Шамшырақ

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық өнегеге толы өмірінде әділдікті ту етіп, бәрінен де жоғары ұстап келеді. Сол арқылы шәкірттеріне сөзімен де, ісімен де үлгі бола білген жан. Ең алдымен, Рәбиға апайымыз – үлкен ғалым. Ғалым болғанда да өзіне үлкен міндет жүктеген, ғалымдығын адамдығымен қатар алып жүре білген ғалым.
«Түк біткен жерге бітеді, шөп шыққан жерге шығады» дегендей, Рәбиға Сәтіғалиқызының ата-бабасы, әке-шешесі де елге әйгілі, ақыл-парасаты мол, көзі ашық адамдар болған. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» атты поэмасында Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, жадап-жүдеп, Жайықтың бергі бетіне өткенде Сәмембет батырды іздеп барғаны, бай, би, батыр Сәмембеттің 40 адамды тамақтандырып, жылы киім бергені, тың ат қосып беріп, ерекше қамқорлық жасағаны баян етіледі:
– Алдымызда бар, – дейді, –
Сәмембет, Ысық Шығанақ.
Соған барсақ, жайланып,
– ­­Шығармыз, – деді, – кеңіске.
Құмары ердің табылды,
Табылмаса неғылды?
Аяғынан тік тұрып
Сәмембет батыр сыйлады…
Сол Сәмембет батыр – Рәбиға апайымыздың арғы атасы. Сәмембет – Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарагөл ауылында 1760-1850 жылдары өмір сүрген батыр, рубасы. Ол турасында батырдың ұрпағы – Алдияров Қанат Ашықұлы 2012 жылы «Сәмембет батыр» деген кітап бастырып шығарды. Сәмембеттен Бұйдағара, Бұйдағарадан Құтқожа, Құтқожадан Сәтіғали тарайды. Сәтіғали – Рәбиға апайымыздың әкесі. Яғни Рәбиға апай – Сәмембет батырдың тікелей ұрпағы. Апайымыздың өз әкесі – Сәтіғали да – көзі ашық, қазақтан шыққан тұңғыш телеграфист мамандардың бірі болған.

Жасынан мұсылманша сауат ашып, кейін екі кластық (6-7 жылдық) мектепте, Орынбордағы семинарияда білім алған. Ақтөбе облысының бірнеше ауданында байланыс бөлімшесінің (пошта, телеграф, радио) бастығы болып қызмет еткен. Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Иса Қашқынбаев, Шынтас Қаратаев сынды қазақ зиялыларымен үзеңгілес, пікірлес болған. Сәтіғали де атасы Сәмембет сияқты елге қамқор жан болған, дәулеті асып-тасымаса да, дарынымен көзге түскен жастарға (Ишанбай Қарағұлов, Нұрсұлу Тайпақова, т.с.с.) көмектесіп, оқып, білім алуына жағдай жасаған. Кейін 1937 жылғы зұлматта «халық жауы» деген айып тағылып, Ақтөбеде ату жазасына кесілген. Жары, Рәбиға апайымыздың анасы – Жеміс Қалуқызы жолдасы ұсталып кеткенде төрт баламен қалған. Қажырлы ана балаларының адал, еңбекқор болып өсуіне ерекше мән берген­ әрі осы қасиеттердің бәрі өз ­бойында да болған. Рәбиға апай әрдайым: ­«Бойымда қажырлық, намысшылдық, адалдық, еңбекқорлық сияқты қандай ізгі қасиет болса, бәрі де – анамнан» деп отырады.
