ОРДАБАСЫ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ НЫШАНЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың: «Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді» деген сөздерінің мән-мағынасын күні кеше Түр­кістан облысы Ордабасы ауданының тұрғындары тағы бір терең түйсініп, өңірдің кешегісі мен бүгіні сараланған мерекелік іс-шараның куәсі болды.  

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарғанын атап өткен болатын. Бұл орайда ел тарихында ерекше маңызы бар басқосу 1726 жылғы көктемде Ордабасыда өткенін еске сала кетелік. Қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған жиын ел ­тарихында алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы қасиетті Ордабасы биігінде 1993 жылы мамырда тәуелсіздіктің ұлы тойы өтті. Үш жүздің басын қосқан Ордабасыға, елді бірлікке үндеген Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, жауға тас түйін жұмыла қайрат көрсеткен бабалар рухына тағзым ретінде өткен ұлы жиынға жиналған халықтың алдында жасаған баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау қасиетті жерге жұртты бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкелгенін атап өтті. Өскісі, өркендегісі келген елдердің қай-қайсысы да қадым замандардан тарихын айрықша қастерлеп, ондағы дара тұлғаларды, ел ­болып, еңсе көтерулеріне ерекше еңбек еткен азаматтарын айрықша ардақ тұтатынын, тарихымызда елім деп еңіреп өткен ерлер, халық қамын жеп өткен қайраткерлер аз болмағанын айтты. Ордабасы тауындағы сол мерекені мыңдаған адамдар тамашалады. Қазақтың басын біріктірген үш биді еске алу, көрші елдердің ынтымағы мен бірлігін, сондай-ақ халқымыздың рухы мен намысын көтеруді мақсат тұтқан жиында Елбасы Ордабасының айшықты биігі – Бірліктөбеге, қазіргі Тутөбеге шығып, еліміздің көк байрағын желбіретті. Жиынға қатысушылар алдында ­«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын құру туралы» қаулы ­жария етілді. Ордабасының қадір-қасиетін жіті таныған Елбасы: «Ордабасыға оралу­ – отаншылдық ­рухымызды жаңғырту, еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайту. Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген кесімді сөз айтты. Ал қазақтың біртуар перзенті Әбіш Кекілбайұлы: «Ордабасы – қауым боп күйзелгенде күш беретін, халық болып қамыққанда қайрат бітіретін киелі топырақ. Ордабасы – көсемдерімізге көрегендік, көпшілікке береке-бірлік дарытатын пәтуа-парасат тұғыры» деп тебіренді.
Араға жылдар салып, яғни 1997 жылы 19 қыркүйекте «Бірлік» монументі бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Елбасы тұрғызылған монументтің мән-мағынасына, келер ұрпаққа берер ұлағатына мейлінше тоқталып, өз бағасын берген болатын. Алып ескерткіш үлкен пәлсапалық ойға негізделген. Қазақтың үш жүзі, үш бидің ұлағатты сөздері жазылған ескерткіш беттерінен орын төбе ұстын күйінде бейнеленген. Зиялы қауым айтып, басылымдарда жазылып жүргендей, ортадағы киелі шаңырақ қай тұстан қарасаңыз да елді тұтастыққа үндеп, «шаңырақтың шайқалмауына ұйытқы бол» деп тұрғандай. Шаңыраққа қадалған бойтұмар «атажұрт, атақонысыңды, туған еліңді бойтұмардай сақтай біл, көз тимесін» деп ырымдаса, одан әрі сәл төменіректе шашбау-сылдырауық «ел мен жердің зарына құлақтарың түрік жүрсін» деген бабалар аманаты іспеттес. Ескерткіштің ұшар басы – хан қалпағының бейнесі. Бұл – «жүзге бөлінбей, руға ыдырамай, біртұтас ел болыңдар» дегенді ұқтырып тұр. Осының бәріне тұтастай баға бере келе «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деген Елбасы сөзі жазылған тұғыртас көп ­жайтты аңғартары сөзсіз. «Ордабасы» кешені республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізіміне енді. Ал 1994 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығы ұйымдастырылды. Осындай тарихи маңызы мол Ордабасы­ атауы­на негіз болған ауданның құрылғанына 55 жыл ­толып, өткен апта соңында «Қазақ рухының қағбасы – Ордабасы» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.

