Байланыс өрісі кеңейді

Ұлттық кітапханада А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының ұйымдастыруымен саха тілінің 15 томдық сөздігі мен «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің» таныстырылымы өтті. Түркі әлеміне ортақ құндылық­тарды, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін насихаттап, тәжірибе алмасуды көздеген басқосуға якут елінен арнайы келген делегация мен лингвист ғалымдар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуды Ұлттық кітапхананың директоры Б.Оспанова ашып, атқа­рылып жатқан жұмыстарға тоқталды. А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институ­тының директоры, филология ғылы­мының докторы, академик Е.Қажыбек тізгінді өз қолына алып, меймандармен таныстырып, бұл жиынның екі ел арасына алтын көпір орнататынын жеткізді.
Якут елінен делегацияны ­бастап келген доктор, профессор, Саха Респуб­ли­касының академигі П.Слепцов, кітаптың жауапты басшысы,­ филология ғылымының кандидаты В.Монастырев және т.б. сөздікті жасауға қатысқан ғалым­дар сөз сөйлеп, ой-пікірлерін білдірді.


Ерден Қажыбек қазақ тілінің ­тарихын терең зерттеу үшін якут тілін білу артық етпейтінін, өкінішке қарай, бізде ондай мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. «Якут мәдениеті біз үшін өте маңызды. Олар өз мәдениетін өзгертпей, көне заманнан сол қалпында сақтады. Мұның біздің тарихты зерттеуде де көмегі зор» десе, Владимир Монас­тырев сөздікті жасау 1972 жылдан бері қолға алынғанын, 46 жылдың ішінде алғаш рет жарыққа шыққанын атап өтті. «Кеңес Одағы кезінде екі елдің арасында тығыз қарым-қатынас болған. Кейін тоқсаныншы жылдары байланыс үзіліп қалды. 1970 жылдары Петр Слепцов кандидаттық диссертация қорғағанда сол жерден қазақ тілінің он томдық сөздігін көрген екен. Содан бастап саха тілінің сөздігін шығаруды қолға алып, 1972 жылдан бастап іске кіріседі. Үлгі ретінде қазақ тілінің түсіндірме сөздігін алған, яғни бүгін таныстырылып жатқан сөздік қазақ тілі сөздігінің негізінде жарыққа шықты» деді В.Дмитриевич.
Он бес томдық сөздікте таза саха тілінде терминдер, фразеологизмдер, сөз тіркестері беріліп, өзге ұлт өкілі оқығанда түсінікті болуы үшін төменгі жағына орысша мағынасы келтірілген.
Қазақ елінде таныстырылымы өткен сөздіктің Якутияда әлі тұсаукесері болмапты. Жауапты мамандардың айтуынша, әр жылдың 13-ақпаны саха елінде ана тілі күні болып белгіленген. Сол мерекелік шараға орай кітаптың таныс­тырылымын үкіметтік деңгейде өткізу жоспарланған.
Еліміздегі Шығыстану институтында жақсы кездесу өткенін атап өткен меймандар, екі жақ тарабынан да бакалавр, магистр қабылдап, ғылыми қызмет­керлер өзара тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынас орнататынын жеткізді.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.