Рәбиға Құтқожина (Сыздық) 1924 жылдың 17 тамызында Ақтөбе облысы Ойыл қалашығында дүниеге келген. Әкесі ұсталғанда 7-сыныпта оқыған екен. «Халық жауының қызы» деген, тікенектей қадалған жаланың зардабынан оқушы кезінде-ақ зардап шегіп, «кесірі тимес үшін» сыныпта қасына ешкімнің отырмай қоюы, А.С.Пушкиннің 100 жылдығына арналған кеште бәріне жеткен тақпақ-өлеңнің кішкентай Рәбиғаға ғана «жетпей қалуы», соны сылтауратып, мұғалімнің: «Ағайынды қарақшылар» («Братья-разбойники») деген поэманы бастан-аяқ жаттап кел!» деп тапсырма беріп, кейін тұтас поэманы бастан-аяқ жаттап келсе де, кезек тимей қалуы – өзекті өртеген күйік болғаны даусыз. Осы кезден бастап «Әкеміз халық жауы емес, ол әділетсіздіктің құрбаны болды» деген сенім мен намыс апайдың көкірегінде берік орын алған. Осы намыс кейін өмір жолына қамшы болып, мойымауға, шындықты жасқанбай айтуға, әділет үшін жанын аямауға ұмтылдырған.
Рәбиға Сәтіғалиқызы 1938-1940 жылдары Темір қаласындағы пед­училищеде оқыған. Еңбек жолын 16 жасынан бастап, 1940-1945 жылдары, соғыс жылдары, Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, ­педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1944 жылы жедел түрде екі жылдық Ақтөбе оқытушылар институтын бітірген. Ақтөбедегі №6 мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істегенде түрлі үйірмелер ашып, дарынды балалардың шыңдалуына түрткі болған. Апайымыздың сол кездегі шәкірттері – Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаевтар ақын, аудармашы, журналист ретінде танылса, Сұният Нұрмұқанбетов – ­тарих ғылымының кандидаты, Ырзабай Қобдабергенов Шымкент қорғасын зауытының директоры болған.
1945 жылдың тамызында Абай Құнанбайұлының 100 жылдығы ­республика көлемінде атап өтілмек болады. Ол жиынға өңірлерден делегаттар шақырылады. Тіл, әдебиетке жаны құмар, жауапкершілігімен, зеректігімен көзге түскен Рәбиға Құтқожина Ақтөбеден баратын алты адамның бірі болады. Әрі республикалық ­тамыз кеңесіне де қатысатын болады. Алматыға барып, білім алуды арман еткен қаршадай қыз бұған ерекше қуанады. ­Рахила Сәрсенова апайымен бірге ­Киров, қазіргі Төле би көшесіндегі кішігірім қонақүйге орналасқан Рәбиға ертесіне Орталық Комитеттің ғимаратындағы жиында алғаш рет Мұхтар Әуезовті көреді, баяндамасын ұйып тыңдайды. «Мектепте балаларға оқытып жүрген Абайым осындай кісі екен ғой. Абайды осылай айтып, түсіндіру керек екен ғой» деп, жазушының әр сөзіне сүйсінумен болады. Алматыға келіп, оқуын жалғастырғысы келеді.
Тамыз кеңесі бұрынғы Дзержинский мен Киров көшелерінің қиылысындағы №25 мектепте өтеді. Жиынды жүргізушінің «Арамызда облыстардан келген мұғалімдер де бар. Кім сөйлегісі келеді?» деген сөзін естіген Рәбиға Құтқожина қол көтеріп, сөз сұрайды. Сөзінде оқулықтардың кемшіліктерін, балалардың түсінуіне ауыр келетін олқы тұстарын айтып береді. Үзілісте сол оқулықтардың авторлары – Мәулен Балақаев пен Ісмет Кеңесбаев келіп (ол кезде апай оларды танымайды), қаршадай қыздың батылдығына, ойының ұшқырлығына ризашылығын білдіреді. Біраздан кейін Ахмеди Ысқақов келіп, сабырлы қалыппен апайдың немен шұғылданып жүргенін, қандай мақсаты бар екенін сұрайды. Рәбиға Құтқожина мұғалімдер институтын бітіргенін, отбасы жағдайына байланысты оқи алмай жүргенін, енді майданнан оралған ағасына отбасын тапсырып, оқығысы келетінін, Мәскеу жақын болғандықтан, сол жақтағы жоғары оқу орындарының біріне құжаттарын тапсырғалы жүргенін айтады. Ахмеди­ Ысқақов болашақ академиктің білімі мен алғырлығына тәнті болып, мұғалімдер институтын қызыл дипломмен бітіруіне байланыс­ты Алматыдағы ҚазПИ-дің 3-курсынан­ бастап оқуға шақырады. Зейінді жас бұған келісіп, екі айдың ішінде айырмашылықтарын тапсырады да оқуға түседі.