АТҚАРЫЛҒАН ІС АЗ ЕМЕС

Аудан орталығы Темірлан қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткен дүбірлі тойға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек ­Сапарбаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты. «Алтын күз» айдары бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің, қолөнер шеберлерінің және түрлі ұлт өкілдерінің көрмесі ұсынылды. Мерейтойға арналған салтанатты жиында жылдың үздік шаруалары, ауылшаруашылық еңбеккерлері ауданның 55 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінде «Тарихқа тұнған Ордабасы» ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, аудан әкімі Ә.Өсербаев, Қажымұқан ардагерлер кеңесінің төрағасы І.Жүсіп, ОҚО педагогикалық университетінің проректоры Б.Қашқынқызы баяндама жасады. Ал орталық стадионда Өзбекстан, Қытай елдерінен келген айтыскер ақындардың қатысуымен халықаралық ақындар айтысы өткізіліп, бас жүлдені түркістандық Карима Оралова иеленді. Сондай-ақ атаулы мерекеге орай аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген тұрғын үйден көп балалы және аз қамтылған 20 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Көпшілікке «Күш атасын танымас» ұлттық спорт ойындары көрсетілді. Аттың құлағында ойнаған жігіттер, күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қалмады. «Ән мен әнші» эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы аудан тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады.
Әрине, кең ауқымда өтетін әрбір шараның негізінде жетістіктер мен қолға алынған жобалар жататыны мәлім. ­Ауданда барлық сала бойынша ілгерілеу бар, ал ­«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарылған істер бір төбе. Мәселен, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 1171 іс-шара ұйымдастырылса, «Өлкетану» бағыты бойынша 250 түрлі форматтағы іс-шара өткізіліп, оған 8125 адам қатысқан. Сондай-ақ­ «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат» бағыттары бойынша да өткізілген іс-шаралардың мағынасы мен қамтылуына мән берілген. Аудандағы 50 мектеп кітапханасында «100 жаңа есім» бойынша көрме ұйымдастырылып, ақпараттық сабақтар өткізілген, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 50 ­аудио, видео байқаулар ұйымдастырылған. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша 133 іс-шара өткен. Елбасы мақаласында басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігі, қалыпты және шынайы патриоттық сезімге тыйым салмай, керісінше, ынталандыру қажеттігі айтылған-ды. Бұл орайда ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде, демеушілер есебінен ауыл округтерінде спорттық алаңшалар мен бөбекжайлар, 1 200 млн теңгеге емхана салынып, 700 млн теңгеге 70 жатын орны мен Бөржар ауыл округіндегі «Қайнар» емдеу-сауықтыру орталығы ұлғайтылды. Ал «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Бөрте милка» ЖШС-нің директоры Н.Әбішев аз қамтамасыз етілген екі қызметкеріне тұрғын үй алып берсе, «Агро 5» ЖШС-і 2 топ мүгедектігі бар Дәрібаевтар отбасына қаржылай көмек берді. Жалпы аудан көлеміндегі 127 кәсіпкермен «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға 3 млн 750 мың теңгеге көмек көрсетілген. «Киелі жерлер» жобасы аясында халықтың рухани ошағы, замана құбылыстарының айнасы іспеттес мұражайларды қалпында сақтап, заман талабына сай жетілдіріп, көркейтіп ертеңгі болашаққа жеткізуді насихаттау мақсатында барлық кітапханаларда тақырыпқа сай көрмелер ұйымдастырылды.
