«АБАЙ ЖОЛЫНАН» – АБАЙ СӨЗІНЕ

Абай көшесінің бойындағы тасқа қашалған әлдеқандай жазбаға өткен-кеткен аялдап, мойын бұруда, енді біреулері ұзақ қарап тұр. Қаламсапты компьютердің пернетақтасы алмастырған алмағайып заманда алып қала орталығындағы үлкен даңғылға балбал тас қойып, оған сөз түсірген кім болды екен ­деген оймен жақынырақ барып үңілгенде әуелден таныс жазбаға назар ауды. Абайдың қара сөздері. Қазақтың қан тамырларына сіңіп кеткен Абай сөзі енді тасқа таңбаланыпты. Алматы шаһарында. Мыңмен жалғыз алысқан, жүрегіне дауа іздеп қолына қалам алған, «керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі» деген Абай ғақлиясын көз алдымда әркім оқып өтіп жатыр.

Алдымыздағы жылы Абайдың туғанына – 175 жыл. Мемлекет хакімнің атаулы ­мерейтойын өз деңгейінде атап өтуді мақсат тұтып, биылдан дайындықты қолға алды. Абай бүгін зиялының ғана аузында жүрген жоқ. Қазақтың басы қосылып, жинала қалса Абайды айтады, Абайдан мысал түйіп, көп арасынан иығын бір елі көтермек болады. Жұрт кітап оқудан қалды деп, жазармандар дабыл қағып, даурығып жатқанда, жапан түзде жалғыз өзі ойға батқан Абай сөзі өлшем болыпты.
Абай айтқан. Осы бір тәмсіл қазақ үшін Құраннан кейінгі бой түзер құбыласына айналыпты. Сөзуар халық көңілі күпті боп, күңіренгенде Абайдан ем іздейді, қуаныштан толқыған сәтінде де Абай сөзіне тоқтап, өрекпіген сезіміне құрық салады: «Апыр-ау, Абай не деп еді!?». Бейнебір Абай жыл өткен сайын заманмен бірге жасарып бара жатқандай. Қара сөздің құдыретін таныған әр қазақ хакіммен ұзақ сырласады. «Ұлы өнер, ұлы өмір уақытқа бағынбайды» депті Әбіш Кекілбайұлы. 175 жыл бізге көп көрінгенімен, шексіз уақыт кеңістігінде екі ұрпақ қана алмасқан мезет. Одан бұрын қазақта Абай болмаған дегенді бір сәт елес­теткенде «Сонда жұрт кімді оқыды? Кімнен ақыл сұрады?» деген сауалдар санаңды ыңғай торлап алады. Ауыздан ауызға өтіп жүрген жақұт жырынан бөлек, қазақтың Абайға дейін қолға алып оқырлық кітабы болды ма екен?..
Абай. Осы бір есім аталса болды, хакімнің кемел шағынан бұрын, ең бірінші, кең далада тұлпарының тізгінін тартпай көсіле шапқан бозбала Абай елестейді. Бұған дейін үйден ұзап шықпаған, тұңғыш рет ауылынан алыстағанда Зере әжесінің алақанын аңсап, Ұлжан анасының ыстық құшағына еніп ­кетуге асығып келе жатқан он үш жасар бала Абай. Абайды біз ең алғаш Әуезов арқылы таныппыз. Өлеңін мектеп қабырғасында оқып, жаттағанмен, оның кім екенін білуге құштарлық тек жоғары сыныпқа көшкенде ғана қылаң берген. Алғашқы әсер, жанды ­сурет, көз алдыңда жайылып жатқан көшпенді қазақ өмірі – бәрі-бәрі де жиналып келгенде бас кейіпкермен бірге ендігі ғұмырыңнан ажырамастай боп, қиялға кіріп алған. «Абай да біз секілді бала болыпты, оқыпты, оқығанының арқасында елден озыпты». Бұл әдебиет пәні мұғалімінің құлаққа құйғаны. Бірақ бізді сол кезде бас кейіпкердің кітап оқығаны қызықтырмағаны анық. Абайдың ел аралағаны, әлі бұғанасы қата қоймаған бозбала көз алдында тізбектеліп өтіп жатқан көшпендінің өмірі, әке алдындағы абыржу, анаға құрмет, сүйген жарға деген алғашқы ынтызар сезім – осылардың бәрі де бірте-бірте Әуезов тілімен жүрекке ене берген. Сосын барып қана кемеңгер жанның жазбасына бейіл қойғанбыз. Әуезов тілімен көңілге ұялаған қазақ өмірінің соншалық сұлу суреті Абай тілімен оқығанда әуелгі әсердің күл-талқанын шығарған. «Осынша сынап, мінеген қазағы Абайды қалайша жақсы көреді? Абайша қазақтан асқан икемсіз жұрт жоқ екен. Басында мән бермей оқыппыз. Әуезовтің жер-көкке сыйғызбай мақтаған Абайы қазақтың сау-тамтығын қалдырмапты…». Осындай мазаң ойлар онсыз да дегбіріңді алып тұрғанда бір ­танысымыз көмейге тығылған «құнды» ойларын армансыз ортаға салған: «Дүниеде таршылық көрмеген байдың баласы қара халықтың жайын­ қайдан білсін!?». Қызу таластың қалайша өршіп кеткенін байқамай да қалғанбыз. Ылғи да кітаптан бас көтермейтін бір ағамыз сонда оны тыйып­ тастаған: ­«Немене, Әуезов Абайды бай болғаны үшін жазып па?». Талқыға салсақ, Абайдан артық тақырып жоқ екен қазақта. Әуезовтің Абайы­на деген қылаусыз көңіл сонда хакімнің өз кітабын қайтадан қолға алғызған.
