ТҮСІНІСТІК ОРНЫҒЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру ­керек» деген тапсырмасын ғалымдар асыға күткен, осылай боларына үміттенген. Міне, дәл қазір сол сәтке де жетіп отырмыз. Кезінде теледидарға берген сұхбатында Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев бұл мәселені шешетін, соңғы нүктені қоятын ғалымдар болу керек деп баса айтқаны да есімізде және көңілімізге медеу-тін. Енді осы бағытты ұстанып, маңызды елдік шаруаны науқаншылыққа ұрындырмай, филолог ғалымдардың сөзіне құлақ аса әрекет етсек, түбі, мақсатқа жететініміз анық.

Латын әліпбиіне көшуге дайын­дық­ кезеңінде, ал бұл аз емес – 30 жылға жуық уақыт бойы қазақ тілі мамандары­ мен түркітанушылардың аталған ­мә­селеге қатысты пікірлері әрқашан бір­дей болған және еш өзгеріссіз қалып отыр.
Түркі мемлекеттерінің тілшілері бұл мәселені алғаш рет 1991 жылы ауқымды түрде талқылады. Үш күн бойы Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Қарақалпақстан, Тува, Алтай, ­Хакассия, ШҰАА, Қабарда-Балқар, Дағыстан, Қарашай-Шеркес, Сақа-Якутия, Гагаузия, Солтүстік Кипр, Қырым филолог-тілшілері және Еуропаның ірі түркі диаспораларының өкілдері түркі тілдеріндегі бірдей ды­быстарды бірдей таңбалармен (әріптермен) беруге (жазбаша түрде, қолхатпен) келісті. Аталмыш­ тарихи форумға Қазақстаннан осы мақаланың авторы және филология ғылымының докторлары, профессорлар – К.Құсайынов пен Ә.Жүнісбек қатысты.
Содан кейін 1992-1995 жылдары Қазақстанда, Әзербайжанда, Қыр­ғызстанда және Түркияда өткізілген бірнеше халықаралық конференция­ларда бұл мәселе жан-жақты тал­қыланып, латын әліпбиі қоса берілген нақты қарарлар қабылданды. Аталған іс-шараларға жоғарыда аталған ­ға­лымдармен бірге ұстазымыз – академик Ә.Қайдаров қатысты.
2006 жылдан бастап 2016 жылға дейін қазақ тілін латын графикасына­ көшіру мәселесі кешенді түрде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жан-жақты зерттеліп, бірнеше монография, мақала жинақ­тары түрінде қорытылып, егжей-тегжейлі талданды.
2012 жылы 1 желтоқсанда түркітілдес мемлекеттердің халықаралық ынты­мақ­­тастық ұйымы «Türk Keneşi» Қазақстан Республикасының Пре­зиденті­ Н.Назарбаевқа ар­нал­ған ар­найы ­жиында барлық түркі мем­лекеттеріне 1991 жылы қабыл­данып, кейінгі жылдары бірнеше ха­лықаралық конференцияларда мақұл­данған ортақ латынграфикалы әліпбиді ұстануды ресми түрде ұсынды.

