ИЛИЯС ОМАРОВ

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Халық жадында сақталудың жолы әрқилы. Біреу өнерімен, біреу ерен еңбегімен, тағы біреулер биік адамгершілік, азаматтық қылығымен ел өмірінде өшпес із қалдырады. Халқы оларды әрқашан есте ұстап, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп айтып отырады. Сол арқылы кейінгілерді де өткеннің ғибратына баулиды. ХХ ғасырдағы қазақтың сондай қадір тұтқан, ұлы деп сүйген азаматының бірі – Ілияс Омаров. Биік адамгершілігі, азаматтық, қайраткерлік өнегесі, жан-жақты таланттылығы мен білімпаздығы Ілекеңді өз заманының озық ойлы ұлдарының қатарына көтерді. Онымен қоштасуға арналған сөзінде Ғабит Мүсірепов: «Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай, азамат, адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар. Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қатарында үлкен емес бір жан еді-ау!» деген еді. Осы сөзге имандай иланбайтын, қол қоймайтын адам Ілекеңді көргендер ішінде болмас-ты. Ілияс қиын заманда өмір сүрген қайраткер еді. Заман ауыртпалығын өзі де аз тартқан жоқ. Әр жүйеде қызмет атқарған ол қай салаға барса да ісін меңгеріп, көпке ұйытқы боп, көреген басшы боп кете алатыны елдің бәріне мәлім. Маңына жақсы жандарды, іс білетін, сөз түсінетін, ұяты-ары бар адамдарды жинады. Онымен істес болған аға-іні замандастарының бәрі мұны мойындайды. 

Ол адамды өзі іздеп табатын. Көп інілерімен достас, пікірлес болды, жанынан орын беріп, жақын тартты. Солардың қатарында Ілекеңнің дос інілерінің бірі болуды маған да құдай жазыпты. Ілекең есімін біз студент кезімізде көп еститін едік. Ол кезде Орталық партия комитетінің хатшысы болған азаматтың әртүрлі қылығы, істеген істері, сөйлеген сөзі әдебиетке жақын қауымның ортасында аңыз болып айтылып жүрді. Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Қ.Жармағамбетов, М.Ғабдуллин сияқты ұстаздарымыз ол кісінің білгірлігі, адалдығы жайлы көп айтатын. Партия қызметкерінің мәскеулік үлкен академик ғалыммен (А.М.Панкратова) бірге Қазақстан тарихын жазуды бас­қарып, соны талқылау кезінде сөй­леген сөздері де естіліп жататын. Сол үшін «ұлтшыл­дық» айып тағылып, жазықсыз сөзге ұшыраған азаматқа аяушылық сезі­летін. Ал оны бірінші рет 1949 жылы Жазушылар пленумында көрдім. Жастар мен балалар театрында өткен пле­нумның қорытынды мәжілісінде ол сөз сөйледі. Көзілдірік киген, жұқа өңді, шапшаң және алғыр сөйлейтін шешен кісі екен. Әдебиетті, оның соңғы жаңалықтарын жақсы білетіні аңғарылып тұрды. 1946-1948 жылдардағы партияның идеология саласындағы қаулыларының рухы күшейіп тұрған кез ғой. Бірақ оған қарамай, ол кісі ұстамды сөйледі. Ешкімді жазғырған жоқ, тек талап қоя білді. Әдебиетті партия шақыруына жауап беруге шақырды. Осы жауап­тың алғашқы нышаны деп Тайыр Жароковтың «Жапанды орман жаң­ғыртты» поэмасын атады. Оны «Қазақ поэзиясының қарлығашы» дегені есімде. Осы тұстағы «ұлтшылдық» науқан Ілекеңе ауыр тигені белгілі.
