Мұрат МҰХТАРҰЛЫ: ҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

Елінің мақтанышы, қазаққа «Абай жолын» сыйлаған Мұхтар Әуезовтің ұлты үшін сіңірген еңбегі зор. Өзі ғана емес, ұл-қызын да ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеген. Сондықтан болар, ұлы қаламгердің ұрпақтары түгелдей ғылыммен айналысып, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Бүгінде жазушының Мұрат Мұхтарұлынан өзге балалары өмірден озды. Мұғалима апамыз әкесі туралы естелік жазып қалдырды. Ләйлә Әуезова тарих ғылымының докторы, дарынды ғалым болған. Әкесінің шығармалары мен ғылыми еңбектерін жинастырып, мемориалды мұражайын ашып, оның дамуына көп еңбек сіңірген жан. Ернар Әуезов бүкіл ғұмырында Қазақстан табиғатын қорғауға қатысты. Бүгінгі күні қаламгердің ұлы Мұрат Әуезов мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және танымал қоғам қайраткері ретінде қалыптасты. Мұхтар Әуезов өмірінің соңында Мәскеуде Кунцевский ауруханасында емделіп жатқанда Мұрат Мәскеу университетінің студенті еді. Сондықтан соңғы сәттерінде әкесінің жанында ең көп болған азамат газетіміздің «Әкесі жақсы қандай-ды…» айдарында естеліктерімен бөлісті.

«ӘКЕ КӨРЕГЕНДІГІ – ҚАЗАҚША БІЛІМ БЕРУ»

Әкемнің үлкен көрегендігі – мені қазақ мектебіне бергені. Алғашқы үшінші сыныпқа дейін қазақ мектебінде оқығанмын. Ол кезде Алматыда небәрі екі-ақ қазақ мектебі болды: №18 ұлдар мектебі, №12 қыздар мектебі. Сол кезеңде бірде-бір бастық «ұлтшыл» деген атқа ие болып қалмайын деген қорқынышпен балаларын қазақ мектебіне бермеді. Алайда қазақ мектебінде мамандардың тапшылығынан орыс мектебінде оқитын балалардан менің білімім төмендеу болды. Сондықтан ата-анам ақылдасып, мені төртінші сыныптан бастап орыс сыныбына ауыстыруға шешім қабылдады. Ол үшін әкем маған арнайы мұғалім жалдап, орыс, ағылшын тілдерін жеке оқытты. Әкемнің осындай қамқорлығының арқасында мен төртінші сыныпта орысша оқуға еш қиналмай кірісіп кеттім. Сонымен, келесі жылы №39 орыс мектебіне бардым.
Біз кішкентайымыздан табиғатқа көп шығатынбыз. Өзімен қатар алып жүрді. Ол кісі балаларының тәрбиесіне үлкен мән берді. Үлкен әпкеміз Ләйлә МГУ-дың ­тарих факультетін бітіріп, өте мықты ғалым болды. «Абай жолы» романының тарихи негіздері» деген диссертация қорғап, кітап шығарды.
