ШЫҢҒЫС ХАН және ОНЫҢ ӘУЛЕТІ – БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ТАРИХЫМЫЗ

Ұлттық тәрбие алып өскен қазақтың ішінде Шыңғыс ханды білмейтіні жоқ. Барлығы да оны қазақ хандарының атасы, Алаш мемлекеттілігінің негізін салушы деп ардақтайды. Дәл соған керісінше, өзін зиялы санайтын кісілер арасынан осынау ұлы қағанды «моңғол», «тиран» деп қаралайтындар да шығып жатқаны жасырын емес. Демек, бүгінгі қазақ үшін тарихи тұлғаларымыздың ең танымалы да, ең беймәлімі де – ұлы Шыңғыс хан. Біз бұл мақаламызда осынау даңқты бабамыз туралы өз кезінде жазып қалдырылған бірнеше түпнұсқалық деректі оқырман назарына ұсынамыз. Солардың ішіндегі төртеуі өте-мөте өзекті, ендеше іске сәт, назарыңыз ­соларда болғай:

Бірінші дерек, «Жаңа Үйән (Юань) тари­хында» Шыңғыс ханның: «тегі, түбі түркі» деп анық жазылған («新元史» («Жаңа Үйән тарихы»), «本纪» («Өмірбаян») бөлімі, 1-орам). Сондай-ақ онда: «Қазіргі моңғолдар Шыңғыс хан туған халықтан емес, олар қараша қауымнан еді» деген нақты ­дерек бар (Жоғарыдағы құжат, «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Егер бұл жылнамалық еңбек XIX ғасырдың соңында жазылғанын ескерсек, мұндағы дерек патшалық Ресей ­отаршылдары саяси мақсатпен айналысқа салған «моңғол» сынды­ жаңа атауға қарсы айтылғанын бірден аңғара аламыз. Ең бастысы, бұл – Шыңғыс ханды «моңғол» деушілердің пікірі бүкілдей жалған екенін дәлелдейтін нақты, сенімді түпнұсқа құжаттық дәйек болып табылады. Атап айтқанда, Шыңғыс ханның этникалық, биологиялық тегі моңғол (монгол) емес, шын мәнінде МОҒОЛ, яғни таза түрік еді, олар империядағы титулдық халық болатын. Ал қазіргі моңғолдардың ата-бабалары Шыңғыс хан және оның әулеті заманындағы жүздеген этностың, қатардағы бағынышты халықтың бірі болған, сондықтан олардың жерлік диалектілерінде көптеген түркизмдер сақталып қалды. Әрине Ирандағы, Үндідегі секілді ол жақта да этникалық түріктер, ілкі қазақтар болғаны рас. Бірақ ондағылардың көбі қазіргі Ішкі және Сыртқы Моңғолия жерлерінде емес, керісінше, бүгінгі Солтүстік Қытайдың шұрайлы аймақтарында, әсіресе Ханбалық (бүгінгі Бейжің) қаласы маңында тұрды. Олар негізінен жалайырлар мен қоңыраттар еді, онан сырт керей, найман, уақ, т.б. түрік ру-арыстарының да адамдары болды. Аталған түрік текті жұрт шетінен ірі ақсүйектер, қолбасылар, сондай-ақ әкімшілік қызметкерлері, ең кемінде қатардағы сарбаздар болатын (Солардың ең танымал өкілі, ұлы қолбасы жалайыр Мұқалы бек еді, ол Шыңғыс ханның әрі аталас інісі, әрі сенімді серігі болған. Оның соңғы тұрағы қазіргі Сәнши (陕西) және Шанши (山西) өлкелерінің аумағында еді, қабыры бертінде саяси және туристік мақсаттарға сай Ішкі Моңғолияға көшіріп әкелінді). Кейінгі заманда, отарлық кезеңде ондағы түркілерге көп қайтара геноцид жүргізілді, қалғандары басқа халықтар жағынан ассимиляцияға ұшырады. Ал олардан қалған мәдени жұрттар толассыз жасалған вандализм салдарынан ауыр дәрежеде ойрандалды («Иньшань оңғұттары» (монография), авт., Гай Шань Лин, ауд., Қалбан Ынтыханұлы, Астана:­ «Фолиант», 2010 ж. – 136 б.). Міне, сөйтіп ондағы түркі этностардың заттары жойы­лып, аттары ғана еміс-еміс сақталып қалды. Әлдекімдердің «моңғолда да ру бар» деп ­жалаулату әрекеттері, іс жүзінде Шыңғыс хан әулетінің, түркілердің тарихын бұрмалау болып табылады. Турасын айтқанда, олардың «моңғол» деп жүргендері жоғарыдағы түркі, қазақ ру-арыстары. Олар «мынау моңғол еді» деп түркі емес, қазақ емес бірде-бір этносты көрсетіп берген жоқ, бұдан былай да көрсетіп бере алмайды.
