АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

Ақын, әнші, композитор, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының ағашқы мүшелерінің бірі Естай Беркімбайұлының немересі Зекен Жәнәбілқызы 90 жасқа толды. Естай атындағы Екібастұз балалар музыка мектебінде өткен «Асылдың сынығы» атты кеш Естай жайлы деректі фильммен басталды. Сахна төріне көтерілген қала әкімі Ержан Иманзаипов қазыналы қарияны мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті. 

Естай бабаның ұрпағы Зекен апа 1929 жылы 15 қазанда Қаражар ауылында дүниеге келген. Осы ауылдың атақты ұстасы Әбіш ақсақалдың қасында балғашы болып жұмыс іс­теген. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге көр­сетіп отырған асыл жанның ме­рейтойын қолдаған Павлодар облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің құттықтау хатын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония­ның басшысы Амангелді Қожанов табыс­тады. Содан соң мерейтой иесіне Естай атасының портреті сыйға тарту етілді.


Асылдың сынығы Зекен апаны­ мерейтойымен құттықтауға арнайы келген Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әбілқақ Түгелбаев:
– Құрметті Зекен апа, бүгінгі сіздің мерейтойыңыздың куәсі ­бо­лайық деген ниетпен келіп қалдық. Мына сахнаның төрінде жазылған «Асылдың сынығы» ­деген атау шынында да жүректен шыққан сөз. Естай бабамыздың аты әлемге жайылып жатыр. Теңдесі жоқ дарын­ екенін барша қазақ мойындады. Былтырғы жылы біраз азамат Түркия елінде «ТҮРКСОЙ» қорының ұйымдастыруымен өткен Естай Беркімбайұлының 150 жыл­дық мерейтойына қатыстық. Сол жерде Естайдың әндері шыр­қал­ғанда кейбіреулердің көздеріне жас алғанының куәсі болдым. Міне, осындай қасиетті адамның ұрпағы Зекен апаның мерейтойы баршаңызға құтты болсын! Асыл жанның өзінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, бабаларының ізін жалғасын, – деген ақжарма тілегін айтты.
Ақкөл ауылының тұрғыны ­Қа­был­қайыр Райымқұлов пен ­қа­лалық мәслихаттың депутаты ­Манат Алғамбаров құттықтап, халық қалаулысы Зекен апаға ат мінгізді. Ақын Жұмағали Қоғабай жырдан шашу шашты.


Жиналған жұртшылық Иса ­Бай­зақов атындағы филар­мония­ның өнерпаздары мен Рүстембек Омаров атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ сахнада­ әнші-композитор Естай ­Бер­кімбайұлының «Қорлан», «Юран-ай», «Жай қоңыр», «Кіші қоңыр» сын­ды көптеген әндері шырқалды.
Ұлтымыздың сарқылмас қазына­сы, тұла бойы тұнған шежіре, көнекөз қария Зекен апа:
– Құрметті халқым, ел-жұр­тым,­ азаматтарым, туыстарым, баршаларыңызға басымды иіп рақмет айтамын. Өмір жастарың ұзақ болсын. Өнер иесін, әнді құрметтеген сендерге алғы­сым шексіз, – деп риза­шылығын білдірді.

Айдана АЙТУҒАН
Суреттерді түсірген
Рымбек Егінбайұлы

Екібастұз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.