақтау қағаздары бір төбе. Міне, осының бәрі Сәбет Мәлғаждарұлының ерен еңбегінің белгісі. 2016 жылы 80 жасқа толуына орай Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес «Құрмет» орденімен марапатталды.
Маман дегеннен шығады, тағы бір дерек келтіре кетейік. Сәбет Мәлғаждарұлы Ресейде білім алып, Қазақстанда қызметке орналасқанда Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс саласында республика бойынша жоғары білімді бірде-бір қазақ маманы болмаған. Ол – осы саладағы алғашқы қазақ маманы. Бұл жағдай оны да ойландырмай қойған жоқ. Қызметі өскен кезде, комитеттегі лауазымды тұлғалардың алдында осы мәселені көтерді. Себебі тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес одағы тарап, оның құрамындағы республикалар тәуелсіздік алып жатқан шақта ұлттық кадрлардың тапшылығы байқалған болатын. Оның үстіне қауіпсіздік комитетінде талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандардың басым бөлігі Ресейге қоныс аударды.
Осы уақытта Сәбет Мәлғаждарұлы көтерген ізбасарлар мен шәкірттер тәрбиелеу жөніндегі шешімнің дұрыстығы айқын көрінді. Тығы­рықтан жол тауып шыға алды. Себебі КСРО Мемлекеттік Кеңесі 1991 жылы 22 қазанда «Мемлекеттік қауіпсіздік органдарын қайта құру» туралы қаулы қабылдады. Онда «КСРО мемлекеттік қауіпсіздік Комитетін тарату қажет деп саналсын. Республикалардың Мемлекеттік қауіпсіздік комитеттерін және оларға бағынышты ­органдар тәуелсіз мемлекеттердің ерекше уәкілеттігінде болып есептелсін» делінген. Бұл – КСРО әлі ыдырай қоймаған кез. Бірақ, соған қарамастан, Қазақстанның қауіпсіздік саласы республикалық дербес Комитет болып бөлініп шықты. Сөз жоқ, біртұтас мемлекеттік байланыс жүйесі бұзылды. Бәрін басынан, жаңадан бастау керек болды. Осындай абыр-сабыр уақытта Сәбет Мәлғаждарұлының іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті тағы да айқын көрінді. Өйткені техникалық саясат және ғылыми-техникалық болжам жасау, жергілікті жерлердегі құрылымдарға бағыт көрсету, аталмыш саланы жаңа техникамен жарақтандыру, үкіметтік және жедел байланыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да көптеген жедел техникалық мәселелерді шешу енді республикалық басқару органдарының құзырына көшті. Бұл айтуға оңай болғанымен, өте жауапты жұмыс. Сәбет Мәлғаждарұлы сол сыннан сүрінбей өтті.
1992 жылдың 13 шілдесінде Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемле­кеттік қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Үкіметтік байланыс жүйесі осы комитеттің құрамында қалды. Осыған орай «Үкіметтік байланыс» деген тіркес құқықтық деңгейде бекітілді.
Үкіметтік байланыс басқармасының алдында тұрған күрделі және ерекше міндеттерді ескеріп, Елбасының 1992 жылдың 30 тамызындағы Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрамында тұңғыш рет Үкіметтік байланыс Бас басқармасы ұйымдастырылды. Осыдан кейін айналасы үш ай өтпей жатып сол жылдың соңында Бас басқарма бастығы полковник Сәбет Мәлгаждарұлы Жақыпбековке генерал-майор әскери атағы берілді.
Сол бір жылдары қауіпсіздік органдары­ның Үкіметтік байланыс саласында криптогра­фиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, ақпа­ратты қорғаудың ұлттық құралдарын жасау аса маңызды міндет болатын. Соны Сәбет Мәлғаждарұлы бастаған Бас басқарма ұжымы ойдағыдай орындады.
– Қазақстан тәуелсіздік алғанымен етек-жеңін жия алмай жатқан шақ. Басқарма жаңа болғанымен, құрал-жабдық ескі. Кейбір кездері билік органдарымен бірлесіп жедел әрекет етуге мүмкіндік бере қоймайтын. Ал қолда бар құрал-жабдықтар өзінің техникалық көрсеткіштері бойынша жоғары сапаны қамтамасыз ете алмады және қазіргі заманғы электрондық байланыс жүйесімен бірігіп ықпалдасу қиынға соқты. Соған қарамастан, 1992-1995 жылдар арасында оны ұйымдастырудың және үзіліссіз жұмыс істеуге жағдай жасаудың негізгі принциптерінің үдете жеделдетілуін қамтамасыз еттік, – деп еске алады Сәбет Мәлғаждарұлы.
Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Болат Баекенов болатын. Жақыпбеков басқаратын Бас басқарманың материалдық жабдықтау мәселесі жиі талқыланады. Өйткені, мұндай құрылымды қайта жарақтандырмайынша байланыс жүйесінің жұмысы алға басуы мүмкін емес еді.
Телефондық ақпарды және хабар таратуды өзіміздің ұлттық аппаратуралармен құпияландыру ісі қолға алынды. Елбасының осы саланы дамыту жөніндегі алға қойған міндеттерді орындау мақсатымен генерал Жақыпбековтың басшылығымен 1996 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс жүйесін қайта жарақтандыру бағдарламасы жасалды. Түбірлі өзгеріс 1997 жылдан бастау алды.
Осындай ауқымды жұмыстардың басы-қасында генерал-майор Сәбет Жақыпбеков жүрді. Барлық жоспарлы жұмыстар дер кезінде, сапалы орындалды. Бас басқарманың құрамына жаңа мамандар тартылды.
– Сәбет Мәлғаждарұлымен бірге жұмыс істеу өте жеңіл болды. Ол сабырлы, салмақты қалпынан әсте айныған емес. Байланыс жүйесінің қыр-сырын жетік білетін терең білімді адам. Бірнеше жас маманға қамқор бола білді. Ол әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін көп жыл абыройлы атқарды. Алматыда тұрып жатса да Нұр-Сұлтан қаласына жиі келіп, жас мамандармен кездесіп, ақыл-кеңесін беруден аянған емес, – дейді запастағы полковник, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Үкіметтік байланыс қызметі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымхан Есімсейітов.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіз­дік комитетінің ардагерлер кеңесі мен Үкіметтік байланыс қызметі Нұр-Сұлтан қаласын­дағы «Достар» клубында алғаш рет ардагерлер арасында генерал Сәбет Мәлғаждарұлы Жақып­бековтің жүлдесі үшін бильярд спортынан республикалық турнир ұйымдастырды. «Мен Сәбет Мәлғаждарұлынан кейін Үкіметтік байланыс қызметіне басшылық жасадым. Ол кісіден алған тәлім-тәжірибеміз көп. Өте талапшыл, бірақ қарапайым. Ардақты азаматтың жүлдесі үшін республикалық сайысты өткізуге де түрткі болған өзіміздің ардагерлер» дейді турнирді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Салтан Ахунов.
Сайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Қарағанды және басқа да қалалардан ардагерлер жиналды. Бірнеше күнге созылды. Ақтық сайыста Серікбай Зияшұлы Түлкібай жеңімпаз атанып, Сәбет Жақыпбековтың ауыспалы Кубогы табысталды.
– Арамызда жүрген ардақты ардагерлердің жүлдесі үшін осындай сайыс ұйымдастыруды қалыптастырған жөн. Көп жағдайда спорттық турнирлер еске алу мақсатында ұйымдастырылып жатады ғой. Оған қарсылығымыз жоқ. Еліне елеулі еңбегі сіңген арамыздағы ардагерлерге арнап та турнир өткізу орынды деп ойлаймыз, – дейді Қасымхан Есімсейітов. Айтуын­ша, бұл турнир дәстүрге айналмақ. Келесі жылы Алматыда ұйымдастырылса, онан кейін Қазақстанның басқа қалаларында өткізу жоспарларында бар екен.
Міне, әріптестеріне үлгі, халыққа қалаулы Сәбет Мәлғаждарұлы Жақыпбеков осындай ардақты жан, өнегелі отбасы иесі. Жұбайы екеуі 3 ұл-қыз тәрбиеледі. Олардың арасында әке жолын жалғап, мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінде қызмет еткен Сембек Сәбетұлы.
Жалпы мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінің ұжымы тоқсанға қарай қадам басқан Сәбет ­Мәл­ғаж­дарұлы Жақыпбековті ерекше құрмет­тейді. Ол осындай сый-құрметке әбден лайық.

Ғалым Орынбасарұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.