Жастарға қолдау бар

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев жариялаған Жастар жылының қорытындылары және Волонтер жылын өткізуге дайындық туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. 

Тақырыпқа орай баяндама жасаған Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекет тарапынан жастарға бағытталған қолдау шаралары жайында айтты. Сонымен қатар «Жас маман» бағдарламасына тоқталып, осы бағыттағы жол картасы жөнінде әңгімеледі. ­Айтуынша, аталған бағдарлама аясында 200 мың жас мамандық игермек. 89 тармақтан құралған Жол картасының бірінші бағыты – Еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету болып табылады екен. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарланыпты.
«Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауылшаруашылығы мен бюджеттік ­мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, отбасындағы бала саны, мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар ескерілетін болады» деді Д.Абаев.
Екінші бағыт жастарды еңбекпен қамтуды көздейді. Осыған орай «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылмақ. Ауылдағы жастарға арнайы 15 мың шағын несие беру жоспарланыпты. Ал жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік гранттар бөлінеді екен.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта дәстүрлі бағыттар бойынша іске асырылатын жалпы шаралар және Жастар жылына орайластырылған жаңа бастамаларды қамтитын арнайы шаралар қолға алынуда. Жалпы шаралармен 2 миллионнан астам оқитын және жұмыс істейтін жастар қамтылған. Оған жоғары білім алу үшін гранттар, стипендиялар, тегін жатақханалар кіреді. ­Арнайы ­шаралармен 722 мың адам немесе елдегі әрбір бесінші жас қамтылған. Өткен жылмен салыстырғанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өскен. Бұл көрсеткіш алғаш рет ішкі жалпы өнімнің 0,5 пайызын құрап отыр. Ал Волонтер жылы аясында бірқатар нақты жобаларды іске асыру жоспарланған.
Мәжіліс депутаты Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік жастар ­саясатын іске асыру үшін жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі артып отырғанын, ­мысалы, Тұңғыш Президент бастамашылық жасаған Жастар жылының Жол картасына 292 млрд теңге көзделгенін, 2020-2021 жылдары жастар саясатына бөлінетін қаржы 321,8 млрд теңгеге өсетінін жеткізді.
Үкімет сағатына төрағалық еткен Парламент Мәжілісі Спикерінің орынбасары Гүлмира Исимбаеваның елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен ­бастап неғұрлым оңтайлы жастар саясатын әзірлеу үшін көп жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті. Заңнама жетілдірілді, мемлекеттік менеджменттегі тәсілдер өзгерді, мемлекеттік бағдарламалар, ­жобалар қабылданды. Бүгінгі күні елімізде жастар қатыса алатын, жастарды қолдау бойынша ондаған бағдарламалар іске асырылып жатқанын айтты. Отырыс соңында жол картасының іске асырылуын Үкімет деңгейінде мұқият, жүйелі түрде бақылау, жастарға арналған қолданыстағы бағдарламалар туралы жастардың хабардар болуын қамтамасыз ету тәрізді бірқатар ұсынымдар қабылданды.

Дәукен Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.