ҚАРАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ЗАҢ

XX ғасыр басындағы қазақтың үлкен азаматы, демократ, реформатор, заңгер Барлыбек Сырттанұлы 1905–1908 жылдардағы саяси көзқарасы үшін 1909 жылы Жетісу облысының Әскери губернаторлығының кеңсесіндегі қызметінен босатылды. Мысалы, Барлыбектің үлкен ұлы Абдулқадыр Сырттановтың күнделігінде жазылған әкесінің өмірі туралы дерегінде: «1908 – 1909 жылдары қызметінен босап, 42-43 жасында Сүттіген-Бұрған бойына көшіп барады. Қызметінен босау себебі – саяси көзқарасы сенімсіз деп табады» деп жазған. Осы құжатта айтылғандай, Б.Сырттанұлы 1905 жылы «Қарқаралы құзырхаты» құжатын даярлауға атсалысқан азаматтар қатарында болып, ұлт-азаттық бастаманы қолдаған. 1905 жылдың желтоқсан айында Орал қаласында өткен қазақ азаматтарының съезіне, сондай-ақ «Конституциялық-демократиялық партия» құру мәселесіне қатысып, өзінің пікірлерін батыл білдірген.

Бес облыс қазақтарының съезіне Петер­бордан Ә.Бөкейхан, Ж.Дос­мұхамедұлы, Б.Қаратаев, өңірлерден Ж.Сейда­лин, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Тыныш­байұлы, т.б. азаматтар қатысқан. Сонымен қатар Б.Сырттанұлы Алматы қаласынан ­­­І­­­ ­Мұсылмандар­ кітапханасын ашып, қазақша газет шығарған. Жергілікті қазақтардың арыз-шағымын мақұлдап, биліктің қысымын көрген туған елінің мәселесіне араша түсіп, көптің ықыласына бөленген. Мәселен, Барлыбектің шәкірті әрі талапты інісі, қамқорлығына бөленген Мұхамеджан Тынышбайұлы өзінің «Барлыбек Сырттанов» деп аталатын мұнаһибында (некролог): «Барлыбек, Тұрлыбек» аталып ағайынды екеуі Алматыда тұрды. Жетісу облысына қараған қазақ-қырғыз бәрі бұларға ағайын-туыс болып, бұлардың үйінде топырлап жатпаған кезі болған емес. Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке жылап келіп, теңдік алып мауқын басушы еді. Ешкімді я жылатып, я жылатуға Барлыбек, Тұрлыбек себеп болған емес. Сонда Барлыбек, Тұрлыбек біреуден бір тиын алып көрген емес. Менің бұл сөзіме Жетісу облысының қазақ-қырғызы куә» деп жазған. Осы естеліктен патшалықтың түрлі алым-cалығынан азап шеккен еліне әділ төре болған азамат екенін көруге болады.
Барлыбек Сырттанұлы қызметінен босаған соң, туған жеріне қайтып оралады. Туған жерінде аталас туыстары Маман балалары Тұрысбек негізін қалаған, Сейітбаттал мен Есенқұл оқу-ағарту ісін дамытқан Қарағаш қаласындағы Мамания мектебінде оқытушылық қызмет атқарады. Оқушыларға орыс тілі мен әдебиеті, әлем халықтарының тарихы, құқық ілімі сияқты пәндерден дәріс берген. Барлыбек Сырттанұлының өтінішімен бұл мектепке Мысырдың Каир университетін тамамдаған, Теке қаласының тумасы (Орал) Ғабдолғазиз Мұсағалиев, қазақ оқымыстысы Мұстақым Малдыбаев, Керекулік Майра Уәлиқызы, Уфадан арнайы келген башқұрт зиялысы Есенкелді Мұхаметқали мен жары – Фатима, Ыстамбұлдағы жоғары дін семинариясын бітірген Файызрахман Жиһандаров, Қазаннан келген татар зиялысы Нажар Әбішев, Нұрмұхаммед Ислямов, Ахметкерей Батыршинов,­ Бұқарадан білім алған Хасен мен Қожахмет сынды ұстаздар оқытушылыққа келген.