Тынымсыз айналған көлік доңғалағын­дай зырылдап өтіп бара жатқан уақытпен бірге біз де бәріне асыға қарайды екенбіз. Абай – сабыр, ақыл айтпақ болса, тың­да­мап­пыз. Ес жиып, өз-өзіңді сырттан бақылағанда сол замандағы хакімнің қапысыз таныған көп қазағының бірін көргендей боласың. Сондайда тар заманда әр қазақтың ішіне үңілген Абайға қайта жүгінесің. Ол жарадар жанды сөзбен емдеуге­ тырысыпты. Ғапыл дүниенің болымсыз бояуына алданбапты. Адам адамға қасқыр боп жатқан кезеңде адам адамға бауыр депті. Қалың елінің қайғысын жұтып, уын ішіпті, бірақ құламапты. Алып бәйтеректей тамырын тереңге жіберіпті.
Абай адам баласының ең қасиетті құндылықтарының қадірін оның ең бір қасиетсіз мінездерін өзіне көрсетіп сынау арқылы ұқтырмақ болғандай көрінеді. Сондықтан да шығар, оның ғибратын оқығанда өзіңнің бойыңдағы ұнамсыз мінезіңді танып, ұялатының. Пенде болып, жер басып жүргеніңде бүкіл әлем кірінен тазамын деп ойлаудың өзі күнә шығар, бәлкім. Сол тазалықты іздеп, тағы да Абайға бет бұрасың. Абай саған ұрыспайды, не болмаса бейжайлық та танытпайды, тек қана көз жеткізген ақиқат-ақылын айтып, бағыт береді. Егер жолыңнан жаңылып бара жатсаң, түзулеп қояды. Сол үшін де онымен қатар жандай қайта-қайта сырласасың.
Абай қашанда тұла бойы сабырдан жаратылған ұстамды ұстаз кейпінде көрінеді де тұрады. Оның өлеңдері ақын болмысына тән буырқанған сезімге емес, байсалды ойға құрылыпты. Жан қиналысын бейнелеп жазған жырының өзі тұнып тұрған ақыл мен сабыр. Абай сөзге келгенде соншалық ұстамды. Бірақ «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақты» көргенде сілкініп алады да, улы сия, ащы тілмен мысқылдап өтеді.
Абай тіліндегі улы мысқыл шексіз дүниені танып болған соң, ондағы күйбең тірлікке баспен кіріп кеткен бүгіншіл елдің мінезіне күйінгеннен пайда болған шығар, бәлкім. Оның басқа ақындардан айырмашылығының бірі адам бойындағы ұнамсыз қылықтарды ащы сарказммен шенеуінде жатқандай. Бар малын шығындап билік алған, одан ешбір рақат көрмесе де осылай елден озғанына мәз болған болыс пен бірде арызқой, бірде көнбіс елдің боямасыз бейнесімен де Абай таныстырған. «Болыс болдым, мінеки» өлеңінен сол дәуірдегі хакімнің маңына жиналған көп адамның тұрпатын танисың.
