Ұлттық топонимдер – баға жетпес қазынамыз

Шығыс Қазақстан облысының топонимикалық кеңістігін жеке алып қарағанда, оның тілдік қабаты (стратиграфиясы) үш қабаттан тұратыны анық байқалады. Біріншісін есте жоқ ерте заманнан бері келе жатқан, осы өлкенің байырғы тұрғындарының тілінен жасалған түркі қабаты құрайды. Тілтаным ғылымында шартты түрде алтай тіл бірлестігі дәуірі, сақ, ғұн, түркі кезеңдері деп бөліп жатады, алайда нақты бір жер-су атының қашан пайда болғанын тап басып анықтау қиын. Сонда да көне атауларға Алтын йыш-Алтынтағ-Алтынтау (қазіргі Алтай), Мұзтаг-Мұзтау, Ертіс, Бұқтырма, Күршім, Аршаты, Алтықыз, Қаба, Бейнетеңіз (қазіргі Зайсан), Барқытбел (қазіргі Тарбағатай), Қалба сияқты топонимдерді жатқызуға болады. Түркі қабаты қазіргі аумағымызда ресми тіркеліп жүрген 20000 атаудың 74,8%-ын құрайды.

Екінші қабат ХІІІ ғасырдан бастап еніп, 1755 жылдарға дейін, яғни Жоңғария құла­ғанға дейін жалғасқан моңғол тілді топонимдерден тұрады. Ол атаулардың көбін қазақтар қайтадан өз тілдеріне аударып алса, көбі фонетикалық өзгеріске түсіп, тілімізге бейімделіп кетті. Мысалы, Алтай, Зайсан, Тарбағатай, Қалжыр, Күрті, Тұрғысын, Тайын­ты, Арқауыл, Бүркітауыл, Долон, Ұлан, т.б. Облысымызда шамамен 10%-дай моңғол атаулары сақталып қалған.
Үшінші қабатты Жоңғария құлағаннан кейін көп ұзамай келе бастаған славян тілдеріндегі топонимдер құрайды. Ол атаулар 1760, 1870 жылдардан бастап үздіксіз еніп жатты. Аймақ атауларының 15%-ы орыс, украин, белорус тілдерінен жасалған: Быструшка, Тихая, Сухойлог, Каменка, Шеманаевка, Нико­лаевка, т.б.
Шығыс Қазақстанда угро-фин тілдерінен Согра «батпақ, саз», араб-парсы тілдерінен Дара/Дере «тау шатқалы» тәрізді бірді-екілі топоним кездескенімен, олар жеке-жеке тілдік қабат құрай алмайды.
Бұл айтқанымыз Шығыс Қазақстан топожүйесінің қалыптасу тарихын білдіреді, ал аймақ топонимдерінің қазіргі жағдайы мен болашақ даму жолы қандай деген заңды сұрақ туады. Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесінің ішінде оның құрамдас салалары термин мен ономастика да бар екенін ұмытуға болмайды. Тілдің ұлттық бейнесі осы екі салада айқын көрініс беретін себебі, олардың күнделікті өмірде жиі қолданылатындығында болса керек.
Шығыс Қазақстан ономастикасы түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Оның ішінде этнонимдер бізге дайын қалпында мұраға қалғандықтан, өзгертуге құқығымыз да, құдіретіміз де жоқ. Антропонимдер араб-парсы және басқа тілдерден енген есімдермен біршама шұбарланған болса да, ол кезек күттірмейтін іс емес. Қазіргі кезде ең өзектісі – топонимдерді жөнге келтіріп алу, өйткені адам есімі де, өмірі де өтпелі, уақытша құбылыс, ал жер-су – мәңгілік. Топонимдер жас мемлекетіміздің ұлттық келбетін айқындайтын символдар қатарына жатады. Сондықтан аймақтың топокеңістігін ретке келтірудің мынадай алғышарттары мен жолдары бар: Шығыс Қазақстан облысында ресми тіркелген 20000 макротопоним бар десек, оның 3000-ы славян тілінен енген және олардың лексикамызға енгеніне 300 жылға жуық уақыт өтіп кеткен. Бұл мезгілде географиялық нысанның тарихи аты ел жадынан шығып кетуі – заңды құбылыс. Ол нысандардың түркілік не моңғолдық тарихи аттары ешқандай мұрағатта сақталмаған. Бұдан туындайтын мәселе – кірме атаулардың орнын басатын топонимдердің табылмауы. Соның кесірінен атсыз қалған немесе ауыстырылған нысандарға Ақмарал, Береке, Бейбітшілік, Махаббат тауы, Өркениет, Ынталы, Бақыт, Шаттық тәрізді жер бедеріне қатысы жоқ атаулар беріле бастады. Бейілсіз байлар мен белгісіз батырлардың есімдерінен жасалған антротопонимдер қаптап кетті. Көрші тұрған табиғи нысанның атын ала салу әдісі пайда болды. Мәселен, Георгиевка – Қалбатау, Завидное – Айыртау сияқты. Бұны жақсы үрдіс деп айту қиын. Жер мен су – атымен, затымен қоса – сол жерді мекендеген халықтың байлығы екенін ескерсек, ондай бейберекеттікке жол беруге болмайды.