Барлыбектің Қарағаш қаласында жүріп жазған құнды бір еңбегі – «Ынтымақ ережесі» деп аталады. Бұл еңбектің құқықтық-әлеуметтік маңызы мен сипаты әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймаған. Бұл саяси құжатты заңгер 1910 жылдың көктемінде жазған. Қапал дуанының Арасан болысында Бұқабай ­деген бай, ауқатты кісі болған екен. Оның сөзі бүкіл болыстыққа жүрген екен. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болыпты. Бұқабай Барлыбектің әкесі Сырттан батырмен жақын араласқан, оның ұлының алғырлығы мен көл-көсір білімділігін бағалаған жан болған. Бірде Бұқабай заңгер інісіне балалары үшін ортақ бір заң (ереже) жазуын сұрапты. Сол Бұқабай байдың өтінішімен жазылған мәні терең, мазмұны ауқымды құжат осы – «Ынтымақ ережесі». Барлыбек бұл құжаттың бас жағына Бұқабай балаларының «Ынтымақ ережесі» деп жазыпты. Құжат небәрі 15 баптан ғана тұрады. Ереженің толық мәтініне назар аударайық:
1. Зекет, қайыр-садақа, үшір малы жоқ кедейдікі, жыл сайын бөліп бере беру, кедей жоқ болса, медресенікі.
2. Малы кемірек, біреудің мініп жүрген аты, сауып жүрген сыйыры өліп қалса, кідірмей, көбіміз сол малды белдеуіне байлап бермек болдық.
3. Біреу ақымал тартып қалса, көбіміз төлейік, бай-кедей демей.
4. Біреудің қатыны өліп қалса, көбіміз қатын алып береміз, бай-кедей демей.
5. Ғұмырынша жазылмайтұғын біреуде ауру болса, көбіміз дәрігерге қаратайық, шығыны көпте болсын – бай-кедей демей.
6. Біреу өлсе, мейлі кедей, мейлі бай болсын, көбіміз лайығына қарап, қонақты аттандырамыз.
7. Жастар үлкенге тілі тисе, ат-шапан ғып, қолы тисе екі ай күнәлі кісі, қолы тиген кісінің үйіне отын-суын алып берсін.
8. Балаларын ұл болсын, қыз болсын оқытпаса, жыл сайын 25 сом көпке берсін.
9. Бозбалалар, қарасақал, ақсақалдар намаз оқымаса, ораза ұстамаса, үшір бермесе, бай зекет бермесе айыпты болсын, айыбы шариғат қосқаннан басқа әр жолға он сомнан айып көптікі.
10. Ұрлық, өтірік, боқтау, ойнас тіпті болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпке ат-шапан болсын.
11. Баласы айыл-тұрман ұрласа, әкесі көпке ат-шапан айып береді, ұрланған нәрседен басқа.
12. Шаруа жайынан егін уақытында, пішен уақытында үй басы бір кісіден жұмысшы, аз болса екі үйден бір кісі шығарып, менікі-сенікі демей, егін, шөпті сол кісілер бітіріп тұрады. Кісі жоқ болса, ақшаға кісі жалдап береді. Кім де кім үйде отырып, бармаймын десе, бір қойын жұмысшылар ұстап сойсын, бармаған сайын.
13. Өз арамызда дау болса, сайлаған ақсақал бітіріп тұрсын. Бір старшын елде жұмысы болса, сайлаған сегіз ақсақал бітіріп тұрады.
14. Қарта, басқа құмар ойнамасқа.
15. Үй басы 30 сомнан шығарып дүкен ашуға, – міне осындай шағын, бірақ мазмұн­ды, ойлы құжат.