Сөйтіп, Рәбиға Құтқожина 1945 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына келіп, 1947 жылы үздік бағамен (қызыл дипломмен) бітіріп шығады. Студент кезінде-ақ «Қазақ тіліндегі изафет» деген тақырыпта ­баяндама жасап, ғылымға қабілеті бар жас ретінде танылады.
1947-1951 жылдары осы институттың аспирантурасында оқиды. Сол уақытта Рәбиға Құтқожина ҚазПИ мен Қыздар педагогикалық институтында «Қазақ-орыс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» деген пәннен сабақ беріп жүреді. Алайда екі жылдан соң Ермұқан Бекмаханов, Бек Сүлейменов, Қайым Мұхамедханов, Ісмет Кеңесбаев, т.с.с. ғалымдар айыпталып жатқан тұста «халық жауының» қызы ретінде Рәбиға Құтқожина да жұмыстан шығып қалып, жарты жылдай жұмыссыз жүреді. Бұл – ұлт зиялыларының өздерін ғана құртып қоймай, ұрпақтарына жасалған ашық қастандық еді. Осы кезде Әбу Сәрсенбаев Рәбиға Құтқожинаны оқулық шығаратын «Учпедгиз», кейін «Рауан» деп аталған баспаға кіші ­редактор ретінде жұмысқа қабылдайды. Көп ұзамай Рәбиға жауапкершілігінің, іске мұқият қарауының арқасында ­редактор, кейін аға редактор, редакция меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі.
1957 жылы Тіл-әдебиет институтын кадрлармен толықтырып жатқан кезде қабілет-қарымымен көзге түскен Рәбиға Құтқожина ҚазКСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) жұмысқа шақырылады. Ғылым жолындағы ізденістерін кіші ғылыми қызметкер ретінде бастаған Рәбиға Құтқожина бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істейді.
Рәбиға Құтқожинаның диссертация тақырыбын таңдауына, ғылымдағы бағытына, қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуіне Мұхтар Әуезов ықпал еткен. Академик Рәбиға Сыздық сол кезді былай деп еске алады: «Ғылыми диссертациялар қорғау үшін тақырыптар ұсынылып жатты. Екі-үш айдан соң ғылыми кеңестің отырысы болды. Кеңестің бір мүшесі – Мұхтар Әуезов екен. Сол басқосуда Мұхаң: «Абайдың қара сөздерінде «бармаққа керек», «айтарға дұрыс» деген сияқты сөздер бар. Осы немене? Татар тілінің әлде шағатай тілінің әсері ме? Өлеңдерінде де бар ма екен? Осыны зерттемейсіңдер ме? Осыны тақырып етсе, қайтеді?» деді. Тақырып табу оңай емес. Ұстаздарым – І.Кеңесбаев, М.Балақаев, басқа да тіл мамандары бар: «Дұрыс екен» деп қолдай кетті. Мен де келістім.Расын айтсам, менің ғылымдағы жолымды ашып, жөн сілтеген де, «Мәдениетті, білімді болу керек, осылай сөйлеу керек» дегенді ұқтырған да, ғылым жолын көрсеткен де – Мұхаң болды».
1959 жылы 15-19 шілдеде Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференция өтеді. Осы конференцияда Рәбиға Сыздықованың сөзіне тәнті болған М.Әуезов: «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша риза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ой бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты» деп ағынан ақтарылады.
Академик Мұхтар Әуезовтен бата алған Рәбиға Құтқожинаның канди­даттық («Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері», 1959), доктор­лық диссертацияларының тақы­рыбы («Абай шығармаларының тілі», 1971) Абай Құнанбайұлы шығарма­шылығына қатысты болды. Абайдың тілі бойынша үш монография («Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», 1968, «Абай шығармаларының тілі», 1971, «Абайдың сөз өрнегі»,1994), 40 шақты мақала жариялады. «Абай шығар­маларының тілі» атты монографиясы үшін ғалымға Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық берілді. Абай Құнан­байұлының шығармаларын талдау арқылы қазақ әдеби тілінің ХІХ ғасырдағы дамуын сөз етті, ақынның қазақ әдеби тілінің тарихындағы орнын көрсетті.
