ӘЛЕМДІК ОЙДЫҢ ЖЕТІСТІГІ – ДЕМОКРАТИЯ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру қажеттігі туралы бастама көтерген болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта көптеген маңызды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Президенттік кадрлық резерв дегеніміз не? Ол қалай және қандай негізде қалыптасады? Осы сауалдар жөнінде саяси ғылым докторы Сайын Борбасовтың пікірін білген едік. 

– Президенттік кадрлық резерв – аймақтардан, тіпті аудан мен ауылдан озық ойлы азаматтарды іріктеп, солардың билікке келуін қамтамасыз ету деген сөз. Бұл – біріншіден. Екіншіден, біз «Болашақ» бағдарламасымен жас кадр­ларды дайындап, оқыттық. Олардың ­3/1-і­ ғана қызметке орналасты,­ қалғандары өз күнін өзі көріп, жұмыс істеп жүр. Онда неге мемлекет ақша төлеп оқытты? Өз еркімен, не шетелдің грантын ұтып алып, оқып келген көптеген жастар бар. Бұлардың барлығы шетелге ағылып, өзге мемлекетке барып жұмыс істеп жатыр. Америка Құрама Штаттары, тіпті көрші Қытайға дейін біздің сондай жас мамандарды алып жатыр. Біз өз мамандарымызды рет-ретімен жұмысқа орналастырып, ішкі мүмкіндікке байланысты ұлттық компанияларға, ірі фирмаларға, түрлі ұйымдарға, әкімшілік орындарға орналастыру мәселесін шешуіміз керек. Міне, Президенттік резервтің негізгі функциясы осында.
Озық ойлы, заманауи білім алған кадрлардың шетке ағылуын тоқтату – Президенттік резервтің басты мақсаты.
Ең маңыздысы – әлеуметтік әділетті­ліктің жүзеге асырылуы. Онсыз қоғамда жастарға жол ашылмайды, еңбекті жақсы істейтін адамдарға жол жоқ. ­Өкі­ніш­ке қарай, бізде тамыр-таныстық, заңға бағынбау, туысқандық, жершілдік секілді зиянды құбылыстар белең алып кетті. Оны жасырып-жабудың қажеті жоқ. Қазір үлкен компанияларда, ірі фир­малардың барлығында басшы­лар­дың ­балалары отыр. Ал қарапайым адамдардың балалары қайда ­баруы ­керек? Олар амалсыздан шетке, Америкаға, Гер­манияға кетіп, сол жақта абыройға ие болып, жақсы жалақы алып, жұмыс істеп жүр. Президенттік резервке кім кіреді десек, әрине, оған кіретін адамның барлығы заманауи білім алған және өзін ерекше көрсеткен ­жастар. Әзірге оның тікелей талаптарымен танысқан жоқпын, мендегі бар мағлұмат бойынша, шамамен, 35-40 жастағы жастар шығар деп болжаймын. Бізде түрлі реформалар, бағдар­ла­малар жаса­лады да, соңы сиырқұйым­шақ­танып, сұйылып кететіні жасырын емес. Мен өз басым Президент Қ.Тоқаевтың өзінің бастаған бастамаларын аяғына дейін жеткізетініне сенемін. Негізі саяси жүйені өзгерту Конституциялық, заңдық реформаларға байланысты. Ал Прези­денттік резерв – оның бір сегменті ғана.
Жалпы алғанда біздің саяси жүйе түбірімен өзгеріп, халыққа қызмет жасауы қажет. Мемлекеттің мүддесі, халықтың мүддесі бірінші кезекке шығу керек. Қоғамды өзгерту үшін жақсы бастамаларды қолдап, жақсы істерге қарай жол бастағанымыз жөн. Нақтылай айтсақ, сөзден іске көшу маңызды. Саяси өмір жаңару керек. Шын мәнінде, демократиядан өзге қоғамды жақсартатын тетік жоқ. Әлемдік ойдың ең жетістігі – демократия, демократияның принциптері. Ол – сайлаудың әділ өтуі, биліктің халық алдында жауапты болуы, билік тармақ­тарының бір-бірін бақылауы, саяси партиялардың бәсекелестігі… Осының барлығы жетістікке жеткізетін тура жол.
Қоғам үшін демократия мен оның прициптерінен басқа дұрыс тетік жоқ. Әрине, барлық елде, барлық жерде заңға бағыну керек. Оны біздің ата-бабаларымыз осыдан мың жыл бұрын айтып кеткен. Ол әл-Фарабиде де, Жүсіп Баласағұнда да, Абайда да бар. «Құтты білікте» тіпті барлығын заңға бағындырып, тозса өзгертіп, ал пайдалы заңды ешқашан өзгертпеу керек деген қағиданы айтады. Осының бәрін біз айтамыз, бірақ орындамаймыз. Сондықтан қажетсіз тәжірибеден бас тартып, тек қана пайдалы тәжірибені алуымыз керек.

Әзірлеген Б.МҰРАТҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.