«Ынтымақ ережесі» құжатының нормала­рындағы негізгі талап – елдің ынтымақтас­тығын нығайту, бірлік пен бейбітшілік идеясын халық санасына орнықтыру, қоғамдық ортадағы жұрттың жағымсыз қимыл-әрекеттерімен күресу, әділетті де қайырымды ел болу. Бұл құжаттың заңдық нормаларына шығыстанушы, ауыл тұрмысы мен қазақ ұлтының психологиясын терең меңгерген кемеңгер ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан көшпелі ел мәдениетіндегі салт-ғұрыпты, ­сосын ислам дінінің шарттарын сабақтастырып кіргізген. 15 баптың әрқайсысында халықтың ұлттық қоғамға өтуі үшін негізгі шарттарды талап еткен. Ұжымдасу, ел болып бірігіп, ауыл арасындағы түйткілді мәселені көп болып шешу, бір-біріне асар беріп, жәрдемдесу, әлеуметтік тепе-теңдік орнықтыру сияқты прогрессивті идеялары бар құжат. Енді осы игілігі мол саяси құжаттың әрбір бабына жеке-жеке тоқталып, сипаттап өтсек: мәселен, бірінші бап ислам дінінің негізгі шарттарымен астасып тұрса, екінші, үшінші баптар бірлік мазмұнына үйлессе, төртінші бапта көмек, жылу мәселесі көрініс тапқан. Бесінші, алтыншы бапта сол адамдардың бір-біріне көңіл бөлуі, көмек беруі. Жетіншісі жазылмаған дала заңындағы тәрбие мәселесі және оның құны я болса тартар айыбы. Сегізінші бап – ­жастарды оқыту, қараңғылық қоғамын сейілтіп, қазақ қоғамын оқыған елдердің терезесімен теңестіруге бағытталған қадам. Тоғызыншы бөлім намаз, ораза, зекетке бойсұну, иманды қоғам орнату. Ал оныншы бапта жаман әдеттерден жеріну және оны ­жазалау тәртібі. Қарап отырсаңыз: осының бәрі қоғамдағы ішкі тәртіп мәселесіне бағытталған, адамдарды рухани бай, тұрмысы ауқатты, оқыған, көзі ашық орта қалыптастыруға үндеу. Қайраткер жазып қалдырған бұл құжат Бұқабай ауылында ғана емес, Маман, Тұрысбек балаларының да ауылдарына тарап, қоғамдық үлкен Ережеге айналып кеткен. Бұл турасында Есенқұл қажының ұлы Адай: «Қарағаштағы Құраннан кейінгі ұлы сөз – Барлыбек Сырттанов жазған «Ынтымақ Ережесі» болатын. Бұл Заң – тұтас Ақсу, ­Арасан, Бүйен болыстарын ортақ тәртіпке салған, жұртты тәрбиеге үндеген еді» деп естелік жазған-ды. Шындығында, аталған құжаттың мазмұнына ғылыми тұрғыдан қарасақ, ел басқару ісін автор дәстүрлік салт-санамен, әдеттік-құқық нормаларын реттеумен байланыстырған.
Б.Сырттанұлы мемлекетті басқару үшін төре әділ, оқыған, зиялы болу керектігін ескертеді. Оның 1911 жылдың 13 маусымында Петербор қаласында Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасымен жазған «Қазақ елінің Уставы» Конституциялық құжатында: «…Жаңа атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз. Сайланатындар елдің ең сүйікті, білімді, ел үшін жанын беретін адамдар» деп жазылған. Заңгердің бұл еңбегі гуманистік ойлармен, озық идеялармен астасқан мәні терең, бәсі жоғары еңбек. Дін талаптарын орындамаған, тек өзінің қара басын ойлаған, балаларын оқытпаған қазақтың байларына экономикалық санкция, т.с.с. шарттарды қойып, болыстық арқылы оларды ізгілікке, қайырымдылыққа шақырған. Қазақ халқының әлеуметтік дамуы үшін прогрессивті құнды пікірлер жинақталған бұл құжат – ХХ ғасыр басындағы еліміздің құқықтық-саяси ойлау жүйесінің жемісі.
Барлыбек Сырттанұлының «Ынтымақ ережесі» 1910 жылдың 21 қазанында Ұзынағаш съе­зіндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде күнтәртібіне енген. Съез жұмысына қатысқан Ыбырайым Жайнақұлы, Дүр Сауранбайұлы, Садық Аманжолұлы, Сатылған Сабатайұлы, т.б. Алаш оқығандары бұл құжаттың өзектілігін бағалап, қолдап, Жетісу облысындағы Пішпек, Ыстықкөл, Верный, Қапал, Ұзынағаш, Әулиеата қалаларының қолданысына кіргізу туралы шешім қабылдаған. Саяси-әлеуметтік мазмұнды еңбекте ел басқару мәселесі қазақтың ғұрып­тық дәстүрімен, діни сенімімен негізделген және ізгілікті қоғам құру идеясымен астасқан. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, уақыт өткен сайын Алаш қайраткерлерінің ұлт-азаттық идеясы, әдеби-ғылыми мұралары – Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани құндылығына айналып келеді және олардың айтқан, жазған пікірлерінің өзектілігі әлі күнге дейін жаңа қоғамдағы түйткілді, қордаланған проблемасы болып отыр.

Жансая БИҚҰРМАН,
зерттеуші

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.