Ғалым қазақ әдеби тілінің тари­хына әрі қарай дендеп, XV-XIХ ғасырлар­дағы ақын-жыраулардың тілін, қазақ тіліне қатысты ортағасырлық жазба ескерткіштердің тілін зерттей бастады. 1968 жылы профессор Р.Сыздықова М.Балақаев, Е.Жанпейісовтармен бірге «Қазақ әдеби тілі тарихы» атты оқу құралын жазып шықты. 1993 жылы жеке өзі «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деп аталатын оқулығын жариялады. Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеуде ғалымдар арасында түрлі таластар туып келді. Өзге тілдердің үлгісімен қазақ әдеби тілін де жазумен байланыстырған зерттеушілер болды. Осы тұста да Рәбиға Сыздықова бір тілге тән меже, ұстанымдарды басқа тілдерге де сол қалпында қолдануға болмайтынын дәлелдеп, қазақта жазба әдеби тілге дейін ауызша тараған әдеби тілі болғанын, көрнекті өкілдерін нақты мысалдармен айқындап берді. Қазақ тіліндегі әдеби тілдің өзіндік критерийлерін көрсетіп, ХV-ХІХ ғасырлардағы әдеби үлгілердің тілдік-көркемдік белгілерін сипаттады, өз тарапынан «қазақтың жазба тілі алдындағы әдеби тілі», «ауызша әдеби тіл» деген терминдерді ұсынды. 2014 жылы жарық көрген еңбегі «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» деп аталды. Сөйтіп, «Ғылым әділ, шынайы болуы керек» деген ғалым қазақ әдеби тілінің тарихы ерте замандардан басталатынын нақты дәйектермен дәлелдеп берді. Рәбиға Сыздықованың еңбектері көп жылдан бері жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келеді.
Тәуелсіздік алып, ұлттық құндылықтарымызды қайта бағалап, рухани мұрамызды түгендеп жатқан кезде ғалым апайымыз Қадырғали би Қосымұлының «Жамиғат тауарих» атты шежіресінің тілін жан-жақты зерттеді. Әділдікті ұстаным еткен Рәбиға Сыздықова XVI ғасырда жасаған, ­жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосымұлының «Жамиғат тауарих» атты шығармасын татарлар иемдене бастаған кезде «Қосымұлы қазақ болса, Ораз Мұхамедханның қасында талай жыл бірге жүрсе, өзі би болса, неге тек татарларға тән болуы керек?» деген ойға келіп, қазақтың ескі тілінде араб графикасымен жазылған дүниені алғаш рет қазіргі графикамызға түсіріп, транскрипция­лайды. Ғалым орта ғасырларда түркі халықтарында ортақ кітаби тіл болғанын ескертіп, Қадырғали Қосымұлының еңбегі сол ортақ тілде жазылғанын, ішінде қазақ тіліне тән қолданыстар, тұрақты тіркестер мол екенін, қазақтың рухани мәдениеті, салт-дәстүріне қатысты тілдік бірліктердің көптігін нақты айғақтармен ыспаттап шығады («Язык «Жамигат тауарих» Жалаири»). Қазақтың салт-дәстүріне, этнографизмдерге (балдызлай берді, йеңгәлете алды, хатун айырды, қыз айттурды), жекелеген сөздерге, төрт түлік мал атауларына (мал, ат, улағ, йылқы, туар қара, ахта ат, сығыр, бузағу, қой, төуә), дыбыстық алмасуларға, т.с.с. талдау жасай отырып, шежіре тілінің қазақ тіліне жақындығын дәлелдеп шықты.
1992 жылы тарихшы ғалым ­М.Қой­гелдиевпен бірге тарихи, тілдік деректермен толықтыра отырып, еңбекті жоғары оқу орындарында оқытуға лайықтап қазақ тілінде жариялайды. Қазақ, орыс тілдерінде қатар ұсынған осы еңбегі арқылы ғалым бірнеше буын ұрпақтың рухын көтеріп тастағаны белгілі. Екі тілде де ойын еркін жеткізе білетін апайымыздың бұл еңбектерін қайталап оқып отырып, ғалымның ғылымға, ана тіліне, өз ұлтына ­деген сүйіспеншілігіне тәнті боламыз. Қазақтың рухын асқақтатар, намысын оятар нақты дәлелдері еріксіз таңдай қақтырады!