Ал олардың арғы түбі қайдан шыққанына келсек, барлығы да ежелгі Қазақстан мен Орта Азияның автохтондары, жергілікті тұрғындары болатын. Шыңғыс ханның алтыншы атасы Қайдау (Хайду) хан Балық (Балх) өлкесінде хандық құрып, өз әулетінің, яғни тәйжігіттер (тайшығұттар) әулетінің негізін сонда қалаған (Жоғарыдағы құжат, «Өмірбаян» бөлімі, 1-орам). Шыңғыс хан және оның әулеті билігінің заңдық – мұрагерлік негізі сол әз бабадан бастау алады. Біздің заманымыздағы тарихшылар «Балық» (Балұқ) және «Барқы» (Барқұ) атауларын шатастырып алғандықтан, Қайдау хан Байқал көлі маңында, Барқыжан (Баргузин) өлкесінде билік құрған дейтін қате түсінік үстемдік алуда. Мұндай адасушылыққа, әуел баста қытайша тарихи құжаттардағы «р» және «л» дыбыстарының парықталмауы себеп болған. Оның үстіне шағатай, парсы­ әліппелерінде де «ر» (р) және «ل» (л) әріптері пішіндік жақтан ұқсастау келеді, әсіресе қолжазбаларда оларды дұрыс ажырату өте қиын. Отаршыл жүйе тарихшылары бұл ұқсастықты өз мақсаттарына шешкен, яғни олар орайдан пайдаланып Қайдау ханды Орта Азиядан Солтүстік шығыс Азияға бір сәтте ғана «көшіріп» жіберді. Сөйтіп Шыңғыс ханның түркілік тегі моңғолға, исламдық нанымы әлде шамандық, әлде «тенгрианстволық» дүбәра табынушылыққа ауыстырып көрсетілді. Ал түпнұсқалық тарихи құжатта Қайдау ханның Балық өлкесінде (қазіргі Ауған жерінде), қалың зәңгі түркілерінің ортасында болғаны, онда көпір салдырып әлемдік интеграция­ны зор дәрежеде жандандырғаны анық хатталған-ды (Жоғарыдағы еңбекке, сондай-ақ «史集» («Жәмиғ ат-тауарих»), авт., Рәшит әд-Дін, 北京, «商务印书馆», 1997 ж., 1-дәптер, 1-кітәпке қараңыз). Үшбу өлке ежелгі түркілер заманында да маңызды мәдениет ошақтарының бірі еді, онда оғыз, аз, зәңгі, қаңлы, т.б. түркі ұлыстары өскелең өркениет жаратқан (Кейін осынау құтты мекен Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай хан әулетінің иелігінде болды, сөйтіп, Ұлықбек, Әлішер Науайы қатарлы ғұламалар түркі әдеби тілінде – шағатай тілінде өшпес еңбектер жазып қалдырды). Ал Қайдау ханға келсек, ол еңсесін тіктеп, билігін бекемдеп алған соң, атамекеніне, Өнен – Іле бойына қайтып оралды. Міне, сөйтіп, ұлы Шыңғыс хан ежелгі Моғолстан, бүгінгі Жетісу өлкесінде өмірге келді.
Екінші дерек, Шыңғыс хан Мұхаммед солтан билігін аударып, ата-бабасы хандық құрған Балық (Балх) өлкесін оның ұлы Жәлелден солтаннан азат еткен соң, Бұқар (Бұхара) қаласына оралады, бұл кез миләдидің 1222 жылы болатын. Сонда Мекке шәріптегі қасиетті Қағбадан арнаулы шақыртылған ғұламалардан уағыз тыңдайды, сондай-ақ олардан бірнеше өзекті мәселе жөнінде пәтуа сұрайды (Жоғарыдағы еңбек, «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Сөйтіп, зекет парызын жерлік мешіттерде өтеу, өзінің және мұрагерлерінің атына құтпа оқыту істері Қағбаның шариғи үкімі және өзінің оған сәйкесті жарлығы арқылы заңдық тұрғыдан оң шешім табады. Соның нәтижесінде Аббас әулетінің де қалифалық құзыреті мансұқталып, кейін оны Әлеке (Хулагу) хан түбегейлі жойған еді, демек, бұл оқиғаның артында Мекке имамдарының шариғи үкімі тұрған болатын. Тарихи құжаттық деректерге назар салсақ, исмаилидтерге, басқа да бұзық мазғаптарға пәрменді қарсы тұрмағаны үшін Аббас қалипаларына салжұқ (селжүк) және өзге де түрік солтандары наразы еді, тіпті Хорезм шахы Мұхаммед солтан Бұқара имамдарына арнаулы пәтуа шығарту арқылы оларға қарсы ғазауат жорығын жасаған-ды («世界征服者史» (Тарих-и