ТӘҢІРІ АРТЫҚ ЖАРАТҚАН

ХVII ғасырда туып, XVIII ғасырда өмірден озған Мөңке бидің есімі бұл күнде көзі ашық қазаққа тегіс мәлім. Алайда оның мұралары жеріне жеткізіле зерттелді, сарқып айтылды деуге келмейді. Екі ғасырдың тоғысында, өлара шақта басы «Мөңке! Мөңке!» деп ұрандата басталғанымен аяғы сиырқұйымшақтанып барып тына қалды. Себебі қалыптасқан советтік ескі әдіс осындай еді.
Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Мөңкені республикалық дәрежедегі танымал тұлғалар қатарына кіргізуге талап қылып көріп ек, бұл әрекетімізден ештеңе шықпады. Бағамдасақ, Мөңке «ескіріпті», ұмыт болуға қарапты.
Шындығында, Мөңкеде қайыра еске алатын, үңіле қарап зерттейтін нәрсе көп. Шешендік өнерді жіті зерделеген ғалым Балтабай Адамбаевтың кітаптарында Мөңкеге қатысты «Баланың тапқырлығы», «Құда мың жылдық», «Түлкім, жоғары шық» «Мөңке мен Сырым бала», «Мөңкенің сұрағына Сырымның жауабы» дейтін әңгімелер бар. Архив құжатында Сырым Датұлы сексен жастағы Мөңкеден бата алыпты деген дерек ұшырасады.
Мөңке айтқан «Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады, Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Күнде бас қосқан жиын болады» деп басталатын шешендік толғау профессор Серік Негимовтың «Шешендік өнер» атты оқу құралына енді. «Алдымен, Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғамы келер заман кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен ерекшеленеді. Кесек ойлар кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялық-экспрессивтік қуат бар», – дейді ғалым.

Алайда Мөңкенің өнері жалғыз шешендікпен шектелмейді, ол өз заманында би, ірі қоғам қайрат­кері, жырау, Асан қайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған адам. Мөңкенің көп қырлылығын балқы Базар жырау, Нұрпейіс Байғанин, Сарышолақ ақын, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырға қосқан.
Сарышолақ ақын:
Тілеудің ұлы Мөңке еді,
Алты Алашқа бас болған,
Қар мойын серке еді.
Ақылы зерек әулие,
Қияға көңіл сілтеді, – десе,
Базар жырау:
Тәңірі артық жаратқан,
Аузына халқын қаратқан,
Қара қылды қақ жарған,
Алдынан топты таратқан,
Мөңке, Төле, Қазыбек,
Әйтеке – алшын, би Кебек, – дейді.
Мөңкенің есімі қазақ, хорезм елдерінен әрі асып, қырғыз жұртына да мағұлым болған, Қырғыздың атақты ақыны Арыстанбек Бұйлашұлының ­(1824-1878 ж.) қазақ Қаңтарбай­мен айтысқанда:
Мөңке бий айтқан кеп эле,
Арыстанбек кимнен кем эле,
Санат сөзүм сан эле,
Санжыра сөзүм қап эле, – деуі, Мөңке би мұраларының қырғыздың әйгілі ақындары шы­ғар­машылығына шоң әсері тигендігіне нақты дәлел.
Ғалымдар арасында Мөңкеге алғаш назар аудар­ған Ахмет Байтұрсынов еді, ғұлама 1926 жылы өзінің әйгілі «Сауат ашқыш» дейтін кітабында Мөңкенің бір билігін үлгі есебінде ұсынады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөңке айтқанына куәлік береді. Мәтіні мынадай: «Шекті ұлы Мөңке би жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген екен дейді.
Бір судың бойына бір бай ауылы келіп қонады. Су бойында бір топ бала ойнап жүрсе, балаларды келіп ауыл иесі ақсақал қуалайды. Байдың астындағы асаулау байтал екен. Балалардың біреуі атын үркітіп қалғанда, байдың бөркі басынан ұшып, байталдың алдына түскен кезде, байтал тулап, бай жығылып жан тапсырады.
