ТҰЛҒАНЫҢ ТУҒАН КҮНІ БАР…

(Академик Патшайым Тәжібайқызына арнау)

Күні аян туған тұлғаның,
Бақиға кеткен сәті жоқ…
Есті сөз айтып тұрғаным,
Қамықпа бауыр, қапы боп…

***
Мәшһүр дүйім жаһанға
Дарыны дүр тереңдер…
Орнын ойған Отанда
Не бір ноян кемеңгер.

Жас жігіттей тайсалмай
Тартып мінген ат жалын,
Бойжеткеннен ой сомдап,
Озық туған от-жалын.

Аты мәшһүр ғұлама
Шырғалаңда шыңдалған.
Тау суындай құлама,
Бәйтеректей бүр жарған.

Жұртқа аян Патшайым
Сынақтарда сыналған –
Көрген, білген, ашқанын
Қаныш аға құп алған.

Патшайымның өрісін
Бағалаған басқалар.
Әспеттеген әр ісін
Бас шұлғысып қасқалар.

Ол ағылшын тілінде
Шешен сөйлеп шешілді.
Ден қойып зор білімге
Кемеңгерше көсілді.

Лондон, Париж таңданып,
Шалғайларды шарлаған…
Жолға шығар қамданып,
Жері аз ізін салмаған…

…Отбасында ана боп,
Құралайын сыйлады.
Бой жеткізді пана боп,
Қызы айтулы, ибалы.

«Ана көріп, тон пішкен»
Танымал ол да ғұлама.
Ой жүгіртер оңды іспен,
Бас-көз болып мұраға.

…Ғажайып қызы қазақтың
Патшайым деп білеміз.
Жегілген жүгі ғажап тым,
Мақтан тұтып жүреміз.

Жыр толғаудан тартынбан,
Терең бір ойға батамын.
Көз алдымда өр тұлғаң,
Алты қыр асқан атағың.

Ақ қағазды «сайрандап»,
Шимайлап нақақ жатпайын,
Жарқырап шықшы жайраңдап,
Дара да, дана Патшайым!

***
Дақ түсірмей әзелден
Ананың асыл атына,
Шәкірттердің безенген
Мейірлі махаббатына.

Студент болған кезінде
Қоғамдық істер шыңдаған,
Риза боп алғыр сөзіне
Брежнев өзі тыңдаған…

Қыяпат туса қиындық
Сабырлы сағы сынбаған.
Үміткерлерді үйір ғып
Қасына топтап жинаған.

Танылған жұртқа Құралай
Сабырлы, мінез салмақты.
Көрмейсің ісін бір оңай,
Айналасына ардақты.

Суреткер Сәбит – жан-жары,
Даниярдың анасы.
Арымаған арманы,
Сарабдал сергек санасы.

Жырымды, кәне, бастайын,
Арзан сөз әсте қоспайын.
Риза болғай ардағым –
Кемеңгер ғалым Патшайым!

***
Тұлғаның туған күні бар,
Кезі жоқ озған бақиға.
Шешіле шертер сыры бар,
Таусылмас толғар оқиға!

Маңдайға біткен арда қыз –
Патшайым сынды болғай-ды.
Ғылымда орны орда қыз
Құпия сырын толғайды!..

Тарланның туған күні бар,
Көрмейміз кеткен кезін біз.
Тарихта ізі, үні бар,
Қастерлер дәйім еліміз.

Қарыштар қаршадайынан,
Арындай тартқан ат жалын,
Алтынмен аптап жазылған
Тот шалмас атың, Патшайым!

***
Немене?..
«Жүз» деп қоймайсың,
Тәйірі, сол да сөз бе екен?!
Ғасырлар тойын тойлайсың
Тұрғанда мәңгі ел – қазекем!

Мыңбай РӘШ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.