ҚАЗАННАН ТАБЫЛҒАН ҚҰНДЫ ҚОЛЖАЗБА

Татар халқының руханиятында жарқын із қалдырған ақын, драматург, публицист Фәтхи Бурнаш (толық аты-жөні – Фәтхелислам Зәкірұлы Бурнашев) есімі қазақ оқырманына таныс деп айта алмаймыз. 1898 жылы қазіргі Чувашия республикасының аумағында дүниеге келіп, 1942 жылы Куйбышев­ қаласында «халық жауы» боп атылып кеткен қалам қайраткерінің өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеу ісі өз Отанында енді-енді қолға алынып жатыр. Түркі дүниесінің бірлігін ту еткен Ф.Бурнаштың, әсіресе қазақ тақырыбына етене­ жақын болғандығы анықталып отыр. Қазан қаласына ғылыми сапарымыздың барысында біз оның «Қорқыт», «Қазақ қызы» атты поэмаларын ХХ ғасыр басында жарық көріп, тігінділері Қазан федералды университетінің Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасында сақталған татар басылымдарынан жолықтырдық. Ф.Бурнаштың Татарстан­ Ғылым ­Академиясы Ғ.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының жазба және музыкалық мұра орталығы – Мирасханадан табылған қолжазбасы да тосын олжа болды. Институт директоры, филология ғылымының докторы, Татарстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ким Муғаллимұлы Миннуллиннің қолдауы, ­Мирасхана меңгерушісі Илхам Гусманұлы Гумеровтің, орталықтың аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Нурида Насыйбуллина мен ғылыми қызметкер Айгүл Ахметованың риясыз көмек көрсетуі арқасында «Қазақ өнері» (татаршасы­ – «Qazaq sәngәte») атты латын қарпінде хатқа түскен авторлық мәтіннің көшірмесі қолымызға тиді. Мирасхананың 68-қорының 2-тізбесінде сақталған жеті парақтан тұратын мақаланың екі нұсқасының бірі жартылай қолжазба, жартылай мәшеңкеге басылған болса, келесісі түгелдей мәшеңкемен терілген екен.
Ф.Бурнаш бұл мақаласында еліміздің руханияты тарихында айрықша бір белес боп саналатын 1936 жылғы 17-27 мамыр аралығында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі жайында сөз еткен. Онда сахналанған «Қыз Жібек», «Жалбыр» операларына, сондай-ақ қазақтың атақты өнер қайраткерлерінің шеберлігіне және ұлтымыздың шығармашылық ­талантына жоғары баға беріледі.
Біздіңше, Ф.Бурнаштың бұрын еш жерде жарық көрмеген «Қазақ өнері» мақаласы болашақта қазақ мәдениеті тарихын зерттеушілердің кәдесіне жарайтындығы сөзсіз.

ҚАЗАҚ ӨНЕРІ

Май айының соңына қарай болып өткен қазақ өнері декадасы Мәскеудің кең пролетариат жұртшылығы, түрлі саладағы совет өнері қызметкерлері үшін зор мейрамға айналды. Совет респуб­ликаларының басқалары бір апта бойына алыс Қазақстан далаларынан, қалаларынан келген ұлы халықтың азапты өткенін, батыр күрестерін һәм шат­тықты, бақытты бүгінгі күндерін ашық бейнелеген ерекше, бай, ғажайып өнер көріністерінің әсерімен бірге жасады.
Қазақтар әкелген екі музыкалық шығарма һәм халық өнерінен, ойындарынан түзілген ­үл­кен концерт кеші шынында да Ленин-­Сталин ұлт саясаты жеңісінің салтанатты көрінісі еді.
Бүтін халықтардың дана қолбасшысы ұлы Сталин қатысқан жағдайда, партия һәм үкімет жетекшілері алдында өткізілген бұл кештер бір қазақ өнері үшін ғана емес, бәлки бүкіл совет өнері дүниесі үшін тарихи күндер болып қалар.
Қойылған екі спектакльдің бірі – «Қыз Жібек». Бұл пьесаны қазақ халық аңызы ­бо­йын­ша жас қазақ драматургы Ғ.Мүсірепов әзірлеген һәм жас композитор Е.Брусиловский оған музыка жазған. Бұл драмалық поэманың мазмұны өте тартысты, сонымен бірге ол терең сезімдермен суарылған.