«Қазақстан тарихы» қараланды. Е.Бекмахановтың кітабын айыптаған жиындар өтті. Соның соңғы бір тұсында, 1952 жылы опера және балет театрында шығармашылық интел­лигенцияның жиналысы өтті. Осы жиындағы Ілекеңнің баяндамасын, Ж.Шаяхметовтің қорытынды сөзін, сөйлеушілердің артық-кем айтылған пікірлерін де тыңдағам. Осындай партиялық белсенділердің айғай-шуына қарамай, Ілиясты халық жақсы көрді. Ол жөнінде қашан да жылы сөз, жақсы пікір айтылатын. Қасым Аманжоловтың қалалық кеңестің төрағасына жазған атақты «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды» деген өлеңі тарады. Оны Ілияс Ж.Шаяхметовке апарып­ көрсетіп, пәтер алып беріпті ­деген сөз шықты. Қасымның Ілиясқа арнаған «Азамат» деген өлеңі басылды. Ілияс, бәрібір, орнынан алынды. Мәскеуге жоғарғы партия мектебіне оқуға кетті деп естідік. Мен онымен­ осы оқуда жүргенде таныстым. Ілекеңнің екі жылдық мектептің бір жылын аяқтап, демалысқа шыққан кезі екен. Ессентукиге «Россия» ­деген шипажайға емделуге келіпті. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің №4 базалық шипажайында жатқан едік. Дәмеш ­Бейсенова деген қайынбикем бар, сауда министрінің орынбасары,­ «Россияда» жатқан. Ілекеңмен біз сол шипажай­дың ­алдында кездестік. Дәмеш бұрыннан таныс екен – шүйіркелесе кетті. Бізді ­таныстырды. Кісі жатырқамайтын, сызылып тұрмайтын, ашық кісі екен – бірден үйіріп, әңгімеге тартып алып кетті. Сонда, демалыста­ жүріп, Ілекең жайындағы көп әңгімелердің растығына көзіміз жетті. Ол әдебиетті көп оқиды екен, қазақ жазушылары­ның шығармалары жайлы­ ой-пікірлері молдығын байқадым. «Абай жолы» мен «Оянған өлке» жайына­ көп тоқтап жүрді. Сірә, оқып, пікір қорытып жүрген кезі болуы керек. Кейін көп кешікпей осы екі роман жөніндегі мақалалары туды. Сондағы Ілекеңмен өткізген жақсы күндеріміз әлі есімде. Бірге суретке түскенбіз. Ессентукидің мейрамханасына барып, ол кісіні қонақ жасадық. Жейтін тамақ таңдап отырғанымызда Ілекеңнің: «Мұндағы адамның тісі безработный болады (ылғи тартылған, ұнтақталған тамақ жейді ғой), тісіміз тісімізге тисін, ет жейік» дегені бар еді. Бір жылдан соң Ілекең оқуын бітіріп, Солтүстік Қазақстан обкомына ­идеология жөніндегі хатшы боп келді. Орталық комитеттің, обкомның бірінші хатшысы болып көрген адам ұсынған қызметті олқысынбады. Үлкен жұмыстан жасқанбайтын, кіші қызметті қораштанбайтын, кіші­пейілдік Ілекеңе тән қасиет еді. Ол ел сенімін, партия тапсырмасын баға­лайтын. Қай жұмыста болса да үлкен іске мұрындық болатын. Оны ол Солтүстік Қазақстанда істеген жылдары да, одан Алматыға, Киностудияға директор болып келген кезінде де таныта білді. Көзге түсуге тырыспайтын, көрініп қалу үшін қолдан мінез жасауды білмейтін адамның өмірі, ісі, сөзі – бәрі табиғи екенін ол дәлелдеп өтті. Киностудиядан кейін ол аз уақыт үкіметте кеңесші болып істеді. Былай қарағанда, кеңесшіге тапсырылатын міндеттер көп