АҚТӨБЕ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮРМЕН ҚАУЫШТЫ

Еліміздің Батыс аймағында агломерациялық орталық болып саналған Ақтөбе қаласы соңғы бес-алты жылда заманға лайық бой түзеді. Еңселі тұрғын үйлер орамдары мен мағыналы тірлікті көздеген әлеуметтік қызмет ғимараттарына қоса, тарихи тұлғалар ескерткіштері мекен ажарын айшықтай түсті.  Жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлының, патшалық Ресейдің отарлау саясатына бас имеген Есет Көкіұлының, Әбілқайыр хан әскерінің Бас қолбасшысы Бөкенбай Қарабатырұлының және басқа жаужүрек бабалардың ескерткіштері қатарын өткен сенбіде аса көрнекті әскербасы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының ат үстіндегі алып тұлғасы толықтырды.

Қанатын кең жайған қаланың көрікті алаңдарында тағы да халқымыздың ұлы перзенттерінің тас бейнелері бой көтермек. Айта кету керек, ұрпақ үшін ұлағаты зор, тарихи құнды жәдігерлерді орнықтыру шараларына қаржыны кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, өңірдің үлкен-кіші жамағаты өз қалтасынан шығарды.
Баһадүр деген айрықша әскери мәртебені иеленген Жалаңтөс бабамыз жайында ғалымдар, тарихшылар, жазушылар жан-жақты зерттеп, жаңа деректерді ұсынуда. Туған халқына адалдығымен ғұмырын ат үстінде өткізген, келешекке сәулет өнерінің ғажайып жауһарларын қалдырған оның монументалды ескерткіштері бұған дейін Қызылорда, Шымкент, Самарқан қалаларында бой көтерді, өткен жылы әйгілі Орбұлақ шайқасындағы Жеңістің 375 жылдығына орай Қазығұрт тауының бөктерінде Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші тұрғызылды. Ұлы қолбасшыға, көреген саясаткерге құрмет көрсету идеясы­ ақтөбелік жамағатты да біраздан ­мазалайтын. Қашан да мұндай ауқымды шаруаны тәуекел етіп, бір адам қолға алуы қажет. Өңірдің танымал азаматы, кәсіпкер Бақытжан Ержанов осылайша сахнаға шықты. Және жалғыз емес, оның маңайынан Хамит Өтеуов, Қасымжан Байсадақов, Әбіл Құлетов, Қауыпбай Жанбауов және басқа ұлтжанды азаматтар көрініп, ниеттері бір арнаға тоғысты.
Оқырман қауымға облыста құрылған Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы қайы­рым­дылық қорының төрағасы Б.Ержанов туралы қысқаша дерек берген артық болмас. «Кикбоксинг» және «Әмбебап жекпе-жек» федерациясы­ның президенті ол ширек ғасырдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданады. «Жантізер» шаруа қожалығының және «КазПромСтройГрупп» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы. Ақтөбе, Атырау облыстарында сегіз мектеп, алты балалар бақшасын, төрт аурухананы, төрт мәдениет үйін салуды жүзеге асырды. 17 ауылға табиғи газ құбырын, 14 ауылға ауыз су құбырын тартып, тұрғындар алғысын алған. «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым» мемлекеттік бағдарламалары аясында 150 миллион теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсеткен.
– Сонау кеңестік дәуірде «Мәдениет және тұрмыс» журналында батыр ­туралы мақаланы оқып, көп ұзамай теледидардан белгілі актер Бақытжан Әлпейісовтың бағдарламасын көрген соң, бойымда бабаға деген ерекше ынтызарлық сезім орнықты, – деді кәсіпкер әңгімесінде.
Сөйтіп, бастапқыда Ақтөбеде бірнеше мәрте жекпе-жектен Жалаңтөс Баһадүр атында турнир ұйымдастырды. 2015 жылдың соңғы айларында қолға алынған идея сәтімен жүзеге асып, қала орталығында «Сапар» автовокзалы іргесінде жер бөлінді. Мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов пен Ермек Тоқтар үш жыл бойына еңбек етіп, даңқты қолбасшының шынайы бейнесін сомдап шығарды. Ресейдің Екатеринбург қаласында таза қоладан құйылған ат үстіндегі батыр тұрпаты алты метр, салмағы бес тоннаға жуық. Ескерткіш айналасы абаттандырылып, шамдар орнатылды. Екі белгітастың бірінде Жалаңтөс Баһадүрдің қысқаша өмір­баяны, шығу тегі, екіншісінде маңызы зор шаруаға айтарлықтай мөлшерде қаржы құйған азаматтардың аты-жөні жазылған.