Мен драмалық поэма деп босқа айтып отырғаным жоқ. Себебі биік талғамды сыншылар бұл шығармаға қарап, онда бір жағынан драматургия, опера жасалымы канондарынан ­шамадан тыс ауытқу болмауы керектігін дәлелдеуі мүмкін. Бірақ автор бұл пьесаны жазғанда оның өте ескі халық аңызы болуын көңілде тұтқан, соған сәйкес әр көрініс, әр арияны суреттегенде мұны мұқият ескерген. Оның жүздеген жылдар бойына ауыздан ауызға көшіп келген, миллиондаған халық тарапынан шығармашылықпен өңдел­ген өр­нектерін бұзбауға, оларды мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Оны өзінің халықшыл сипатында қал­дырып, бүгінгі сахналық, опе­ра­лық орындау шарттарына жақын­дастырған.
Соған сәйкес, бұл пьесаның әр бөлігін, әр ариясын тыңдағанда өзіңді кең шалқар халық шығармашылығына бөленгендей сезім кешесің.
Пьесаның сюжеті мынадай: өз дегенін жүргізетін, діні қатты Базарбай ханның ұлы Төлеген сұлулығымен қазақ елінде даңқы шыққан Қыз Жібекке ықыласы ауады. Базарбай хан ұлының өз қалауымен қыз таңдауына риза болмайды, ал жігіт туыстарымен, руластарымен, анасымен кеңесіп, Қыз Жібектің соңынан кетеді.
Атақты қазақ төрелерінің бірі Бекежан­ көптен бері Қыз Жібекке құштар болып жүреді екен, тіпті қыздың ағалары – хандардан уәде де алған, тек Қыз Жібек қана оны жаратпайды, Төлегенді сүйеді. Төлеген қыздың еліне келгенде, Бекежан­ның тұрағына жақын жерде тоқтайды және Бекежан оны өлтіреді.
Ол енді Қыз Жібекке қолы жететініне толық сенімді болады, бірақ қыз Төлегеннің өлгенін білген соң, өзінің туыстарымен, руластарымен соңғы рет қоштасады да, суға кетіп, көз жұмады.
Мұнда бір жағынан кісілік сезімдері, екінші жағынан феодалдардың тежеусіз басбұзарлықтары бір-біріне қарсы қойылған. Оны қазақтың «Ромео мен Джульеттасы» десе, қате болмайды.
Бұл музыкалық шығарманың ішіне қазақ халық әуендерінің өте көп қымбат байлықтары кірген. Шығарманың айрықша арияларын түгендеу үшін алынған 50-ден артық халық әуендері композитор Брусиловский тарапынан әжептәуір сәтті етіп оркестрленген. Бұлардың арасында Қыз Жібек шырқайтын «Гәкку», сондай-ақ Төлегеннің анасы орындайтын ұзату жыры секілді терең сезімдер һәм көрермендер мен тыңдаушыларға ұмытылмас әсерлер қалдырған әуендер біреулеп қана саналмайды.
Мұнда қазақтың халық ойындары, күнкөріс әдеттері кең пайдаланылған. Жүздеген халық қатынасқан хор һәм қазақ балеті пьесаның мазмұнын көрерменге жеткізуде үлкен маңыз атқарды.
Киіз үй және оның түрлі көріністе­рімен әсемденген сахна безендірілімі өзінің көркемдігі қарапайым болуына қарамастан, сахна ашылған сәтте кө­рермендердің қошеметтеген алғыс­тарымен қарсы алынып, терең сезімдерге бөледі.
Зор шеберлікпен тігілген киім-кешек әшекейлері өзінің сан алуан түстері, ашық реңі және жылылығымен бүтін көрерменді өзіне баурап алды.
Екінші пьеса – «Жалбыр». Пьесаны 1916 жылы қазақтардың патша өткізген «мобилизацияға» қарсы көтерілістерінің деректері бойынша қазақтың көрнекті драматургы Б.Майлин жазған. Бұл шығарманың әуені де халық музыкасынан алынған және оны композитор Е.Брусиловский оркестрлеген.
«Жалбырдың» мазмұны әлеуметтік сарындарға өте бай.
Қазақ халқының отаршыл патша­ төрелерінен, қазақ байларынан, ­болыс итаршыларынан азат болуы үшін күрескен жарлы қазақ Жалбыр патша үкіметі қазақтарды соғысқа айдаған заманда халқының патшаға қарсы әрекеттерінің басында тұрады. Бұл уақытта ол күрделі ауыр сезімдерді ­бастан кешіреді. Жарлы қазақтың сұлу қызы ­Хадиша Жалбырдың інісі Елеместі сүйеді, бірақ қазақ төрелері оған тізесін батырады. Хадиша өзінің тұрмысы, құқығы үшін аянбай күресіп, Елемеске­ барады, олар Жалбырға азаттық үшін күрес жолында қолдау көрсетеді. Осылайша, патша әскерлері мен қазақ төрелеріне қарсы майдан басталады. Елемес соғысып жүріп өледі. Хадишаны қазақ төрелері атып өлтіреді, Жалбыр қадірлі кісілерінен айырылады, бірақ өз жолынан таймайды – әрдайым халық күресінің алғы шебінде болып, майданды жалғастыра береді.
«Жалбырдың» мазмұны осындай.
«Қыз Жібек» пен «Жалбыр» арасында ұзақ тарихи жол созылып жатыр. Бірақ бұл ретте зор байланыс сақталған. «Қыз Жібектің» аянышты қайғысынан соң көп ғасыр өткен, бірақ қазақ халқының жазмышында өзгерген нәрсе өте аз.
