ҚАРАМАН АТА МЕШІТІ ҚАМҚОРЛЫҚҚА АЛЫНДЫ

Талайды таңғалдырып келе жатқан Қараман ата жер асты мешіті  ХІІ-ХVІІ ғасырларға жататын діни сәулет ескерткіштерінің бірі.  Міне, осындай киелі нысан, теңдесі жоқ сәулет туындысын сақтау, қорғау мақсатында  «Қараман ата» қоғамдық қайырымдылық қоры  қайта тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастап кетті.  Қараман ата мешітін қамқорлыққа алу туралы идеясы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев мырзаның тікелей қолдауына ие болғанын ерекше атап өткіміз келеді. Соның нәтижесінде биылғы жылы діни сәулет туындысы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қамқорлығына алынып, тарихи нысанның аманаты толығымен компания мойнына өтті.

Компания басқармасы Қараман ата қауымында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге зор қолдау көрсетті. Ескерткіш аумағын заманауи, қажетті құрылыстармен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданып, жалпы құны 500 млн теңгеден асатын жоба көпшілік ­назарына ұсынылды. Ел ақсақалдары мақұлдап, бүгінде жұмыстар қарқынды жүзеге ­асырылуда. Жоба аясында Қараман ата жер асты мешітіне дейін 17 шақырым жол, 11,5 шақырым тоқ желісі, кешен басына 300 орындық түнеухана, асхана мен дәретхана құрылысы қолға алынып, 250 метрлік құдық қазылып жатыр. Бұдан бөлек, ескерткіш тақта, ­арнайы қақпа, қорым айналасына дуал орнатылады. Мешіт іші де жарықтандырылып, абаттандырылатын болады.
Жоспар бойынша жобаның біту мерзімі биылғы жылдың қараша ­айына бекітілген. Тәуелсіздік Күніне орай ел-халықты жинап, батасын аламыз. Осы орайда елдік жоба­ның жүзеге асуына қызу қолдау көр­сеткен, жақсы іске бас болған «Маң­ғыстаумұнайгаз» АҚ бас дирек­торының бірінші орынбасары Қалбай Ізмұқановтың азаматтығына алғысымыз шексіз. Үлкен шаруаның кем-кетік тұстарын көтеріп алып, туған елге, оның тарихи мұрасына деген перзенттік борышын іспен дәлелдеген «Қаламқасмұнайгаз, «Жеті­баймұнайгаз» өндірістік басқар­маларындағы мұнайшы азамат­тарға да ризашылығымды білдіремін.


Маңғыстау өңіріндегі бағзы ­замандардан бері сақталған ата-­бабалар аруағын құрмет тұту, рулық қорымдардағы халық батырлары, билері, ақындары мен дүлдүлдерінің қабірлеріне зиярат ету дәстүрі тарих қойнауына кете беретіні сөзсіз. Сондықтан да Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету барша жұрт сияқты, біздің «Қараман ата» қайырымдылық қоғамының да ­борышы болып қала бермек.

Сәуле қажы БЕРДІХАНҚЫЗЫ,
«Қараман ата» қайырымдылық
қорының төрайымы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.