Қазан айының төртінші сенбісінде ауа райы алабөтен тамылжып тұрды. Сөйлеу лексиконымызға ­енген ­шыбынсыз жаздың өзі. Қала тұрғындары, облыс аудандарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтау қалаларынан, көрші Қызылорданың бірнеше аудандарынан келген қонақтар. Мұндайда тұрғылықты халық аты-жөнін тек сырттай естіп жүрген танымал даңқты адамдармен қауышып, мәре-сәре болмай ма?! Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиев, Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев, мемлекеттік қызмет ардагері, Баһадүр баба атындағы республикалық қордың төрағасы Нәжмадин Мұсабаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, заң ғылымының докторы, профессор, белгілі меценат Бекет Тұрғараев, белгілі ақын Светқали Нұржан және басқалары. Сонау жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде өзіммен бірге оқыған белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевпен көптен бері кездесіп тұрғаным. Қуанышын жасыра алмады – жоғарыда біз сөз еткен кәсіпкер Б.Ержанов қаламгер ағасының «Жалаңтөс Баһадүр» атты романының төртінші басылымын шығаруға демеушілік жасаған, түстен кейін осы шараға орай берілген Аста кітап қатысушыларға тегін таратылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин және мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, шараның егемен ел еңсесін тіктеудегі маңызына тоқталды.
Жұртшылық мектеп оқушылары­ның «Жас ұлан» үрмелі аспаптар оркестрінің (жетекшісі – аға лейтенант Абыл Смайылов), Тахауи Ахтанов­ атындағы облыстық драма театры артистерінің театрландырылған қойылымын тамашалады. Патриоттық әндер шырқалды.
Бағдарламаға сай С.Бәйішев атын­дағы Ақтөбе университетінде өткізілген «Ұлы даланың ұлы есімдері: Жалаңтөс Баһадүр және түркі дүниесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Түркиядан, Ресей Федерациясынан, Әзербайжан және Өзбекстан Республикаларынан, Алматы, Ақтау қалаларынан келген ғалымдар, ақындар тарихи маңызы бар деректерді ортаға салды, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.
Өнер орталығында өткізілген республикалық ақындар айтысында сөз қағыстырған алты жұп ойлы пікірлерімен, орынды әзілдерімен тыңдарман қошеметіне бөленді. Қазылар алқасы (төрағасы Қажығали Мұқанбетқалиев) Бас жүлдеге лайық деп бағалаған Аспанбек Шұғатаев бір миллион теңгені қанжығасына байлады. Қазіргі күнде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ақтөбелік Данияр­ Алдабергенов­ Жалаңтөс Баһадүр атындағы 500 мың теңгелік арнайы сыйлыққа ие болды. Бұдан өзге бірінші, екінші және үшінші бәйгелердің иелері анықталды.Айтысқа қатысушы өзге ақындарға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Кешкілік өнер жұлдыздарының қатысуымен болған гала-концерт жұрт­шылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

***

Ақтөбеде Жалаңтөс Баһадүр Сейіт­құлұлын ұлықтау салтанаты өткізіліп жатқан күндерде әлеуметтік желі арқылы осы облыстағы Темір ауданының Тасқопа елді мекені маңынан «Алтын адам» табылғаны жайлы хабарды жұртшылық жақсы ырымға жорып, бірінен-бірі сүйінші сұрап жатты.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.