жаһангушай), авт., Атамәлік Жөбеней, 呼和浩特, «内蒙古人民出版社», 1980 ж., Мұхаммед солтан туралы тарауға қараңыз). Алайда олардың қай-қайсысы да аббасидтер мен исмаилидтердің ісін біржақтылы етуде әлсіздік, екіжүзділік танытты. Тек Шыңғыс хан әулеті, Әлеке хан ғана исламды секталық алауыздықтан, дін тонын жамылған қанқұйлылықтан құтқара алды. Олардың бұл еңбегін Рәшит әд-Дін: «Ислам дүниесін мазғаптарға бөлінген қантөгістен, зұлымдықтан құтқарды» деп бағалаған-ды (Жоғарыдағы «史集» («Жәмиғ ат-тауарих»), 1-дәптер, 1-кітәпке қараңыз). Демек, Шыңғыс хан және оның мұрагерлері, отаршыл жүйе тарихшылары бұрмалап көрсеткендей «ислам дінінің жауы» емес, шын мәнінде ислам әлемін азғындардан тазартушы, қанқұйлылықтан құтқарушы, сондай-ақ әлемдік интеграцияға кең жол ашушы ­болатын, оған жоғарыдағы ­тарихи құжаттық деректер нақты дәлел. Міне, сондықтан да Шыңғыс хан «дүниеге бейбітшілік әкелуші» сынды ұлы марапатқа ие болған-ды (Жоғарыдағы «史集» («Жәмиғ ат-тауарих»), 1-дәптер, 2-кітәпке қараңыз). Ал «Жосық» заңында: «Түсіне, тіліне, дініне қарамастан, барлық адам баласы дүниелік және рухани байлықтардан игіліктенуге құқылы» деп анық жазылған. Осы автор Шыңғыс хан және оның әулетін: «Осынау әулеттің билік жүргізуі – ислам Қанафи дінінің бақыты болды» деп бағалаған-ды. Ол «Жосық» заңы туралы баяндай келіп, онда: «Малды Алланың атымен, сондай-ақ бір-біріне көрсетпей, ұрып-соғып қорламай сою» сынды баптардың болғанын атап өтеді (Жоғарыдағы «世界征服者史» / «Тарих-и жаһангушай»). Демек, Шыңғыс хан, ­исламды құтқарушы болумен бірге, дүниеге адами құқық, гуманизм сынды ең ұлы құқықтық құндылықтарды әкелуші, тұтас әлемде зайырлы қоғам орнатушы. Енді Шыңғыс ханның діни нанымына келсек, ол исламның қанафи бағытын ұстанған еді, жоғарыдағы түпнұсқалық тарихи құжатта дәл солай деп жазылған (Жоғарыдағы «世界征服者史» / «Тарих-и жаһангушай»).
Қазіргі тарихшылар мен басқа да қаламгерлер арасында Шыңғыс хан «жалғанның жартысын биледі» деген сөз тәмсілге айналып барады. Ал өз кезіндегі мұсылман авторлар: «Жаһандағы адамзат өмір сүрген жерлердің барлығын, теңіз аралдарындағы ең шалғай түкпірлерді де биледі» деп жазған-ды (Жоғарыдағы «史集» / «Жәмиғ ат-тауарих»). Шыңғыс хан туралы ең алғашқы жылнамалық еңбектің аты «Әлем әміршісінің тарихы» («Тарих-и жаһангушай», авт., Атамәлік Жөбеней) еді, өзіңіз оқып отырғандай, мұнда да «әлем» (жаһан) деген сөз қолданылған. Бұл, әсте әсіре, рия дәріптеу емес, қайта тарихи шындық солай болған-ды. Үкітәй қаған заманында Алаш ұлысының билігі Ішкітеңіздің – Жерорта теңізінің аржағына, Саксония жеріне жеткен еді, ал Құбылай қаған Йатбан (Жатпан), яғни Америка құрлықтарын өзіне қаратты (Жоғарыдағы ­­­­­­­­­«­新元史» / «Жаңа Үйән тарихы»). Бұлардың алдыңғысы басқа тарихи құжаттарда «Сақсон» (Сақсын), Сақасон (Сақасын) деп хатталып, құрлықтың ең солтүстік шеті есебінде көрсетіледі. Демек, ол замандағы Саксония (Сақсон, Сақасон) Жерорта теңізінен Атлант мұхитына дейінгі аса үлкен аумақты қамтып жатқан-ды. Ал Йатбан (Жатпан) атауын қазіргі тарихшылар ­Жапон (日本) деп қарайды, бірақ ол кезде бұл аймақ Көрей (高丽) сынды территориялық ұғымның аясына кіретін (Бұл туралы ­«Таныс та, бейтаныс Шыңғыс хан әулеті және қытай жылнамаларындағы құнды деректер» деген еңбегімізде толығырақ тоқталған едік). Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан әулеті жеті құрлыққа және мұхит аралдарына түгел билік жүргізген.