Байдың елі балалардан құн алмақ болып жиналады. Үш күн, төрт күн жатады, бітісе алмайды; бес күн, алты күн жатады, бітімге келе алмайды. Сөйтіп дағдарып тұрған уақытта бір тайға мінген жеті жасар бала келеді. Бала қарап тұрады да, «бұл жұмыстың билігін маған беріңіздер, мен бітірейін» дейді. Бала бір айтады, екі айтады, оның сөзіне баласынып, ешкім құлақ аспайды. Ақырында ақсақалдар дағдарып: «Осы қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы жақса атадай» деген қайда? Манағы бала қай бала? Тауып әкеліңдерші!» деп іздетіпті. Сұрастырып баланы ­тауып әкеледі. Баланың аты Мөңке деген. Бала келіп айтады: «Билікті маған берсеңіздер, менің айтатын билігім мынау дейді: Ердің құны жүз жылқы, бұл істе тентек төртеу: әуелі ойнап жүрген бала тентек, екінші оны қуған бай тентек, үшінші үріккен байтал тентек, төртінші бастан ұшқан бөрік тентек. Төрт тентекке жүз жылқыны бөлу керек» дейді. Сонда жүз жылқының үш бөлімі байдың өзіне түсіп, бір бөлігін ғана бала жағы төлейді. Жұрт бала билігіне ырза болады. Сол бала үш жүзге белгілі Мөңке би атанып, аты аспанға шығады».
Әуелі ауыл молласынан, одан соң Троицкідегі З.Расулов медіресесінен дұрыс білім алған, оны әрі қарата өз бетімен жетілдірген білімпаз ақын Нұржан Наушабаев өзінің «Шекті Мөңке би сөзі» атты толғауында:
Садақа-қайыр байлардан,
Қол тартылар деп еді.
Дүниенің жүзіне
Өре менен темірден
Жол тартылар деп еді.
Осы айтқанның бәрін де
Мөңке би айтқан деп еді, – дейді.
Біз бұл жерде екі нәрсені аңдаймыз, біріншісі – көп оқыған білімдар ақын Н.Наушабевтың Мөңкені жетік білгенін, екіншісі – Мөңкенің көріпкел болжампаздығын. Шынында да, баяғының құт дарыған байлары өз руының қам­қоршысы болатын, жақсылық-жамандығына жауап беретін, жетім-жесірін, жалғызбасты қарттарын далаға тастамайтын, қарасатын. Қазір «қайырсыз, қолы тартылған» байлар көп. Екіншіден, Мөңке толғауында: «Өре ­менен темірден жол тартылар, Қоныс болса алдыңнан орыс шығар» деген жолдар бар екені де рас. Мөңке сөзіне Нұржан ақын білген соң куәлік беріп отыр. Би ғұмыр кешкен 1675-1756 жыл аралығында теміржол салынбақ түгілі, әлі паравоз шықпаған еді. Алғашқы теміржол Ұлыбританияда 1825 жылы 25 қыркүйекте Стоктон мен Дарлингтон аралығына тартылды. Ықтималдық теориясына сүйенсеңіз, Мөңке мұны кемі 100 жыл бұрын болжаған. Мөңкенің әулиелігін осы мысалдан-ақ біле беруге болады.
Әулие:
«Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады» депті.
Электр шамы Еуропа көшелерінде ХІХ ғасырдың аяғында пайда болды. Сонда мұны Мөңке кемі 150 жыл бұрын болжап отыр!
Тағы бір тұста:
Өзім аттас балық шығар,
Бармақтай зат тауды жығар.
Усыл Жадит деген кітап шығады,
Бай құрып, бақсы азады,
Кен көбейіп, бейшара озады, – дейді Мөңке.
Мұнда «Бармақтай зат тауды жығар» деген сөз тұр. Бұл басқа ештеңе де емес, атом бомбасы! Тұтас бір тауды бір мезетте құртып жіберу үшін атом бомбасы керек. Алғашқы атом бомбасы 1945 жылы 16 шілдеде АҚШ-та сынақтан өтті. Тамызда Жапония­ның екі қаласына тасталды. Ал Мөңкенің 1756 жылы өмірден озғаны белгілі, сонда көріпкелдің екі ғасыр бұрын болжағаны.
Тұлға есімі орыс-қазақ қатынаста­рына байланысты құжаттарда таңбаланған, «Орта жүз және Кіші жүз билері мен батырларының Нұралы сұлтанды Кіші жүз және Орта жүз қазақтарына хан етіп тағайындау туралы император Елизавета ханымға» деп Шақшақ Жәнібек тархан, Керей Наурыз билермен қатар қол қойған адамның бірі – Шекті руының Мөңке биі.
Демек, Мөңке – ірі саясаткер. Көрші отырған патшалық Ресейдің даму тарихын, жүргізіп отырған аяр саясатын, ондағы өндірістік күштің деңгейін, өндірістік қатынастар сипатын зерттеген адам. Сондықтан да ол келешекте Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай, т.б. хандықтар сияқты Қазақ Ордасының да патшалық Ресей отаршылдарының табанына түсетінін анық біледі.
Өре менен темірден жол тартылар,
Қоныс болса алдыңнан орыс шығар…
…Орыс, қазақ қосылып,
Бір-біріне үйір болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар, – дейді ойшыл.
Отарлық езгіге түскен соң қазақ халқының қоғамдық болмысы, қоғамдық санасы да өзгермек:
Көлдің суы кетіп, табаны қалар,
Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалар.