Ернарымыз табиғатты өте қатты жақсы көруші еді. Оқыған кітаптарының бәрі аң-құс, табиғатқа байланысты болды. Ол мылтықты, оқ-дәрінің иісін жақсы көруші еді. Алыстан көруге көзі де өткір. Дуадақ атып, арқар аулайтын. Бір күні Ернармен бірге тауға шығып, суық тиіп қалғаны бар. Мұным әкеме ұнамай, мені дәрігерге қаратты, туберкулез ауруының алғашқы белгілері бар екен. Ал әкем туберкулездің не екенін жақсы білген, оның кейіпкерлерінің көбі, Абайдың Әбіш, Мағаш балалары осы туберкулезден көз жұмған. Сондықтан болар менде алғашқы белгілері байқалысымен-ақ әкем денсаулығыма қатты мән берді. Тез арада емдетуге шешім қабылдап, анам екеумізді Бурабайға жіберді. Әкемнің сол кезде маған жазған хаттары бар. Ол хаттарында «Күздігүні далада көп жүретін қорықтық (сондай қойшылар істеп ішетін сүт тамақ болады, тәтең айтып берер) ішіп, қыза бөртіп семіретін жас қойшылар болады. Дәл сондай боп келсең деп күтемін» дейтін.
Әкеміз мамандық таңдауға үлкен мән берді. Мен №39 мектепті 1958-59 жылы бітірдім. Әкем менімен жиі әңгімелесетін. «Кім боласың? Ойланайық, ақылдасайық» деп отыратын. Ол кезде астрономия сәнде болатын. Алғашқыда астроном боламын деп жүрдім де, емтихан тапсырар кезде ойымды өзгерттім. Маған гуманитарлық сала жақын екенін, әдебиет, тарих, ­географияны қалайтынымды түсіндім. ­Ойымды әкеме айтып ем, ол аз-кем ойланды­ да: «балам гуманитарлық сала жеңілдеу көрінуі мүмкін. Бірақ ол теңіз сияқты терең, бойласаң батып кетуің мүмкін. Оның толқындары бар, ол жерде­ өзіңді еркін сезінуің керек. Сонда ғана сен нағыз маман бола аласың» деді. Мен бәріне дайын екенімді жеткіздім. Мамандық таңдайтын жылы Мәскеу университетінде Шығыстану факультеті жаңадан ашылған болатын. Өзі ара-тұра сол университетте лекция оқып тұрушы еді. Онда қытай тілі, араб тілі, бұлардан басқа корей, вьетнам тілдері бар екен. Соған Қазақстаннан баруға бірінші рет мүмкіндік туды. Әкемнің тілегі араб тілі болды. Мен осы жерде емтиханды жақсы тапсырғанмын. Сол жаққа барғанда араб тілін оқуға болмайды дейді. Араб тілінде оқу үшін мектепте ағылшын тілінде оқу керек екен, мен неміс тілінде оқығанмын. Сонымен мені вьетнам тіліне ұсыныпты. Әкем ректорға хат жіберіп, араб тілі болмаса қытай тіліне ауыстырылсын деп өтініш айтыпты. Маған «қытай тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар» деді. Өйткені 1957 жылы Ш.Уәлихановтың еңбектері бірінші рет бес томдық болып шыққан, сонда Шоқанның Қытайға барғаны, бәрі бар. Ол бес томдықты шығаруға менің әпкем Ләйлә Мұхтарқызы мен әкеміздің досы Марғұланның тікелей қатысы болған. Шығыстану факультетін бітірген соң, әкем мені қытайдың мықты оқу орындарының біріне оқытуды жоспарлап еді, өкінішке қарай, оған жетпей өмірден озды.