2015-2016 жылдары Халықаралық Түркі академиясы аталған мәселені арнайы зерделеуді ұйымдастырып, латын әліпбиіне көшкен түркі мемлекеттерінің тәжірибесі мен осы жазуды пайдаланатын бірқатар еуропалық елдердің тәжірибесі де мұқият зерттелді. Нәтижесінде 2017 жылы Академия қолдауымен А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары жұмысының қорытынды нәтижесі ретінде – қазақ тілінің ұлттық латын әліпбиі ұсынылған ғылыми монография жарық көрді.
Қазақстан Республикасы Президен­тінің жанындағы «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарлама­сын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында 2017 жылдың сәуір айында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» жұмыс тобы құрылғаннан кейін әртүрлі бейіндегі лингвист-ғалымдардан, түркологтардан, жазушылар мен журналистерден, баспа саласы қызметкерлерінен, компьютерлік технология мамандарынан, қоғам қайраткерлерінен, БАҚ және интернет-порталдар редакторларынан, қоғамдық бірлестіктерден, ҒЗИ басшыларынан және мемлекеттік органдар өкілдерінен (23 адам), сараптамалық кеңес (8 адам) және әріптестік қолдау тобынан (17 адам) тұратын өкілетті топ жарты жыл ішінде жүздеген нұсқаларды талдап, 2017 жылдың тамыз айының соңында қазақ тілі әліпбиінің түпкілікті бір нұсқасын ұсынды.
Жоғарыда айтылған латынграфикалы әліпбидің барлық нұсқалары бір-біріне барабар болғанын және көп жағдайда бірдей әліпби ұсынылғанын айтуға тиіспіз.
Басқаша айтқанда, ғалымдардың пікірі әрқашан бірауызды және бірдей болды.
Бұл жайт осы мәселенің жан-жақты зерде­ленгенін және қазақ әліпбиінің оңтайлы үлгісін таңдау бойынша ешқан­дай мәселенің болмағанын дәлелдейді.
Кейін қоғамға әліпбидің басқа үш нұсқасы ұсынылды – диграфпен (Парламентте), апос­трофпен (бірінші Жарлық) және акутпен (соңғы Жарлық). Бұл нұсқаларға филолог ғалымдардың және «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы «Қазақ тілін ­латын графикасына көшіру жөнін­дегі» жұмыс тобы мүшелерінің қа­тысы жоқ екенін мойындауға мәжбүрміз.
Қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиі қандай болу керек деген сұраққа жауап беруге тырысайық.
Жаңа қазақ әліпбиі ең аз дегенде негізгі үш талапқа жауап беруге тиіс.
Бірінші. Ол – ана тілі, яғни қазақ тілінің ­дыбыстары мен заңдарының шы­найы табиғатына толық жауап беруге тиіс.
Екінші. Ол жақын туыс түркі тілдері үшін түсінікті болғаны жөн. Тұлғасы жағынан да, мағынасы жағынан да бір-біріне ұқсас мыңдаған сөздерді әртүрлі жазудың еш мәні жоқ.
Үшінші. Ол дыбыстарды берудің латын жүйесінің қағидаттарын бұзбауы және тілді тұтынушыларға «таныс болуы», сондай-ақ қазақ тілінің латынграфикалы білім беру, ғылым, ақпараттық-техникалық кеңістікке бейімделуі мен енуіне ықпал етуге тиіс.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жетілдірілген әліпби осы жоғарыда келтірілген талаптарға жауап беруі шарт.
Сонымен, Халықаралық Түркі академия­сының, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі» жұмыс тобының, «Türk Keneşi» түркі тілдес мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастық ұйымының ұсынымдық шешімі бойынша, бес-алты халықаралық ғылыми конференция қарарларының негізінде даярланған бір ортақ нұсқасы төмендегідей:

Бұл әліпби жобасының құрамынан ç әрпін алып тастау да қиынға соқпайды. Чемпион деген сөзді қазақ шемпион десе, еш өрескелдігі болмас. Вагонды да қазақ уагон деп айтатыны белгілі. Дегенмен, күрт өзгерісті бірден жасамаған жөн болар деген пайымға тоқтадық. Қазір «оғаш көрінетін» кейбір жайттар бірер уақыт өткен соң тілдік заңдылықтарымызға бейімделіп, әлі де ретке түсері анық.
Тағы бір маңызды шарт: ұлттық, елдік маңызы бар брендтік атауларды, мүмкіндігінше, өзгертпеуге тырысу керек деп ойлаймыз. Мысалы, соңғы жылдары ұлттық брендтеріміздің қатарына, сөзсіз, Елбасының аты-жөні де енгені ақиқат. Астанамыздың аты Nur-Sultan, университет пен зияткерлік мектептеріміз, көптеген даңғыл, көше аттары, әуежай Nazarbayev деп таңбаланады. Осы есімдегі қазақтың ұ дыбысын u әрпімен, й дыбысын y әрпімен берген дұрыс болар деп есептейміз.
Біріншіден, бұл халықаралық прак­тикаға сәйкес таңбалау түрі (Toyota, New York). Екін­шіден, өзімізге де, бауырлас түркі елдер үшін де, шетелдіктер үшін де түсінікті және оқуға ыңғайлы.
Дәл солай, і әрпімен төл сөздерде [і] дыбысын таңбалаймыз: ini, kim, til, din. Кірме сөздерде осы таңба кейде [и] дыбысын беретінін ережеде ескертеміз: ministr, internet деген сөздерді шет тілдердегідей [министр, интернет] деп оқуға болады. Керек болса, осындай сөздеріміз уақыт өте қазақыланып, [інтернет] болып айтыла бастауы әбден мүмкін.
Олай болса, о – ö, u – ü, a – ä сияқты і ды­бы­сының [ы] сыңары ұқсас ı таңбасы­мен берілетін болады.
Басқа тілдердің дыбыстарын төл таңбалармен беру – халықаралық практика. Мәселен, орыс тілінде қазақтың [w] дауыссыз дыбысы болмағандықтан, олар оны өздерінің кейде в таңбасымен (Көкшетау – Кокчетав), кейде дауысты дыбыстың у әрпімен (мысалы, орысша қазақтың саумал сөзін савмал демей – саумал деп жазады) таңбалайды.
Дәл солай біз де u әрпімен төл сөздердегі [ұ] дыбысын да (ult, tul, tur, Nur-Sultan), кірме сөздерде кездесетін дауысты [у] дыбысын да (universitet, prokuratura) беретін боламыз.
Жоғарыда айтқандай, орыс тілінде қазақ­тың дауыссыз w дыбысын таңбалайтын әріп бол­мағанымен, ол таңба латын әліпбиінде бар. Сондықтан төл дауыссыз дыбысымызды таң­балауға еш кедергі жоқ: taw, sawap.
Қазақ тілінің жоғарыда ұсынылған латынграфикалы әліпбиі қабылданса, орфографияға байланысты көптеген даулар мен мәселелер өздігінен оңай шешіледі. Қазіргі нұсқада дау туғызатын maı aýystyrý «май ауыстыру», keıіdi «кейіді», prokýratýra, ýnıversıtet және т.б. көптеген мысалдар түсінікті жазылатын болады: may awıstıruw, keyidi, prokuratura, universitet және т.б.
Нәтижесінде қазіргі кезде әліпбидің кем­шіліктеріне байланысты қиындық туғызып отырған қазақ тілінің орфогра­фиялық және орфоэпиялық ережелері жиынтығын аяқтау айтарлықтай жеңіл­дейді.
Қазір қоғамда, әсіресе, ғылыми қоғам мен ­зиялы қауым арасында бұл мәселе төңірегінде толық түсіністік қалыптасты.
Осы орайда, бұл мәселелерді Қазақ­стан Республикасының Президенттігіне канди­даттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі лингвисти­калық комиссия мүшелері, түркітанушы ғалымдар – Мырзатай Жолдасбеков,­ Әділ Ахметов және осы мақаланың авторы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа айтып, ол кісінің тарапынан түсіністік тапқанын атап өткіміз келеді.
Ғылыми лингвистикалық қағидат­тарға жауап бермейтін графикалық жазу жүйесін енгізудің материалдық және моральдық салдарларын ескере отырып, қазіргі латын әліпбиіне түзетулер енгізу барынша қысқа мерзімде және осы сала мамандарының қатысуымен жүзеге асырылатынына үмітіміз зор.