Үшінші дерек, қазіргі отандық тарих­шы­лар түгел дерлік, Шыңғыс хан­ның аттан жығылу оқиғасы Хуаңхы (Хуанхэ) өзені маңында болған деп қарайды, алайда «Жаңа Үйән тарихында» ұлы қаған Шыршық өзені жағасында аттан жығылғаны, содан екі айға дейін үйден шыға алмай қалғаны анық баян етілген (Жоғарыдағы еңбек, «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Бұл деректе ағаттық ­болуы мүмкін емес, өйткені осы қарсаңда Шыңғыс хан Бұхара, Самарқант аймақтарын ­басып өткен. Әсіресе, дәл сол жолы мұнда Қожант (Худжанд) кентінен көшіп келген-ді. Яғни ұлы қағанның жорық шатыры Бұхарадан шығысқа – Самарқантқа, одан солтүстік шығысқа – Қожантқа, сосын оның солтүстігіндегі Тәшкентке, яғни Шыршық бойына қарай көшкен. Ал соңғы екі жердің аралығы оншалықты алыс емесі көзі қарақты оқырманға өздігінен түсінікті. Ендеше, түпнұсқада бұл оқиғаға қатысты айтылатын «Са ли хы» (сары өзен), ҚХР жеріндегі Хуаңхы (сары өзен деген мағынада) емес екені де өздігінен айқын бола түседі. Егер Шыршық Сырдың жоғары саласының бірі екенін назарға алсақ, оған жақын барып Телікөлге құятын Сарысу өзені бірден ойға орала кетеді. Олай болса, түпмәтіндегі пішік (иероглиф) жазуымен жазылған «Са ли хы» сынды гидроним, әлде­қандай Хуаңхыны емес, анығында Сары­суды меңзегені бірден түсінікті болмақ. Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан Шыршық­тан Сарысуға, Сарыарқаның салқын төсіне қарай бет алған көш қарсаңында, 1223 жылдың көктемінде аттан жығылады.
Осы арада оқырманға ескерте кететін бір жайт бар, атап айтқанда, Шыңғыс хан соңғы Таңғыт жорығына өзі бармаған, сондықтан оның бұл жолы Хуаңхы ­(Хуанхэ) бойында аттан жығылуы тіпті де мүмкін емес. «Жаңа Үйән тарихы» берген дерекке қарағанда, Шыңғыс хан 1224 жылы (мешін жылы) Моғолстанға, яғни Жетісу өлкесіне қайтып оралады (Жоғарыдағы еңбек, «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Сонда жылға жуық уақыт ерулеп, Қарақорымдағы жаздық ордасында төрт үлкен ұлына енші бөлу, оларды мансапқа тағайындау, сондай-ақ Таңғыт жорығына дайындалу қатарлы келелі істерді біржақтылы еткен. Сөйтіп, 1225 жылы (тауық жылы) Шығу (Есік), Бұғыты, Ердіш (Шарын) бойларында үш қосынға орайна (арайна), яғни жорық тойын­ жасайды. Осыдан соң, 1225 жылдың күзінде Үкітай, Шағатай, Төле бастаған қалың қол шығысқа, Таңғытқа аттанады. Ал қазақ хандарының атасы Жошы хан бұл кезде ауыр науқас еді, Шыңғыс ханның өз денсаулығы да мәз емес болатын. Қаған әкені, әсіресе тұңғыш ұлының – Жошының жайы қатты алаңдатса керек, ақырғы есепте Таңғыт жорығына аттанбай қалады.
Төртінші дерек, отандық және шетелдік тарихшылардың көбісі, Шыңғыс ханның жерленген орны белгісіз деп қарайды, алайда бұл пікір тарихи деректік шын­дыққа үйлеспейді. Барлық дерлік түпнұсқа құжаттарда, айталық, «Тарих-и жаһангушай», «Жәмиғ ат-тауарих», «Құпия шежіре», сондай-ақ П.Карпини, Г. (У.) Рубруктердің саяхат естеліктері, т.б. еңбектерде Шыңғыс хан және оның әулетінің зираты болғаны, оның «Қорық» (Қорұғ) деп аталатыны жан-жақтылы суреттеп жазылған. Демек, Шыңғыс ханда мола «болмаған» немесе жерленген орны «белгісіз» деген сөздердің барлығының ­тарихи деректік негізі, ғылыми дәйектік құны жоқ. Керісінше, Шыңғыс хан және оның әулетінің әйдік қабырстаны бар еді, сондай-ақ «Қорық» деп таза түркіше аталатын, ол – күллі әлемге әйгілі киелі орын болған-ды. «Жәмиғ ат-тауарихта» оның орны «Сарықыр» деген жерде, яғни Сарыарқада деп көрсетіледі (Жоғарыдағы «史集» («Жәмиғ ат-тауарих»), 3-дәптер). Алайда оның Тәшкент нұсқасына (А нұсқасына) түсініктеме жазған Кеңес Одағы ғалымдары, дәл соны орысшадан өз тілдеріне аударған ҚХР мамандары да, мұндағы Сарықырды моңғолша акцентпен «Сари кыыр» деп транскрипциялап, оның жағрапиялық орнын Хуаңхы (Хуанхэ) бойындағы беймәлім бір жер деп көрсетеді.