Бұл бағыттағы зерттеулерін әрі қарай жалғастырып, қазақ әдеби тілінің ­тарихына (ХІІ ғасыр) хронологиялық тұрғыдан дендей отырып, профессор Рәбиға Сыздықова Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» атты шығармасының тілін зерттеуге кіріседі. Профессор XVIII ғасырда Самарқан қаласынан табылған қолжазбаны ХІХ ғасырдың аяғында Залеман деген орыс ғалымы Петербургке алып кетуіне байланысты Кеңес Одағы кезіндегі ең көне қолжазбаның фотокөшірмесін алдырып, қазіргі жазуға көшіреді. Қолжазбаның тілін, көркемдік, лексика-грамматикалық ерекшелігін, текстологиясын зерттеп, 2004 жылы 75 баспа табақтан тұратын «Ясауи «Хикметтерінің» тілі» атты ғылыми монографиясын жариялады.
Әдетте қандай да бір еңбек жазуда белгілі бір тақырып аясында қызмет етіп, жобаға сәйкес тапсырма негізінде мақалалар мен зерттеу еңбектері ­жазылады. Ал апайдың ғылымға деген сүйіспеншілігінің арқасында бірқатар еңбектері мүлде қаржыландырылмаған. Апай ол тақырыптарды қандай да бір тапсырманы орындау үшін емес, жанының қалауы бойынша жазған. Бүгінгі таңда тарихи лексикология бойын­ша жоғары оқу орындарында бірден-бір оқу құралы ретінде пайдаланылып жүрген «Сөздер сөйлейді» атты еңбек – Рәбиға апайымыздың ­хобби ретінде айналысқан зерттеулерінің нәтижесі. Кітаптағы бүгінде түсініксіз болып жүрген сөздерді, тіркес, қос сөздердің құрамындағы жекелеген тілдік бірліктерді талдауы бөлек әлемге түсіріп жібергендей әсер қалдырады. Тіліміздің сырына, терең тұңғиығына әрі қарай да барлап, дендей түсуге талпындырады. Соны талдаулар жасай отырып, Махамбет­ шығармаларында, Абай туындыларында қате басылып, жаңсақ түсіндіріліп жүрген сөздердің сырын ашады. Махамбет жинақтарында лауазым (Атандай даусын ақыртып, Лауазымын көкке шақыртып) сөзінің қате жазылып, қате түсіндіріліп келе жатқанын айта келіп, ақын өлеңінің 1908 жылғы Қазан басылымында бұл сөздің луазун () түрінде жазылғанын тілге тиек етеді, бұл сөзді уәзін «дауыс, үн, зар (әуез)» мәнін білдіретін араб сөзі ретінде сипаттайды. Сонда ақын «дауы­сын көкке жеткізіп, зарлатып» деген мағынадағы өлең жолын ұсынған болып шығады. Сонымен қатар ғалым сой, аяр, қом сулар, ереуіл, т.с.с. сөздерді де осылайша талдайды.
