Театр – өмір айнасы

Оқушылардың жан дүниесін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды санасына сіңіріп, орнықты тәрбие беру – жаңаша білім берудің негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда, Талдықорған қаласындағы Н.Островский атындағы №8 орта мектепте мектеп әкімшілігінің қолдауымен, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен театр майталманы Сағындық Жұмаділмен кездесу өтті.

Театр өнері ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерімізге негізделген. Осы тұста,­ Ж.­Аймауытовтың:­ «…театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген сөзі ойға оралады. Сондықтан біздің негізгі мақсат – мектеп оқушыларына рухани азық беру, өнерді құрметтеуге баулу.
Мектебімізде ақиық ақындармен, ­жазушылармен, ардагерлермен кездесу жиі өткізіліп тұрады. Дегенмен, Сағындық Айтмұханбетұлымен өткен кездесу ерекше болғаны рас. Оны ұстаздар мен оқушылардың дайындықтарынан, қонағымыздың өнер жолы жайлы әңгімесін айтқанда тыңдаған көпшіліктің ынтасынан, қуанышты көңіл күйлерінен байқауға болады.
Ұлағатты ұстаз, кездесу шымылдығын жүргізуші Әсем Үмітқалиқызы оқушыларға Сағындық Айтмұханбетұлының қиын да қызықты шығармашылыққа толы өмір жолы жайлы ақпаратпен бөлісті. Өз ретімен қонағымызға әзірлеген шағын ән-күйіміз де шараның шырайын кіргізді. Келесі ­кезекте қонағымыз өзінің жағымды, қоңыр ­даусымен шәкірттерге деген жылы лебіз, тілегін арнады. Театр тарланы өнегеге толы естеліктерін, жастарға ақыл-кеңесін айтты. Ата-ананы сыйлау, ұлттық құнды­лықтарымызды қадірлеу, Тәуелсіз мем­лекетіміздің адал ұрпағы болу сияқты ұғымдарды өзі қастерлейтінін және бәріміз де құрметтеуіміз керек деген ойын көпшілікке жеткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Асылханқызының жазған сценарийі бойынша өткен кеш жоғары деңгейде өткізілді.
«Театр – өмір айнасы, ол адамды адал­дыққа, сезімталдыққа, мейірімділікке, өнерді сүюге тәрбиелейді. Ал бойында бұндай қасиеті бар жандар ешқашан зұлымдыққа бармайды» деп Сағындық Айтмұханбетұлы ойын түйіндеді. Кездесу соңында мектеп директоры Ләйлә Иманбекова өнер иесіне ұжымның ыстық ықыласын білдіріп, алғыс айтып, өлең шумақтарымен өрілген «Алғыс хат» пен гүл шоғын тарту етті.

Ұлар САПАРҒАЛИЕВА,
Н.Островский атындағы №8 орта
мектептің мұғалімі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.