«Жаңа Үйән тарихы» атты жылна­ма­лық еңбекте Шыңғыс ханның мәйіті өз өсиеті бойынша «Са ли чуан» (薩裏川) деген өлкедегі «Ұлықпан» атты таудың «Кеңінгүр»* деген жеріне қойылғаны ­туралы анық дерек бар (Жоғарыдағы еңбек, «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Осындағы ­топонимдер мен гидронимдерге салыстырмалы лингвистикалық талдау жүргізсек, одан: Сарыарқа даласындағы, Ұлытау етегіндегі Кеңгір жері деген ұғым келіп шығады. Біз алдыңғы еңбектерімізде бұл туралы, Ұлытаудағы Кеңгір өзені бойына салынған «Алаша хан күмбезі» деген тұжырым ұсынған едік. Олай дейтініміз, біріншіден, Шыңғыс хан құрған мемлекеттің армиясы – тоқсан бес мыңдық қалың қол, ресми түрде «Алаш мыңы», яғни Алаш армиясы деп аталады. Демек, мемлекеттің аты – Алаш болса, оның құрушысы – Алаша хан деп, яғни Алаштың ханы деп аталуы өте заңды. Қазақтың ұлттық тарихи түсінігі бойынша да, Алаша хан мен Шыңғыс хан бір адам. Екіншіден, «Дала ұлаяты» газе­тінің 1897-жылғы 13, 14, 18-сандарында «Алаша хан және оның баласы Жошы хан туралы­ қазақ арасында ежелден бар аңыз» ­деген мақала жарияланған еді, онда да ­Алаша хан мен Шыңғыс хан бір адам ретінде көрсетілген. Атап айтқанда, Алаша хан – Жошы ханның әкесі, яғни Шыңғыс ханның өзі еді, демек «Алаша хан күмбезі», сөзсіз түрде Шыңғыс хандікі ­болып табылады. Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп Көпеев бабамыз да Алаша ханды Жошы ханның әкесі деп көрсетеді. Ендеше, бұдан да Алаша хан мен Шыңғыс хан бір адам деген қорытынды шығады. Төртіншіден, мұнда Жошы ханнан сырт, Құлан қатұн, Болған ана сынды қасиетті тұлғалардың да күмбездері бар әрі олардың барлығы Шыңғыс хан әулетінің мүшелері. Міне, бұл да тарихи құжаттардағы «Қорық», «Қара қорым», яғни Шыңғыс хан әу­леті қорымы туралы деректерге дөп келеді.
Аталған жылнама бойынша, ­Шың­ғыс ­хан­ға Алаша хан деген атақ Құбы­лай қағанның жарлығымен, ­1266 жылы қараша айында берілген (Жоғарыдағы «新元史» («Жаңа Үйән тарихы»), «Өмірбаян» бөлімі, 3-орам). Онда тағы бір құнды ­дерек бар, атап айтқанда, ұлы қаған Жем бойын­да, сейіл үстінде, ескі дерті қозуынан бақилық ­болады. Бұл Шыңғыс ханның өз күнтізбесінің 22 жылы 7-ай болатын, оны миләдиге шаққанда 1227 жылдың тамыз айына тура келеді. Ал орда ­тарихшысы Атамәлік Жөбенейдің дерегі бойын­ша,­ Шыңғыс хан 1227 жылы 18 тамызда қайтыс болғаны анық («世界征服者史» («Тарих-и жаһангушай»), авт., Атамәлік Жөбеней, ауд., 何高济,呼和浩特, «内蒙古人民出版社», 1980 ж., 1-кітәп, Үкітәй қаған туралы­ тарау). Бұл түпнұсқалық деректердің артықшылығы сонда, олар ешқашан да өзара қайшы келмейді, қайта бірін-бірі толықтырып отырады, яғни олардағы тарихи ақпарлар толықтай сенімді. Осынау шынайы деректерге сүйене отырып, Теміржән, яғни Шыңғыс хан 1155 жылы туып, 1227 жылы, 73 мүшелге қараған шағында бақилық болғанына көз жеткіземіз. Ұлы қағанның өмірге келген жері ежелгі Моғолстан, бүгінгі Жетісу өлкесі, өмірден озған жері Жем бойы. Ал мәңгілік мекені Сарыарқа, атап айтқанда, Ұлытаудағы Кеңгір өзені бойы, сондағы «Алаша хан күмбезі» болып табылады. Қазір ол жер Қарағанды облысы, Ұлытау ауданына қарасты Малшыбай ауылының әкімшілік аумағына кіреді.