Терең де дәйекті талдаулары арқылы Рәбиға Сыздықова Махамбет өлеңдерінің құдіретін танытады. Сол арқылы тіліміздің шынайы болмысын көрсетеді. Оқырманын сүйсіндіріп, тәнті ете отырып, ана тілімізді бағалай білуге, табиғатын тереңнен түсінуге шақырады. Тілдің тазалығы мен көркемдігіне тамсандыра отырып, ғалымның өзі де сол үдеден шыға білді. Тілдің заңдылықтарын түсінікті де ұғынықты етіп түсіндірді. Профессор түсініксіз сөздерді, терминдерді қолдана қалғанда жақша ішінде сипаттамасын, түсініктемесін қоса беріп отырады. Абай, Махамбет өлеңдерінде дискурс құбылысы, яғни «ақын – өлең-толғаулар – оны қабылдаушылар» үштігінің бірлігі ескерілгенін айтады. Рәбиға апайдың еңбектерін оқи отырып, ғалымның қазақ тіліндегі жаңа бағыттарды жетік меңгергеніне көз жеткіземіз. Коммуникативті синтаксис, когнитивті тіл білімі, лингвомәдениеттаным, функционалды лингвистика, т.с.с. жаңа бағыттармен таныстығы, ондағы заңдылықтарды, негізгі ұстанымдарды терең түсінгені байқалады. «Қазақ тілінің анықтағышында» тыныс белгілердің қойылуын тема, рема деңгейінде ­сипаттауы, «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» атты еңбегіндегі айтушы ~ мәтін ~ тыңдаушы» үштігі, коммуникативтік жағдаят, дискурс құбылысы, тіл мен сөздің (язык – речь) арақатынасы туралы ойлары осы сөздерімізге дәлел бола алады. Академик Рәбиға Сыздықова– қазақ тіл білімінде лингвистикалық стилистика, мәтінтану, психолингвистика, тарихи лексикология, тілдік нормалардың қалыптануы, т.с.с. бағыттарды қалыптастырған ғалым.
Ұстазымыздың ерекше ілтипатпен, өз парызы ретінде атқарып жүрген істерінің бірі – репрессияланған қазақ зиялыларының еңбектерін насихаттап, жинастыру. «Әкем халық жауы емес, әділетсіздіктің құрбаны» деген сенімі күшті болған Рәбиға Сыздықова А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұбанов, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев сынды қазақ зиялыларын да «халық жауы» ретінде қабылдамаған. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов мұралары бойынша комиссиясының мүшесі ­болып, репрессияланған қазақ зиялы­ларының істерін ақтап шығу үшін жан аямай еңбек етті. Кеңес үкіметінің ­саясаты дүрілдеп тұрған кездің өзінде-ақ ғалым олардың қазақ тіл біліміне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қос­қан үлесін тайсалмай айтқан болатын.
Апай 1965 жылы ұстазы М.Балақаев­тың ұсынысымен ғылыми конференцияда Құдайберген Жұбанов туралы баяндама жасады. 1966 жылы ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы «Ғалым-азамат» атты кітабы жарық көрді. Сонымен қатар Құдайберген Жұбанов мұрасының жинақталып, көлемді еңбек болып шығуына атсалысып, редакторлық етті.
Академик Рәбиға Сыздықованың А.Байтұрсынұлы еңбектерін насихаттап, жариялаудағы еңбегі де орасан зор. 1977 жылы, Ахмет Байтұрсынұлы ақталардан 11 жыл бұрын, Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған «Қазақ тіл білімі 60 жылда» атты ғылыми конференцияда Ғылым академиясының мінберінен «Ұлттық тіл білімінің негізін қалаған ғалым – Ахмет Байтұрсынұлы» деп тайсалмастан айтуы – әділдікті ту еткен ғалымның жүректі жарып шыққан сөздері болатын.
Рәбиға Сыздықова зерттеулерінде қоғам қажетін өтейтіндей ең өзекті, келелі мәселелер қозғалған. Қазақтілді мектептер жабылып, қазақтілді аудитория азайып жатқан тоқырау жылдарында еңбек етсе де, қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп, тілдік норма, сауатты жазу, дұрыс сөйлеу нормаларын қалыптандыруға (кодификациялауға) күш салды.
Р.Сыздық – оқулық, сөздік, ғылыми монография, кітапшаларын, бірқатарының өңделіп, толықтырылып, жаңартылып қайта басылғандарын қоса есептегенде, 27 кітаптың, 400-ден астам мақаланың авторы. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 9 докторлық, 19 кандидаттық диссертация қорғалды. Рәбиға Сыздық қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық стилистика саласының негізін қалады. Ғалым «Сөз құдіреті» атты еңбегінде Мұхтар Әуезов, Шерхан­ Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан­ Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы сынды көркемсөз шеберлерінің туындыларын лингвостилистикалық тұрғыдан талдап, сөзқолданыс ерекшелігін, көркемдік шеберліктерін сипаттайды.
