ЖЫР ИЕСІ – ЖИЕНБАЙ

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­тория­сының үлкен  концерт залында «Халық әні» кафе­дра­сының ұйымдастыруымен Сыр өңірі жыраулық мектебінің үлкен тармағы – Жиенбай жырау мектебінің негізін қалаушы Жиенбай Дүзбенбетұлының 155 жыл­ды­ғына арналған «Жыр иесі – Жиенбай» атты концерт өтті. 

Кешті жүргізген белгілі жыршы Берік Саймағамбетов бағзы дәуірден өміршеңдігін жоймай келіп жеткен киелі өнер – жыраулық дәстүрі бүгінгі күні де ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырғанын жеткізді. Соның ішінде қазақ жырының қаймағын сақтап отырған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылынан 100-ден астам ақын жырау, шайыр шыққан. Бұл ретте өзінен кейінгі өнерпаздарға ерекше үлгі-өнеге қалдырған, жырдың киесі мен мейірін бүгінгі күнге ұластырған Жиенбай­ жыраудың орны бөлек. Концертті жыраудың немересі, қазақтың жыраулық өнерінің жәдігер тұлғасы – Бидас Рүстембеков атақты жыраудың «Бастау» жырымен ашты. Бұдан кейін Бидас жырау мен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова «Көрұғлы» дастанынан үзінді айтты.
Концертте қазақпен қатар түбі бір түркінің өзге де елдерінен келген дәстүрлі өнер иелері жырдан шашу шашты. Әбдіназар Поянов пен Мухаммад Ешбоев «Көрұғлы» дастанының өзбекше нұсқасын жырласа, қарақалпақстандық Гүлнар Алламбергенова мен оның шәкірті Гүләйім Өтешова халық дастанынан үзінді айтты. Осы шараға арнайы келген Иран ислам республикасының өнерпазы Шейх Халилоллах ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен дәстүрлі мақамын шырқады.
Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембеков кеңестік кезеңде жыраулық өнердің туын қайта көтерген тұлға болатын. Қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырып үлгерген Көшеней жыраудың өнерін бүгінде оның ұлы Арнұр Көшенеев жалғастырып жүр. Концертте­ Жиенбай­ жыраудың шөбересі А.Көшенеев Ж.Жолдиновтың «Көшенейге арнауын» және И.Дүйсебаевтың «Көшенейдің соңғы хаты» монологын орындады.
Сондай-ақ жыр кешінде консерватория студенттері – Ұлжан Байбосынованың шәкірттері Тұрар Айдос, Әлішер Мырзағалиев, Ерсейіт Әлиев жырсүйер қауымды термелерден сусындатты. Бабалардан қалған жүйелі сөзді жеткізіп, халқымызды рухани сусындатып жүрген өнерпаздар консерватория ректоры А.Жүдебаевтың атынан­ алғыс хаттармен марапатталды.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.