Ол уақытта халықтың еркін, тілегін, толғанысын қазақ хандары қанды шеңгелінде ұстады. Алайда енді хандар орнын патша жандармдары, қазақ төрелері, болыс бастықтары, фрак киген бай ұлдары басқан. Ал халық әліге дейін сол құлдық, қорлық жүгін арқалайды һәм үстінен соны лақтырып тастау үшін арпалысады.
Соған сәйкес біз мұнда музыкадан да, киім-кешектен де һәм басқа тіршілік көріністерінен де «Қыз Жібек» кезеңіне жақын тұрған нәрселерді байқаймыз.
Бұл шығарманың музыкалы тұстары аздау, бірақ оның сарындары да терең толғаныстармен суарылған. Ондағы әуен­дер арасында «Елім-ай!» секілді айрықша жылылықпенен жаңғырған әндер бар.
Мұның хор һәм балет қойылымдары да жанды кейіпте әрі шебер түрде орындалған.
Онда сахна һәм киім-кешек безенді­рілімі мейлінше қарапайым, соған сәйкес көрермендер үшін барынша түсініктірек.
Бұл спектакльдер шеберлікпен қойыл­ған және музыкалы безендірілімінің ерекше, терең, жылы болуымен ғана қызық­тырмай, жүзеге асырушы мамандарымен де терең із қалдырған. Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі Күләш Байсейітова өзінің ғажап, сүйкімді даусының үстіне, еш күмәнсіз талантты әртіс те. Қыз Жібектің де, сондай-ақ «Жалбырдағы» Хадишаның да рөлдерін оның үлкен шеберлікпен орындағанын айтпай өту мүмкін емес. Жалбыр рөлінде ойнаған еңбек сіңірген әртіс Қ.Жандарбеков хас шеберлік танытып, ішкі толғаныстары бай, жанды әрі шынайы бейне ұсынды. «Жалбырда» бірнеше репликамен ғана көрінген Қайрақбай рөлін халық әртісі Е.Өмірзақов ұсталықпен игеріп, пьесадағы үзік тұстарды тартымды етіп әрледі. Төлеген мен Елемес рөлдерінде еңбек сіңірген әртіс Қ.Байсейітов, ­Базарбай хан мен Сайым рөлінде еңбек сіңірген әртіс Қ.Қуанышбаев, Аткелтір мен Азат рөлдерінде еңбек сіңірген әртіс С.Қожамқұлов, Ү.Тұрдықұлова, Ж.Байсенбаева, М.Ержанов, т.б. ойнап, бұлардың әрқайсысы өз орындарына сай нағыз шеберлер болып көрінді. Режиссер, халық әртісі Ж.Шанин мен композитор Е.Брусиловский шығармаларды әзірлеуде өте зор қызмет жасады және әртүрлі мақтауларға лайық.
Қазақстанның атақты бишісі Шара Жандарбекова өзінің шеберлігімен қазақ өнерінде айрықша орын алады.
Халық ойындары, өлең-жырлар, билер, ақындардың – халық жыршыла­рының сайысынан өте тамаша көріністер ұсынған концерт кеші қазақ өнерінің алуан түрінің басын қосқан үлкен халықтық мейрамға айналды.
Біз осында жас қазақ композиторы А.Жұбановтың басқаруымен қазақ халық күйлерін өте тамаша етіп орындаған және қазақтың халық саз аспаптарынан құралған оркестрді тыңдадық.
Бұл кеште қазақ хореография мекте­бінде оқитын 20 бүлдіршін Чайковский­дің «Ұйқыдағы ару» балетінен вальс орындады және бұл кішкентай балалар күллі Үлкен театрдың ду қол шапалақтауымен қарсы алынды. Олар өтініш бойынша сахнаға қайта шақырылып, әсем де әсерлі етіп, тағы бір рет билеп берді.
Осында біз түрлі халық ойындарына, өлең-жырларына, билеріне қанығып, халық жыршыларының – ақындардың зор шеберлікпен орындаған сайыстарын тыңдадық.
Біз осында әртіс М.Ержановтың тарапынан жолбасшымыз ұлы Сталинге арнап жазылған «Жасасын» әнінің үш жүз кісілік қазақ өнер ұжымы тарапынан өте жақсы орындалғанын және бүкіл әртістің театрды толтырған мыңдаған көрерменмен бірге ұлы ұстазымыз Сталинді ыстық рәуіште құттықтауын тыңдадық.
Бұл кеш мәңгі құлдықтан социалистік Октябрьде азат болып, жаңадан өмір бастаған талантты қазақ халқының бақытты, шаттықты, шын азат тұрмыс кешуінің үлкен көрінісі еді.
Қазақ өнерінің күшті жағы – шын мәнінде оның өзінің терең тамырларымен кең халық бұқарасының ішіне бойлауында.­ Бұл өнердің іс жүзінде бай халық өнерінің терең әрі сарқылмас бұлақ­­тарынан жанына қуат алып тұруында.
Совет музыка, театр өнерінің ұлы жетістіктері дәрежесіне көтерілу үшін қазақ өнері халық шығармашылығына арқа сүйеген.
Бұл – түрі ұлттық, мазмұны социалис­тік қазақ совет өнерінің нұрлануының, гүлденуінің жолы.

Фәтхи Бурнаш
ҮІ-36. Мәскеу.

Мәтінді қазақ тіліне
аударып, басылымға ұсынған –
Амантай ШӘРІП,
филология ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.