ӘДЕБИЕТШІ ФЕНОМЕНІ

Қай кезеңде болсын, мектеп бітірген түлектер болашағын айқын­дар тұста жетекші оқу орнын таңдайтыны рас. 1996 жылдары арман қуып, Алматыға келіп, Қазақстандағы классикалық университет мәртебесіне ие әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне қабылдандық. Қара шаңырақта кезінде дәріс оқыған М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Базарбаев, т.б. академик ғалымдарды көзбен көріп, алдында дәріс тыңдамасақ та, сол ағаларымыздың тәлім-тәрбиесін алып, тағылымын бойларына сіңірген бірқатар ғалым ағаларымыздың шәкірттері болғанымыз біздің буын­ның бағы деп қуанамыз. 

Біздің буын университетте оқыған жылдары З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Садырбаев, Р.Нұрғалиев, ­А.Қы­рау­баева, Ж.Дәдебаев, ­Б.Май­танов,­ Т.Есембеков, З.Бисенғали, Ж.Тілепов, Ө.Әбдіманов, Қ.Мәдібай, С.Негимов, М.Үмбетаев, Р.Тұрысбек, т.б. ғалымдарымыздан әдебиеттің әр саласы бойынша жүйелі білім алдық. Қазақ әдебиетінде «дәстүр мен жаңашылдық» деген қалыптасқан әдемі атау бар. Бұл күнде сол дәс­түрді шама-шарқымызша ға­лым, профессор көргенімізбен са­бақ­тастыра, мақтана жалғасты­рып жүргеніміз рас. «Мақтану» ­деген жай айтыла салғанымен, оның жүгі ауыр. Мақтанудың астарында алған білімімізді жаңғыртып, алдымыздағы шәкірттерге ұғындыру, өнеге мектебінің ізін көрсете білу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сол өнеге мектебінен танылған әдебиеттанушы ғалымдарымыздың қатарында жетпістің желкеніне көтеріліп бара жатқан филология ғылымының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев феноменінің мықтап орын алғаны хақ.
Құныпия Қожахметұлы ғылымдағы алғашқы қадамын поэзиялық зерт­теулерге арнап, поэзияны парасат деп білді. Нәтижесінде, 1986 жылы «Қазіргі қазақ поэмасының жанр­лық мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап, поэзия табиғатын танумен шек­теліп қана қалмай, күрделі жанрға мойын бұрып, 2000 жылы «Қазақ әдебиетіндегі тарихи шығарма: таным мен көркемдік» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Асылы, ­тарихи шығарманың құндылығы, тарихи шындық пен көркемдік шешімді тап басып тану қырағылықты қажет етеді. Десек те, зерттеуші бұл тақырыпқа батыл барып, тарихи кейіпкерлерді сомдау ерекшелігіне байланысты іргелі зерттеуге ұластырды. Мәселен, жазушы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Абылайхан тұлғасын жасаудағы автордың қолданған әдіс-тәсілдерін нақты көрсетіп береді. Әсіресе, шығармадағы аңыз-әңгімелермен қатар, архивтік материалдарды тарихи деректер негізінде шынайы келтіргенін ашып көрсетеді. «Аңыз бен тарихи дерек желісі роман сюжетінде қозғалысқа түсіп, қисынды қиюласқан, көркем шындыққа ай­нал­ған» деп ой тұжырымдауынан ғалымның терең талдауларға барып, автор түйіні мен тарихи шындық ­сипатының ара-жігін ашып береді. ­Абылаймен қатар Бұқар жырау бейнесінің де романда тарихи­ шындыққа негізделіп, көркемдік болжалмен өрнектелгенін нақты мысалдармен көрсетіп, оқыр­манға І.Есенберлиннің жырау мен хан тұлғасын жасау ерекшелігін танытады. Бұл ғана емес, осы уақытқа дейінгі ғалымның көркем мәтінді талдауға арналған «Поэма мен сюжет» атты оқу құралынан бастап «Ой орамдары»,­ «Поэзия парасаты»,­ «Көркем шығарманы талдау жолдары» атты үлкен зерттеу еңбекке дейінгі монографиялар мен оқу құралдарында көркем мәтінді талдаудың әдіс-тәсілдерінің үлгілерін көрсете отырып, шығарма авторының шеберлік қырларын ашады. Мектеп оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарында да бала ұғымына сәйкестендіріп, шығарманы түсіндіру әдістері қазіргі кезде де өзекті деуге болады.
