Жұмекен рухы жаңғырды

Соңғы бірнеше жылдардан бері қазақтың классик ақыны, Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранының авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденов атында ұйымдастырылып келе жатқан көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы Атырау өңірінде биыл да жоғары деңгейде өтті. Ақын атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің сынақ-байқауына дайындық жұмыстары ақынның туған жерінде басталды.

Ең әуелі аудандық деңгейде өткен байқау-сынақтардың кезінде Жұмекен жауһарларын жарқырата білген жас ­дарындар ерекшеленіп, облыстық сайысқа жолдама алса, ал облыстық байқауда алдағы республикалық деңгейде өткі­зілмек байқауда өнер сынасып қана қоймай, қазақтың маңдайына біткен дара дарынның шығармашылық биігін көркемсөз оқу шеберлігі арқылы өз дәрежесінде көрсете білу машығындағы даралыққа баса мән берілді. Дәл осындай сын, дәл осындай жауапкершілік еліміздің әр өңіріндегі атақты ақын атындағы биылғы байқау-сынаққа қатысуға тілек білдірушілердің арасында да қызу өткендігі анық.
Бұны біз жуырта облыстың ­Құр­манғазы­ атындағы мәдениет ­сарайында өткен Ж.Нәжімеденов атын­дағы республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің төртінші рет ұйым­дастырылып отырған бай­қауында анық байқадық. Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаев қысқаша сөз сөйлеп ашып, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сынақ-байқауға қатысушыларға арнаған құттықтауын жеткізіп, қазақ әдебиетінде есімі алтын әріптермен жазылып қалған дара тұлғаның атындағы байқауға қатысуға тілек білдірушілердің жыл сайын ұлғайып, аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып келе жатқандарына ризашылығын білдірді. Қатысушылардың алдағы сынағына сәттіліктер мен әр жүйріктің өз биігінен көріне білуіне тілектестігін жеткізді.
Биылғы байқау кезінде анық көз жеткізгеніміз, ақын атын­дағы байқау жыл өткен сайын өзін­дік ерекшеліктерімен көңіл аудар­тып, соны сипаттарға ие болуда. Ақын атындағы кезекті байқауды ұйым­дас­тырушылардың алдын ала бірқатар игілікті істерді қолға алып, қатысушы­лардың ақын, жазушының бай шығар­машылығын әр қырынан қамтып, идеялық-мазмұндық жағынан байыта түсуге баса мән бергендіктерін байқауға болады. Байқауға қатысушы жиырмаға жуық үміткердің шығармашылық тұрғыдағы бәсекелері кезінде олардың Жұмекен шығармашылығын терең білетіндіктері, оның туындыларын қызығып, құмарта оқығандықтарымен бірге, соны да рухы биік, әрі бүгінгі күн, бүгінгі адамдардың рухымен үндес ­туындыларды таңдай білгендіктері көңілге қуаныш ұялатты. Соның нәтижесінде қатысушылар өздерінің даралықтары мен шеберліктерін өздері қалағандай дәрежеде таныта отырып, ­­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмекентануға өзіндік өрнектерін қосып, Жұмекен оқу­ларының қазақтану, елтанудағы келешегі зор екендігіне көз жеткізе түскендей болғандығын да айтқымыз келеді.
Нәтижесінде байқау-сынақтың Бас жүлдесі Алматы қаласындағы №24 лицейдің қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Динара Бай­мұ­хам­бетоваға бұйырды. Бірінші орынды маңғыстаулық жеке кәсіпкер Әлия Бекішова, екінші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұрсұлтан Бақтыбай мен Ақмола облысынан келген Еркебұлан Байқасов, үшінші орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Нұрсұлтан Әлімбаев, Қостанай қаласындағы ­балалар шығармашылығы мектебінің қызметкері Сырым Жанжігітов және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Ақбаян Алпысбай иемденді.
Жұме­кендей ұлы тұлғаның атын­дағы респуб­ликалық оқулардың жұмекентанумен бірге, елтану, рухани жаңғыру бастамаларына жол ашып, қазақ әдебиеті, қазақ мәдениеті, қазақ өнері, қазақ тілі әрдайым бірлікте дамып, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін арттыра түсе­тіндігіне де көз жеткізгендей болды. Елдің рухы, рухани тұтастық деген де, сірә, осы шығар.

Г.ИГІЛІКҚЫЗЫ,
Қ.ШЕРНИЯЗҰЛЫ
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.