«ӘУЕЗОВТІ «МАНАС» ЖЫРЫ ҮШІН ҚУДАЛАДЫ»

1957-58 жылдары қуатты кезі, Сталин және Ленин сыйлығының лауреаты болды. Өзіне Кеңес Одағының қай жерінен саяжай саламын десе, оның толық мүмкіндігі болды. Ал Мұхтар Әуезов қырғыздың жерін, Ыстықкөлдің жағасын таңдады. Күнделігінде «Мен дүниеге қайта келсем, осы жерді жақсы көретінім сонша, Ыстықкөлдің жағасын таңдар едім» деп жазған. Ол шынымен Ыстықкөлді өте қатты жақсы көрді. Біз бала кезімізден Шолпан атаға, Қойсарыға баратынбыз. Әкемнің Ыстықкөлдің жағасындағы ­саяжайын салуға қырғыздың жазушысы,­ Қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты­ Түгелбай Сыдықбеков көмектескен. Біз Алматыдан Ыстықкөлге барғанда ылғи да соның үйіне бір-екі сағат тоқтап, қуырдағын жеп, шайын ішіп, содан кейін жолды жалғастырушы едік. Сол кісі көп көмек жасап, тез арада әдемі, жақсы, көлге жақын жерде үй салынды.
Баршаңызға мәлім, Мұхтар Әуезов «Манас» жырын ерекше жақсы көрді. Оны жас кезінен зерттеп, 1951 жылы ұлы бір дүрбелеңнен құтқарды. Оны әрбір қырғыз біледі. Мәскеуден комиссия келіп, «Манас» жырын «халыққа қарсы дүние» деп тыйым салуға бекінгенде әкеміз тәуекел етіп, мәскеулік комиссияға қарсы шығады. «Бұл жыр халықтың жыры, бұл дүниежүзіндегі ең мықты эпос» деп дәлелдеген. Сондықтан сол кезде қырғыздардың Мұхтарды сыйлауы үлкен қауіп болған. Соған қарамастан қырғыз жазушылары әкеммен жақсы қарым-қатынаста болды.
1952 жылы КазГУ-дың филология­ факультетіндегі лекциясын тыңдап жүрген студенттер, олардың ішінде КГБ-да­­ істейтін саналы азаматтар Мұхтар Әуезовті қолға түсіріп, ұстап әкетуге ордер барын біліп, өзара ақылдасып, «Мұхаңа хабар берейік» дейді. Әнуар Әлімжанов осылай айтып берген-ді. Әкеміздің досы Қалибек Қуанышбаев ол кезде Жоғары Кеңес ­депутаты, ол Әуезовтің Алматыдан қашуына көмектеседі. Оны ұстауға бұйрықтың болғаны, әкеміздің қашуға мәжбүр болғанының жалғыз себебі – ­«Манас» жырын қорғауы еді. Әкемнің аман қалуына ерекше септігін тигізген – сол кездегі Тәжікстанның бірінші хатшысы Бабажан Ғафуров. Ол Сталинге «Мұхтар Әуезов ерекше дарынды жазушы, сіздің атыңыздағы сыйлықтың лауреаты, қазір осындай қуғын басталып жатыр, оның аман қалғаны дұрыс» дегендей оң пікір берген.
Ұмытпасам, 1957 жыл болу керек, Ыстықкөлдегі үйіміз әлі салынбаған кез еді. Әкем бауырым Ернар екеумізді қасынан қалдырмай ертіп жүретін. Біз суға жүзуді де сол Ыстықкөлде үйрендік. Әкем біздің әрбір қадамымызға, тіпті жүзуді үйренгенімізге де қуанатын. Спорттық ойындарды бірге ойнап, спортқа да баулушы еді. Үйге Қазақстаннан, Мәскеуден көп қонақ келетін. Бірде қырғыздың ұлы ­манасшысы Саяқбай Қарабалаевтың үйінде болдық. Дастарқан басында қыр­ғыздың он шақты жазушысы бар. Саяқбай аға «Манасын» орындай бастады. Мен ақырын келіп әкемнің құлағына «мен мына қырғызша жырды түсініп отырмын» дедім. Ол балаша мәз болып, манасшыны тоқтатты да, жан-жағына масаттана қарап, «менің ұлым қырғыз тілінде түсініп отыр» деді. Кейін ойланып қарасам, бізді әкеміз түр­кішілдікке тәрбиелеп, санамызға жақ­сы дүниені ғана сіңіруге тырысқан екен.

«СОҢҒЫ КҮНДЕРІНДЕ  ЖАНЫНДА БОЛДЫМ…»