Әдебиет – сөз өнері болса, сөз бен ән, күй табиғатын өрнектеп, оқырманға сезіндіре білу оңай емес. Қазақ әдебиетінде өнер тақырыбына қалам тербеп, өнерпаз тұлғасын паш ететін шығармалар да баршылық. Ал оларды зерттеп, зерделеу де таланттылықты қажет етеді-ау. Қ.Алпысбаевтың өнер мен өнерпаз тұлғасына арналған мақалаларынан өнер зерттеушісіне тән сезімталдық анық байқалады. Бұлай деуіміздің себебі, Құныпия Қожахметұлы әдебиет зерттеушісі ғана емес, ­талантты әнші, танымал өнер жанашыры. Әсіресе, қазақ халық әндерін, халық композиторларын насихаттауда еңбегі зор. Оған: «Ән салған Әсеттейін әсемдетіп», «Жыл болды Жәнібек ән салмағалы», «Күмбірлесе қоңыр күй», «Садықожа Мошанұлы», т.б. мақалалары куә. Ғалым шығармадағы өнер құдіреті, ән мен әнші обра­зының берілу үлгісіне де назар аудартады. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов шығармашылығындағы өнер мен өнерпаз әлемін көрсете отырып, дала сахнасындағы ән құдіретін берудегі М.Әуезов шеберлігін байқатады.
Қ.Алпысбаев әдебиет зерттеуші­лігімен қатар, ұйымдастырушылық қабілетімен жоғары оқу орнының дамуына да атсалысқандығын айтпай кетуге болмас. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет еткен жылдары кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары ­­(1974-1975), дайындық бөлімі деканының орынбасары (1987-1989), сырттай оқытатын филология факультетінің деканы (1993-1994) қызметтерін атқарды. 1996-2005 жылдары «Әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы» кафедрасының құрылуына атсалысып, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарса, қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. Шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ескеріліп, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының және «Құрмет» орденінің иегері болды.
Біз, аталған «Әдеби шығармашы­лық және көркем аударма теориясы» кафедрасына оқуға қабылданған алғашқы студенттер болғандықтан, бізге сапалы білім, кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар беретін ғалымдарды, жазушы, аудармашыларды шақыртуды басшы ретінде қолға алады. З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, Б.Нұржекеев, Ә.Тарази, т.б. белгілі ғалымдар мен қаламгерлерді біз үшін шақыртып отырғандығын, дәрістен қалмау қажеттілігін шегелеп айтқаны есімде. Одан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ. Нәтижесінде, жазушы қаламгерлер шығарманың жазылу тарихымен, жазушылық шеберханаларымен бөліссе, академик З.Ахметов ғылымның тұң­ғиығына бойлатып, әсіресе, Абай өлеңдерінің құрылымына талдаулар жасауды бар ықыласымен үйретті.
Қазақ әдебиетімен қатар, көр­кем аударма мәселелеріне назар аудар­ған ғалым, көркем аударма мәсе­лелеріне арналған мақалалар жазып, шәкірттерін де аударма жұмы­­сына бейімдеді. Дипломдық, магистрлік, тіпті кандидаттық диссертация тақы­рыптарында әдеби шығармаларға ғана емес, көркем аударма мен түпнұсқаны салыстыра зерттеуге арнап, қызықты тақырыптар ұсынды. Нәтижесінде, бірнеше ғылым кандидаттары ағайдың жетекшілігімен қорғады.
Құныпия Қожахметұлы ұстаздық қызметпен қатар, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі ретінде басқа да ғылыми еңбектердің қорғалуына атсалысты. Ғалымдық пен ұстаздықты қатар алып әдебиеттану саласында инновациялық идеяларды тәжірибеде жүзеге асыруда Құныпия Алпысбаев мектебі әлі де жалғасары сөзсіз.

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА

НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.