1996 жылы 23 мамырда мақұлданған «Қазақстан Республикасының мемлекет­тік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымда­масында» Қазақстанның өз мемлекеттілігін нығайту мен жетілдіру міндеті қойылған еді. Ол құжатта: «…Мемлекеттілік – кез келген қоғам үшін, кез келген халық үшін дамудың басты шарты. Олардың тағдыры да, бүгіні мен болашағы да, игілігі мен гүлденіп-көркеюі де мемлекеттілігіне байланысты… Мемлекеттік сәйкестілік дегеніміз мемлекетке тән барлық элементтердің тәуелсіз мемлекет белгілеріне сәйкес келуін білдіреді», – делінген. Сәйкестіліктің бір элементі ретінде «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, теміржол бекеттерін, әуежайларды, сондай-ақ физикалық-географиялық нысандарды атау мен қайта атаудың және ол атаулардың транскрипциясын өзгертудің тәртібі» бекітілген болатын. Сол уақыттан бері мемлекеттің ұлттық бейнесін қалыптастыру жолында көптеген істер істелді: діні, тілі, шекарасы, астанасы, ұлттық рәміздері мен менталитеті аныкталды. Орындалған жұмыстардың ішінде мемлекеттік тіл саясатының аясына енетін ономастика­лық мәселелер де болды. Ол істердің басым бөлі­гі егемендіктің алғашқы жылдары қауырт көтерілген патриоттық сезімнің арқасында жүзеге асты.
Қорыта келгенде:
Қазіргі аудио-видео техникалар мен транспорт түрлері жетілген заманда жер-су аттарын анықтау немесе жаңарту үшін, географиялық нысандарды көзбен көріп, қолмен ұстап барып, тиісті шешім шығаруға әбден болады. Бұл – міндетті де. Өйткені сөзжасам (топонимжасам) арқылы тың атаулар жасамас бұрын, ол табиғи нысанды көзбен көріп, ерекше белгісін анықтап алса, атау мен нысан арасында сәйкессіздік болмас еді. Топонимжасам арқылы жаңа атаулар тудырғанда, ол атау (мәселен, сөз) географиялық нысанмен (мәселен, зат) үндес келіп жатуға тиіс. Олай болмаса, жаңа атауда ешқандай жалқы есімдік қасиет қалмайды. Ол мән-мағынасыз дыбыстар тіркесі ғана болып шығады;
Ең алдымен, кірме атауларды ауыстыру арқылы мейлінше шұбарланған Шы­ғыс Қазақстан топокеңістігін тазалап алу мін­деті тұр. Бұл міндет егемендік алғаннан бері шешімін таппай келеді. Әсіресе, Қазақстанның солтүстігі мен шығысында кірме атаулардың пайызы әлі де жоғары. Бұл аталмыш аймақтардың геосаяси орны мен демографиялық жағдайларын ескере отырып, үздіксіз жұмыстар жүргізілуге тиіс;
Кірме атаулармен бірге кеңестік дәуірде еніп, жадымызға сіңіп кеткен Алғабас, Еңбек, Жаңадәуір, Жаңаүлгі, Қызылжұлдыз тәрізді ұраншыл, саясатшыл атауларды да алмастыру қажет. Өйткені мұндай топонимдер жердің ерекше бір белгісін, бедерін білдірмейді. Қазіргі кезде ондай дерексіз сөздерден жасалған атауларды алмастырғанды қойып, қайтадан көбейіп келеді. Мысалы, жер-су аты ғылымынан хабарсыз көптеген «әуесқой топономистер» Ақмарал, Ынталы, Ынтымақ, Береке, Өркениет, Өргебас сияқты жалқы есімге ешқандай қатысы жоқ ойконимдерді қаптатып жіберді. Сонда бұрынғы Алғабасты қазіргі Өргебасқа айырбастағанда не ұттық деген заңды сұрақ туады? Топонимиканың заңдылығын білмегендіктен, ойға келген атауды қоя салу барлық облыстарға тән «ауру» болып отыр. Тілдегі зат пен сөз сияқты, атау географиялық нысанды дәл белгілеуі керек деген қағида ұмытылған. Қазақ ықылым заманнан бері ақ тауды – Ақтау, қара тауды – Қаратау деп атағанын ескермейміз.
Қазіргі кезде жер-су аттары иесіз, қараусыз қалған сала болғандықтан, әркім өз тегінің атын шығаруға пайдаланатын көз етіп алды. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов жерге адам атын қою қазаққа тән емес, оның Еуропадан келген үрдіс екенін айтады. Құрметті адамдарды мәңгілеу үшін қала көшелеріне, мектептерге, түрлі мекемелерге есімін берсе жеткілікті. Ал адам есімдерін жер-суға қоя беретін болсақ, көп ұзамай-ақ антропонимдер топонимдерді ығыстырып шығаратыны ақиқат-шындық;
Қазақ топожүйесін қайта құрудағы негізгі міндет қазақы атауларды сақтап қалу ғана емес, ғаламдасу кезінде ұлттық бейнені танытатындай ұлттық топонимдер жасау болып табылады. Қазақстан жеке ел болып, тілін өміріне арқау етуді алға қойып отырғанда, енді осыдан былай сәтсіз жасалған атаулардың, кірме атаулардың топожүйемізге енуіне жол беруге болмайды. Еліміздің баға жетпес қазына­ларының біріне жататын топонимдерді қалай болса солай қолдану, саудаға салу орын алып келген болса, ендігі кезекте белгілі жүйеге енгізіп, дәстүрлі модельдер арқылы саналы түрде атаулар жасауға көшуге болады. Қазақ топонимдерінің дәстүрлі сөзжасам модельдері біздің тарапымыздан жан-жақты қарастырылған.

Бердібек БИЯРОВ,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.