Азаматтық үні биік жазушы

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «И был я подобием твоим» және «Плач Чингисхана» кітаптарының тұсаукесері өтті. 

Шараға белгілі ақын-жазушылар, қаламгердің туыстары, Атырау облысынан барған ресми билік өкілдері, соңынан ерген қаламгер іні-қарындастары қатысты. Шығармаларды орыс тіліне жазушы Георгий­ Пряхин аударып, осыдан бір ай бұрын Мәскеуде таныстырылған болатын. Екі кітап Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қолдауымен Мәскеудегі «Восточный экспресс» баспасынан жарық көрді. Кітаптың таныстырылымына жазушының жары Сәуле Отарбаева, ұлы Ермерей мен немересі Жаһангер де келді. Сәуле Отарбаеваның айтуынша, Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана – жазушының ізі қалған жер. Жазушының жары Рахымжан Отарбаевтың кітаптарын іздеуші оқырмандарының көп екенін айтады.
Отарбаевтың шығармашы­лығына әр елдің оқырмандары үлкен қызығушылық танытады. Әдеби сыншылардың айтуынша, оның жұмыстары көп адамның жанына жақын, себебі шығармалары өмірдің мәні, рухани құндылықтар мен адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар туралы терең ойға жетелейді. Қаламгер өз туындыларын тек ана тілінде ғана жазғанымен, оның әдеби мұрасы көптеген халықтар арасындағы мәдени көпірге айналды. Айта кетейік, автордың кітаптары қазақ, орыс, ағылшын, қытай, түрік, қырғыз, әзербайжан және араб тілдерінде жарық көрді. «Сұлтан Бейбарыс»,­ «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» және басқа ондаған шығармалары театрларда сахналанған. Шыңғыс Айтматов Рахымжан Отарбаевты «ХХІ ғасырдың интеллектуалды прозасының үздік өкілі» десе, Әбдіжәміл Нұрпейісов «қазақтың Чеховы» атаған.
Тұсаукесерге белгілі ақын-жазушылар, ­театр және әдебиет сыншылары, қоғам, мәдениет қайраткерлері қатысты. Шара барысында жазушы шығармашылығына арналған «Жалғыз атты ­жолау­шы»­ зерттеу кітабы таныстырылып, фотокөрме және сахналық қойылымдар көрсетілді.
− Атырау өңірінен барған делегация құрамында қатыстық. Ал Рахымжанның өзінің туған жері – Құрманғазы мен Динаның, Әбу Сәрсенбаев пен Хиуаз Доспанованың, Жұмекен Нәжімеденов секілді мақтаныштарымыз өмірге келген мекен. Рахымжан – қазақ халқы үшін ұлы тұлға. Себебі оның қаламынан шыққан шығармалары, драматургиясы бүкіл дүниежүзін шарлап кетті. Оның еңбектері Түркияда, Ресей мен Оңтүстік Азия елдерінде жарияланған. Шетелдерден шақырту алып, пьесалары қойылған. Рахымжан Отарбаев – дүниежүзінде өз бағасын алған белгілі қаламгер, – деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов.
Мәскеу баспасынан жарық көрген екі томдықтың тұсаукесер рәсімін ұйымдастырған – «Р.Отарбаев атындағы руханият қоры». Аталған ұйым мүшелері, шараға қатысушы ақын-жазушылар, Атырау облысының ресми билік өкілдері, облыс әкімдігі Рахымжан Қасымғалиұлына ескерткіш орнатуға, қаламгер атындағы шығармашылық орталығын ашуға ұйытқы болса деген тілектерін де жеткізді. Әлбетте, ондай шығармашылық орталық ашылса, туындыгердің ізін басып өсіп келе жатқан жас толқынның өзара пікір алмасатын, туындыларын талдап, бағыт беретін орынға айналары сөзсіз.
…Махамбет атындағы қазақ академиялық драма­ театрының директоры Берік Жәменовтың ­айтуынша, ағымдағы жылы қарашаның 17-22-сі аралығында дәстүрлі Халықаралық Р.Отарбаев театр фестивалі өткізілмек.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
әдебиет сыншысы:

Рахымжан Отарбаевтың 1980 жылдардың басында «Соғыстың соңғы бомбасы» атты «Жалын» журналында алғашқы әңгімесі жарық көрген болатын. Бұл сол кезең үшін әдебиеттегі үлкен құбылыс еді. Неге десеңіз, онда адам деген ұғымға мүлде басқаша тұрғыдан қарау, соғыс шындығына өзгеше көзқараспен үңілу бар. Сондағы Жазыл деген жігіт соғысқа барғысы келмей, ауылда жарылған бомбадан қаза табады. Моральдық тұрғысынан оны кінәлауға болады. Ал имани тұрғыдан біз оны кінәлай алмаймыз. Себебі фашист болсын, оның қан төгуге қолы бармайды.­ Сол кез үшін бұл шығармашылық батыл шешім. Міне, Рахымжан ағамыз осындай үлкен суреткер. Танымал сөз шебері. Қазақстанда ғана емес, шетелде де белгілі қаламгер. Менің ойымша, Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығын зерттейтін адамдар одан көптеген құндылықтар табады, оның шығармашылығында әлі ашылмаған дүниелер жетерлік. Оның тағы бір зерттелмеген тұсы –
оның драматургиясы. Көптеген талантты сыншылар Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы туралы­ көп жазады. Менің ойымша, оның екінші шығармашылық өмірі ол өмірден озғаннан кейін басталды. Нағыз талант әдебиетке қошемет көру үшін емес, адамгершілік мұраттарды жырлап, қоғамның қордаланып қалған шындығын айту үшін келеді. Азаматтық үні биік жазушы ­Рахымжан Отарбаев сонау жылдары жарық көрген тырнақалды туындысы «Соғыстың соңғы бомбасы» новелласынан бастап, күні кеше ғана жазылып, қаламының сиясы әлі кебе қоймаған «Шыңғысханның көз жасы» хикаятына дейінгі барлық шығармаларында өнердегі адамгершіліктің туын биік көтеріп, өмірдің жалған болмысын әшкерелеумен келеді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Талғат

    Ә.Нұрпейісов Р.Отарбаевты «қазақтың Чеховы» деп атаған болса, өзі Л.Толстойдан асып түскен екен ғой. Күлкілі.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.