Ерден ҚАЖЫБЕК,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

10 Пікір

  1. QAZAQ

    Жазуымызды жеңілдету үшін емес, жеке мақсатына көндіру үшін жасалған мақала ғой мынау…

  2. Musa

    Ұзаққа созылмай, əліпби мен емле ережелері ресми түрде тезірек бекітілсе жақсы болар еді…

  3. Qazaq jazıwı

    Aa — a
    Ää — ә
    Bb — б
    Cc — ч
    Dd — д
    Ee — e
    Ff — ф
    Gg — г
    Ğğ — ғ
    Hh — х/һ
    İi — і/и
    Iı — ы
    Jj — ж
    Kk — к
    Ll — л
    Mm — м
    Nn — н
    Ńń — ң
    Oo — o
    Öö — ө
    Pp — п
    Qq — қ
    Rr — р
    Ss — c
    Śś — ш
    Tt — т
    Uu — ұ/у
    Üü — ү
    Vv — в
    Ww — ў
    Yy — й
    Zz — з

  4. Zeinolla

    Жобада н — ң әріптер жоқ (!?) H h — екі рет

  5. Бек

    Тіл-қазына орталығының атқарушысы Ербол деген бар. Сол осы Ерденді «Әшейін жүрген біреу ғой» дейді. Шын шығар.

  6. Latın

    Qazaq tiliniŋ latıngrafikalı älipbiyi qanday bolıw kеrеk dеgеn suraqqa jawap bеriwgе tırısayıq.
    Jaŋa qazaq älipbiyi eŋ az dеgеndе nеgizgi üş talapqa jawap bеriwgе tiyis.
    Birinşi. Ol – ana tili, yağniy qazaq tiliniŋ ­dıbıstarı mеn zaŋdarınıŋ şı­nayı tabıyğatına tolıq jawap bеriwgе tiyis.
    Еkinşi. Ol jaqın tuwıs türki tildеri üşin tüsinikti bolğanı jön. Tulğası jağınan da, mağınası jağınan da bir-birinе uqsas mıŋdağan sözdеrdi ärtürli jazıwdıŋ еş mäni joq.
    Üşinşi. Ol dıbıstardı bеriwdiŋ latın jüyеsiniŋ qağıydattarın buzbawı jänе tildi tutınıwşılarğa «tanıs bolıwı», sonday-aq qazaq tiliniŋ latıngrafikalı bilim bеriw, ğılım, aqparattıq-tеhnikalıq kеŋistikkе bеyimdеliwi mеn еniwinе ıqpal еtiwgе tiyis.

  7. QAZAQ

    Ұсынып отырған әліпбиіңдегі таңбаларды компьютер түгелдей оқымағасын қолданысқа жарамсыз деп білгенің дұрыс қой…

  8. Qazaq Jazıwı

    Қолданылмай тұрған әріпті Сс — ч деп алуға болады.

  9. QAZAQ

    Тіл-қазына орталығының атқарушысы Ербол Тілешов қой. Ол біреуді сыртынан жамандағанда, алдына жан салмайды.

  10. Ағылшын тілінің оқытушысы

    Латын жазуына ауысу экономикалық жағынан өте тиімсіз шаруа. Латын жазуы рухани тұрғыдан да бізге ештеңе бермейді. Екі-үш әріпті алып тастап, кирилл жазуында қала беру керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.