«ШАЛҚАРДАН» ШЫҢДАЛҒАНДАР

Шалқар ауданындағы тоқсан жылға таяу тарихы бар аудандық басылым – «Шалқар» газеті редакциясынан кәсібіне берілген, ойы да, сөзі де жүйрік небір дарынды қаламгерлер шыққаны мәлім. Кейінгілерін айтпағанда, газетті өмірге әкелуші, тұңғыш редакторы, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы Әбидолла Биекеновтің ел тарихында өзіндік орны бар. 

Алғашқыда «Социализм туы», одан кейін «Коммунизм таңы» деген атаумен, 1990 жылғы ақпан айынан бері «Шалқар» деген атпен шығып келе жатқан аудан айнасына Биекеновтен кейінгі кезеңдерде өлкеміздің тірі шежіресі атанған Тілеужан Шойғарин, қаламы қарымды, бүгінде сексеннің биігіне шыққан беделді жазушы Тауман Төреханов, ізбасарларына ақылшы бола білген Мұхамбетәли Есмағанбетовтер редакторлық етті. Қай кезеңдерде де аудан басылымында тер төккен алдыңғы толқын ағалардың есімі өрелі оқырмандар жадынан өшкен емес.
Осы орайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шалқар аудандық ұйымының бастамасымен таяуда «Баспасөз майталмандары» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Кештің мәртебелі мейманы болып ұзақ жылдар аудандық газетте қызмет жасап, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына да белсене атсалысқан, белгілі журналис­тер, тіл ­жанашырлары Мұхамбетәли Есмағанбетов пен Жаңғабыл Қабақбаев қатысты. Мәні мол шарада қос журналистің шығармалары, баспасөз саласында қызмет еткен тұстан қызықты сәттер баяндалды. Ардагер-журналист, КСРО баспасөзінің үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұхамбетәли Есмағанбетов баспасөз саласында еңбек еткен жылдары өлке тарихын парақтап, аңыз-ақиқаттарды зерделеу тұрғысында халыққа ортақ Қыз Жібекті, ұлы күйші-сазгер Қазанғапты, оның күйлерін бүгінге жеткізген Кәдірәлі Ержановты, Жәлекеш Айпақовты, Сәдуақас Балмағамбетовты, ұлт мақтанышы ­Ахмет Жұбановты, Батақтың Сарысы мен Әлиманы, т.б. Шалқар топырағында өмірге келген тарихи тұлғаларды көпке танытуда жасаған еңбектерімен бөлісті.
«Шалқардан» шыңдалып, респуб­ликалық деңгейдегі басылымдарда жиі қалам тербейтін жерлес журналист, Ақпарат саласының үздігі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасы­ның орынбасары Жаңғабыл Қабақ­баев журналистік жолда өзіне үлгі болған аға-буын өкілдерінің есімдерін құрметпен атап, аудан басылымында жұмыс істеген тұстағы замандасы, кеш кейіпкері Мұхамбетәли Есмағанбетов екеуі тамаша естеліктерімен бөлісті.
– Біз Мұхамбетәли екеуміз кішкен­тайы­мыздан журналист мамандығын қалап, содан бері жұбымыз ажырамай келеді. Ол кезде Қазақстан бойынша журналист кадрларын дайындайтын жалғыз факультет тек С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті болатын, біз де сол орданың түлегіміз. Оның күндізгі бөліміне түсу үшін міндетті түрде еңбек өтілің болуы қажет. Мектептің жоғары кластарында оқып жүргенде-ақ аудандық «Коммунизм таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттеріне хабар-ошар жариялап жүрдік. Мұхамбетәли – Шалқардағы баспахана­да баспашы, мен жаңадан ашылған Мұғалжар ауданының орталығындағы аудандық газетте корректор болып еңбек жолымызды бастадық. 1969 жылы қыркүйек айында өзімнің туған жерімнің «Коммунизм таңына» әдеби қызметкер болып ауыстым, Мұхаң осы редакцияның ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. ­Содан бастап екеуміз табан аудармай он екі жыл, яғни 1981 жылдың қыркүйегіне дейін бір кабинетте екі үстелді түйістіріп қатар жұмыс істедік. Бұдан кейінгі кездерде де еңбек өтілімізде сабақтастық өрби түсті. Кейін мен Қарабұтақтағы аудандық газетте, ал әріптесім Шалқардағы аудандық газетте редактор болды. Жаңадан құрылған «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымдарына төрағалық еттік, – деді Ж.Қабақбаев өткен жылдарды еске алып.
Кеш барысында Мұхамбетәли Мат­қанұлы­ның күйдің пірі – Қазанғапты зерттеу кезіндегі туындаған қиындықтары, оның есімін ұлықтау үшін қоғам қайраткері Мұхтар Арынға жазған хаты жайында тағылымы терең әңгімелер айтылды. Әсерлі кездесу өткен №8 орта мектеп кітапханасына Жаңғабыл аға өзі қызмет ететін қоғамның атынан бірқатар кітаптар мен белсенді оқушыларға сыйлықтар тапсырды.
Шалқар ауданының әкімі ­Бауыржан Қаниевтің атынан шырайлы шараның басты кейіпкерлеріне Алғыс хаттар ­табысталып, иықтарына шапан ­жабылды. Осы жоралғыны жасаған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев: «Бүгінгі өткізіліп отырған шара жалпы жур­налистер қауымына көрсетілген құрметтің озық үлгісі деп білемін. Ана тіліміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру қажеттігін алға қойды. Біз төл тілімізді түгеліміз құрметтесек, оның келешегі де мәңгілік болары ақиқат. Өскелең буынды тағылымды сөзімен ана тіліміздің, ұлттық руханиятымыздың қадір-қасиетін терең ұғындыратын бүгінгі меймандарымыздай арда ағалармен жиі дидарластырудың мәні мол болмақ» деді.
Риза көңілмен сахнаға көтеріл­ген­дердің барлығы шараны ұйымдас­тырушыларға, оның ішінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрайымы Роза Дәуітоваға ерекше алғыстарын жаудырды. Қонақтар шара соңында аудандық тарихи-өлкетану музейі ұсынған «Баспасөз – өткеннің шежіресі» атты көрмені тамашалады.

Мұхтар МЫРЗАЛИН

Ақтөбе облысы
Шалқар ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.