Рәбиға Сыздықова ұстаздық пен ғалымдықты шебер ұштастыра білді: әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Абай атындағы Алматы­ мемлекеттік уни­верситетінде, Қазақ мемлекет­тік Қыздар педагогикалық университетінде «Қазіргі қазақ тілінің даму принциптері мен үрдістері», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Абай тілі», «Сөз мәдениеті», т.с.с. курстары бойынша дәріс оқыды, «Баспасөз мәдениеті» ­деген тақырыпта лекция-әңгіме өткізді, Алматы Өнер институты оқытушылары мен студенттері алдында ауызша тілдің мәдениеті, сахна тілінің ерекшеліктері туралы әңгіме, дәрістер өткізді, Қарағанды университетінің арнайы шақыруымен қазақ әдеби тілінің тарихы бойынша арнаулы курстан дәріс оқыды, Семей педагогика институтының филология факультетінде «Қазақ әдеби тілінің тарихынан» дәріс оқыды. Шұрайлы да көркем қазақ тілінің сахнада тіл талаптарына сай, дұрыс қолданылуы үшін актерлар мен әншілерге арнайы сабақтар өткізді. 1974 жылы Алматыдағы Өнер институтының оқытушылары мен студенттері алдында ауызша тілдің мәдениеті, сахна тілінің ерекшеліктері туралы әңгіме, дәрістер өткізді. 1982 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының актерлар ұжымына «Сөздің айтылу нормалары», «Ауызша тілдің ерекшеліктері», т.с.с. тақырыптар ­бойынша топтама дәріс өткізді. 1982 жылы республикалық Қазақ радиосының арнаулы тілшілеріне бұқаралық ақпарат құралдарының тіл мәдениеті жөнінде топтама дәріс оқыды.
2016 жылы академик Рәбиға Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің ­тарихы», «Сөз құдіреті», «Сөздер сөйлейді», «Тілдік норма және оның қалыптануы» атты еңбектері Қытай Халық Республикасы Бейжің ­(Пекин) қаласында жарық көрді. «Сөздер сөйлейді», «Сөз құдіреті» атты кітаптарының жекелеген тарау­лары Қытайдың «Тіл және аударма», «Шинжиаң қоғамдық ғылымы» атты журналдарында жарияланды. Бейжің университетінің, Жапониядағы университеттердің студенттері, ­магистрант-докторанттары апайдың еңбектерімен жақсы таныс.
Академик Рәбиға Сыздықованың қазақ тіл біліміне қосқан үлесін, жаңалықтарын бір мақала көлемінде түгел айтып шығу мүмкін емес. Ол үшін бірнеше монографиялық еңбек арналып, қазақ тілінің түрлі саласы бойынша зерттеулері арнайы қарастырылуы керек. Бүгіннің өзінде филология ғылымының докторы, профессор ­Фаузия апай Оразбаеваның жетекшілігімен жүргізіліп жатқан ізденістер, филология ғылымының кандидаты, доцент Ғазиза Шойбекованың жетекшілігімен қорғаған Әйгерім Исламның «Р.Сыздық­тың­ лингвистикалық зерттеулері» атты магистрлік жұмысы, Ақтөбе облысы­ Темір ауданының Шұбарқұдық гимназия­сында «сыздықоватану» курстарының ашылуы – осы жолдағы бастамалар.
Бүгінде апайымыздың мерейтойы қарсаңында осындай ұлы тұлғаның қазақ даласында дүниеге келгеніне, ондай ғалымның шәкірті болғанымызға, қасында жүргенімізге мың да бір шүкірлік етеміз. Бүкіл Алты Алаштың мақтанышы болған, рухын оятып, ­намысын қоздырар апамыздың әлі де ұзақ жасап, елдің алғысына бөлене беруіне шын жүректен тілектеспіз. Шамшырақ ретінде бағыт-бағдарымызды айқындап, ісімен де, сөзімен де үлгі болып жүрген ұлағатты ұстаз, ғалым апамыздың деніне саулық тілеп, арамызда әлі де ұзақ жылдар жүре беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Орынай ЖҰБАЕВА,
филология ғылымының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты Грамматика
бөлімінің меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.