Тіл білімінің абыз анасы

Алматы қаласында «Ұлы дала тұлғалары: академик Рәбиға Сыздық және қазақ сөзінің құдіреті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны ұйымдастырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті.
Тіл білімінің абыз анасының 95 жылдығына орай өткізіл­ген алқалы жиынды А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек жүргізіп отырды.
Басқосу ҚР ҰҒА президенті, академик М.Жұрыновтың кіріспе сөзімен ашылды.
Баяндама жасаған академик Ө.Айтбайұлы, ­­ҚР­ ҰҒА­ корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымының докторы­ Ф.Оразбаева, филология ғылымының докторлары О.Жұбаева, Т.Ермекова, Г.Мұратова, А.Алдаш және басқалар мерейтой иесінің қазақ тіл біліміндегі орны, зерттеу бағыттары мен алатын орны, ғалымдық тұлғасы жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Расында да, Р.Сыздық қазақ тілтаным ғылымында аса көрнекті тұлғалардың бірегейі. Ғалым бұл биіктікке өзінің табиғи туа біткен дарыны, мол ізденісі, қажырлы еңбегі арқасында жетіп отыр. Қазақтың біртуар қызының қазақ тіл білімінде зерттеген тақырыптары мен салалары сан алуан. Ғалымның еңбектері кез келген адамның өзінің ана тіліне, оның құдірет-күшіне деген сүйіспеншілік сезімін тудырады.
Жиын барысында мерейтой иесін құттықтаушылар көп болды. Олардың арасында шетелдік ғалымдар да бар. Өнер иелерінің ән-күйден шашқан шашулары да жиналғандарға жоғары көңіл күй сыйлады.
Конференция соңында сөз алған Рәбиға Сәтіғалиқызы елдің құрметіне риза болып, алғысын білдірді.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.