1961 жылы әкеміз еліміздің оңтүстік өңіріне сапарлап келіп, Алматыға жеткенде­ денсаулығы сыр бергенін байқайды. Алматылық дәрігерлер асқазан ауруы асқынып кетіпті деп, Мәскеу қаласында қаралуға жөн сілтейді. Осы жылдың ­мамыр айында Мәскеуге келіп, қонақүйде бас қостық. Ол кезде Мәскеу университеті Шығыстану факультетінің екінші курс студенті едім. Философияны,­ Гегельді оқып жүрген кезім ғой. Сол кезде әкеме осы тақырыптар бойынша білгенімді айтқаным бар. Сонда оның «міне, ­баламмен философия туралы әңгімелесіп отырмыз» деп қонақүйге келген достарына айтып, ерекше әсерленгені есімде. Кейін маусым айында ауруханаға жатты. Жазғы емтиханның басталған кезі. Әкем маған арнайы ақша бөліп, «сен маған ауруханаға күнде келіп тұрасың» деді. Біз оның ауруы соншалықты ауыр және алдағы уақытта қандай да бір мәселе ­болады деп ойламадық. Дәрігерлер де отадан соң асқазаны қалыпқа келеді деп сендірген болатын. Мені күнде шақыртуының себебі де бар. Өзі Алматыдағы жазушыларға, әдебиетшілерге хат жазады. Оның ішінде сол кезде енді кең танылып келе жатқан Тахауи Ахтановқа, Әбдіжәміл Нұрпейісовке жазған хаттары есімде. Мен әкем жазған хаттарды қалаға әкеліп, көрсетілген мекенжай бойынша Алматыға жөнелтемін.
Әкемнің соңғы тапсырмасы елге бару еді. «Сен емтихандарыңды бітірген соң, елге барасың. Мен туған жерді аралап, Қарауыл, Жидебай, Шыңғыстауды көріп келесің. Сосын екеуміз Шолпан атада кездесеміз» деді. Ол маған Семей жаққа барғанда көрген-білгенімнің бәрін күнделік етіп жазып жүруімді тапсырды. Ол кезде ядролық сынақтарға қатысты, елдің жағдайы қиын екені туралы әкеме көптеген хат келетін. «Соның бәрін көзбен көріп, қаламыңмен қағазға түсір, Ыстықкөлдің жағасында кездескенде оқып бересің» деді. Әрине, оның басқа жолдармен де ақпарат алуға мүмкіндігі болды. Дегенмен, ол мені ел-жерді көрсін, білсін, санасына сіңсін деген екен. Біз мұны кейін түсіндік қой.
Мені аманаттап, 25 маусым күні ­Камен Оразалинге хат жазды. Бұл оның туған жеріне жазған хаты, қолына соңғы рет қалам ұстағаны екен. 26 маусым күні ешкімді кіргізбей, оны отаға дайындады. 27 маусым күні ота үстелінде 63 жасында қайтыс болды.
Кейін Мәскеудегі шығыстанушы­лардың біразы, ірілері мен мықтылары әкемнің достары еді. Маған оң көзқараспен қарады. 1965 жылы оқуды бітіргенде Азия-Африка институтының директоры, ғалым, академик Бабажан Ғафуров қытай тілі бөліміне тағылымдамаға алды. ­Содан кейін менің қытайшам жақсарып, мақалалар, қытай әдебиетіне талдау деген сияқты еңбектер жаза бастадым. Ол қытай мен Кеңес Одағы қатынастары шиеленісіп бара жатқан кез еді.

«ЖАС ТҰЛПАР» ТУРАЛЫ…

1963 жылдан бастап «Жас тұлпар» ұйымының басы-қасында жүрдім. Оны әкемнің өсиеті деп түсіндім. Өйткені оның елге барып келесің, жағдайын білесің ­дегендей ойлары басымнан шықпады. ­Содан кейін белгілі азаматтармен танысып,­ достас болып, «Жас тұлпар» деген ұйым құрдық. Бұл енді өмір ­жолына бағдар деуге болады. Дүниежүзілік әдебиет институтында аспирантурада оқи жүріп, «Жас тұлпар» ұйымымен айналыстық. Қазақстанға барып келсек, нақты жағдайды білсек, не болып жатыр екен дестік. Енді оған қаражат керек. Бүкілодақтық комсомол орталық Комитеті атынан Қазақстанға бардық. Ол кезде уақыттың өзі ұлттар мен ұлыстарға серпін беріп, осындай ұйым құруға мәжбүрлеп, ынталандырып тұрғандай еді. Мәскеуде, Кеңес Одағының кеңістігінде біраз өзгерістер жүріп жатқан. «Жас тұлпар» қанатын кеңге жая берді. Жан-жақтағы қазақ студенттері ғана емес, аспиранттары, басқалары қосыла бастады. Осылайша ең алғаш сол жылы Жамбыл облысына бардық. Бір-бірімізді Мәскеуде танып, үйірлесе бастаған кезіміз. Мақаш Тәтімовтың әкесі репрессияға ұшыраған, өзі қазақ мектебін бітірген. Сондай саналы жас жігіт. Ең бірінші болып ашаршылық пен демография тақырыбына үңілген осы Мақаш болды. Сонымен, «Жас тұлпар» үлкен қоғамдық қозғалысқа айналды. Аспиранттар жүйелі түрде лекциялар оқып, қазақтың тарихынан білетінін бөлісті, өйткені бізге жаңа тарих керек болды. Біздің түсінігімізде бұрынғы тарих отаршыл саясаттың жемісі еді. Сержан Ақынжанов Отырар туралы айтып берген, Алтай Аманжолов көне түркілер туралы зерттеулер жүргізді. Біз бірінші тыңдаушы болдық. Ол кезде тың өлкесінде бір ғана қазақ газеті болды, оның өзі орыс тілінен сөзбе-сөз аударма. Міне, сондайларға «Жас тұлпар» қарсы шықты.

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.