емес. Қазір де түк істемей бос отырып, іші пысқан соң кетіп қалатын кеңесшілерді көріп жүрміз. Ілекең осындай қызметте де жұмысты өзі тауып алатын. Менің бір кіргенімде, ол үстелінің үсті қағазға толы, үлкен бір мәселені зерттеп жатқанын, сол жөнінде үкімет алдына мәселе қоймақ ойы барын айтқан еді. Менің Ілекеңмен, оның отбасымен жақын араласуым осы жылдардан ­басталды. Отбасылық қарым-қатынаста да ол қарапайым болатын. Бұрыннан таныс, үйір адамдай кіммен болса да тез тіл табысып кететін. Әлияны «Қызыл бөрік» дейтін. Ілекеңдер Алматыға көшіп келгенде, ерулік беріп отырып, қойды бір «қызыл бөрік» шалдан алғанымызды естіп еді. Соны өмір бойы ұмытпай кетті. Кейін Мемлекеттік жоспарлау комитетіне орынбасар, бірінші орынбасар, мәдениет министрі болған жылдары да ол бізге ағалық көңілін өзгерткен емес. Біз оның үйінде де жиі болатын едік. Алматыға көшіп келгенде ол әуелі Панфилов – Жамбыл­ көшелерінің қиылысындағы үйде (Орталық аурухананың қорасына көрші) тұрды. Кейін Калинин (Қазіргі Қабанбай батыр) –Төлебаев көшелерінің бұрышындағы үйге көшті. Осы үйде 1962 жылы Ілекең елу жылдығын атады. Ол кезде қазіргідей мейрамханалату салты жоқ, екі-үш бөлмеге ас жасап, қонақ күткен. Ішінде жас достарынан Тахауи, Әбдіжәміл, Зейнолла, мен – төртеуміз болғанымыз есімізде. Осы жылдары Ілекең әдебиет сынымен шұғылданды. Мәскеуден оқудан қайтқанда, Мұхтар мен Ғабит романдары жайында мақала жазып келген ол шығармашылық шабытының кемелді бір кезеңін басынан өткізді. М.Шолоховтың «Көтерілген тың» романының екінші кітабы шыққан кезде, осы шығарманың екі томы жайында үлкен мақала жазды. Оны Шолоховтың өзіне жібергенін кейін жазушыға жазған хатынан білдік («Толғамдар – Раздумия», 59-б), Б.Момышұлының әскери прозасы, Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдары, З.Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесі туралы алғашқы пікірлердің қатарында Ілекең мақалалары аталады. Ол өз ұстазы Бекет Өтетілеуов пен ақын Сараның әдеби мұрасы жөнінде де ойлы пікірлер айтты. Осы еңбектерінің негізінде 1961 жылы «Әдебиет жайлы ойлар» деген сын кітабын құрастырып бастырған еді. Жаңа шыққан кітаптарды қарап жүретін жас, елгезек кезіміз ғой – кітап дүкенінен кездесіп қалған осы жинақты сатып алып, тез қарап шықтым. Ілекең ойлары, пікірлері байсалды, әдеби талдаулары оның әдебиетті түсіну, ұғыну өресінің биіктігімен риза етті. Қазақ әдебиеті сынының жаңа бір бетбұрыс жасап, қауырт өрлей бастаған тұсында жаңа бір сыншының, бұрын аты белгілі қоғам қызметкерінің ойлы пікірле­рі­мен сынға үлес қосуы мені қызық­тырды. Мен кітап туралы рецензия жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым. Ол газетте 1962 жылдың 9 ақпанында «Сыншы таланты» ­деген атпен басылып шықты. Осыдан аз күннен кейін Ілекең өзі телефон соғып, маған рақмет айтты да, менің өзіне келіп кетуімді сұрады. Оның сұрауы да сыпайы, кішіпейіл