«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА»:САЯСИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ НЕГІЗІ НЕДЕ?

Әл-Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атайды. Фараби оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан кейін Хорасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Зерек Фараби өте білімді адамдардан сабақ алған. Мәселен, медицина мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан үйренеді. Бір нұсқада Фараби осы шәкірт шағында атақты оқымысты Абубәкір ибн Сиржбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б еңбектеріне түсініктемелер жазды. Сонымен қатар өз тарапынан да көптеген ғылыми туындыларды өмірге әкелген: «Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттілігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбесі», «Кемеңгерлік меруерті», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолы» және т.б. Міне, осылайша, Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, Шығыстың ұстазы деген дәрежеге көтерілді. Әлемнің екінші Ұстазы атанды. Әл-Фарабидің қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады.

ШЫҒЫС ПЕН БАТЫСҚА ЫҚПАЛЫ

Оның ғылыми-философиялық көзқа­растары мен бағыт-бағдарлары өте күрделі саяси-әлеуметтік және эконо­микалық жағдайларда калыптасты. Сәйкесінше, еңбектері күні бүгінге дейін өзінің мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша мазмұнға ие. Туындылары­ еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етіп, Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды. Ойшыл еңбектерінің қаншама дәуірлер өтсе де маңыздылығын жоғалтпай келе жатқандығы, ондағы ойлардың даналығында, тереңдігінде болса керек. Жалпы алғанда тарихтың елегінен өткен философиялық ойлар ешқашан да ескірген емес, ондағы жинақталған дана ойлар біздің санамызға қозғау салып, жаңаша көзқарастардың қалыптасуына ықпал етеді.
Ғұламаның «Қайырымды қала тұрғын­дарының көзқарастары туралы трактат» (арабша Китаб ‘ара’ ‘ахл ал-мадйна ал-фадила) Фарабидің негізгі еңбектерінің бірі, ол 948 жылы Мысырда жазылып аяқталды. 942 жылғы мәтіннің бірінші үлгісі «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» жеке шығарма ретінде танымал болды. Трактатта ол Платонның ойлары әсерінен қоғамның дұрыс құрылымы, дұрыс заңдар және тұрғындардың дұрыс көзқарастарымен байланыстыра отырып, қайырымдыны саяси аспектіде зерттейді. Мұндай мінсіз қоғам «қайырымды қала» (мадина фадила) болып табылады.
Әл-Фарабидің қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімі түп тамырымен Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы ілімінен бастау алады. Платон өзінің «Мемлекет» деген шығармасында мінсіз қаланың құрылымы туралы ойын білдірген. Оның «мінсіз қаласы» – сол кезде өмір сүрген мемлекеттерді сынға алу негізінде құрылған утопия. Алайда ол нақты болған мемлекеттермен белгілі бір байланысы болды, нақты мемлекеттердің сипаттары және белгілерін көрсетті. Платонның ойынша, мінсіз мемлекеттің негізгі қағидасы «әділдік» болды. Әл-Фараби адам іскерлігінің мақсаты – тек дұрыс танудың көмегі арқылы қол жеткізуге болатын бақыт деп есептейді. Ойшыл қоғамды мемлекетпен теңестірді. Қоғам – адамдық мүше. Қайырымды қала тірі ағзаның өмірін сақтау үшін барлық мүшелері бір-біріне көмектесетін сау тән тәріздес. Әл-Фараби Платон және Аристотель­ сияқты қалалардың классификациясын көрсеткен. Ол мінсіз қаланы «адамның шынайы болып табылуымен байланысты, оның өмір сүруі, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесетін қала» деп сипаттаған қаланың атауы «қайырымды қала». Өз уақытының барлық бірегей ойлары секілді, Фарабидің саяси тұжырымдамалары исламдық ­ха­ли­фаттың шынайы бейнелеріне бағыт­талған араб мәдениетінің теориялық қағи­даларына ұқсамады. Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы­ трак­татында ол «қайырымды қалаға» былайша сипаттама берген: «Адамдардың бірлесуінің мақсаты шынайы бақытқа жету істерінде өзара көмек көрсететін қала, қайырымды қала болып табылады және бақытқа жету мақсатында адамдар бір-біріне көмек көрсететін қоғам, қайырымды қоғам болып табылады. ­Әл-Фараби қайырымды қаланы «барлық органдары өмір сүруін сақтап қалу және оны толық ету үшін көмектесетін» дені сау ағзамен теңестіреді. Платонның және Аристотельдің мінсіз мемлекеттеріне қарағанда әл-Фарабидің қайырымды қаласында қауымдар көп. Қайырымды қаланың бес бөлігі бар: аса лайықты тұлғалар – ораторлар, есепшілер, батырлар және байлар. Фараби бұл туралы былай дейді: «Әр адам өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі және жоғары дамуға қол жеткізу үшін және жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын көптеген заттарға және оның мұқтаждығын ескере отырып, қандай да бір затты бере алатын адамдар тобынан кейбір заттарға қажетсінеді».
А.Х.Қасымжанов «Әл-Фараби» атты кітабында қайырымды қаланың жоғарыда аталған қауымдарын көрсетіп, «аса лайық­­­тылар» дегенді «феодалды төбе» деп түсін­дірген. Алайда әл-Фараби «Аса лайықты­ларға даналар, ақылы бар адамдар және маңызды істерде беделге ие адамдар ­жатады» деп жазған. Антикалық Грекияда және ортағасырлық Шығыста даналар деп негі­зінен философтарды атаған. Яғни әл-Фараби үшін ең лайықты қауымдағы орынға философтар ие болды деп болжам жасаған.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты» ойшыл дүниетанымының мазмұнды арналарының бірі. Трактатта ізгілікті қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары туралы жан-жақты талданып, зерделенеді. Мәселен, адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және адам қоғамының түрлері көптігін айтады. Себебі әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандай да болмасын қауым керек. Фарабидің пікірінше, «қайырымды қала» идеал ­болып табылады. Бұл қайырымды билеуші басқарған феодалдық қала. Оған өзінің мақсатына сәйкес әрекет ететін басқарушы шенеу­ніктер мен сол шенеуніктердің мақса­тын жүзеге асыратын келесі рангілі шенеуніктер көмектеседі.

