Тіл жанашырларына құрмет

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек». Бұл – қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінің алғашқы санында жарияланған пікірі.

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын Алаш зиялыларының көсемі айтқан осынау пікір әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Мұны әрбір қазақ жүрегімен сезініп, терең түсінер, сезінер уақыт та жетті. Бүгінде барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақстандықтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсау қажеттілігі басты міндет болып отыр.
Құрманғазы атындағы мәдениет ­сарайында өткен Қазақстан халқы тілде­рінің фестивалі тәуелсіз еліміздің рухани байлығының, түрлі этностар өкілдері дос­тығының, ел бірлігінің символына айнал­ғандай. Аталмыш шараға тіл мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген тіл жанашырлары, қоғам белсенділері, ана тіліміз үшін қызмет еткен ардагерлер, түрлі этностар мен жастар өкілдері қатысты.
Фестивальге қатысушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ­Шапкенов құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Ол тіл саясатының қанат жайып, дамуына үлес қосқаны үшін Жылыой аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Үміт Кенжинаға ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын, ­Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиевке облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Шара барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева өңірде мемлекеттік тіл саясатының дамуына қызмет еткен бір топ тіл жанашырларын Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекелік шарада өнерпаздар мен өзге этнос өкілдері Отан, Қазақстан, туған жер туралы және достық пен ынтымақты жырлайтын патриоттық әндерді шырқады.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.