еді. «Қолың тие ме, маған өзіңе ыңғайлы бір кезде соғып кетсең, пікірлесер едік. Тек менің қолым тимей қалуы мүмкін, алдын ала ескертіп қой» деді. Мен оны кейінге қалдырмай, қолма-қол келісіп, сол күні-ақ бардым. Менің жазған рецензияма риза көңілін білдіре отырып, өзінің әдебиет жайлы ойларын жалғастырып, біраз әңгімелер айтты. Маған кітабын ­жазып берді. «Қадірлі, ойлы інім Серікке! Аздаған ойларымның жинағын сыйлаймын. Ілияс. ­­20 февраль.­ 1962 жыл» деп, кішіпейіл жазылған ағаның қолтаңбасы менде сақтаулы. Кейін осы кітабын толықтырып, «Глазами читателя» ­деген атпен (1967) бастырды. Оған да «Дорогому Серику! С уважением» деп қол қойған (5 декабрь, 1967). Ілекеңмен демалыс үйлерінде де, шипажайларда да талай рет бірге болдым. Алғашқы кезде жоғарыдағы «Алатау» деп аталатын шипажайда бір-екі рет бірге демалғанымыз бар. Кейін «Алматы» шипажайында демалдық. Ілекең Мәскеуге операция жасатып қайтқаннан кейін осы жерде ұзақ жатты. Шығармашылық жұмыс істеп жүріп, менің де осында көбірек болуы­ма тура келді. Сол күндерде де көп әңгімелесіп едік. Ол демалыс­ты көңілді өткізу керек дейтін. ­Демалушыларды ұйымдастырып, ән айтқызып, әртүрлі күлкілі әңгімелер айтып, дуылдатып отырғанды жақсы көретін. Күлкінің денсаулық үшін маңызы барын еске салатын. Бүгін ойлап отырсам, осы қылықтарда өмірсүйгіш адамның денсаулық үшін күресі жатыр екен ғой. Кейін Ілекеңнің күнделіктерінен оның: «Күлкі, күлкі, тағы да күлкі, қуаныш, қуаныш, тағы да қуаныш. Менің еңбектен бос кезімдегі кәсібім осы. Бұл – ең алдымен, басты, негізгі және шешуші жұмысымыз – еңбек процесіне көмектеседі» деген сөздерін оқығанда, оған көзім әбден жетті. Ілекеңнің достары көп еді. Өз замандастарынан біз көргенде ол Бөлебай Исабеков, Әмір Ержанов, Мәжікен Бутин, Ғауан Смағұлов, Нұрдәулет Күзембаев, Асқар Закарин, Әмір Қанапин, Мұзафар Дайыров, тағы басқалармен жылы қарым-қатынаста болды. Олар жайлы күлкілі әңгімелер айтатын, әзіл өлеңдер шығаратын. Солардың біразын мен Ілекеңнің өз аузынан естігем. Біраз достарымен біз Ілекең үйінде де кездесіп жүрдік. Докторлық диссертация қорғағаннан кейін бір күні Ілекең мені шақырып алып, Мәскеуге бара жатқан Нұрдәулет Күзембаевқа (ол жоспарлау комитетінің жанындағы экономика институтының директоры еді) таныстырып, Жоғарғы аттеста­ция­лық комиссиядан менің жұмысым­ның жайын біле келуді тапсырды. Мәжікенмен Ілекең үйінде талай карта ойнағаным да бар. Ғауан бізге бұрыннан да жақын аға болып жүретін, Ілекеңмен танысқаннан кейін екі отбасыға ортақ дос боп кетті. Оның әйелі Әмлахан үй ұстауға, тамаққа бапты кісі еді. Сол үйге көбірек жиналатынбыз. Құлағы сараң еститін Ғауекеңді Ілекең «Саңырау» дейтін. Бөлебайдың үйіне телефон соғып, бір жеті су болмайды деп, үй ішіндегі бар ыдыстарын суға толтырып қойғанын, шипажайда бірге демалған Бөлебайға іш тазарту процедурасын жасап жатқанда, өзінің туалетке