Демографияға әсері мол

Алматыда уролог дәрігерлердің конгресі өтті. Жиырмаға жуық елден келген маман бас қосқан Бірінші ортаазиялық урологтар конгресінде уролог, андролог, онко­уролог, репродуктолог, гинеколог мамандар өзекті мәселелерді талқылап, аурудың алдын алудың төте жолын іздеді.

Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы ұйымдастырған жиынды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаментінің директоры Мұратәлі Серікбаев кіріспе сөзбен ашып, министрліктің атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.
Аталған орталықтың басшысы, ­медицина ғылымының докторы Әнуар Аманов бұл жиынның еліміздегі урология саласының даму бағытына өз әсерін тигізетінін, озық елдермен арадағы тығыз қарым-қатынасты нығайтатынын жеткізді. Оның айтуынша, елімізде 27 жастан асқаннан кейін отбасын құрған азаматтар сәби сүйе алмай, күйзеліске ұшырайды екен. «Біз бұл мәселені де бақылауда ұстап отырмыз. Отбасын құрғаннан кейін нәресте сүйе алмаса, көп жағдайда әйелдер қаралып ­жатады. Өкінішке қарай, көбіне кінә әйелде емес, ер азаматта болуы мүмкін. Мұндай жағдайда уақытты соза бермей, дер кезінде дәрігерге барған жөн. Уролог тек бір дәрі ғана беріп жібермейді, психологиялық көмек көрсетіліп, физио­терапиямен, дәрі-дәрмекпен және т.б. емдеу шаралары жан-жақты жүргізіледі. Бұл – ұлттық стратегиялық мәселе. Халық санының өсуі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі, бұған біз де өз тарапымыздан үнемі көмек қолын созуға әзірміз әрі міндеттіміз» дейді Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының директоры Ә.Аманов. Сондай-ақ білікті басшы бізге 16 елдің жетекші урологтарының келгені бұл саладағы мәселені шешуге мүмкіндік беретінін, өзара тәжірибе алмасу ғана емес, өзге елдердің ота жасау, емдеу тәсілдерін үйрену мамандарымыз үшін қажет екенін айтты.
2016-2018 жылдардағы статистикаға сүйенсек, жыл өткен сайын ер адамдар арасындағы бедеуліктің көрсеткіші төмендеп бара жатқаны көңілге сәл де болса медеу. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе облысында бедеуліктен зардап шеккендер саны 341 болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 95 адам, яғни 246 адамға кеміген. Орталықтың мәліметінде, жалпы­ алғанда еліміз бойынша 2016 жылы – 1381, 2017 жылы – 1232, 2018 жылы – 1021 адам тіркелген.
Білікті мамандар ер азаматтардың өз денсаулығына енжар қарайтынын, ауруы асқынып, белсіздік белгілері біліне бастағанда ғана мәжбүрліктен тексерілуге келетінін айтады.
«Соңғы кезде белсіздік жиілеп кетті. Бізге келген азаматтардың 50-52%-ында белсіздік бар. Оның себебі де көп. Экологияны былай қойғанда, артық салмақ, алкогольді көп ішу, тіпті дұрыс тамақтанбау да аурудың тууына әсер ететін фактор. Қыз балалар 12-13 жастан бастап гинекологтарға қарала бастайды. Ал ер адамдар ауруын жасырып, жүріп-жүріп, әбден асқынғанда шағымданады. 30-40 жас аралығындағы еркектердің арасында белсіздік – 15-20%, 40 пен 60 жас аралығындағыларда – 25-30% пайыз, 60 жастан асқан адамдарда белсіздік белгісі 80%-ға жетеді. Белсіздікке ұшыраған еркектердің 70-75%-ы денешынықтырумен шұғылданса, емделіп кетеді. Асқындырып алған­дарының 85-90%-ы дәрі-дәрмекпен емделіп, қалған 10%-на ота жасалады» деді өз сөзінде Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы Андрология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Марат Мақажанов.
Еліміздегі өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Соңғы жылдарда айтылып та, жазылып та жүрген күрмеуі қиын жағдай уролог-дәрігерлерді де айналып өтпепті. Мамандардың айтуынша, елде уролог-дәрігерлер жетіспейді. Әрі олардың айлығы аз, емделушілер де сирек келгендіктен, аурухана басшылары жалақы шығындап, кадрды ұстап қалуға құлықсыз.
Айта кетерлігі, 2018 жылы өт­кізілген І пәнаралық форум Орта Азия елдерінде урологияны біріктіру және оны дамытуға, географиялық жағынан үндес Central Asia Congress of Urology (CACU) деп аталатын бірыңғай алаң құруға бағытталған болса, елімізде ұйымдастырылған бұл жиын түрлі ел мамандарының бірлескен ынтымақтастығының ғылыми алаңына айналары анық.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.