«Доңғалақты емхана» ауырғанға демеу болып жүр

Өткен жылдың шілдесінде «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп, республиканың шалғай станциялары мен жол айрығында тұратын, емдеу-сауықтыру шараларынан тыс қалған теміржолшыларға медициналық көмек көрсету мақсатында Астана қаласында «Денсаулық» мамандандырылған емдеу-диагностикалық медициналық пойызын ұзақ мерзімді сапарға шығарған еді. Екі мәрте еліміздің түкпір-қуыстарындағы ауыл-аудандарда сапарда болған сауықтыру пойызы заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Тіркемесінде емдеу-диагностикалық процедуралар жасауға, медициналық қызметкерлердің жүріп-тұруына, медициналық дәрі-дәрмектерді сақтауға, мейрамхана және автономды энергиямен қамтамасыз ету үшін жасақталған тоғыз вагоны бар пойыз 115 күн алыс жатқан елді мекендерде болды. Шалғайдағы тұрғындарға бірінші және жоғары дәрежелі терапевт, балалар дәрігері, нев­ропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог дәрігерлер кеңес беріп, ем-домдарын жасады. Және күндізгі стационарда ем қабылдауына да мүмкіндік берді.

«Денсаулық» пойызы өткен жылдың жазы мен күз айларында жоспар бойын­ша еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірінде, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Семей жолдары бөлімшелерінің учаскелерінде екі бағытта жүріп, 57 станцияда тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуі тиіс болатын. Және алғашқы бағытта 36 станцияға тоқтап, 28 500 адамды, оның ішінде 17 800 теміржолшыға медициналық көмек көрсету тиіс еді. Алдын ала жоспарлағандай, «Денсаулық» пойызы алғашқы кезеңде Қарағанды, Защита, Семей, Павлодар жол бөлімшелері­нің 34 станциясында болды. Онда 13979 адам дәрігерге қаралса, 284 тұрғынға оташылық қызметі көрсетілді. Ал арнайы медициналық пойыздың екінші бағдары 21 станцияда 14 500 адамды, оның ішінде 9 600 теміржолшыға көмек көрсету болжанған болатын. Қыркүйектің 14-інен басталған екін­ші кезеңінде Солтүстік Қазақстан, Ақмо­ла, Қостанай облыстарының 23 нүктесінде 9873 емделуші дәрігерлердің қарауында болды. 28 адамнан тұратын пойыздағы маман дәрігерлердің қабылдауында шалғай станциялардың тұрғындары 28025 рет болыпты. Яғни әрбір емделуші шамамен үш дәрігерге қаралып, дәрігерлер он мыңнан астам медициналық және зертханалық зерттеу жұмыстарын жасаған. Сонымен қатар 157 рет шағын оташылық операция жасалыпты. Теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелері ішкі ағзалары мен қатерлі ісік ауруларының да алдын алу үшін дәрігерлердің тексеруінен өтті.
Үздік медициналық құрамалардың ықтимал төтенше жағдайлар аймағына келуі және жақындауы мерзімін қысқарту үшін облыстық диагностикалық орталық­тар деңгейінде заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған «Денсаулық» мамандандырылған емдеу-диагностикалық пойызы іске қосылған сәттен бастап, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында болды. Жалпы, пойыздың 115 күнгі жұмысында жеке станциялар мен разъездерде тұратын 24 мыңға жуық азамат тексеруден өтіп, медициналық көмек алды. Ал дәрігерлерге қаралған жандардың саны 73 мыңға жақындаған. Дәрігерлер осы уақыт аралығында 441 шағын операция жасаған. «Денсаулық» емдеу-сауықтыру пойызы екі кезеңде жоспардағы 57 шағын станцияда болып, 7533,5 шақырым жолды жүріп өтіпті. Сондай-ақ мемлекеттік маңызы зор шара барысында 3-5-сыныпты шалғай станциялардағы теміржолшылар ғана емес, басқа да тұрғындар сапалы медициналық қызмет түрлерімен қамтылған. Сол себепті алғаш рет Қазақстанның шалғайдағы тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсету үшін жасалған «Денсаулық» пойызы тұрғындардың көңілінен шықты деуге әбден болады. Себебі ол тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама негізінде «Қазақстанның жыл таңдауы – №1» Ұлттық сыйлығы аталымы бойынша «2010 жылдың әлеуметтік жауапкершілігі үздік жобасы» атанды.
Бұл жерде «Денсаулық» емдеу-сауықтыру поезының атқарған миссиясы Елбасы пәрменімен жолға қойылған Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға дейінгі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына жа­уап беретінін атап өткен орынды. Себебі дә­рігерлер үшін елдің қиын жететін бұрыштарын және ауыл тұрғындарын қараудың мұндай тәжірибесі алдағы уақытта әртүрлі әлеуметтік-маңызды аурулардан зардап шегетін азаматтар санын едәуір қысқартуға көмектеседі. Және қазақстандықтарды тегін медициналық қызметтермен қамтамасыз ететін жүйені жөнге келтіруге де септігін тигізеді. Ел ішінде медициналық қызметке мұқтаж жандардың көптігін ескерген «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы 2011 жылы «Денсаулық» пойызын оңтүстік және батыс өңірге сапарға шығаруды ойластырған болатын. Осыған орай еліміздің шығыс және орталық өңірін аралап қайтқан аталмыш пойыздың ізін ала, желтоқсан айының бел ортасында «Қазақстан теміржолы» АҚ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп, «Жәрдем» емдеу-сауықтыру пойызының тұсауын кесті. Демек, іс жал­ғасын тапты. Бұл пойыз Алматы вагон жөндеу зауытында Ресей теміржолының тәжірибесі негізінде «доңғалақты емхана» жобасына негізделіп жасалды. «Жәрдем» медициналық поезының дәрігерлері шалғай станциядағы теміржолшыларды ғана емес, жергілікті тұрғындарды да қолжетімді медициналық қызметпен қамтиды. Жылжымалы құрамда төрт вагонның екеуі – медициналық, бірі – дизель-генератор, бірі – купе вагоны. Жергілікті тұрғындар терапевт, кардиолог, хирург, лор, гинеколог, окулист дәрігерлерге қаралып, зертхана мамандарынан кеңес алады. Қазақстанның оңтүстік өңіріне жіберілетін арнайы по­йыз үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Алматыдан аттанбақ. Бұдан бөлек, Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша биылғы жылдың ақпан айында Астанадан шыға­тын төртінші емдеу-сауықтыру пойызын жіберуге дайындық басталып та кетті. Олай болса, «доңғалақты емхана», іске сәт!

Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.