Тұрар есімі мәңгілік

Жуырда аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін дамытудағы Т.Рысқұловтың рөлі мен рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. ҚР Ұлттық кітапханасы мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірігіп ұйымдастырған ғылыми конференцияға  ғалымдар, тарихшылар, жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттер қатысты. Алдымен конференция аясында  ҚР Ұлттық кітапхана қорынан Т.Рысқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Түркі халықтарының жанашыры – Т.Рысқұлов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Республикалық ғылыми-конфе­рен­ция­ны ашқан кітапхана директоры­ Бақытжамал Оспанова жоғарыда аталған көрмеге Тұрар Рысқұловқа ­қа­тысты 100-ден астам кітап пен мер­зімді басылымдар, сондай-ақ­ кітапхана дерекқорында құнды дүниелердің ­барын айта келе, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Шараға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, саяси ғылымның докторы Сайын Борбасов модераторлық етті. Ол өз сөзінде «Жалпы қазақта Кеңес Одағы кезінде Тұрар Рысқұловтай үлкен қызметке жеткен адам жоқ. Д.Қонаев саяси бюроның мүшесі болды ғой. Бірақ одақтық деңгейде Тұрар Рысқұлов Кеңес Одағындағы үшінші-төртінші қызметке, Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді» дей келе, Мәскеуге жасаған сапары туралы әңгімеледі. Сайын Молдағалиұлы Мәскеу архивіне барып Тұрар ­Рыс­құловқа қатысты құжаттармен та­нысқан. Оның ішінде сол кездегі саяси тұлғаның хаттары, тапсырмалары, жеделхаттары бар. Сонымен бірге архивтен Т.Рысқұловтың бұған дейін жарияланбаған 11 фотосуретін табады. Оның бесеуінің көшірмесін жасатып алған ғалым қажетті құжат­тарды ала алмаған екен. Оның себебі, Т.Рысқұловтың туыстарының сенім­хаты қажет болған. Ал қолында бар сенімхаттар арқылы Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасыновтың құжаттарын елге әкелген. Осындай тың деректермен басталған ғылыми-практикалық конференцияда ғалым-тарихшылар Бейбіт Қойшыбай, Светлана­ Смағұлова, ­Жамал Әшірбекова, Мәрзия ­Жылысбаева, Айжамал Құдайбергенова, Гүлнәр Қозғамбаева және т.б. мамандар баяндама жасап, соңынан өзара пікір алмасып, сөз ­жарыстырды.
«Т.Рысқұлов – ұлт қайраткері» тақы­рыбында баяндама жасаған «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбай әңгімесін әрден Қазан төңкерісінен кейінгі жағдайдан бастады. Сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы елдердің жағдайын айта келе, Түркістан Республикасының құрылуына келіп тоқтады.
Тұрар Рысқұлов Азамат соғысы мен әскери интервенция жылдарындағы ­саяси және ұйымдастырушылық қыз­ме­ті­нің басты бағытын «отаршыл­дық­пен күресу» деп жазған еді. ­Саяси тұлғаның қажырлы қызметінің нәтижесінде 1919 жылдың ортасына­ қарай Ташкент, Пішпек, Арал, Верный,­ Наманган, Самарқан, Шымкент, Әндіжан, Керкі, Чаржой, Ош, Түркістан мұсылман секция­лары жұмыс істеп тұрды. Сонымен қатар жер­гілікті ұлттар тілдерінде үгіт-насихат жүргізіліп, газет-журналдар, кітаптар шығарылған болатын. Мұның бәрін өз баяндамасында келтірген Бейбіт Қойшыбай өз ойын: «Тұрар Рысқұлов Түрк Республикасының және Түрк халықтарының компартия­сын құру жайындағы шешімдерді өлкенің советтік басшы органдарында қабылдата алғандығымен ерекшеленеді. Ол – совет өкіметінің алғашқы жылда­рында-ақ Түркістан өлкесіндегі ұлт мәселесін түбегейлі шешудің дұрыс жолын ұсынған ұлт қайраткері» деп қорытындылады.
Өз кезегінде сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих археология және этнология факультетінің профессоры Светлана Смағұлова «Т.Рысқұлов және Қазақстандағы аштық» тақырыбын қозғады. Ол елдегі қалыптасқан жағдайды, үкімет ­тарапынан жіберіліп жатқан өрескел қателіктерді айтып И.Сталинге, қазақ өлкелік комитеттерінің бірінші хатшысы­ Л.Мирзоянға хаттар жолдаған Тұрар Рысқұловтың бірнеше ұсыныс жасағанын атап өтті.
«Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметінің бір қыры» тақырыбында ­баяндама жасаған ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетінің доценті Гүлнәр Қозғамбаева ­­Т.Рыс­­құлов­­тың Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде сол елде атқарған қоғамдық жұмысына талдау жасады.
«Т.Рысқұловтың бүкіл өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ұлтының жарқын болашағы жолына бағытталды. Отан тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлға. Коминтерн өкілі Тұрар Рысқұлов Моңғолияда ең ірі және маңызды мәселелерді шешті. Атап айтсақ: Моңғол Халық партиясын ұйымдық және идеологиялық тұрғыдан нығайтуға атсалысуы; Моңғолияның тұңғыш Конституциясын жасау және моңғол елінің астанасының атын өзгертуі; 1925 жылы Қытайға барған моңғол үкіметінің уәкілдерінің құра­мына қатысуы.
Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы 9 айға созылған қызметінде, ол өзін жан-жақты саясаткер, дипломат ретінде көрсете білді, сол елдің тарихында өшпес қолтаңбасын қалдырды. Т.Рысқұловтың есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақтың жадында жаңа қырларынан көріне бермек» деді Гүлнәр Бестібайқызы өз сөзінде.
Қазақстанның тәуелсіздік идеясы­ның негізін қалаушылардың бірі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани біртұтастықты сақтап, түркі халықтарының мәдениетін қайта түлетуге үлес қосқан мемлекет қай­раткері Тұрар Рысқұловтың қазақ тарихында алар орны бөлек.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.