ИГІЛІК ПЕН КЕМЕЛДІЛІК

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала­сында» теңсіздік орын алады. Тек рухани ғана емес, дәулет теңсіздігі де, себебі «Қайы­рымды қала» тек өзінің қажет­тілігімен шектелген еңбек етушілер тұратын «қажеттілік қаласыз» мүмкін емес. Олар қажетін өзара көмек арқылы табады және төзімділік пен көну арқылы аман-саулыққа қол жеткізеді. Жалпы адам қоғамдастығын философ екі түрге бөліп көрсетеді: толық және толық емес. Толық қоғамдастықтың өзін үш түрге бөлген: үлкен, орташа, кіші. Үлкен қоғамдастық деп ол бүкіл жерді мекендеуші барлық адамдардың жалпы қоғамдастығын көрсетеді. Ал орташа қоғамдастық дегеніміз білгілі бір халық ретіндегі қоғам дейді, кіші қоғамдастық ол белгілі бір қала ретінде көрсетілген. Толық емес қоғамдастыққа келер болсақ, әл-Фараби оларды төртке бөліп қарастырған. Олар: квартал, көше, үй және ауыл. Соңғысы қала құрамында көрмегенімен ол қалаға қызмет көрсетуші толық емес қоғам ­болып табылады. Жоғары деңгейдегі дамуы мен игілікке адам ең бірінші ретте ең кіші дегенде қалада ғана қол жеткізе алады деп көрсеткен. Кез келген нәрсеге шын көңіл білдіріп, шынайы таңдау жасап талаптанып жетуге болатындықтан, кез келген қалада бақытқа қол жеткізуге болады дейді. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қайырымды қала деп түсіндіріледі. Сол сияқты қайырымды қала, қайырымды тұрғындар (халық) ­болады дейді. Әл-Фараби өз трактатында: «Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі ол барлық өзіне қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды, әрі қол жеткізе ­алмайды» дейді. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады дейді. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып ­табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп. Ойшыл толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласының қоғамдарының тұтас жиынтығы дейді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек.
Бақыт – әл-Фараби этикасының орталық санаты – дербес болып саналмайды. Қайырымды қалада бақыт адамдар, мейірімділік, әділдік және әдемілік арқылы жүзеге асырылады. Жұмыстарда өзара көмектесу мақсаты үшін біріккен шынайы бақытқа ие адамдардың бірлескен қаласы қайырымды қала және адамдар бір-біріне бақытқа жету үшін көмектесетін қоғам өз алдына қайырымды қоғам болып табылады.
Қала болмысы – адамның кемелденген денесі мен оның мүшелері секілді. Дене мүшелері тіршілік ету мақсатында бір-біріне көмектесіп отырады және өздерінің қабілеттері мен жаратылыстарына қарай бөлінеді. Дәл сол секілді қала бірлестіктері де қабілеттеріне байланысты бөлінеді. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай ­билеу керек, оның бөлшектері туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы­ пайымдайды. Қала басшылары қала бірлестігінің мүшелері болуы үшін тек табиғи қасиеттерімен ғана емес, өнер секіл­ді қасиеттерімен де мүшелікке енеді. Ал қала бірлестігінің басшысы бо­йын­дағы қасиеттерімен өзгелерден кемелді болғандықтан жоғары тұрады және мәртебелі. Ол қаланы тәртіпке кел­тіруші, жол сілтеуші, мұны әл-Фараби адам тәніндегі жүрекпен теңестіреді. Әрбір адам өмір сүруі мақсатында «әуел бастан-ақ Бірінші Себептің үлгісі мен мақсатына жету үшін жаралған, міне нақ осының арқасында олар ең мәртебелі басқыштарға шығып отыр». Сондықтан да қаланың әрбір мүшесі өз қызметтеріне сәйкес қала бас­­­шысының мақсаттарын көздеулері тиіс.
Әл-Фараби «Қайырымды қала» ­деген сау әрі ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсас дейді. Себебі оның әрбір мүшесі ден­саулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам дене­сіндегі мүшелер бір-біріне табиғаты, атқа­ратын қызметіне байланысты айырма­шылық жасайтындығы сияқты қала тұр­ған­дары да өздерінің қызметі мен қоғам­дағы орны бойынша айырмашылық жасайды деген.
«Қайырымды қала» басшылары және билеушілерінің келесідей төрт түрі ­болады:
– шынайы билеуші ( барлық қасиеттерге ие бірінші басшы);
– шынайы билеуші жоқ болса қайы­рымды қаланы ең лайықтылар басқарады;
– егер жоғарыда аталғандардың екеуі де болмаса, бірінші билеушілермен енгізілген ерте заңдарды және ережелерді білетін және орындайтын «заң бойынша билеуші» қаланы басқарады;