кіріп отырып алғанын, Бөлебайдың қысылып айғайлап, күлкілі жағдайға ұшыра­ғанын естігем. Алғашқы қылығын ол Ахметжан Қойшығұловқа (Орталық комитетте хатшы болған) да жасағанын айтатын. Әмір Ержанов жөніндегі әңгімелері тым көп еді. Оның туған күніне сыңар туфли (Әмірдің бір аяғы жоқ, мүгедек болған) апарғанын, бақ ішінде демалып отырғанда қалпағын шалқасынан тастап, өткінші елден тиын-тебен салдырғанын (бір аяғы жоқ адамды мүгедек-қайыршы деп ойлаған ғой) күлкі ететін. Ондай әзіл әңгімелерінің кейіпкерлері қатарында Сағалбай Жанбаев та, Ізмұхамед Еділбаев та, Мұзафар Дайыров та, Әмір Қанапин де болатын. Орталық комитеттің бір пленумында Өске­меннен келген Ілиястан құрдас­тарының бірі: «О жақта егін қалай?» деп сұрапты. Сонда Ілияс: «Егін әуелі Мұзафардың бойын­дай сорайып шығып еді, күн ыстық боп Әмірдің (Қанапин) бойындай тырбиып қалды, қазір Сағал­байдың басындай әр жерде бір талы ғана бар» депті. Бұл сөзді ол сол достарының ортасында тұрып айтқан. Бәрі күліп, мәз болыпты. Тағы бір пленумда сөйлеуші орыс жігіттерінің бірі қой шаруашылығын өркендету жайын әңгіме қып тұрып: «Едильбаевская ­порода – это казахская свинья» депті. Еділбаевқа осыны айтып, «Сенің арғы тегің содан екен ғой» деп қалжың­дапты. 1962 жылы менің Сәкен Сейфуллин жайында кітабым шығып, соның алғашқы даналарының бірін Ілекеңе апарып сыйладым. Ол мемлекеттік жоспарлау комитетіне орынбасар боп барған кезі еді. Бірқыдыру әңгімелесіп отырып қалдық. Сәкен, Бейімбет, Ілияс ­жайында, 1937 жылдың ылаңы туралы әңгіме қозғалды. Кітаптың алғашқы беттерін қарап отырып, Сәкеннің өлгені жайындағы мәліметке көзі түсті. Сонсоң менен: «Сәкеннің осы жылы өлгені рас па?» деп сұрады. Мен онда ақын ақталғаннан кейін заң орындарының әйелі Гүлбаһрамға берген қағазына сүйеніп, 1939 жылдың 9 қазанында лагерьде өлген деп жазғам. Ілекең олардың ертерек атылып кетуі мүмкін-ау деген күдік айтты. Сөйтіп отырды да, сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әубәкір Арыстанбековке телефон соқты. Оған мен жайында айтып, Сәкеннің ісімен таныстыруды өтінді. «Бұл – сабырлы, байсалды, аузына берік жігіт. Оқығанын ешкімге жария­лай қоймас. Өзіне керек кейбір деректерді ғана пайдаланар» деді. Мен Әукеңде болдым. О кісі жақсы қарсы алды. Кітабымды көрді. Мен одан мүмкін болса Сәкен ісімен таныстыруды, екіншіден, Сәкеннің архивін, одан алынған қолжазбаларды іздестіріп, қайтаруды сұрадым. Әукең бірер жетіден кейін хабарласуды өтінді. Әңгіме арасында Бейімбеттің өзіне туыс екенін айтып, «оның да архивін іздестірейінші» деді. Он шақты күннен кейін мен Әукеңе қайтып бардым. О кісі архивтің табылмағанын айтты. «Өздері керек болмағанда, олардан қалған, арабша жазылған, қағаздарды қайтсін, өртеп жіберген болуы керек» деді. Ол Сәкен ісін беруден де тайсақтады. «Сөз тарап кетсе, ұят болар, оған қатысы бар адамдардың көзі тірі ғой» деді. Тек Сәкеннің