«Сөзден күшті нәрсе жоқ» депті ­Менандр. Абай халқын сөзбен сынапты. Хакімнің сынаған кейіпкерлерін кітаптан ғана емес, өмірдің өзінен кездестіресің. Ел арасында «Қазақ өзгермей, Абай ескірмейді» деген пікір айтылып жүр. Егер олай болса,­ Фалестен бастап, Сократ, Аристотель, Фарабилерді мың жылдан кейін іздемек түгіл, атын да атамас па едік, кім білсін. Абай халықты сынаушы ғана емес, жол көрсетуші. Горькийдің Изергиль кемпірден естіген «Данко туралы аңызын» еске алыңызшы. Күн сәулесі түспес қараңғы орманда жарықты көруді арман етсе де, қайғырудан басқа түк бітірмеген көптің арасынан жалғыз ғана жас Данко суырылып шығып, жол ­бастамаушы ма еді? Ал оның артынан еркімен ерген көп болса бітпейтіндей көрінген ұзақ сапарға төзбестен Данконы жазғырған. Бұған шыдамаған Данко сол сәтте кеудесін қарс айырып, жанып тұрған жүрегін суырып алған да, жоғары ұстап халқын алға бастай берген. Жолсыздан жол тапқан жас жігіт қараңғы қалың орманнан күн көрінер алаңға шыққанда құлап кетіп, жан тәсілім етіпті. Сонда оның алдында әлі де жанып жатқан алауды көрген әлдебіреу ақырын барған да өзін құтқарған аяулы жүректі табанымен таптай салған. Данконың адамды шексіз сүйген ғазиз жүрегінің ұшқыны сол сәтте шашырап-шашырап барып сөніпті. Абай да қалың қазағы үшін жүрегін кеудесінен суырып, соның жарығымен жол іздеген ­бастаушы. Егер артындағы жұрт оны түсінген болса, талай рет тауы шағылып, пұшайман болған ақын бейнесі тарих жадында мәңгілік сақталып қалмаған болар ма еді?..
Абай бірде «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп келіпті де, енді бірде «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» депті. Содан да болар, кемеңгер ақынның кез келген өлеңін оқығанда әртүрлі көңіл күйге еніп, тұңғиыққа батып бара жатқандай болатының. Кейде ол шешілмейтін жұмбақтай ойыңды сан-саққа әкетеді. Абайдың өлеңін әр жаста оқыған жан әртүрлі ой түйеді деген сөзде шындық бар секілді. Ол және әртүрлі көңіл күймен оқысаң, әрқалай әсер етеді. Бейнебір хакімнің өзі біздің жүрегімізге әуелден терең бойлағандай.
Абайдың қазаққа қалағаны пенде емес, адам болу екен. Адам болғанда да, жұртының «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған» толық адам болуын армандапты. Оның аузынан оп-оңай төгіліп түсе салған осы бір тәмсіл тілге жеңіл тигенімен, ұстанып жүру қиын. Ақылың жеткен жерге қайратың жетпей қинаса, кейде қайрат қылсаң да жүрегіңе қонбайтын кездер болады. «Сонда не істемек керек?» деп, пенделігің есіңе түсіп, енді өзіңмен бірге хакімді де жазғыра бастайсың.
Абай жапан далада жатып, мал емес, ой бағыпты. Қазақтың мінезін танып, түземекке тырысыпты. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келгенде: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсыз, байлау­сызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» депті хакім бірінші қара сөзінде. Сосын барып, арқыр аяғында ақ қағаз бен қара сияға жүгініп, ойына келген сөздерді жазып қалдырмаққа бекіпті.
Сөз. Есіме Борхестің осыған байланыс­ты бір әңгімесі түсіп отырғаны. Қараңғы қапаста қамалып, санаулы сәттерін күтіп жатқан бір мұңлықтың Құдай сөзін іздейтіні бар еді. Қанша іздесе де еш таба алмаған. Соңында өзінің қасындағы келесі бір қапаста жатқан ягуардың жолақтарынан көріпті әлгі сөзді. Ол қандай сөз? Бұны білу бейшара мұңлыққа оңайға түспепті. Ойлана-ойлана әлгі ягуардың денесіндегі әрбір жолақтан киелі құпияның жұмбағын шешіпті. Бар-жоғы он төрт сөз. Сол он төрт сөзде бүкіл әлемнің сыры жасырынған. Егер оны оқитын болсаң, жер бетінде сенен асқан құдыретті жан болмайды. Бұл құпияны тапқан әлгі мұңлық не істеді дейсіз ғой?.. Қолында тұрған Құдай сөзін оқудың орнына үнсіз ғана қапаста қалуды жөн көріпті. Ол сөздің мәнін білген адамға дүниенің қызықтарының керегі жоқ екен. Бұны не үшін айтып отыр деп сөкпеңіз. Ғаламның сырын ұғып, кемеңгерлікке жеткенде Абай да өз жұмбағын оқырманға белгісіз қалып қойған осы бір сөздей кейінгілерге жасырып кеткен шығыр. Мүмкін, істегің келген нәрсені істемеуде де мағына бар болар…
Абай шығармашылығын зерттеген ғалымдар оның туындыларында көрініп тұрған мәннен басқа да жасырын жатқан құпиялардың болуы ықтималдығын айтыпты. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырларын екшей келгенде, Абай екінші, яғни көрінбеген сырларға көбірек бейіл қойған сияқты. Қырық үшінші қара сөзінде адам баласының екі нәрседен – жан мен тәннен екенін, бұның ішінде жан қуа­тының мықтылығын алға шығарыпты. Жан қуатының мықтылығын алға шығара отырып та адам баласының ақыл, қайрат, жүрек мәселесіне тағы тоқталыпты. Бұл жерде де жүректі ерекшелепті. Жүрек… Ізгі­лік атау­лының бәрі осы жерде депті хакім.