Түпнұсқалық тарихи құжаттар ­Шың­­ғыс­­­ ханның атамекенінде Бұрқан (Бурхан), Түрген, Жәркент (Йәркен), Құлжа, ­Нарат, Шаты, Шарын (Шарғын), Қарқара, Сөгеті, Кеген, Шаған, Шежін (Чежін), Ілеті, Алмалық, Қапшағай ­(Зерен Қап­ша­ғай), Тарғап, Қаражырық ­(Қара­зұрық), Шұбар, т.б. жер-сулар болғанын көрсетеді. Ал осы аталғандардың барлығы Жетісу өлкесінде күні бүгінге дейін бар. Керісінше, Шыңғыс ханды «моңғол» деушілер, Моңғолия жерінен олардың бірде-бірін тауып бере алмайды. Солай болғандықтан, қолдарында ғылыми дәйек, түпнұсқалық дерек болмағандықтан олар догмаға, фальсификацияға жиі жол береді. Тағы да түпнұсқалық құжаттарға жүгінсек, Өнен (Өнөн) өзені алқабы Ілеті, Жете деп те аталғанына куә боламыз, бұл да Іле мен Жетісуды меңзейді («蒙古秘史» («Моңғолдың құпия шежіресі»), 呼和浩特, «内蒙古社会科学院蒙古史研究所», 1979 ж.). Сондай-ақ осы өлкедегі Қойлық қаласы, яғни Жошы ханның астанасы тұрған аймақ сол кезде Орған* деп аталған, алайда ­отаршыл жүйе тарихшылары оны Қиыр Шығыстағы Орхонмен ­шатыстырады. Осы құжатты жалғасты оқысақ, онда Шыңғыс ханның атамекеніндегі өзен Шығыстан Батысқа ағатыны баян етілген (Жоғарыдағы «柏朗嘉宾蒙古行纪», «鲁布鲁克东行纪», ауд., 耿昇 мен 何高济, 北京, «中华书局» 1985 ж., маршруттық, топографиялық баяндауларына қараңыз). Ал Қиыр Шығыстағы Онон өзені Батыстан Шығысқа ағатыны баршаға аян, демек, тарихи құжаттарда айтылған өзен бұл емес екені осыдан-ақ түсінікті. Шын мәнінде, бұл дерек Іле өзенінің гидрографиялық ­сипатына толықтай үйлеседі, атап айтқанда, осынау түпнұсқалық тарихи құжат тек қана қазақтың Жетісу өлкесін көрсетеді.
Бұлармен ғана шектелмейді, Шыңғыс ханның атамекені Қазақ жері, Жетісу өлкесі екенін айғақтайтын тарихи құжаттық ­деректер өте көп әрі барлығы төтенше нақты жазылған. Шыңғыс ханның атамекенінде жабайы алма, өрік көп өсетін, бұл да – жер бетінде тек Жетісуды ғана көрсететін флористикалық айғақ болып табылады. Сонымен қабат олар жасаған жердің бұлақ суларында балық мол болған, Шыңғыс хан және оның отбасы мен достары қиын күндерден, өлім-өмір тайталасқан сын сәттерден осындай табиғи байлықтардың арқасында сан қайтара аман қалады («史集» («Жәмиғ ат-тауарих»), авт., Рәшит әд-Дін, 北京, «商务印书馆», 1997 ж., 1-дәптер, 1, 2-кітәп). Мұнда да Жетісудың бақтақ (форель) балығы меңзелгені сөзсіз. Өйткені үшбу жануарлар Алатаудың сай-саласында мейлінше көп болумен бірге, құрқол адамға да олжа болатын қолжетімді азық қайнары еді, демек бұл тұрғыда да ежелгі Моғолстанға, бүгінгі Жетісуға тән фауна көрініс беруде. Қоры­тып айтқанда, тарихи құжаттарда көрсетілген Шыңғыс ханның атаме­кені – Қиыр Шығыс емес, шын мәнінде Қазақ даласы, Жетісу өлкесі болып табылады, оған жоғарыдағы түпнұсқалық деректер толық дәлел.