Ордабасы дегенде ойға оралатын ұлы тұлғалардың бірі – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұлан- ғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа көрсеткен Қажымұқан Мұңайтпасов. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келе, бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейтінін айтты. Бұл орайда Темірлан елді мекенінде орналасқан Қажымұқан музейі өңірдің ғана емес, ел мақтанышына айналып, туризмді дамытуға септігін тигізіп келе жатқанын айта кетелік. Күрес өнерінің бірнеше түрін жетік меңгерген, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов заманында 54 мемлекетте додаға түсіп, 48 медаль олжалаған. Музей Шымкенттен 40 шақырымдай жерде, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойында орналасқан. Туристерге әбден қолайлы. Балуанның үй жиһаздары, ыдыс-аяқтары, көрпе-төсегіне дейін қойылған музейдің шаңырағы іштен қарағанда күмбез болып келеді де, сырттан жерді, елді жаудан қорғап өткен қол бастаған сарбаздардың, хан, бектер мен батырлардың шатырындай үшкірленіп жабылған. Мыңдаған турист келетін музейден Қажымұқанның тарихи суреттерімен, оның ұрпақтары ­туралы мәліметтермен де кеңінен танысуға ­болады. Балуан мінген жайдақ арбаның төрт доңғалағы, бас киімдері, қартайған шағында киген ұзын етек көйлегі мен шалбары­ тұр. Сондай-ақ бұл жерден балуанның 75 жасында көтерген, салмағы – 350 келі тасты көре аласыз. Көне жәдігерлердің ішінде Қажымұқанның 1912 жылы әйгілі жапон Саракики ­Жиндофуды алып ұрған жеңісімен марапаттаған медальдің түпнұсқасы тұр. Мұражай залында ел спортының нығаюына зор үлес қосып, намысты қолдан бермей әрдайым жеңіс тұғырында көрінген қазақ спортының және аудан, облыс спортының майталмандарына арналған, сол кісілердің жеткен жетістіктерінен және жеке заттарынан жинақталған «Қажымұқанның ізбасарлары» бұрышы да бар. Мысалы,­ қазақ күресінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы Тоғай Әбішев, КСРО спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Байжігіт, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шәмшидин Жарқынбеков есімдері аудан спорты тарихына есімі алтын әріптермен жазылғандар. Қазір олардың шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
Иә, тізе берсек бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыс аз емес. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелер­ден ұтымды дүние ұсына алуы, бұл мате­риалдық өнім ғана емес, ­сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» екенін, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атап өтті.

БӘСЕКЕЛІК ҚАБІЛЕТ

Еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, бәсекеге қабілетті өнім өндіру мақсатында Ордабасы ауданында атқарылған іс аз емес. Мысалы, биылғы 9 айда 8 кәсіпорын жалпы құны 2 млрд 862 млн 800 мың теңге болатын 5804,6 тонна өнімді экспортқа жіберген. «Ордабасы құс» ЖШС-і 663,1 тонна күрке тауық етін, «Аделя» шаруа қожалығы 934,7 тонна көкөніс өнімін ­Ресейге, «Ордабасы нан» ЖШС-і 721,3 тонна өндірілген жоғарғы сұрыпты бидай ұнының 80%-ын Өзбекстанға, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар мақта талшығын Чехия, Белоруссияға экспорттаған. Күні кеше Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде қалыптасуына үлкен еңбек сіңіріп, бүгінде Ордабасы ауданын басқарып отырған Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, ауданды сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 55 млрд 353 млн 500 мың теңге болған ­немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,2%-ға артқан. Оның ішінде өнеркәсіп саласына 24,1 пайыз (13,3 млрд теңге), ауылшаруашылық саласына 57,1 пайыз (31,6 млрд теңге), орындалған құрылыс жұмыстары 8 пайыз (4,5 млрд теңге), ­тауар айналымы және қызметтерді өткізу көлеміне 10,8 пайызы (5,9 млрд теңге) тиесілі. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 456 мың 300 теңге ­болып, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55 мың 700 теңгеге артқан. Өнеркәсіп саласында қаңтар-қыркүйек айларында 13 млрд 313 млн 132 мың теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 3,5%-ды құраған. Өнеркәсіптің ­басымды саласы өңдеу өнеркәсібінде 11 млрд 921 млн 456 мың теңгенің өнімі өндірілген. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, тартылған инвестиция көлемі 14 млрд 955 млн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 161,3%-ды құрап отыр. Өңірдің негізгі ­саласы – ауылшаруашылығында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілгені байқалады. Бұған соңғы бес жылда ауылшаруашылығы жалпы өнімінің ондаған миллиард теңгеге артқаны айқын дәлел. Егіс көлемі ұлғайып, жылыжайлар өндірісі қанатын кеңге жаюда, алқаптарда тамшылатып суғару технологиясы тиімділікпен қолданылып, мол өнім негізін қалаудың сенімді іргетасы жасалуда. Қазіргі таңда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 31 млрд 619 млн 900 мың теңге, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,2%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өндірісі 17 млрд 280 млн 200 мың теңге, нақты көлем индексі 116,6 пайыз және балық ша­руашылығы 37 млн теңгенің өнімі өн­ді­ріліп, нақты көлем индексі 100 пайыз болды.