ақталу құжаттарымен таныс­тырды. Онда Сәкенге тағылған айып, оның дәлелденбегені, тергеушілермен Сәкеннің қақтығыстары, Сәкеннің үстінен өкімет­ өкіліне қарсы шықты деп жасалған актілер, Сәкенді ұрып-соғып мойындатқаны жайлы тұжырымдар, атылған мерзімі (25 ақпан, 1938) көрсетілген, маған осылар да жеткілікті еді. Кейін кітабым қайта басылғанда Сәкеннің өлімінің анық күнін кіргіздім. Осы сияқты жәрдем-көмекті Ілекең елге көп жасаған адам. Ол ондайға өзі сұранып тұратын және міндетсін­бейтін. Мәдениет саласында жауапты қызметтер атқарған адамның ша­пағаты тиген, араласқан, сыйласқан орыс достары көп еді. Ол Орталық комитетке хатшы болған жылдары «Қазақстан тарихын» жазу үстінде көптеген орыс тарихшы-ғалымда­рымен пікірлес болды, кейбіреу­лері­мен­­ (А.М.Панкратова, Н.М.Дру­жанин)­ достасты. Соғыс кезінде Қазақстанда эвакуацияда болған театр мен кино қайраткерлері Ю.Завадский, С.Эйзенштейн, ­­Р.­Кармен,­ Н.Сац, тағы басқалар онымен­ дос боп кетті. 1948 жылы Ілекеңнің тікелей араласуымен КСРО Жазушылар одағының пленумы Қазақ әдебиетінің қазіргі жай-күйі мен дамуының мә­селелерін қарады. Бұл – М.Әуезов­тің «Абайы» дүниежүзілік даңқ алғаннан кейінгі дәуірде қазақ әдебиетінің табыстарын әйгілеу және оның әрі қарай өрістеуіне партиялық қамқор­лық талап ету саясатынан туындаған іс еді. Пленум алдында КСРО Жазушылар одағының хатшысы Борис Горбатов Алматыға келіп, қазақ әдебиеті туралы баяндама дайын­дады. Ілияс оны Бурабай курортына апарып орналастырды. Оған Көкшетау обкомының хатшысы ­Х.­Байғалиев қамқорлық жасады. Ілекең өзі де барып тұрды. «Бір жолы Хайырғалиға тапсырып, Бурабай маңындағы бір қазақ ауылында қабылдау жасаттық. Өзім де қатыстым. Кеш үстінде бұл ауылда Біржанның жерлестері тұратынын естідім. Біржан сал жайлы Горбатовқа айтып түсіндіріп, «Біржан ауылында неге ән айтылмайды?» деп ем, ауыл адамдары, қыз-жігіттері түнімен ән салды, риза етті. Горбатов таңғалып кетті» дейтін еді Ілекең. Осы пленумды дайындау кезінде де Н.Тихонов, Л.Леонов, ­М.­Шолохов, П.Скосырев, т.б. көрнекті орыс жазушыларымен танысады. Оларды Қазақстанға шақырады, Мәскеуде кездеседі. Бірқатарымен Ілекеңнің жазысқан хаттары бар. А.Фадеевпен де ол осы тұста танысқан. Ілекең Барбиха шипажайында демалып жатады. Кітапты көп оқитын Ілекең шипажайдың кітапханасынан алған кітаптарын сызғылап тастайды екен (кітапты белгі қойып, сызып оқитын әдеті болатын). Содан бір күні кітапханашы бұл кісіге айтуға бата алмай, сонда демалып жатқан А.Фадеевке айтыпты. Содан Фадеев Ілиясты өзі іздеп келіп танысыпты. Екеуі көп әңгімелескен. Әдебиеттің, саясаттың қай мәселесіне салсаң да мүдірмейтін Ілиясты Фадеев жақсы көріп, сыйлап өткен. Осы шипажайда кейін бір жолы Щепиловқа кездескенін айтып еді Ілекең. Пар­тияға қарсы топқа қосылды деп, Г.Маленков, В.Молотовтармен бірге қуылған Щепилов та Ілекеңмен тіл табысып, сыйласып сөйлескен.
