«EL ARNA» – жаңа есімдерді ашады

Күз мезгілі  – телевизия саласына ерекше серпін сыйлайтын шақ.  Отандық телеарналардағы жаңа бастамалар мен жаңа жобалардың көрермен ­назарына көптеп ұсынылатын кезі. Дәл осы кезде тың дүниелер жол тартады.­ Жуырда ­«Хабар» Агенттігі дәстүрлі биылғы маусымының тұсаукесер кешін өткізді.  Агенттік құрамындағы төрт ірі телеарналардың барлығы дерлік өз таныстырылымдарын жасады. Осы орайда біз «El Arna» телеарнасының ­директоры Арман Сейітмамытпен жаңа маусымның жаңалықтары жөнінде әңгімелескен едік.  

– Арман Балтабайұлы, жаңа маусымдарыңыз құтты болсын! Жаңа маусымға деген дайын­дықтарыңыз қалай жүзеге асты?
– Рақмет. Расында,­ жаңа­ маусым десе жүрек қағы­сымыз жиілеп, аяқ алысымыз жылдамырақ болатыны заңды ғой. Әлбетте, тек жаңа маусым дегенде ғана емес, жыл он екі ай бойы, көзі қарақты көрерменімізді немен қуантсақ екен, қандай жаңа жобалармен жандарын баурасақ екен деген үздіксіз ізденіспен жүреміз. Сол еңбектің, маңдай тердің нәтижесінде жасалған дүниелердің көрерменге ұсынылатын кезі, өз бағасына ие болатын шағы біз үшін ерекше толқыныстар мен тебіреністерге толы болатыны түсінікті. Сол себепті дайындығымыз жылдағыдан осал емес.
– EL ARNA – еліміздегі тек кино және театр өнерін насихаттайтын тұңғыш телеарна. Күн сайын, тәулігіне 24 сағат хабар тарататын арна қазақстандық көркем фильмдер мен деректі жобаларды үнемі ұсынып отырады. Демек, арнаның қоржыны соған мүмкіндік жасайтындай болғаны ғой?
– Кинокітапханамыздағы топтама 80 жылдық тарихы бар «Амангелді» фильмінен басталады. Ал, ең бастысы,­ «El Arna» эфирінен кинематография корифейлерінің мықты туындыларын ғана емес, дарынды жас буынның жұмыстарын да көруге ­болады. Яғни «El Arna» жаңа есімдерді ашады. Арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері, Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталар және заманауи фильмдерімен толыққан. Бұл кино ­туындылар қазақ тілінде дубляждалып, көрерменге ұсынылып отыр. Сонымен қатар арнаның шығармашылық тобы қысқаметражды фильмдер өндірісін қолға алып, аталған туындылар киносүйер қауымның оң бағасына ие болып отыр. Қазіргі уақытта телевизия саласында қызмет ететін мамандардың қызыққа толы хикаяларынан сыр шертетін «Уақыт» атты қысқаметражды фильмнің түсірілімін бастадық. Бұл кинолента Агенттігіміздің 25 жылдығы қарсаңында эфирге шығады. Одан бөлек, елдің туристік әлеуеті, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер, ұлт тарихы, халқымыздың мәдени мұрасы, салт-дәстүріміз, ұлы тұлғалардың өмір жолы, махаббат хикаялары, шығармашылығы жайында баяндайтын деректі фильмдер жүйелі түрде эфирде көрсетіледі. Үздік отандық телехикаялар мен анимациялық ленталарды да тама­ша­лауға болады.
– Жаңа маусымда «El Arna»-дан қандай жаңа жобалар күтеміз? Қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Жаңа маусымның шымылдығын сахна сырларынан, экран құпияла­рынан сыр шертетін суреткерлер мен шығармалар хақындағы көлемді бірнеше жаңа жобалар ашуда. Атап айтсам, қазақ кино және театрдың шексіз әлеміндегі туындылар белгілі сыншы, суреткерлермен сарапқа салынып, талқыға түсетін «Ашық көрсетілім» ток шоуы. Отандық ­театр ұжымдарының алыс жолға шеккен­ ­сапарларын, жолдағы қызықты да әсерлі оқиғаларды, сол кездегі кіршіксіз көңіл-күйді сақтап қалатын, адам мен маман бейнелерін бір ­туындыда тоғыстыратын «Гастрольдік сапар» жобасынан бөлек, арнамыз еліміздің белді театрларының спектакльдерін тамашалау мүмкіндігін сыйлайды. Осы ретте, жақында Жақып Омаровтың 80 жылдығына орай «El Arna»­ арнасында «Қаллеки театрының апталығы» ұйымдастырылды. Бұл бастама алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Сонымен қатар бүгінгі таңда Алматы қаласындағы М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының қойылымдарын таспалау жұмыстары жүргізілуде. Кино және театр саласында санаусыз­ еңбек сіңірген шығармашылық адамының жан-сарайын ашып, ­жанынан үзіліп түскен мөлдір өнеріне терең үңілетін тележурналдар да жалғасып, мәдениет саласындағы елеулі оқиғалардан сыр шертетін «Өнер әлемі» бағдарламасы көрермен назарына ұсынылмақ. Кино тілімен ақындардың шығармашылығын насихаттайтын кинопоэзия жанры­ да назардан тыс қалмайды. Қалыптасқан игі дәстүрді жалғас­тырып, жаңа маусымда да халық­аралық, республикалық кино және театр фестивальдерінен тікелей көрсетілімдер, жұлдыздардың қызыл кілеммен жүріп өту салтанатын, мәдени іс-шаралардан күнделіктер дайындайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен
Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.