Қаламгер әрі ұстаз

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, белгілі қаламгер Сайраш Әбішқызының «Шығармашылық – шырағым, бақ жұлды­зым» атты кітабының таныстырылымы өтті.

Шараны халықаралық «Алаш» сыйлығы­ның иегері Мағира Қожахметова мен «Қазақ» радиолары» ЖШС Алматы филиалының жетекшісі, ақын Бақыт Жағыпарұлы жүргізді. Ұлттық кітапхананың директоры Бақыт­жамал Қайырбекқызы кіріспе сөз сөйлеп, қаламгердің шығармашылығына тоқталды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «География және табиғат» журналының бас редакторы Әбубәкір Қайран, сатирик, жазушы Еркін Жаппас және т.б. сөз сөйлеп, қазақ баспасөзі ардагерінің өмір жолынан сыр шертті, жаңа кітабы жайында жылы лебіз білдірді.
Кітаптың алғысөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мағира Қожах­метова: «Байқасаңыз, бір емес, бірнеше адамның еншісіне бұйыратындай-ақ іс-әрекет, атақ, абырой. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде жетсе керек мұның бәріне. Журналистік, ұстаздық ізденісінің негізінде қандай мәселені қаузаса да бүге-шігесіне дейін нақты талдайтын өресі таңғалдырады» дейді. Осы бірауыз сөзден қаламгердің бүкіл шығармашылық бейнесі айқын көрініп тұрғандай.
Сайраш Әбішқызы еңбек жолын «Социа­листік Қазақстан» газетінен бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында жалғастырған. Республикадағы педа­гогикалық басылымдар «Қазақстан мектебі» мен «Бастауыш мектеп» журналдарында 30 жылға жуық басшылық қызмет атқарды. «Қазақстан мектебі» журналы жанынан «Отбасы және балабақша», «Информатика, физика, математика», «Қазақ тарихы», «Биология, география және химия» сынды бірқатар пәндерге арналған журналдар ашты. Алматы қаласы мәслихатының депутаты және «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалының жетекшісі ретінде де қоғамда ұлттық мүдденің қорғалуына айтарлықтай үлес қосты.
Күні бүгінге дейін ұлт үшін қызмет етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Биылғы өткен тамыз мәслихатына орай да өз пікірін білдіріп, «Барлық ұлттық құндылықтардың қайнары – ана тілінде! Мектепте әлі буыны қатпаған, сөйлеу тілі қалыптаспаған, өз ойын ана тілінде толық жеткізе білмейтін баланы, өзі білмейтін екінші тілмен күштеу – бала психология­сына үлкен соққы. Ана тілінен алыстау деген – ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүрден, ән-күйімізден алыстау» деп жанашырлық ­танытып, ұлт болашағының мемлекеттік тілмен көктейтінін айтқан болатын.
Елордадағы «Фолиант» баспасынан­ жарыққа шыққан еңбекке ардагер журналистің әр жылдары жазған өзекті мақалалары топтастырылған.

Бағдагүл Мұратқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.