РУХАНИ БИЛІКТІ ІЗГІЛІКТІ БИЛІКПЕН ҰШТАСТЫРУ

Қала басшысы адам денесіндегі бас мүшесі, яғни жүрегі. Ол ең жетілген және ешкім­мен басқарылмайтын мүшесі сияқты, қала басшысы бәрінен жоғары тұрады. Адамның жүрегі басқа органдардың бірігуінің, яғни адам денесінің бар болуы себебі, қалаған мүшелердің тәртіппен ­орналасып, жұмыс істеуінің ұйытқысы. Дәл сол сияқты қала басшысы да қаланың бар болуының, адамдардың оның маңайына топтасуының себебі, олардың белгілі сатымен үйлесімді түрде іс атқаруының ұйытқысы. Жүрек денеде орын алған кез келген орынсыздықтың барлығын жойып­ отыратыны сияқты, басшы да қалада орын алған әрбір мәселелерді шешіп, қиындықтарды жойып отыруы керек. Қала қоғамында оның мүшелері қызметіне қарай сатыларда орналасқан «Қайырымды қала» трактатында әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын – iзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды.
Мұндай қоғамды ұлы ойшыл «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестетедi. Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам бұрын айтылған ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрiнен саналады. Осындай «жетiлдiрiлген қоғамда, әл-Фарабидiң ­айтуынша, бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады.
Әл-Фараби мұндай қоғамды тумысынан табиғат берген он екi қасиетi бар ақылды, бiлiмдi, сабырлы, рухани билiктi iзгiлiктi билiкпен ұштастыратын, адам қасиеттерiн бағалауға қабiлеттi адам басқаруы керек дейдi. Кез келген адам қала басшысы бола алмайды. Ондай адам қаланы басқаруы үшін екі шарт орындалуы қажет. Біріншісі, ол қаланы басқаруға дайын болуы керек. Екіншісі, басқару мүмкіндіктері мен жағдайы, оның өнері де басқалардың өнерінен жоғары болуы ­керек. Ол өнер ештеңе үшін қызмет етпейді, не басқалар оны қолданатын өнер түрі де емес дейді, ол оған басқа өнерлердің барлығы бағынатын өнер, ол үшін басқа өнерлер қызмет жасайтын өнер болуы керек деп айтқан. Қала басшысы осы өнерді біле тұра, өзі ең жетілген, бақытқа жетудің барлық жолдарын білетін адам дейді. Басшы­ қала тұрғындарын бақытқа апаратын ең дұрыс жолға сілтеп, оған жеткізетін әрекетке талпындыруы тиіс. Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы. Осының бәрiн өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан сөзi мен ақылына құлақ қою керектігін көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам мемлекеттi өзiнiң қалауынша басқара алады. Қаланың басшысы болу үшін адамның бойында қасиеттердің табылуы шарт. Бірақ жаратылысынан бойында мұндай қабілеттер мен қасиеттер бір адамның бойында табылуы өте қиын жағдай. Данышпанның пайымдауынша, игі қасиеттердің алтауы, тым болмаса бесеуі оның бойына біткен болса, ол адам қаланың басшысы бола алады.
Әл-Фараби қаланы билеудiң алқалық түрiн де жоққа шығармайды. Билiктiң бұл түрi туралы ол былай деп жазады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында ­жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады».
Әл-Фараби қоғамды мемлекеттен бөлiп қарамайды. Қоғамның өзi адамның ағзасы сияқты «Қайырымды қала» дене мүшелерiнiң бәрi де тiршiлiк иесiнiң өмiрiн сақтау, оны анағұрлым толыққанды ету үшiн бiр-бiрiн толықтырып тұратын адамның сау тәнi секiлдi көрiнедi. Өйткенi қоғам да оның толыққанды мүшелерiнен тұрады және олар да бiр-бiрiн қажетсiнедi.