Шыңғыс ханның қай өлкеде жасағаны, ұлдарына бөлген еншілі жерлерінен де белгілі, атап айтқанда, ұлы қаған Жошыға Қойлықты, Шағатайға Алмалықты, Үкітәйге Алтынемелді, ал Төлеге осы үшеуі­нің геометриялық өзегіндегі Қара­қо­рымды астана етіп берген (Жоғарыдағы «Тарих-и жаһангушай»). Өзіңіз көріп отырғандай, мұнда бүгінгі Моңғолия жері туралы бір ауыз да сөз айтылмаған, яғни Шыңғыс ханның атамекені ол жақта болмаған. Қарапайым логикаға салып ойласақ та, не егін, не мал өспейтін климаты қатал, сондай-ақ өркениет ошақтарынан шеткері аймақта қуатты империя құрылуы мүлде мүмкін емес қой. Тарихқа осы тұрғыдан назар салсақ, Шыңғыс ханды «моңғол» деушілердің пікі­рінде ешқандай тарихи деректік негіз, өмір шындығына тән мән жоқ екенін бірден аңғарамыз.
Осындай айқын тарихи құжаттық, археологиялық, реалистік дәлел, дәйек­терге қарамастан, кейбір тарихшылар Шыңғыс ханның тегін моңғол халқына теліп, даңқын Моңғолия жеріне сүйрелеп тыраштануда. Тіпті кейбіреулері «кәсіпқой тарихшы» дейтін пердені бетке ұстап алып дилетантизмге, фальсификацияға баруда. Айталық, олар түпнұсқалық тарихи құжаттардағы Бұрқан (Бурхан) сынды тау атын сызып тастап, өз жандарынан «Хэнтий» деген топонимді қолданады. Ал «Хэнтий» деген атау ешбір түпнұсқа тарихи құжатта айтылмаған, тіпті оған дыбыстық жақтан жақын келетін бір сөз де жоқ. Шындыққа жүгінсек, тарихи ­деректерде Бұрқан, Түрген деген жерлер­ Шыңғыс ханның атамекені ретінде сан қайтара көрсетілген. Мұндай жерлер Алматы­ ­облысында, Жетісу жерінде күні бүгінге дейін бар. Керісінше, Моңғолияда ондай атты жерлер ешуақытта болмаған, ­демек, Шыңғыс ханның атамекені де ол жақта болуы мүмкін емес.
Тарихи шындық дәл осылай болған­дықтан, әлгі моңғолжанды тарихшылар «жоқтан бар жасауға» кірісті, олар Шыңғыс ханға қатысты ешбір тарихи деректе жоқ «Хэнтий» деген жасанды, фальсификациялық атауды Қазақстан тарихына тықпалап кіргізді. Сондағы мақсаттары – еш тәсіл талғамастан ­Шың­ғыс ханды түрік, қазақ халқынан тартып алу, оны қайткенде де «моңғол» етіп шығару. Аталмыш монографияның аты «қазақ тарихы» болғанымен, заты моңғол тарихы болып шыққан. Онда «моңғол» деген этноним екі мыңнан аса рет қайталанған әрі барлығында да олар қазақ ұлтынан мүлде үстем етіп, тым дәріптеп көрсетілген («Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» (Екі томдық монографиялық зерттеу), авт., Зардыхан Қинаятұлы, Алматы: «Тарих тағылымы», 2010 ж.). Оны оқыған әрбір адамда, қазақта мемлекеттілік те, тарих та болмаған екен-ау, кері­сінше, біздің еліміз де, жеріміз де моңғолға тиесілі екен ғой деген теріс, құлдық түсінік қалыптасады. Онда Шыңғыс хан әулеті ғана емес, әйгілі Еділ (Аттила) батыр шыққан этнос та, атап айтқанда, ғұндар да моңғолға телінген. Іс жүзінде ғұн дегенді білдіретін «匈» сынды пішік (иероглиф) оңтүстік диалектілерінде «hung», «hong» деп оқылады, ол құнық, құнғария, қоңғырат, яғни қоңырат этно­нимінің ертедегі нұсқасы болып ­табылады. Турасын айтқанда, ғұндар ежелгі қоңырат­тар болатын. Бұлар ғана емес, монографияда найман, ­керей қатарлы түркі, қазақ арыстары да өздерінің тарихи орындарына сай емес деңгейде, моңғолдарға бағынышты, бодан ­этностар есебінде көрсетілген. Қысқасы онда түркі, қазақ тарихы мейлінше мансұқталған. Бәрінен де үрейлісі – сол, әлгі «монографияны» білдей ғылыми ­мекеме салық төлеушілердің ақшасына, яғни мемлекеттің қаржысына шығарыпты. Бұл қалай болғаны, сонда Қазақстан халқы Моңғолияның мүддесі үшін бодау төлеуі, ғылыми мекемелеріміз сол елдің идеология­сына жұмыс істеуі керек пе?!