Н.С.Хру­щев­тардың оларға жасаған зорлығын айта отырып, «Ұсақ адамдар ғой, менің үш бөлмелі пәтерім бар еді, соны босаттырып, екі бөлмелі үйге көшірді. «Көшейін, бірақ кітапханам үлкен еді, бір бөлмесін үлкендеу қып беріңдер» деп едім, тыңдамады» депті Щепилов. «Білімді, ұстамды адам екен» деп отыратын еді Ілекең. Мен Ілекеңмен көп әңгімелескен (тіпті сырластым деп айтуға болады) адаммын. Оның әңгімесінің ауқымы тым кең еді. Саясат, қоғам, ел өмірі жайлы көзқарастары, қызмет, елге еңбек жасау туралы ұғымдары, адамдық, сырластық мінездері – бәрі де оның кең масштабты ой жүйесінен хабар беретін еді. Ол Отанын, елін қалтқысыз сүйген патриот адам еді. Оның ұраны – халыққа қызмет ету болды. «Мен бір нәрсені берік ұстаймын. Ол – халыққа сатылмай толық берілу, бұл жолдан ешқашан, қандай қиындық болса да бұрылма­сыма сенімдімін» деп жазды ол күнделігіне. Ол көреген еді. Оңаша әңгімелерде бұрынғы социалистік қағидалардың бұзыла бастағанын, партиялық тәртіптің әлсіреп бара жатқанын уайым ететін. Кадрлардың жағымпаз, екіжүзді, даңққұмар боп бара жатқанын көрді. Күнделіктерін қарап отырсам, осы ойын ол сонда да жазып қалдырыпты. «Біздің партия – батыл, шешімді адамдардың партиясы ғой. Ол осынысымен күшті. Ал басшы кадрлардың жағымпазданып, дәл айтатын нәрсені айтпай жалтақтап, жүрісінен жаңылып, еңбектеп кеткенін, кейбір жергілікті көсемсы­мақ­тардың шын ойын жасырып ұстайтынын көргенде, бұл ұйым іри бастаған ба деп ойлайсың. Біздің Қазақстан партия ұйымы қазір осымен ауыруда. Өкінішке қарай, елдің көбі мұны байқамағансиды» депті ол. Ілекең сөзінің шындығын өмір көрсетті. Осындай типтер негізі ­жауынгер партияны іштен шірітіп, ақыры партияны да құртуға, қоғамды да құлатуға жеткізді. Ол жан-жақты білімді болды. Алған білімі жағынан экономист, басшы қызметтерде жүріп, халық шаруашылығының барлық ­саласын жақсы игерді. Оларды өмірден көргеніне ғана сүйеніп үйренген жоқ, сол саланың ерекшеліктері жайлы да көп оқыды, зерттеді. Зерттеп, оқып, әбден көзі жетпей, Ілекең ештеңе жасамайтын. Жобамен асығыс қоры­тынды жасау оның әдетінде жоқ еді. Мәдениет, идеология мәселеле­рінің ол кемеңгер білгірі болды. Кітап оқу оның үзілмейтін кәсібі болатын. «Жан-жақты жетілу адамның ойлау мөлшерін кеңейтеді. Сондықтан қанша маман болсаң да өз кәсібіңнің тар шеңберінде қалу адамды мүгедек етеді, адамзат дамуының жалпы жүйесінен сырт қалдырады. Әрине, өз кәсібіңді толық игермей тұрып, құр білгіш болу да қиын әрі зиянды. Қандай да болса, екі жақтағы шетте қалудан сақтанған дұрыс. Қоғамға пайдалы болу үшін көп нәрсені білуің керек. Сөйтіп, өз кәсібіңді жетілдір, ең бастысы, оны қоғамға пайда әкелетіндей ет» деген қағиданы ол өмірде берік ұстанды. Ілекең күнделігіндегі осы сөздер – оның адамдық берік қағидасына айналған дүние еді. Осылардың бәрі Ілиястың биік азаматтық үлгісін ­танытады. Онда данышпандықтың белгілері мол еді. Сондықтан абзал ағаның жарқын бейнесі әрдайым біздің жүрегімізде өмір сүреді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.