Жігіттің ақылы кетіп, амалы қалар,
Әйелдің ұяты кетіп, ажары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалар.
Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,
Ақылы жоқ, санасыздың заманы болар .
Расында да, отарлық езгі кезінде көл түгілі, Арал теңізі тартылды. Баяғы қазақы қазанат, суын жылқының тұқымы құрып кетті. Жігіт ақылынан гөрі амал-айлаға, қулық-сұмдыққа жүгінетін болды. Отарлаушылар ұлт мұраты, жер мен ел тағдырының не екенін білмейтін, тек өз құлқынын ойлайтын. «Тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді»,
«Дүдамалдау дінің болар,
Алашұбар тілің болар».
Бұның бәрі сол отар кезде тапқан «олжамыз».
«Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады».
«Құрамалы» деп отырғаны осы күнгі биік қабатты үй де, «қорғанды» деп отырғаны коттедж­дер болса керек.
Мөңкенің тағы бір қыры – оның ғұлама жырау екендігі. «Шекті Мөңке би Шеркеш Түрке би, Тана Нүрке билермен кеңесіп отырып айтты» деген философиялық толғау Мөңкенің жыраулығын бізге түбегейлі айқындап береді. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен ұштастыра, дәл баламалар тауып суреттеуі жыраулық өнердің үздік үлгісін аңдатады.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бір тоғайға қоныңыз.
Қарындаспен, туғанмен,
Бір туғандай болыңыз.
Өзіңе кеңес салғанның,
Өрісі кең болмас па?
Жатқа кеңес салғанның,
Жазымға басы кетпес пе?
Жаманнан жесең бір қамшы,
Ол сүйегіңе жетпес пе?
Сом, сом жүйрік, сом жүйрік,
Шұбалаңды шаба алмас,
Мойнынан жалы кетіп арыса.
Жақсылар жаман болады
Күнінде жасы жетіп қарыса.
Жамандар жақсы болады,
Дәулеті асып байыса.
Бұл үзіндіден ескі жыраулық поэзия үлгісін анық көреміз. Біріншіден, кәдімгі ұйқаспен қоса басқы ұйқастар қабат қолданылған. Басқы рифманың болуынан толғау мінсіз көрініп тұр. Екіншіден, көне жыраулық поэзияның өзіндік ерекшеліктерінің бірі – өлең жолдарындағы алғашқы сөздердің қайталануы. ХV ғасырдағы әйгілі жырау Қазтуған: «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ағала ордам қонған жұрт» десе, ХVІ ғасырдағы Доспамбет: «Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, өкінбен» дейді, ал Шалкиіздің бір толғауы: «Ор, ор қоян, ор қоян, Ор қоян атылы бір қоян» деп басталады. Мөңке толғауында: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Сом, сом жүйрік, сом жүйрік» деген қайталауларды қолданған. Мұндай сөз қайталаулар Мөңкенің замандасы­ Бұқарда да бар: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұрылып ұшар жаз күні» деп бастайды даңқты жырау өзінің философиялық астарға толы бір толғауын. Айтайық дегеніміз, Мөңкенің бүгінгі күнге жеткен 109 жолдан тұратын екі толғауы аз дүние емес. Марғасқа жырау 13 жолдық жалғыз толғауымен ЖОО-ның окулығында тұр. Мектепте­ де оқытылады. Жыраулығы ешкімнен кем емес, 109 жол құрайтын ғибратқа толы екі толғауы бүгінгі күнге жетіп отырған Мөңкені неге оқу бағдарламасына енгізбейміз? XVII-XVIII ғасырлардағы Үмбетей, Бұқар, Көтештердің қасында неге тұрмайды? Және бір айтатын мәселе, Мөңкенің өзінен кейінгі мықты ақындарға өнеге болғаны.
Әулиенің жоғарыдағы толғауында:
…Қырға боран бораса,
Нуға боран борар ма?
Ел шетіне жау келсе,
Халық үстіне дау келсе,
Жамандайын жалтаңдап,
Ер жігіт қарап тұрар ма?
Арғымақтың алдына,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарар ма?
Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса,
Кілегей мұздан таяр ма?
Жақсы алдына сөз айтсаң
Жабығып сөзге тояр ма?
Күндердің күні болғанда;
Басыңа қиын іс түссе,
Жалғасып өскен жақыннан,
Жақсылар басын аяр ма? – деген жолдар бар.
Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге етене таныс: «Орай да борай қар жауса, Қалыңға қар борар ма?» деп басталатын толғауын еске салады. Сондай-ақ «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқанында»:
Арғымақ дейтін жығылар,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Арғымаққа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма? – деген жолдар бар екені қазақ тілінде сауат ашқандарға тегіс мәлім. Бұл жолдар жыраулық толғаумен ұштасып жатыр. Демек, Махамбет Мөңкені үлгі тұтып отыр.
