Мемлекеттік тіл – татулық тірегі

Түркістан облысы тұрғындарының 93,6 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Қазағы қалың аймақта бұл көрсеткіш таңғаларлық деңгей емес те болып көрінер. Дегенмен, өңірде 100-ден астам ұлт пен этнос өкілдері тұратынын ескерген де жөн. Облыста қазақ тілін меңгеруді қамтамасыз етудің тиімді тәсілдеріне қол жеткізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.

Бұл орайда облыста Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сәйкес, Президенттің және Үкіметтің тапсырмасын орындау аясында облыс бойынша мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 16 орталықта 15 әдіскер, 27 қазақ тілі, 18 орыс тілі, 22 ағылшын тілі мамандары жұмыс істейді. Биылдың 9 айында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы бойынша көшпелі семинар, «Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіруге қатысты қойылатын талаптар» облыстық конференциясы, «Кәнеки тілім, сөйлеші!» облыстық байқауы, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» мамандарымен «Қазақстандағы жазу реформасы: мәселелері мен болашағы» атты дәріс пен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбында республикалық семинар, «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің», «Тілдарын» облыстық байқаулары, облыстағы тілдерді ­дамыту және оқыту орталықтарында қазақ тілі оқытушыларының арасында А.Байтұрсынов атындағы «Үздік оқытушы» облыстық байқауы мен облыстағы БАҚ өкілдері арасында «Тілші және тіл мәдениеті» атты семинар-кеңес, Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Мемлекеттік тіл – Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» сынды іс- ­шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Ал жуырда еліміздің «Тіл туралы» Заңы қабылданғанына отыз жыл толуына және «Қазақстан халқының тілдері» күні мерекесіне орай, Түркістан облысы мәдениет басқармасы этнос жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл мерейі» облыстық байқауын өткізді. Байқауға қатысқан 15 үміткер қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, салт-дәстүрінен, тарихынан берілген сұрақтарға жауап беру, қазақ тілінде эссе жазу, көркемсөз оқу, ән, би, күй тарту секілді аталымдар бойынша сынға түсті. Үміткерлерді тақырыпты кеңінен ашып, көркем жеткізе білуіне, қазақ тілінің емле ережесі мен лексика-грамматикалық сауатына, сахналық образы мен өзін-өзі ұстау мәнеріне қарай бағалаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге созақтық Жұмадил Хамза лайықты деп танылса, кентаулық Шахида Мамешова бірінші орынға, сарыағаштық Луиза Сайтматова екінші, төлебилік Ольга Ковальчук үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ өңірде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мақсатында сәуір айынан бастап 16 аудан, қаладағы тіл оқыту орталықтың қазақ тілі оқытушылары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің емлесін ересек тұрғындарға үйрету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында 72-сағаттық курсты оқып келді. Бүгінде латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа емле ережесінің құрылымы мен ерекшеліктерімен таныстырып, насихаттау және тыңдаушыларға жаңа қазақ әліпбиі мен ағылшын тілін үйрету мақсатындағы «Тіл – болашақ есігі» атты арнайы жоба іске асырылуда. Осы бағытта облыстағы тілдерді оқыту орталықтарында арнайы курстар ұйымдастыру жоспары бекітілген. Облыстық мәдениет басқармасының деректеріне қарағанда, қазіргі таңда, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталықтарында 900-ге жуық тыңдаушы латын әліпбиінде жазып үйренуде. Жаңа әліпби мен емле ережелерін насихаттауға қатысты 2019 жылдың 9 айында аудан, қалаларда 120 іс-шара, оның ішінде 21 акция мен 49 ­насихат шаралары және 50 семинар мен дөңгелек үстел, диктант жазу секілді іс-шаралар ұйымдастырылып, оларға 6917 адам қатысқан.
Мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге облыстық Ассамблея хатшылығы да белсене атсалысуда. Мысалы, Түркістан облысы мәдениет басқармасы мен облыстық Ассамблея хатшылығы бірлесіп «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл — мәңгілік елдің мәңгілік тілі» облыстық фестивалін өткізді. Фестивальға облыс әкімі қатысып, облыстағы тілдерді дамыту саласына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сондай-ақ этномәдени орталықтар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, ұлттық тағамдарға байланысты көрме ұйымдастырды. Бүгінде облыстық этномәдени бірлестіктер жанындағы 11 жексенбілік мектепте тыңдаушылар өз ана тілдері мен төл мәдениетін үйренуде. Тілдерді дамыту мақсатында аудандарда да атқарылып жатқан жұмыс көп. Мысалы, Түлкібас ауданында тілдер мерекесіне орай «Тілдерді дамыту және оқыту орталығы» КММ және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты фестиваль өтті. Ал Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Біләл-Ата» балабақшасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ашық сабақтар өткізілді. Өңірдегі барлық аудандарда еліміздің маңызды мерекелерінің бірі – тілдер күніне орай өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін түрлі марапаттарға ие болды.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.