Адамдардың әлеуметтiк теңсiздiгi туралы айтқан әл-Фараби адамдардың әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты қайырымдылық пен жаман әрекеттер де әуел бастан жаратылысынан дарымайды, олар адамдардың бiр-бiрiне деген үстемдiк құруға ұмтылысынан пайда болған деген ой түйедi.
Әл-Фарабиге сәйкес, қайырымды қала – шынайы бақытқа жету үшін, адамдар бір-бірімен ынтымақтасып, бірге өмір сүретін қала. Қайырымды қаланың ерекшеліктерін анықтап, әл-Фараби қайырымдыға қарсы қайырымсыз қала­лар­ды және олардың қанша түрлері бар екендігі, олардың басқару түрлері мен әдіс­терін де назардан тыс қалдырмайды. Егер қандай да бір қала қайырымды қала­ның­ қасиеттерінің біріне ие болмаса, оны қайырымсыз қала қатарына ­жат­қызады.­ Сол себепті, философ Платон және ­Аристотель атап кеткен қала­лар­дың бәрін қайырымсыз қалаларға жатқызады.
Қайырымды қала туралы ілімде, азаматтық қоғамның мұраты көрініс тапқан десе болады. Өзінің «қайырымды» және «қайырымсыз» қалалардың әртүрлі мінездемелерімен классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала – мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін береді. Фараби «адамның ­жануарлар әлемінен бөлініп тұратыны ақыл-ойы және тәнінің жетілдірілгендігімен, бірақ та адам одан әрі жетіле түсу үшін ол тіл және әртүрлі өнерге зәру» деді. Әл-Фараби бойынша, қайырымды қаланың бөліктері «өзара махаббатпен біріккен, байланысты; олар әділдікпен нығайып және сақталады». Қайырымды қала тұрғандарын нығайтатын келесі бір қасиет, ол әділдік, оны әл-Фараби ең алдымен, «осы қала тұрғындары ие болатын, ортақ ізгіліктерді бөлістіру, ал кейін олардың арасында бөлістірілгенді сақтау» деп сипаттайды. Философ ондай ізгіліктер қатарына амандық, байлық, құрмет, бедел және «басқа ізгіліктерді» жатқызады. Жоғарыда аталғандардың бәрі әл-Фарабидің қайырымды қаласы мінсіз қала болып, азаматтық қоғамның негізгі қасиеттерін және құндылықтарын бейнелейді.
«Қайырымсыз қала» болса «қайы­рымдыға» қарама-қарсы, «ол қаланың тұр­ғындары ешқашан бақыт дегенді білмеген, оған жету олардың ойына да кірмеген». Әл-Фараби қайырымсыз қала­лардың келесідей түрлерін атап көрсеткен: қажеттілік қаласы, айырбас қаласы, опасыз және бақытсыз қала, билікті сүйетін қала, адамгершіліксіз қала, өзгермелі қала. Барлық қайырымсыз қала­ларды біріктіретін және оны қайырымды қала­дан ажырататын кемшілік ол бақыт мәнін түсінбеуі және қайырымсыз қала тұрғындары және оның билеушілерінің оған жетуге тырыспауы. «Бақыт — әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат» екендiгiн атап көрсеткен әл-Фараби бақытқа бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана жетуге болады, ал ондай мүмкiндiк қайырымды қала тұрғындарында көбiрек болатындығын дәлелдейдi. Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Әл-Фараби «адамдар шынайы бақытқа тек қайырымды қалада ғана қолы жетеді» деп тұжырымдай келіп, қайырымды қаланың келбетін аша түсу мақсатында адамдар қоғамдастығы шоғырланған қалаларды классификациялап бөледі. Қайырымды қалада алдарына іс-әрекеттің өзара жәрдем көрсете білу мақсатын қойған қоғамдастығы бар қала халқы ғана бақытқа жете алады.