Өзімізбен ғана шектелмей, тұтас еліміздің неше буын ұрпақтарын моңғол тарихымен, шындап келгенде моңғолдық идеологиямен тәрбие­леп келеміз. Қазақ хандарының, қазақ мемлекеттілігінің атасы болған Шыңғыс ханды мектеп оқулықтарына «моңғол» деп ­жазып, оқушы­ла­рымызды солай оқытып ­жатырмыз. Мұны да түсіну қиын, сонда­ біз Қазақстанның ұрпақтарынан Моңғолияның болашағын жасауымыз керек пе?! Өзіміз бабаң «моңғол», «тиран» болған деп оқытып алып, келешекте олардан қандай отаншылдық, қайдағы ұлттық рух күтпекпіз? Қыс­қасы, ұлттық тарихымызды мұндай дерекке, дәйекке, күллі тарихи құ­жат­­тық ақиқатқа жат қаралаудан, вандализмнен күнілгері құтқаруымыз қажет.
Егер ұлттық тарихымызға түпнұс­қалық деректердің көзімен қарасақ, ұлы Шыңғыс хан мен дана Қорқыт атаның тегі бір екенін анық көреміз. Екеуі де ҚИЯТ, Қорқыт ата баяттан, яғни байұлы саласынан, ал Шыңғыс хан жалайырдан тарайды. Шын мәнінде, Шыңғыс хан әулеті тарихы түркі, қазақ халқын, тұтас мұсылман әлемін, тіпті күллі адамзатты тұтастыратын, бірлікке шақыратын – нағыз ғылыми тарих. Ақиқат, түпнұсқалық тарихи құжаттарда «моңғол», «тиран» дейтін жалалардың ешбірі жоқ. Шыңғыс хан – хақ түркі, ұлы реформатор.
Қазақтың ұлттық идеологиясы­ ­тарихтан, қазақ тарихтану ғылымы шың­ғыс­хан­танудан қол үзе алмайды, біздің мемлекеттілігіміздің атасы – Шыңғыс хан. Күллі әлем білетініндей, Шыңғыс хан – Қазақ хандарының түп атасы, бұл – Аллаға да, адамға да аян ақиқат. Сол ақиқатты қолдан бермейік Алаш баласы. Шыңғыс хан және оның әулеті – біздің ұлттық тарихымыз, рухани байлығымыз болумен бірге, тура мағынасындағы материалдық байлығымыз болып табылады. Егер ел болып жұмылып Шыңғыс ханның түркілік тегін әлемге мойындатсақ, елімізге жыл сайын неше миллиондаған турист келіп, қазы­намызға сан миллиардтаған доллар кіріс түсетін болады. Сонда әрі еліміздің таны­малдылығы артып, әлем қауымдастығы алдында беделіміз еселеп өсе бермек, әрі қаржылық тартымдылығымыз бұрынғыдан да арта түспек. Ұлттық тарихымызды, ұлттық байлығымызды жатқа беріп қоймайық ағайын.
…Біраз кісілер Алаша хан мен Аланша­ (Алынша) ханды шатастырады, содан барып «Алаша хан күмбезін» Аланшанікі деп қарайтын пікір бой көрсетуде. Бұл ­тарихи деректерге сай келмейді. Екі атаудың алдыңғысы «алаш», соңғысы «алан» деген түбірден келіп шыққан. Алаш – қазақ этнонимінің қасиетті синонимі, сонымен бірге біздің ұлттық ұранымыз болып табылады, оған «а» жұрнағы қосылғанда «алашқа тән», «алаш ұлысына тиесілі» деген жаңа мағынадағы туынды сөз келіп шығады. Демек, Алаша хан – Алаш ұлысының ханы деген мағынадағы науғы, титул болып табылады. Жоғарыда айтқанымыздай, ол Шыңғыс ханның бақилық есімі еді, дәл сол сияқты, Аланша хан – Алан ұлысының ханы деген мағына береді. Оқырманға белгілі болғанындай, аландар миләдидің (жылсанауымыздың) алды-артында, Кавказ бен Қазақстан жерінде қағанат құрған түркілік этнос. Ендеше, «Алаша хан күмбезі» ол заманға тиесілі болуы мүмкін емес, өйткені оның археологиялық жасы «Жошы хан күмбезімен» қарайлас. Оны Солтан Ахмет хандікі дейтін болжам туралы­ да соны айтуға болады, себебі ол XVI ғасыр басында қайтыс болған. Яғни күмбездің археологиялық жасы бұл адам жасаған заманға да тура келмейді. Қорытып айт­қанда, тарихи, археологиялық дерек­тердің барлығы «Алаша хан күмбезі» Шың­ғыс хан кесенесі екенін көрсетіп береді.

Тілеуберді Әбенайұлы,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі, шыңғысхантанушы, аудармашы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.