Адам баласын екі дүниенің сырын білмекке шақырған кемеңгер ақын бірде «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» десе, енді бірде «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ, Ертең өзің қайдасың, білемісің? Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ» депті. Абай шығармаларының бәрі де бір-бірімен байланысып жатқандай көрінеді. «Ескендір» поэмасында да тойымсыздықты сынай отырып, нәпсіге ерген тәннің соңында тек тозаңға айналып, жоқ боларын меңзегендей. Абай Ескендір патша туралы шығыс пен батыстық әпсаналарды қатар салыстыра қарап, «Ескендір» поэмасына бұл екеуіне де ұқсамайтын мүлде жаңаша мағына үстепті. Ескендірдің дүниені билемек болған ашкөздігін айтып келіп, «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!» деп, бүкіл адамға ақыл тастапты. «Масғұт» поэмасы Шығыс фольклорының сюжетіне құрылғанымен, бұны да Абай өз ойының елегінен өткізіп барып, жаңаша мәнмен жазыпты. Бұнда хакім дастандарда жиі ұшырасатын жар таңдау жайын ғана емес, «көпте ақыл жоқ» деген ойды қозғапты. Сау адамды жындыға шығарған көпті сынай келе, поэманың соңын «Көптің бәрі осындай, мисал етсең, Көп айтты деп алданып, уағда күтсең. Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың, Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең» деп аяқтапты. Дәл осы идеяны Абай отыз жетінші қара сөзінде де айтқан: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал». Хакім бұның ебін ҰЛЫ ӨНЕР – СӨЗДЕН тауыпты.
Абай өз уағында бір қалыпта тұрып қалмай, үнемі өзгеріп, жаңарып, ақыл-парасатын жетілдіріп отырыпты. Сейіт Қасқабасовтың айтуынша, әуел ­баста Шығыс классикасы мен қазақ халық әдебиетіне, ­жырау мен ақындар поэзиясына үйір ­болып, соларға еліктеген Абай, есейген тұста, керісінше, «ескі билерше бос мақалдағысы» келмей, Шығыс поэзиясынан да алшақтапты. Ал 80-жылдардан кейін, кемеліне келген кезден бастап «ол Шығыспен қайта табысады, бірақ енді орыс, Европа әдебиеті мен мәдениетін меңгеріп алып, үлкен білім биігінен Шығыс поэзиясына, әсіресе, фольклорына жаңаша назар салады. Бұл жолы ұлы ақын Шығысқа басқа өреде, басқа мақсатта қарайды. Сөйтіп, ол енді Шығыс пен Батысты ұштастыра, бірлікте, екеуін бүкіл адамзат цивилизациясының екі тармағы деп түсінеді, бір бүтіннің екі бөлшегі деп пайымдайды».
Абай кітабын парақтап болып, қайта жапқаныңда көзі емес, көкірегі жылаған хакімді шектеулі ақылмен түсіну мүмкін бе деген мазаң ой жаныңа тыным бермейді. Бәлкім, Абайға ақылмен емес, жүрекпен бару керек шығар… Бірақ ол сезімнің емес, ойдың ақыны екенін ескергенде, бұның да бекер екенін іштей пайымдап, үнсіз ­қа­ла­сың. Ақылға жүгінсең, Абай тұңғиығына батып бара жатқандай болатының тағы бар. Әйтеуір, әр қазақтың өз Абайы бар екені анық.
Әдетімше Абай даңғылымен жұмысқа жаяулатып жүріп келемін. Көше бойындағы хакім ғақлиясы бедерленген тастарға ауық-ауық көз салып қоямын. Абайдың рухы ­Алматы аспанында ұшып жүргендей. Абайдың жаны Алматыға бір мезет қонақ болғандай. Абайдың иісі Жидебайдан шы­ғып, Алматы желімен бірге танауыма келеді.

Нұрлайым БАТЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. wee

    Танауыңа емес, мұрныңа

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.