Қазіргі күнге Мөңкенің төрт күйі жеткен. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі болған, марқұм профессор Тұяқберді Шәмелов ол күйлерді нотаға түсіріп, өзі орындап қана қоймай, оркестрдің репертуарына қосқан.
Т.Шәмелов бұл жайында былай деп сыр шерткен: «Бөкей ордасы ауданындағы туған ауылым Құрманғазыда Аманғали Иманмағзомұлы ­деген қарияны бала кезімде көре қалдым. 1974 жылы 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Мықты күйші еді. Нақтырақ айтқанда, күйге қиқым-сиқым араластырмай, бір кездері алдыңғы күйші аталарынан құлағына құйып алған әдіспен, ­сарынмен тартатын саф алтындай өнерпаз ­болатын. Домбыраның әліппесін сол атамнан үйрендім. Музыкалық сауаты болмаса да тәңір берген құдіреттің арқасында күйшілікті өз бетімен меңгерген жан еді. Аманғалидың дәулескер күйші екенін менің Қали бабам да мойындап отыратын. Күйшілер жөнінде сөз қозғалса, «мен ондай күйшіні көрген жоқпын» деп әңгімесін сол кісіге апарып тірейтін. Мен Мөңкенің күйлерін сол Аманғали атамнан үйреніп едім. Өкінетінім – Аманғали атамнан Мөңкенің күйлерін қайдан, қалай естігенін тәтпіштеп сұрап алмаппын. Жас кезде, ақыл-сананың таза шағында естіген әуен-күй санаңда тасқа басқандай болып, мәңгілік қалып қояды екен. Бұл төрт күйдің Мөңкенікі екендігіне дау жоқ. «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен», «Жиын-алқа, кеңес» күйлерінде күйшінің өзіндік қолтаңбасы бар. Музыка тілімен айтқанда, қағысы шалма қағыс және ритмі (ырғағы) үзік-үзік (пунктирный ритм) болып келеді. Мұны музыка мамандарына байқау қиын емес. Күйдің төртеуі де өмір туралы цикл күйлер, яғни бір кісінің қолынан шыққан екендігіне дәлел бола алады. Мажор мен минор тональсі көңілді, мұңды әуендер алма-кезек кезектесіп отырады. Әдетте, бұл күйлер серпінді әуенде тартылады. Үлкен сағаны көп маңайламай, тұжырымды, жұп-жұмыр, көңілге жеңіл қонады. Мөңкенің күйшілігінде өзінің циклі бар. Ол цикл – өмір ағысы. Жастық шақтан қарттық дәуренге дейінгі халықтың өмірі жырланады. Иә, кәдімгі Мөңкенің жыраулығы секілді сөздер өріліп, лекіп, төгіліп отырады. Қазақтың қуанышы мен қайғысы қат-қабат кезектесіп толғанады. Басты ерекшелік осында жатыр» деген еді күйші 2009 жылы журналист Бердібай Кемалға берген сұхбатында. 2010 жылы атақты өнерпаз бұл туындыларды дискке жаздырды. Өкінішке қарай, ұзамай ауыр науқасқа шалдықты, ақыры дүниеден озды, Мөңкенің мұрасын зерттеуге мұршасы болмай кетті. Одан бері де көп жыл өтті, Мөңке күйлері еш жерде орындалмайды, ғылыми тұрғыдан зерттеусіз жатыр. Тұяқберді өмірден озған соң Мөңкенің күйлері шын мәнінде ескерусіз қалды.
Мөңкені шешен есебінде орта мектепте, ­жырау ретінде жоғары оқу орнында, композитор ретінде консерваторияда оқытса, бағдарламаларына енгізсе, артық болмас еді. Мұны аталған салалардың тұтқасын ұстап отырғандар онша хош көрмей отыр. Міне, азды-көпті проблемалық мысалдар кетірдік, біреудің жел жағына шығып қалмайық деп шет жағалап қана айттық, шындығында, осындай-осындай проблемалық мәселелер, айта берсек Мөңкеде шаш етектен.

Жұманазар АСАН,
филология ғылымының докторы

Ақтөбе

Редакциядан: 2 қараша күні сағ.10.00-де Алматы қалалық әкімдігі және қалалық мәслихатының шешімімен дала данышпаны Мөңке би Тілеуұлы атына көше беру салтанаты өтеді. Шара театрландырылған көріністер, концерт және ғылыми конференциямен жалғасады. Оған зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен ғалым-зерттеушілер қатысады. Мекенжайы: Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ә.Мәмбетов көшесі, 1 үй.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.