ШЫНАЙЫ БАҚЫТ ЖОЛЫ

Әл-Фараби шынайы бақыт жолында ынтымақтастық жолы ерекше дейді. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Ол мінсіз мемлекетті уағыздайды. Еңбегiнде ол «бақыт дегенiмiз – игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкiндiгi бар, сондықтан да қайырымды билеушiлер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы және негiзгi белгiсi жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi, сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты.
Әл-Фараби қайырымды қаласында зорлық-зомбылықты әділ қолдануды мойын­дамайды, керісінше, ол ондай әдістерді қолдану қайырымсыз қалаға ғана тән дейді. Алайда оның іліміндегі утопия­лық және белгілі болмыстардың ара-қатынасын ажырату қажет. Мінсіз қалаларда (мемлекеттерде) философтар ғана емес, сонымен қатар әртүрлі кезеңдердің ақындары, жазушылары сипатталған. Әртүрлі халықтардың шығармашылығында мінсіз қоғамның көріністері сан алуан. Утопия қоғамдық қарым-қатынастардың арманы ретінде, рухани өмірде жалпылама бөлікті біл­діреді. Ол барлық діни сенімдердің құрамы­на, этикалық және құқықтық ­теориялар, тәрбиелеу жүйесіне кіреді, бір сөзбен айтқанда, адам өмірінің бейнесін беретін кез келген білім және шығар­машылық. Жерде жаннатты армандамаған ешбір кезеңді, ешбір халық, тіпті адамды елестету қиын. Бірақ утопияның рухани өмірде пайда болуы кездейсоқ жағдай деуге болмайды, оның пайда болуы қоғамдық-тарихи себептермен негізделеді. Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы адамзаттың саяси ойларының дамуына үлкен әсерін тигізді. Әл-Фараби саясат­ пен мораль мәселесіне ерекше назар ­аударып, «Қайырымды қаланың» «Бірінші Тұлғасына» көптеген әлеуметтік-саяси, этикалық талаптар қойғандығын түсінеміз. Ойды тұжырымдай келе, қазіргі саяси ғылымды жаңа идеялармен толықтыруда екінші ұстаз еңбектерін кең дәрежеде пайдалана аламыз.
Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов ғұламаға деген жалпы көпшіліктің таным көкжиегін кеңейтіп, бізге жазып қалдырған саяси-фило­софиялық ой-толғамдары мен жалпыадамзаттың бақытты өмір сүруіне қатысты айтқан тұжырымды ойларын бүгін­мен байланыстырудың өзектілігіне ерекше тоқталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бүгінгі таңда ғұламаның еңбегін наси­хаттау үшін біршама жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Университетте­ жыл сайын халықаралық «Фараби ­форумы» өткізіліп тұрады. Сонымен қатар ­«Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Оның жұмыстары жетекші шетелдік ғылыми институттармен ынты­мақтастықта жүргізілуде. Әл-Фарабидің «қайырымды қала» идеясы негізінде ҚазҰУ-да «Университет 4.0» жаңа буын университетінің үлгісін жасап, енгізді. Үлгі «al-Farabi University Smart City» концепциясы негізінде жүзеге асуда және жоғары инновация­лық-технологиялық және рухани-адам­гершілік платформалардың симбиозына негізделген. «Әл-Фарабидің әділетті және адамгершілік қоғам туралы идеясы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мықты және жауапты адамдардан тұратын Ұлт қалыптастыру туралы негізгі жолдауымен үндес» дейді ректор Ғалымқайыр Мұтанов. Бұл ретте­ ол Қазақстанда ізгілікті әлеуметтік ортаны қалыптастыру және нығайту үшін еліміздің барлық азаматтары мен ұйымдарын қоғамға қайырымды істер жасауға тартуға бағыт­талған «Қайырымды Қазақстан» республикалық жобасын жүзеге асыруға шақырды.

Пірімбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.