Халқымыздың ежелгі кәсібі – мал өсіру аудан тұрғындарының жете көңіл бөлетін саласы. Мемлекет пен Үкімет тарапынан қолға алынып, мал шаруашылығын дамытудың тірек негізіне айналған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары ауданда ойдағыдай жүзеге асырылуда. Соңғы жылдарда асыл тұқымды жылқы, ірі қара, уақ мал өсіру кеңінен қолға алына бастаған. Жыл қорытындысымен ауылшаруашылығы жалпы өнім көлемін 40 млрд 157 млн теңгеге, ауылшаруашылығы негізгі капиталына тартылатын инвестиция көлемін 7 млрд теңгеге жеткізу, жылыжай көлемін 3,1 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл Бадам өндірістік аймақта орналасқан «Green Technology industries» ЖШС-і Шанхай, Гонконг елдерінің инновациялық технологияларын пайдаланып, полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеу арқылы синтепон талшығын өндіру зауытының екінші кезеңін іске қоспақ. Ал 2020 жылы 22 млрд 300 млн теңгеге 2 инвестициялық жоба 415 жұмыс орнымен ашылады деп жоспарлануда.
Ордабасы ауданының құрылғанына 55 жыл толу қарсаңында атқарылған игі істің тағы бірі – ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының іске қосылуы болды. Ордабасылықтар көп жылдан бері осы газ мәселесін қозғап келген еді. Биылғы қыркүйекте Темірланға көгілдір отын келді. АГРС-19 газ тарату станциясы жұмысын бастап, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылына 4300-ге жуық абонент көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алды. Бөген атауымен 1963 жылы негізі қаланған ауданның бүгінгі дәрежеге жетуі, өсіп-өркендеуі тарихи орынның киесі мен қасиетінің жемісі. Оңтүстігі – Қазығұрт ауданымен, Шығысы – сансыз бабтар мекені Сайрам ауданымен, Солтүстігі – Бәйдібек, Батысы – киелі Түркістан, Отырар, Арыс аудандарымен шектесетін ауданда алғашқыда 15 ауылдық кеңес құрылды. Ол кезеңде мал шаруашылығымен қатар егіншілік те дамыды. Аудан еңбекшілері 1965 жылы мемлекетке мақта тапсыру жоспарын – 148, көкөніс – 107,9, бақша дақылдарын – 160,4, жүзім – 127, жемістен 376 пайызға орындады. 1966 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, ауданда 250 балаға арналып арнайы интернат құрылысы аяқталған. Сол жылы 13 283 оқушы бар болса, оның 2059-ы бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер еді. Тәуелсіздік жылдары Ордабасы ауданы бойынша жаңа типтегі 24 мектеп салынып, қазіргі таңда 64 мектеп шәкірттерге білім мен тәрбие беруде. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 59-ға жетті, оның 15-і мемлекеттік, 37 жекеменшік балабақша мен 7 мектеп жанындағы шағын орталықта 7781 бала тәрбиеленуде. Жалпы 2019 жылы осы салаға 11 млрд 657 млн теңге қаржы бөлінген. Ал денсаулық саласында 53 емдеу мекемесі елге қызмет көрсетіп келеді. Аудан тұрғындарының денсаулығын оңалту ісінде аудандық орталық аурухананың алатын орны ерекше. Ауруханада амбулаториялық, стационарлық және оңалту кезеңдерінде жаңа жоғары технологиялық, диагностикалық, клиникалық, зертханалық жабдықтарды енгізуге аса көңіл бөлінеді. Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі перзентхана бөлімшесі соңғы заманауи медициналық жабдықтармен 98 пайыз қамтылған. Мұнда жылына орта есеппен 3200-ден астам дені сау нәресте дүниеге келеді. Тіркеу бөлімінде қазіргі заман талабына сай компьютерлермен жабдықталып, емделушілердің кезекте тұрмауы үшін тиісті жағдайлар жасалған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деген болатын. Осы орайда­ ауданның өткені өнеге етіліп, тарихы жадыда жаңғыртылып, бүгіні баяндалған мерейтойлық іс-шараның әсіресе жас ұрпақ үшін маңызы зор.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.